Миллиондаған гектар жер иеленушілер туралы шындық ашылмай жер проблемасы шешілмейді
2016 ж. 26 шілде
5203
36
Қадірлі жер мүддесі туралы жиынға бас қосқан бауырлар!
Өткен жиындарда біз санаулы ғана адам «Жер шетелге сатылмасын, жалға да берілмесін және өз адамдарымызға да сатылмасын, оларға жалға беруге ғана болады» - деген пікірге табан тіредік. Бұл пікірден бізді ешкім трактормен сүйреп шығара алмайды. Өйткені жердің шетелге жалға берілуі және өз қалталыларымызға сатылуы – болашақта Қазақстан мемлекетінің ыдырауына, қазақ ұлтының жойылуына кең жол ашады.
Ұлттық экономика министрлігінің Құрлыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстары басқару комитеті басқармасы бастығының 2016 жылдың 4-мамырындағы сөзі мынау:
«Қазақстан жерінің жалпы аумағы – 272 миллион гектар. Оның ішінде ауылшаруашылығына пайдаланып жүрген жер – 100 миллион гектар, бос жатқан босалқы жер – 100 миллион гектар. Жер 2003 жылдан бері сатылуда. Сол жылғы жер кодексі қабылданғаннан бері жердің 3 миллион гектары жеке меншікке сатылған. 65 мың гектар жер шетелдіктерге жалға берілген. Шамамен 1,7 миллион гектар жер алғашқы сатылуға дайындалып жатыр».
Енді Мұхамедкәрім Қажырбайұлының мәліметіне тоқталалық: «Еліміздің барлық көрікті жерлері әлдеқашан сатылып кеткен. Бәрінің сырты шарбақпен қоршалған. Ішіне мүлдем кіргізбейді. Кіргізетіндері әкесінің құнын сұрайды. Мысалы, Көкшетаудағы «Бурабай» Шымкент қаласы маңындағы «Машат» шатқалы Маңғыстаудағы «Ақмыш» пен «Талшалы»...
Ал өз рухтасымыз Дос Көшім былай дейді: «Біз қазір Қапшағайдың жағасына барып суға түсе алмай қалдық, балық аулай алмай қалдық. Алакөл, Балқаш бәрі солай. Бөгенбай, Қабанбайлар тіріліп келсе, бетін де жуа алмайды Қапшағайдан, өзінің қорғаған жерінен. Міне 2003 жылы жер жекеменшікке еніп, халықтың көрген күні осы».
Қызылорда облысында өткен Жер реформасы бойынша өткен қоғамдық комиссияның отырысында журналист Жанарбек Әшімжан ірі жер иеленушілер туралы ақпаратты ашық түрде жариялау мәселесін көтерді: «Райымбек ауданының өзінде барлық жерді төрт-ақ адам бөліп алған. Ел қыстаудан жайлауға көше алмайды. Жолға дейін меншіктеп алған».
Мен осыдан 12 жылдай уақыт бұрын Республика парламентінде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы жердің едәуір бөлігі Араптарға жалға берілгенін, олардың ол жерді түгелдей қоршап алғанын мәлімдеген болатынмын. Ал, Төбеби ауданы, Қасқасу ауылының табиғаты әсем жерлерін бір қалталы адам жекешелендіріп алыпты да, оның үлкен бөлігін Араптарға 49 жылға жалға беріпті.
Жер комиссиясының мүшесі Жанұзақ Әкімнің пікіріне жүгінелік. «1994 жылы Қазақстанның 10 миллион гектардай жерін Ресей әскери полигоны ретінде 80 жылға жалға алды. Ол полигондардың аймағында онкологиялық аурулардың деңгейі орташа статистикалық деңгейден 10-12 есе, ана мен бала өлімі 2-3 есе жоғары. Қазақстанның ішінде Ресейдің полигондары мен әскерінің болуы – ол аннексияның бір түрі. Елдегі қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында Ресейдің Қазақстандағы әскери полигонын жауып, ондағы әскерді елден шығару мәселесін қойды».
Тағы бір маңызды мәселе: «Жер туралы шындықты айтқан Макс Боқаев пен Талғат Аянды түрмеден босатуды талап етеміз»!
Жуырда: «Жердің ірі иеленушілері туралы ақпарат, мемлекеттік құпиялар қатарына жатады, яғни ол жайлы арнайы заң бар. Жердің иесі жайлы ақпаратты меншік иесінің келісімі бойынша ғана жариялауға болады» – деген пікір айтылды.
Елміздің үлкен қалталылары, үлкен ұрылары өздерінің жағдайларын жақсы қарастырған екен. Ондай әділдік абыройынан жұрдай заңды бәріміз бірлесіп «о дүниеге аттандыруымыз» керек.
Мәселен, барлық таулардың етектеріндегі шұрайлы жерлерді үлкен билік басындағылардың жақын туыстары, інілері, қыздары жекешелендіріп алған. Егер ол мәліметтер жарияланса, миллион гектар жер иеленген Терещенконың өзі далада қалуы мүмкін. Бұл саладағы шындық ашылмай, елімізді үлкен қауіпке бөлеген жер проблемасының шешілуі мүмкін емес.
Мұхтар ШАХАНОВ,
Жер комиссиясының мүшесі
23-шілде 2016ж. Атырау
qazaquni.kz