БИЛІК САЛАФИЗМГЕ НЕГЕ ТЫЙЫМ САЛМАЙ ОТЫР?

Қарапайым қисынға салсақ, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы, қауіпсіздігі тұрғысынан қарағанда, билік Ақтөбе мен Алматыда болған оқиғалардан соң жедел түрде салафизим теріс діни ағымына заңмен тыйым салуы керек еді. Бірақ, тыйым болмады. Алматыдағы жалғыз адамның салған лаңынан, қырғынан кейін сарапшылар «Билік Ақтөбедегі оқиғадан сабақ алмады» деді. Бұл сөздің астарында террорлық әрекет деп бағаланған Ақтөбе оқиғасынан кейін-ақ билік салафизмге тыйым салады әрі оны дереу іске асырады деген сарапшылар қауымының үміті болғаны байқалады. Алайда, билік екі бірдей қандай оқиға орын алғанына қарамастан теріс ағымға заңмен тыйым салуға асығар емес. Неге асықпайды? Қашан тыйым салады? Бұл сауалдардың жауабын қоғам үнсіз күтіп отыр. Тым-тырыс деуге де болмас, салафизмге тоқтау салу қажеттігі де айтылып та жатыр.

Мәселен, дінтанушы Досай Кенжетай (суретте) өзінің facebook әлеуемттік желісіндегі жеке парақшасында былай деп жазады: «Билік енді салафиттерді тоқтатуға мәжбүр. Салафиттік құбылыс қазақтың оянуына жылдамдық алып келді. Бұдан әрі билік кешіксе, шеттей коррупция жайлаған елдегі бүліктің авторлары да осы салафилер болады. Оның арты не боларын кесіп піше алмайды. Сондықтан олардың белсенділігін тоқтату биліктің баяндылығы үшін шарт. Себебі Қазақстандағы салафилік ол «саяси исламның» жатыры. Ал сопылар болса, олар саяси исламмен қатысы жоқ, жеке адамның руханиятымен сосын бизнесі ғана болатын... Сондықтан да саяси ислам құбылысы, яғни экстремизм, терроризм, фундаментализм Қазақстанда салафизммен байланысты өршіп отыр. Енді кешіксе, «небір күздер мен көктемдер, қызылды-жасыл төңкерістер» таңсық болмай қалады».

Мемлекет пен қоғам және оның ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүріне қарсы қандай да күш қоғамды біріктіретіні анық. Алайда, қауіпті көре тұрып, оның тамырын кесуге асықпай отырған биліктің әрекеті қауіпті тіпті зораята түсетіндей...

Абайшыл, Алашшыл болайық ағайын!

Нұра Матай

abai.kz