Асқар Мырзахметов: «Ірі жер иеленушілердің атын атар болсақ, сотталамыз»

Астанада болған комиссияның соңғы отырысында аталған мәселе қайтадан көтерілді. Осыған қатысты журналистерге сұхбат берген комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов түсініктеме берді.

1694b887fc4e1c2c7495f692dda5ad14

Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Айта кеткен жөн, Қызылорда облысында өткен отырыс барысында да Асқар Мырзахметов үндемей қалмады. Оның айтуынша, бүгінде заң жағынан бір қиындық бар. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ірі жер иеленушілері туралы ақпарат құпия мәліметтерге жатады.

Журналистерге сұхбат берген үкімет басшысының орынбасары әрі Ауыл шаруашылығы министрі Мырзахметов сол заңның «тосқауылын» тағы бір мәрте еске салып:

— Қазір біз ол тізімді жариялайтын болсақ, онда сол жарияланған адамдар бізді сотқа беруі мүмкін.

Өйткені біз олардың құқығын заң жүзінде бұзған боламыз, яғни, заңды да ескеру керек. Ал оны жариялау үшін олардың келісімі болуы керек. Ол жөнінен біз қазір барлық ірі жер пайдаланушыларына осындай мәселенің, сұрақтың туындап отырғанын, осыған байланысты сол олардың келісімін алу жөнінде арнайы ресми хаттарының бәрі жолданды. Келісімі барлары бойынша, онда оны жариялауға болады. Ал егер келісім жоқ болатын болса, бүгінгі таңда ол заңға қарама-қайшылық болады, — деп атап көрсетті.

Ал Baq.kz тілшісінің «Демек, заңға өзгеріс енгізу керек дейсіз ғой?» деген сауалына:

«Жоқ, енді бұл бөлек әңгіме ғой…», — деп қысқа ғана жауап берді.

Осыдан үш апта бұрын Алматы облысында өткен комиссия отырысында осы мәселені экономист-ғалым, профессор Кенжеғали Сағадиев те көтерген.

— Әй, осы 1,3 млн гектарды саттық. Кімге саттық? Кімдер олар? Қанша жерлері бар? Олар не істеп жатыр? Қайда тұрады? Осы туралы бір ақпарат бар ма? Жоқ па?

Егер осының барлығы дұрыс болса, ары қарай сатуға болады. Ал егер бұның ішінде көптеген бұрмалаушылықтар болса, онда жабылу қазан жабулы, жерді сатпай, ең кемі, мараторийді 10 жылға ұзартып жіберу керек, — деді Кенжеғали Сағадиев.