Үштілділік не береді, ол қалай жүзеге асуы керек?
2016 ж. 11 тамыз
10142
11
Қазақстанның білім беру жүйесі мен ақпараттық, тілдік кеңістігінде үш тілге орын берілгелі отыр. Бұған дейін бұл кеңістік орыс және қазақ тілдеріне берілгенмен, орыс тілі мығым жайғасып, қазақ тілі мемлекеттің тілі ретінде нық орныға алмай келген еді. Енді не болмақ? Дәл осы реформаға жол ашсақ, онда үш тіл бәсекеге түседі. Ең алдымен, жақын болашақта әлемде онсыз да дәурені жүріп тұрған ағылшын тілі ұтады. Қазақ мектебінде информатика, физика, биология, химия пәндерін ағылшын тілінде оқыту онсыз да нақты ғылымдар мен жаратылыстану ғылымдары саласындағы қолданысы көңіл көншітпей отырған қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі дамуын барынша шектеп тастайды. Қазіргі ғылым мен технология дәуірінде тілдің бұл салалардағы қолданысын шектеу – ұлт тілінің ең маңызды танымдық функциясын атқаруына жол бермей, оны ғылымнан аластауға апаратын жол. Түптеп келгенде озық білім мен жаңа технологияны, физика мен математиканы, химия мен биология негіздерін меңгеруге жарамайтын тіл ешкімге қажет емес. Ғылым тілі бола алмаған тіл мемлекеттік тіл қызметін де толық атқара алмайды. Ағылшын тілінен кейінгі Қазақстандағы басымдығын, үстемдігін сақтап қалып отырған орыс тілі өз позициясын жоғалтпауға бар күшін салады. Біздің елде оған әлеуметтік-лингвистикалық негіз жеткілікті. Тілдік шекарасын тарылтқысы келмейтін көршіміздің ықпалымен қатар, ішіміздегі орыстілді қауым да соған қызмет етеді. Бұл ащы да болса – факт. Дүниежүзі тарихын орысша оқыту арқылы оған тағы да қосымша мүмкіндік туғызып береміз. Ал осыған дейін тілдік бәсекеде бір тілден ұтылып келген қазақ тілі дәл қазір орыс тілінен әлдеқайда кең тараған ағылшын тілімен бәсекеге төтеп беретін халде емес. Халықаралық қатынас туралы айтпағанда, мемлекет ішіндегі қолданыста әлі аяғынан нық тұрып үлгермеген ана тілімізді екі бірдей әлемдік тілмен бәсекеге салғалы отырмыз. Бұл құбылысты бейнелеп айтар болсақ, әлі қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген жас жеткіншекті өзінен салмағы әлдеқайда ауыр, тәжірибелі, тісқаққан түйе палуандармен, әлем чемпиондарымен күрестірумен барабар тірлік. Кім ұтатыны алдын ала көрініп тұр емес пе? Ұтқанды былай қойып, жеткіншегіміздің желкесін қиып, белін үзетін тірлікке оны өз қолымызбен итермелейтіндей басымызға не күн туды? Мұндай бәсекеге демографиялық ахуалы бізден он есе жақсы елдер де барып отырған жоқ. Басқа отандастарымызды қойып, қазақтың өзі тілін толық игеріп, бір-бірімен қазақша сөйлесетін күнге жете алмай отырып, үш тілде сайрап кетеміз деу нақты бағдарламадан гөрі қиял-ғажайып ертегісіне көбірек ұқсайды. Қазір бірнәрсеге таңғалу қиын заманда осыған біреуді сендірем деп жүргендердің тірлігі еріксіз таңғалдырады. Не олар тіл мәселесінде еш нәрсе түсінбейді немесе олардың санасында бұл қазаққа не ұсынсаң да көзін жұмып қылғыта береді деген көзқарас әбден орныққан. Біздің атқамінерлер шетінен өздерін халықтың, маманның пікірімен санасуды қажет етпейтін әмбебап білім иесі санайды. Үштілділік жағдайында осыған дейін бір тілмен қосақталып, тұсаулы аттай адымын жаза алмай келе жатқан қазақ тілі енді шідерленгендей бұрынғыдан бетер кібіртіктеп қалады. Яғни, қазақ тілін бұлай дамытамыз деу тұсауды шідерге алмастырғанмен бірдей.
Бізде барлық қазақстандықтардың білуге міндетті тілі – тек қазақ тілі ғана болуға тиіс. Өйткені ол еліміздің ең басты заңы Конституциямыз арқылы арнайы мәртебе берілген – бір ғана мемлекеттік тіл. Сонымен қатар ол ел халқының жетпіс пайызға жуық басым бөлігін құрайтын, байырғы қазақ жерінің иесі саналатын жергілікті халық қазақтардың ана тілі. Ал қалған тілдердің барлығын біз шет тілі ретінде мақсат-мүддемізге, қажеттілігімізге және қабілет-қарымымызға қарай ерікті түрде оқып, меңгеруге тиіспіз. Ағылшын, қытай, неміс, испан, орыс және басқа тілдердің барлығы да біздің балаларымызға шет тілі ретінде оқытылуы керек. Олардың ешқайсысы мемлекеттік тілдің алдына түспеуге және білім беру тіліне айналмауға тиіс. Бұл тілдердің ішінде қайсысын көбірек оқытып, қай тілді меңгеруді ел мүддесіне сай өзіміз белгілеп, әр маман өзіне қажет тілді үйренуге тиіс. Мәселен, ағылшын тілін пән ретінде бастауыш сыныптан кейін орта мектепте жаппай оқытқан дұрыс. Қазақстандықтардың мемлекеттік тілден кейінгі меңгеруі тиіс тілі ағылшын тілі болуы керек. Бұл тіл бізге әлемдік қауымдастықтан шет қалмай, ғылым мен технологияны меңгеру үшін қажет. Ал орыс тілін ұлты орыстар ана тілі ретінде, өзгелер шет тіл есебінде қалауына, қажеттілігіне қарай оқуы керек еді, біз оны міндетті тіл қатарына қосып отырмыз. Бұл орайда Әзербайжан, Грузия, Балтық жағалауы елдері о бастан дұрыс жолды таңдады. Нәтижесінде оларда бүгін ана тілінде сөйлейтін шет тілі ретінде ағылшын тілін жақсы білетін жас қауым қалыптасып үлгерді. Қазақ баласына орыс тілін оқытып, оны білуді міндеттеудің қандай қажеттілігі бар? Егер қуатты көршінің тілін оқыту қажет болса, халқының саны Ресейден он еседен көп, экономикасы да озық қытай тілін де қосуымыз керек еді ғой. «Өзіміз орыс ықпалынан шыққымыз келмей отырған жұртпыз-ау» дегеннен өзге мардымды уәж айту қиын. Жалпы үштілділік деген баршаға бірдей қойылатын талап болмауға тиіс. Ондай талап қойылғанның өзінде орындалуы қиын. Тіл үйрену де адамның қабілетіне байланысты. Сондықтан жаппай үш тілді міндеттеу де, үш тілмен шектеу қажет деп санамаймыз. Жұрттың бәрі үш тілде сөйлеп-жазып кете алмайды. Қабілеті жеткендер төрт, бес немесе одан да көп тілді меңгерсін. Төрт-бес тілді меңгерген қазақ жастары қазір де бар. Алайда сол полиглоттарымыздың көпшілігі қазақ тіліне шорқақ. Бұл біз тағы да көптілді маман тәрбиелеуде дұрыс жолға түспегенімізді көрсетеді. Қазаққа алдымен қазақ тіліне ағып тұрған, содан кейін барып шет тілдерін жетік білетін маманды үлгі етуге тиіспіз. Білім саясаты мен білім беру жүйесі осы бағытты қатаң ұстанбаса, стандарттар мен типтік жоспарлар, білім беру жоспары, типтік бағдарламалар осы мақсатқа сай жасалмаса, онда кәсіби біліктілігі жоғары қазақтілді маман даярлаймыз, қазақ тілін дамытамыз дегеніміз жалаң сөз, жұртты алдарқату немесе негізсіз бос ұран болып қала береді. Бізге испан, неміс, француз, итальян, португал, қытай, жапон, корей, хинди, араб, түрік және басқа да шет тілдерін білетін мамандар қажет. Сондықтан ағылшын тілінен өзге шет тілдерін оқып-үйренуге бірдей мүмкіндік пен таңдау құқығын қалдырайық. Әркім өзінің қажетіне, мамандығының ерекшелігіне, болашақ жоспарларына қарай таңдау жасасын. Мәселен, медиктерге латын, музыкантқа итальян мен неміс, латын, шығысқа баратын дипломатқа сол елдің тілін, түркітанушы ғалымға көне және қазіргі түркі тілдерін оқығаны тиімді емес пе? Сол себепті тілдерді үйрену қажеттілікке, нақты мақсатқа сай болса, ел де, сол елдің әр азаматы да ұтары сөзсіз.
Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі