Назарбаев: Бұл Олимпиада біздің тарихымыздағы ең олжалысы болды
2016 ж. 27 тамыз
4174
15
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ХХХІ жазғы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдергерлеріне құрмет көрсету салтанатына қатысты деп хабарлайды BNews.kz.
Сонымен қатар, елбасы спортшылардың 17 медальге ие болғандығын ерекше атап өтті.
«Тәуелсіздік тарихының алтыншы Олимпиадасында қазақ елі 17 медальге ие болды. Бұл жаһандық жарыс біздің тарихымыздағы ең олжалысы болды. Бұл спортшылардың Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі белесіне қосқан толайым табысы деп білеміз. Біздің спортымыз әлемдік бәсекеге қабілетті екенін көрсеттік», - деп толықтырды Назарбаев.
Сондай-ақ, президент Рио Олимпиадасындағы жетістіктер жасөспірімдердің көптеп спортқа келуіне себеп болатындығын жеткізді.
«Рио-де-Жанейродағы жарқын жеңістер жастардың жігерін жанып, жаңа биіктерге жетелеп, көптеген жасөспірімдердің спортқа ынтасын арттырады. Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтіп, миллиондаған жастың спортқа құлшынысын арттырды деп білемін. Асқақ армандарға бірге ұмтылған, тілегі ортақ, мақсаты бір халқымыздың ынтымағы мен бірлігі одан әрі нығая түссін», - деді Назарбаев.
Мемлекет басшысы спортшыларымыз 270 елдің арасында 22-ші орынды иеленіп, барша әлемнің алдында Қазақстанның абыройын асқақтатқанын айта келе:
«Риода еліміздің Әнұраны үш рет шырқалып, көкбайрағымыз үш мәрте көтерілгенін мақтан етеміз. Осы ретте Олимпиада чемпиондарының жеңістері атап өтілді, яғни боксшымыз, командамыздың капитаны Данияр Елеусінов жеңіс тұғырынан көрінді. Біздің тарихымызда алғаш рет жүзуші Дмитрий Баландин «алтын» иеленді. Менің ойымша, енді жүзуге қызығушылық танытқан балалар саны арты түседі. Сонымен қатар ауыр атлетшіміз Нижат Рахимовтың еңбегі лайықты бағаланды», - деді ол.
Бұдан бөлек мемлекет басшысы жалпы қоржынға түскен бес «күміс» жүлде мен тоғыз «қола» медаль иегерлеріне құттықтауын жеткізді.
«Спортттық жетістіктің эстафетасын боксшыларымыз қуаттады, яғни өткен Олимпиаданың вице-чемпионы Әділбек Ниязымбетовтің және Василий Левиттің еңбегі ерекше. Біз баршамыз білеміз, бұл екі боксшымызды Олимпиаданың алтын жүлдегері деп санау керек. Осы ретте марапаттауда, сондай-ақ ынталандыру тұрғысында оларды «алтын» медаль алғандармен теңестірдім», - деді елбасы.
Сонымен қатар мемлекет басшысы «қола» жүлде алған спортшыларға болашақта биік жетістіктерден көрінулеріне тілек білдірді деп хабарлайдыҚазАқпарат.
Айта кетейік, төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады.
Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль еншіледі. Жалпы командалық есепте қазақ елі 22-ші орынды иеленіп, медаль саны жағынан рекорд жаңартты.
Бұған дейін еліміз Атлантада - 11, Сиднейде - 7, Афиныда - 8, Бейжіңде - 13, ал Лондон Олимпиадасында 13 медаль еншілеген болатын. Ал осы жолы ұлттық құрама 17 жүлдені жеңіп алды.
Олимпиада ойындарында спортшыларымыз Нижат Рахымов, Данияр Елеусінов және Дмитрий Баландин алтын алды. Ал Жазира Жаппарқұл, Елдос Сметов, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов пен Гүзел Манюрова күміс медальға қол жеткізсе, Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ольга Рыпакова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Иван Дычко, Дариға Шәкімова қола жүлдені еншіледі.
5-21 тамыз аралығында өткен Рио Олимпиадасына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысты.
Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынды.