Қазақстанның 22 миллион гектарға жуық жерін кімдер иеленіп отыр?
2016 ж. 27 шілде
4440
34
Жер комиссиясының назарына
Қазақ – қазақ болғалы меніңше үздіксіз талқыланып келе жатқан ең басты екі үлкен мәселе бар. Оның біріншісі – Ел бірлігі болса, екіншісі одан бөліп қарауға болмайтын – Жер бүтіндігі мәселесі. Тіпті алдымен – Жер бүтіндігі, содан соң – Ел бірлігі десек те қателеспейтініміз анық. Өйткені бұл екеуі – адамның жаны мен тәні сияқты.
1 гектарға салық 70-ақ теңге
Бүгінгі күні қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе – Жерді жалға беру, сату-сатпау, ал түптеп келгенде, оны ел игілігі үшін дұрыс, нәтижелі пайдалану, ұрпақтан-ұрпаққа күтімді, құнарлы күйінде жеткізіп отыру!
Қазірге дейін өткен Қоғамдық комиссияның бірнеше отырысында жақсы-жақсы пікірлер айтылды. Әрине бәрін тізіп шығу мүмкін емес, бірақ маған Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Нұр Отан партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәжіліс депутаты Владислав Косарев, «Родина» агрофирмасы ЖШС директоры Иван Сауэр, қоғам қайраткері Мереке Құлкенов айтқан батыл пікірлер ұнады. Кеңестің Көкшетаудағы отырысында тура қойылған сұраққа жеке меншігінде 80 мың гектар жері бар екенін жасырмай тура жауап берген Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинге де рахмет! Сондай-ақ осы отырыста пай мәселесі де жақсы айтылды.
Мырзатай ағамыз бен Мұхтар Абрарұлы қазақ тарихында жердің жекеменшікте болғаны жөнінде нақты деректер келтіріп, оның қандай рөл атқарғанын дәлелдеп берді. Мереке Құлкенов Жерді сатуға мүлде қарсы екенін білдірді. Қарт коммунист Владислав Косарев егістік жердің 1 гектарыүшін төленетін салықтың 70-ақ (!) теңге екенін жалпақ елге жайып салды. Аграршы Иван Сауэр ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан миллиардтаған қаржының қан-талапай болып жатқанын, халыққа мәліметті толық жеткізіп, халықтың сөзіне құлақ түру қажеттігін айтты. Оның ойынша, сонда қалың бұқара тиісті қорытынды шығарады. Бұл – Елбасының ойымен дөп келеді.
Енді әрі қарай сараптайық, Жер кодексіне соңғы өзгертулер мен толықтырулар не үшін енгізілмек болды?! Әрине, жерді ел игілігі үшін тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін нығайту мақсатында! Ал ол неге әліге дейін тиімсіз пайдаланылып, тіпті тозып бара жатыр?! Бұған жауапты депутат Косаревтің сөзінен табуға болады. Егер шамамен жылына 20 миллион тонна астық өндірелетін солтүстік аймақтағы егістік жердің гектарына тек 70-ақ теңге салық белгіленген болса, 80 мың гектар жердің салығын Сергей Витальевич сияқты алпауыттар, оған тұқым салмаған күннің өзінде, қалтасынан-ақ төлей салады. Өйткені оның бір
жылдық салығы бар-жоғы 5,6 миллион теңге болады, тек жерді иемденіп отырса болғаны. Ал тұқым салса, одан орташа 12-13 центнерден астық алып, тоннасын 100 доллардан сатқанның өзінде 2,5-3 миллиард теңге табыс табады! Онда тіпті керемет, қазынаға болмашы ғана салық төлеп, өзі мол пайдаға кенеледі. Бұл тек бір ғана мысал, ал жүздеген мың гектар жерді пайдаланып отырған жеке тұлғалар қанша?!
21 млн. 120 мың гектар жерді кімдер иеленіп отыр?
Бұл сұраққа азын-аулақ болса да жауап табу үшін Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Ерасыл Әбілқасымов мырзаның Әділет министріне, Премьер-Министр мен Бас прокурорға жолдаған (2003 ж.) депутаттық сауалдарына үңілейік.
Алдымен Әділет министрі Г.Кимге сауал жолдап, елімізде 21 миллион 120 мың гектар (!) ауылшаруашылық мақсаттағы жерді иемденіп отырған 660 ірі шаруашылық бар екенін, бұл орташа 32 мың гектардан тура келетінін, бірақ олардың артында кімдер тұрғаны белгісіз екенін айтқан Әбілқасымов мырза 30 шаруашылықты тізіп көрсетіп, олардың құрылтайшылары, жарғылық қорының көлемі, материалдық-техникалық базасының бар-жоқтығы жөнінде құрылтай құжаттарымен таныстыруды өтінеді. Соның негізінде Премьер-Министр мен Бас прокурорға сауал жолдап:
1. Алматы қаласында орналасқан «Протон-Инвест» және «Арман-N» ЖШС-лері Петропавл қаласында «Golden Grain» агроөндірістік корпорациясы» ЖШС-ін құрып, Солтүстік Қазақстан облысында 144 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жерді;
2.Еліміздің әр өңірінен үш жеке тұлға бірлесіп құрған «Жулдыз- N» ЖШС дәл осылай «Golden Grain Group» ЖАҚ ЖШС-ін құрып (бұл екі ЖШС-нің де заңды мекен-жайы бірдей – Петропавл қаласы, Театральная көшесі, 47 екеніне назар аудару қажеттігін өтініп), Солтүстік Қазақстан облысында 135 мың;
3.Дәл осылай «Petroleum Комплект» (Алматы қ-сы) және «Акмола-Би М» (Астана қ-сы) ЖШС-лері «Новомарковка-Агро» ЖШС-ін құрып, олардың қызметі коммерциялық-делдалдық болса да Ақмола облысының Ерейментау ауданында 50 мың;
4.И.А.Сауэр Астана қаласында «Агроцентр-Астана» ЖШС-ін құрып, ол «Бектау» ЖШС-іне құрылтайшы болып, Ақмола облысының Шортанды ауданында 45,2 мың, сондай-ақ «Ялтинский-2» ЖШС-ін құрып, Солтүстік Қазақстан облысының Целинный ауданында 30,3 мың;
5.Т.Е.Жолдыбаев «Таушық» ауыл шаруашылығы» ЖШС-ін құрып, Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында 463,4 мың;
6.Астана қаласында тұратын Е.К.Искаков «Агрофирма Аймақ» ЖШС-ін құрып, Ақмола облысының Егіндікөл ауданында 57,5 мың;
7.Қостанайлық А.В.Емельянов «Гранд» ЖШС-ін құрып, оның қызметі тек коммерциялық деп көрсетілсе де Қостанай облысының Феодоров ауданында 35 мың;
8.Алматы қаласынан С.А.Ахметов азамат Г.Т.Фастпен бірігіп «Золотой колос» ЖШС-ін құрып, Ақмола облысының Щучье ауданында 210 мың;
9.Алматы қаласынан С.А.Терещенко Г.Д.Кулагинамен (Ақмола облысы әкімінің жұбайы) бірігіп «Целина-Агро» және "Целина-Агро-2» деген екі ЖШС құрып, Ақмола облысының Егіндікөл және Еңбекшілдер ауданында жалпы көлемі 50,4 мың жерді пайдаланып отырғандарын айтып, олардың жарғылық қоры неге 100 мың теңгеден 711 миллион теңгеге дейін әртүрлі болып келетіндігін, бұл ЖШС-лер қалай жергілікті шаруалардың пайларын иемденіп алғанын, облыс әкімінің жұбайы күйеуі басқаратын аймақта екі ЖШС-ге құрылтайшы болып отырғанының заңдылығын, бұл сұрақ еліміздің оңтүстік өңірлерінде де көп жерді иемденіп отыр деп саналатын С.А.Терещенко мырзаға да қатысты екенін көрсетіп, шетелдік атаулармен құрылған ЖШС, ЖАҚ-тардың артында кімдер тұр, жерлер мақсатқа сай пайдаланылып, салық төленіп жатыр ма, ақырғы есепте бұған іс жүзінде аядай жерсіз қалған қарапайым халық қалай қарайды, неге бұрынғы кеңшар мен ұжымшарларға сырттағы қалталылар үкімін жүргізеді деген сұрақтарға жауап берулерін өтінеді.
Өте орынды, сауатты әрі батыл қойылған бұл сұрақтардан көп нәрсені аңғаруға, әсіресе қарапайым халықтың жерсіз, елі тәуелсіз болғанмен олардың бай-манаптарға, соның ішінде өз аулынан шыққан емес, өзге өңірлерден, тіпті көзге көрінбейтін өзге елдерден шыққан алпауыттарға тәуелді болып қалғанын байқау қиын емес. Ал ол жерлер тиімді пайдаланылып жатыр ма, тиісті салық төленіп жатыр ма – бұл да өте маңызды. Тағы бір байқалатыны, жерді тек алпауыттар иемденіп, ауылдағы қарапайым халықтың көпшілігі агрокәсіпкерлікпен айналысудан мақрұм қалғаны дер едім. Мүмкін, ауылда кәсіпкерлік дамымай, ауыл шаруашылығының өрге баспай отырғандығының басты себебі де осында шығар! Егер халық жаппай кәсіпкерлікпен айналысатын болса, билікте отырған алпауыттар мен қалталы азаматтардың кәсібі пайдасыз болып қалады ғой! Сондықтан бізде әлі биліктегілердің өзі кәсіпкерліктің дамуына кедергі болып тұрғандай. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еңбек етуші халықтың 60 пайызы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады» демеп пе еді. Сонда ШОБ-тың ішкі жалпы өнімдегі үлесі де анағұрлым артар еді...
Бұл – бүгінгі ахуал. Егер келешекте де Сауэр, Жолдыбаев, Искаков, Емельянов, Ахметов, Фаст, Терещенко, Кулагин сияқты бірнеше жүз адам шығып, әрқайсысы 100-500 мың гектарлап құнарлы жерлерді жеке меншігіне сатып ала берсе және олар бір-бірімен тұтасып жатса, одан миллиардтаған теңге пайда тауып, қазынаға болмашы ғана салық төлейтін болса жағдай қандай болмақ?! Елдің бірлігіне, Жердің бүтіндігіне, Ұлттық қауіпсіздігімізге сызат түспей ме?! Осыдан соң да Тәуелсіз Еліміздің тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміздің мемлекет орталығын Алматыдан Астанаға көшіргендегі көрегендігін, ішкі-сыртқы көші-қон үдерісінің бағытын да солтүстікке қарай бұрғанын түсінбей көріңіз!.. Мырзатай ағамыз айтты ғой, жерден айырылса, қазақ оны елден айырылдым деп түсінетіндігін, жер дауының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқандығын. Оның үстіне қазақ тарихында жер жеке бір байдың емес, бүкіл рудың меншігінде болды десек қате болмас. Осылай Жер – жеке адамның емес, олардың үлкен бір қауымының, сол қауымда қанша адам болса, солардың барлығының ортақ меншігі болып келгендігін байқаймыз.
Қазақстан Республикасы Ата Заңының 6 бап, 3 тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұдан Жердің мемлекет меншігінде болатынын және ол шекті деңгейде ғана жеке меншікке берілуі мүмкін екенін ұғамыз. Ал «мүмкін» деген тұжырым жерді сатуға міндеттемейді! Жер сатылған жағдайда да шекті мөлшерде ғана сатылуы мүмкін. Онда да басшылыққа алатын бір негіз, ұстаным болуы керек-ақ. Меніңше, ол былай болуы тиіс.
Егер еліміздегі бүкіл жер – Мемлекеттің, демек Қазақстан халқының ортақ меншігі десек, онда конституциялық теңқұқықтылық негізінде әр тұрғынның үлесіне тиетін жер мөлшері де тең болады. Қазіргі жағдайда әңгіме негізінен ауылшаруашылық мақсаттағы жер жөнінде болғандықтан, 100 миллион гектар жерді 18 миллион тұрғынға бөлсек, әрқайсысына шамамен 5,5 гектардан тура келеді. Демек, жер сатылатын жағдайда осы шектен асуға болмайды!
Сондықтан мұны жеті ғана емес, жетпіс рет өлшеп, асықпай, аптықпай, дүрлікпей, даурықпай Ата Заң негізінде, біздің басты ұстанымымыз – Ел бірлігі, Жер бүтіндігі, бүгінгі ұлттық идеямыз – Мәңгілік Ел болу тұрғысынан, қазақтың меншігінде мәңгілікке қалатын, мәңгілікке сол Елдің игілігіне жарап, тәуелсіздіктің негізі – оның экономикалық, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан шешуіміз тиіс! Жерді жеке меншікке сатсақ, тек зауыт, фабрика, өңдеу кәсіпорындарын, қызмет көрсету нысандарын, әлеуметтік нысандар саламын дейтін Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана 5 гектардан аспайтын мөлшерде сатуға болады деп ойлаймын. Ал, жайылым, шабындық жерлерді, су қоймалары орналасқан аумақтарды, қазба байлық кеніштерін сатуға мүлде тыйым салу керек. Инвестиция саламын деушілер болса, онда да тек Қазақстан Республикасының азаматтарына, жерді емес, тек белгілі бір мерзімге оның белгілі бір көлемін пайдалану құқығын ғана сатуға болады деп есептеймін.
Жерді сатпай-ақ, оны тиімді, тоздырмай пайдалануға болады
Сондай-ақ жерді сатып алған жеке адамдар немесе жалға алған ұжымдар осы ұстаным негізінде Ата Заңның 6 бап, 2 тармағында айтылған: «Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс» деген конституциялық талап негізінде белгілі мөлшердегі адамды жұмыспен, сол арқылы табыспен қамтамасыз етуі тиіс. Айталық, жер әр адамға 5 гектардан тура келеді, әр отбасында – орташа 5 адам, оның асыраушысы – 1 адам десек, 5-ті 5-ке көбейтсек 25-ке тең болады.
Демек жер иеленуші әр 25 гектар жер үшін кем дегенде 1 адамды жұмыспен қамтуға міндетті болуы тиіс. Мысалы, Кулагин мырза тек өз меншігіндегі 80 мың гектар жерге 3200 адамды жұмысқа тартуы және оларды тиісті жалақымен қамтамасыз етуі керек. Басқалар да солай. Сонда ауылдағы, тіпті қаладағы жұмыссыздық та өз-өзінен жоғалады. Ал, азып-тозып бара жатқан жерімізді тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесін меніңше жерді сатпай-ақ шешуге болады. Қалай, дейсіз ғой. Ол үшін:
1.Мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік негізінде жерді жалға беру арқылы ұсақ жеке және шаруа қожалықтарын ірілендіріп, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін ұйымдастыру, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ететін ирригациялық жүйені толық қалпына келтіріп, сушаруашылық нысандарын толықтай мемлекет меншігіне қайтару, ауылдық жерлерде өңдеу өнеркәсібін дамыту, соның ішінде экспортқа бағытталған өнім өндіруді қолға алу арқылы жұмыс орындарын еселеп көбейту;
2.Ауыл шаруашылығына жеңілдікпен бөлініп жатқан миллиардтаған қаржының диқан-шаруаларға толық жетуін қатаң қамтамасыз етіп, тиімді игерілуін (ал бізде жетпегенімен тұрмай, триллиондаған теңгенің игерілмей жатқаны жуырда ғана Парламенттің бірлескен отырысында айтылды), жаңадан құрылып жатқан кооперативтердің жедел аяққа тұруына мемлекеттік ықпал ету, ауыл шаруашылығында өндірілетін азық-түлік өнімдерін тиімді бағада, делдалдарсыз тұрақты өткізу жүйесін құру;
3.Ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің кадастрлық құнын бірнеше есе, ал суармалы және басқа да егістік жерлерден алынатын салық көлемін кемінде он есе көтеріп, қазынаға түсетін кірісті күрт көбейту;
4.Ауыл тұрғындарын, басқа да азаматтарды егін салу, көкөніс өсіру, мал шаруашылығымен, өңдеу өнеркәсібімен айналысып, агрокәсіпкерлікке құлшындыратын пәрменді ақпараттық насихат жүргізу, 5-6 пайыздан аспайтын жеңіл несие, тиімді демеуқаржымен қамтамасыз ету;
5.Ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды колледждерде тегін оқытып, жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттарды көбейту, жоғары сынып оқушылары мен студенттердің еңбек отрядтарын ұйымдастыру арқылы өскелең ұрпақты еңбекке баулу, ауылдық жерлерде жасап, еңбек етуге, бәсекеге қабілетті, экологиялық таза азық-түлік өнімдерін өндіруге ынталандыру...
Бұлардың барлығы түптеп келгенде Елбасы алға қойған кешенді міндеттерді – Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең дамыған отыз елдің қатарынан орын алу, жұмыссыздықты жою, қоғамдағы тұрақтылықты, азаматтардың билікке деген сенімін нығайту, түптеп келгенде тәуелсіздікті тұғырлы етіп, Мәңгілік Ел болудай ең ұлы мұратымызға жетудің берік негіздерін қалайтыны сөзсіз!
Әрине, біраз адам ауыл шаруашылығындағы жердің кадастрлық құны мен салықты көтеру қажеттігін толық мақұлдамауы мүмкін. Бірақ біріншіден, дәл осы жағдай жекелеген адамдардың бірнеше жүз мыңдаған гектар жерді иемденіп, миллиондаған гектар жердің азып-тозып бара
жатқанына негізгі себеп болып отырғанын түсінулері керек. Екіншіден, бұрын гектарына 70-ақ теңге төлеп, миллиардтап табыс тауып отырған жер пайдаланушы үшін 700 теңге онша ауыр емес және ол енді жерді тиімдірек пайдалануға мүдделі болады. Табыс салығы, қосылған құн салығы туралы бұл жерде әңгіме жоқ, мейлі ол бұрынғы күйінше қала берсін. Сонда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі еселеп артып, өндіріс көлемі күрт көбейетін болады. Қазір орта есеппен 40-50 пайыз азық-түлік өнімдері импортталатынын ескерсек, оларды сатып алу үшін сыртқа кетіп жатқан ақшаның бәрі ел ішінде қалып, қаржы тапшылығы азаяды, инфляция төмендейді, ұлттық валютамыздың құны артады, азық-түлік бағасы арзандайды.
Тоқсан сөздің түйіні – жерді ірі көлемде сатуға асықпау керек! Сондықтан халықтың санасына «жерді сатып ал» дегенді күштеп сіңірмеген жөн. Бұл мәселеде аты аңызға айналған Алаша ханның шөбересі Оғыз ханның: «Жер – жалғыз біздің мүлкіміз емес, мазарларда жатқан аталарымыздың да, қиямет-қайымға дейін туылатын әулеттеріміздің де бұл мүбәрәк топырақ үстінде хақылары бар» деген өсиетін ешқашан естен шығармауымыз керек! Мүмкін, баяғы кеңес кезіндегі сияқты «бөліп ал да билей бер» деген ұстаныммен бұл мәселені күн тәртібіне шығартып отырған да әлгі алпауыттар шығар, кім білсін! Ал олардың арасында қандастарға қарағанда қаны басқалар, халықтың қамын ойлайтындардан гөрі қара басының қамын күйттейтіндер көп деген күдік басым менде. Күдікті мәселеге ешқашан тәуекел етуге болмайды! «Жер – адамның бесігі, Ел – бақыттың есігі» дейді дана халқымыз. Бесігімізді бөлшектеп, бақытымыздың есігін өз қолымызбен жауып алмайық, ағайын!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Мәдениет қайраткері
qazaquni.kz