Шерхан Мұртаза: Заңның найзасы майысқақ мемлекеттің іргетасы бекем болмайды
2016 ж. 01 тамыз
5815
7
– Денсаулығыңыз жақсы ма Шер ата? Біздің өтпелі кезең деп жүргеніміз қашан таусылады?
– Денсаулығым ептеп жақсы. айналайын. Өтпелі кезең бізді өкіндіргелі қашан. Шығыстағы көршіміз Қытайдың бір мақалы ойыма оралып отыр. Қытай қарғысының ең жаманы – «Ауыспалы кезеңде туғыр». Яғни, императорлар, династиялар әулеті ауысып, жаңа дәуір басталар аласапыран шақ. Біздің өтпелі кезең осындай дүдәмал халде болды.
– Шерхан ата, бүгінгі атқарушы билікке қандай баға бересіз? Атқамінерлердің ұстанған бағыт-бағдарын Сіздің көкейіңіздегі бағаммен өлшеп көрсек...
– Тәуелсіздік алғанға дейін: «Шіркін-ай, Қазақстанның байлығы өз қолымызға тисе ғой! Сонда ма, сонда...», – деп армандап едік. Енді не болды? Байлық өз қолымызда. Бірақ, бүйіріміз неге томпаймайды? Қарнымыз қабырғамызға неге қабысып қалды? Осылай дей бастасаң басшылар ашуланады. Өйткені, олардың ел аралап жүріп өткен жерінің бәрі жайнап тұр. Ел тоқ, киім көп, жұрт тыныш, күнде думан, күнде той. Мұның атын «Потемкин деревнясы» дейді. Кезінде патша-қатын Екатерина Ресейдің оңтүстігін аралап келе жатса, ертегідегідей әп-әдемі әсем үйлер көздің жауын алып жарқырап тұратын көрінеді. Сөйтсе, патшаның Потемкин дейтін министрі жол бойына жұқа тақтайдан үйлердің көркем суретін салдыртып қояды екен. Біздің әкімдеріміздің әрекеті, көбінесе, осы Потемкин атаның қулығына ұқсап кетеді. Олар шалғайдағы Торғайдың, Ырғыздың түкпіріндегі ауылдарға, Шетке, Абдалыға, Шудың құрдымына, Зайсанның, Тарбағатайдың пұшпақтарына барып, қарапайым халықтың хал-жайын біліпті дегенді оқыған да, естіген де емеспін.
«Қазақстанның Көк Тәңірі сыйлаған бай қазынасы қандай?» деген сұрақ көкейден кетпейді-ақ. Сол қазына халықтың мұқтажына жетпей жатқандықтан халық жоғары жаққа жаутаңкөз.
Құдайға шүкір, дәл қазір мемлекетімізге зеңбірекпен төніп тұрған қауіп жоқ. Бірақ, зарығып жеткен тәуелсіздігімізге төніп тұрған орасан қауіп – жемқорлық, парақорлық, ұрлық-қарлық! Мемлекет қазынасын, қалың халықтың несібесін солқылдата сорып жатқан осылар. Ал, дүниежүзілік банктен миллиардтаған қарыз аламыз. «Неге?» десеңіз, «Бюджетте ақша жоқ» деген жауап аласыз. Жылда 7-8 миллиард теңге игерілмей қалады. Сол ақша қайтадан бюджетке қайтарылмай ма, қалай өзі?! Әйтеуір адам түсініп болмайды. Осы орайда, Шекспирдің даналығы еске түседі. Қылмысты алтынмен көмкеріп қойсаң, заңның найзасы майысып қалады. Көк соққанда біздің найзаларымыз, әсіресе, майысқақ келе ме деп сескенемін. Неліктен? Заңның найзасы майысқақ мемлекеттің іргетасы бекем бола қояр ма екен? Өрмекшінің торына түссе, шыбын-шіркей ғана түседі. Ал ара, сона дегендер сол торды елең қылмай бұзып кете береді. Сор болғанда біздің заңның торынан үлкен шыбындар да шығып кете береді.
– Шерхан ата, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық қай саланы болмасын жайлап алған. Аса ірі көлемін көлеңкелі бизнестен іздейміз бе? Әлде...
– Жемқорлық пен парақорлық батпан құйрығы – шетелдерден алынып жатқан несие және Үкіметтен несиені миллиондап алып, бір теңге де қайтармай отырған алпауыттар. Екеуі де Үкіметтің тікелей қатысы бар. Үкімет әлгі алпауыттарға несиені оңды-солды аямай бергенде – Атымтай жомарт. Ал, қарызды қайтар деп айтуға келгенде дәрменсіз. Неге? Сен қалай ойлайсың? Неге? Қарызды қайтар деп айтуға келгенде, Қажыгелдиндер неге күмілжи береді? Қағазға қол қойған сол ғой. Міне, батпан құйрықтың жатқан жері. Алтын сауытқа оранған қылмысты заң найзасы дәл жүректен түйрейтін шақ осы. Бұл жерде майысқақ найзаны лақтырып тастаған жөн. Майысқақ найза болмаса, Шумов пен Малахов, Смағұлов қайда? Заң қорғаушылар дәрменсіз дегенге кім сенеді. Бірақ, осылармен пәрменді күрес жоқ.
– Маңдайының соры бес елі қазақ тілінің көсегесі қашан көгереді? Депутат кезіңізде емес пе еді, «жыланның ғана екі тілі бар» дегеніңіз?
– Иә, дәл сол заманда. Ой, айналайын-ай, қазір менен не қал сұрайсың? Қызметте отырғанда өзімізге берілген міндетті толығымен орындауға тырыстым. Қазір мен «Егеменбіз, Тәуелсізбіз» деген шырын сөздерге бұрынғыдай масаттанбайтын болып барамын. Ол – ол ма, азаттық алғанымызға де сенім азайды. Алматыда жүрсем де шет елде жүрген сияқтымын. Қала толы жарнама. Бұрын орысшасы көп те – ептеп түсінуші едім, енді не жазу екенін мүлде түсінбеймін. Өйткені, қаптаған ағылшынша мен қытайша, ал соған енді түсініп көр. Көшеде адамдар бір-бірімен көпшілігі орысша сөйлеседі, одан қала берді ағылшынша, қытайша бірдеңе дейді. Қай елде жүргеніңе шатасып қаласың. Азаттық алғанымыз осы ма?
– Шерхан ата, Сіз Астананың болашағына сендіңіз бе?
– Мен Астанаға Целиноград болған тұсында да, Ақмола болғанында да талай мәрте барғанмын. Ол кезде батпақ белуардан келіп, аяқ алып жүре алмайтынбыз. Амалсыз кәдімгі керзі етік киіп алатынбыз. Қарлы боран, жауынға қарамай Сарыарқаның төсіндегі осы қаланы талай кезгенмін. Қазір Астана адам танымастай өзгерді. Өте көп күш, қаншама қажыр мен қайрат жұмсалуда. Бір байқағаным, біз өте әсірешіл, даурықпа болып кетіппіз. «Дүниежүзінде мұндай керемет қала жоқ» деп, даусымыз жеткенше айқайлап жатырмыз. Ал ақын-жазушылар Астананың кереметіне тамсанып, талай туындылар тудырып та тастады. Өз басым, әлемнің түкпір-түкпірінде, мұхиттың арғы және бергі бетінде де болдым. Қаншама елдің астанасын, сұлу қалаларын көрдім. Ал енді «осы қалалардың барлығынан басып оздық» дегеніміз астамшылдық болады. Уақыт өтер, Астана түрленіп, заман талабына сай бой түзер. Құр бөрікті аспанға ата беруге болмайды, ақиқатын, шындығын айтуымыз керек, шырағым.
– Әңгімеңізге рақмет, Шер ата!
Сұхбаттасқан: Жұмамұрат Шәмші