Ермек Тұрсынов: Білім министрі болсам, асылып өлетін едім
2016 ж. 12 шілде
2996
3
Отандық белгілі режиссер Ермек Тұрсынов Кітап.кз сайтына сұхбат беріп, қоғамда, өнерде, елде болып жатқан құбылыстарға қатысты пікірін айтты. Ол Білім не Мәдениет министрі болса, “асылып өлетінін” айтады.
Журналистің “Дәл қазіргі жағдайда Білім министрі болсаңыз, не істер едіңіз? Мәдениет министрі болсаңыз ше?” деген сауалына, режиссер:
“Асылып өлетін едім… Бізде мәдениет бар ма? Білім беру дейсіз, білімнің өзі жоқ қой бізде! Білім беру саласы тұралап тұр. Білімді жастар бар, бірақ жалпы көпшіліктің деңгейі өте төмен. Қазіргілер кез келген нәрсені Гуглдан іздейді. Бұл қорқынышты ұрпақ”, – деп жауап берді.
Балаларыңызға қандай кітап оқып, қандай кино көру жөнінде пікір айтасыз деген сауалға Тұрсынов ешқандай кеңес айтпайтынын, тек “Бір-екі рет қана болмайтын шоуларды көріп отырғандарында теледидарды өшіріп тастағанын” айтты.
“Өздері кеңес сұрамаса, өзім ештеңе айтпаймын. Тіпті, балаларым менің немен айналысатынымды да онша түсіне бермейді ғой деймін. Өткенде көшеде біреулер менімен суретке түссе, кіші қызым «они чего от тебя хотят?» деп жатыр. Өз пікірімді таңбаймын. Интернетте көп отырмауды ғана өтінемін. Көбірек бірге қыдыруға тырысамын. Ауыл жаққа апарамын. Бір білерім, қазіргі заманның баласы мүлдем басқа”, – дейді ол.
Алдағы жоспарларына қатысты режиссер бірнеше дайын сценарий бар, бірақ, ақша жоқ екенін айтты.
“Қазір бізге министрлік ақша бермейді. Олардың жоспары басқа. Сол, қалдырып кеткен жерлерінде отырмыз… Болашақта кино түсіремін бе, түсірмеймін бе, білмеймін. Бәрі қирап жатса, неменеге жетісіп кино түсіреміз? Қазір «Осторожно, корова!» деген сияқты нәрселерді түсіру керек. Мен ондайды түсіре алмаймын. Ондайға «қабілетім жетпейді»…”, – деп түйіндеді Ермек Тұрсынов.