Қалмұханбет Қасымов: Жалған ақпарат таратқан блогерлер мен тілшілер адвокат іздей берсін
2016 ж. 20 шілде
3257
2
Алматыда орын алған оқиғаға қатысты интернетте жалған ақпарат таратқандар, сондай-ақ, куәгерлердің тексерілмеген сұхбатын жариялаған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан соң, журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті,- деп жазады Қазақпарат.
Министрдің айтуынша, ол кеше түн ортасына дейін отырып, Алматыда орын алған оқиғалардың бейне және фотожазбаларын түгел қарап шыққан. Мысал ретінде министр атыс кезінде Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінің маңында жүрдім деген әйелдің сұхбатын айтып отыр. Ол әйелдің айтуынша, қылмыскер «Алла уәкбар» деп айқайлаған. Айта кетейік, «Трубина» газетінің бұрынғы бас редакторы Алмат Азади де бүгін өзі жазған материалында қылмыскер «Алла уәкбар» деп айқайлағанын естідім деп жазған.
«Бейнекамераның жазбасында мен ондай ештеңе естіген жоқпын... Бұл барып тұрған өтірік. Және бұл сұхбат (куәгер әйелдің - агенттік) интернетке шыққан. Одан кейін супермаркетте халық тұтқынға алынды деген ақпарат тарады. Бұл ақпарат та интернет арқылы тарады. Біз қазір ол ақпараттарды тексеру үшін адамдарымызды жібердік. Қазір жалған ақпарат таратқан адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғадық және сол блогерлер мен тілшіге адвокат іздей беруге кеңес беремін», - деді Қ.Қасымов.