МӘСІМОВ СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ БОЛА МА?
2016 ж. 09 шілде
2816
6
Соңғы уақытта Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке қарсы ақпараттық шабуыл күшейгендей болды. Қазақ, орыс тілді, танымал, танымал емес ақпарат құралдарының ерінбегені ол кісіні сынға алып жатқандай әсер қалдырады. Қай бір күні оның жемқорлық әрекеттерге қатысы бар деген де мәлімет тарағандай болды. Ал, енді сол ақпараттық шабуылдар көздеген нысанаға қаншалықты дәл тиюде, әсері қандай? Ол бөлек мәселе. Оның үстіне, Мәсімовтің насихатшылары да қарап отырған жоқ. Ол да бөлек әңгіме.
Билікті, оның ішінде осы К. Мәсімовті кім, қанша сынаса да оның қыңқ дейтін түрі көрінбейді. Оған көз жеткізу үшін Кәрім мырзаның Үкімет тізгінін алғаш рет қай жылы қолға алғанын және оған жету жолында қандай қызмет сатыларынан өткенін еске түсірсеңіз жеткілікті.
Сонымен, "Мәсімовтің Сенат спикерлігіне көз тігуі мүмкін дегенді не үшін айтып отыр?" дейтіндер болса, "Ал, неге көз тікпеске?" дейміз. Оның себебін ұғу үшін тағы да Кәрім мырзаның «карьерасына» көз жүгіртіңіз. 2000 жылға дейін түрлі коммерциялық құрылымдарда қызметте жүріп, бір сәтте көлік министрі бола салған, министр портфелін бір жылдан соң вице-премьердікіне ауыстырған ол Үкіметтегі бар-жоғы алты жыл ішінде Премьер-министр лауазымына жетіп алды. Одан бері де он жылдай уақыт өтіпті. Осындай ерен «еңбегі» үшін оның басқа да салмақты лауазымдарды дәметуге хақысы жоқ па?
Қалжың қалжыңмен, ал енді салмақтылау дәйектерге сүйенсек. Осы күнге дейінгі жоғарғы билікте болып жатқан оқиғалар (шулы сот процестері, кадрлық ауыс-түйістер, кланаралық қақтығыстар, т.б.) Кәрім Мәсімовтің әзірге биліктен кете қою ойы жоқтығын, қайта реті келсе Премьер-министрден гөрі, Президентке бір табан жақын лауазымдарды бағындыруға ниетті екенін көрсетеді. Сол үшін жолына бөгет болады-ау, кедергі жасайды-ау дегендерді жария-жасырын жолдармен ысырып келеді, ысырып келеді. Экс-премьер Серік Ахметовтың сотталуынан пайда көрген адамдар аз болған жоқ, бірақ бұл жерде де Мәсімовтің мүддесі жоқ дей алмайсыз. Сол кездегі Президент әкімшілігі басшысы Н. Нығматуллин мен С. Ахметов арасындағы кикілжіңді шебер пайдалана білді. Аяғында, Нығматуллинді де оңдырмады. Жер реформасына қатысты ел ішіндегі толқулар Үкіметтің шалағай жұмысынан емес, ішкі саясатты жіті қадағалауға жауапты Н.Нығматулиинің бостығынан орын алғанына Президентті сендірді. Бар бәле-жала солайша, Үкіметке, оның басшысына емес, бірді-екілі министр мен басқа тараптарға ауды. Елбасыға Жер кодексіне енген өзгерістерді мақұлдаған былтырғы Мәжілістің де осалдығын қолмен қойғандай дәлелдеп берді, ал, ол ендігі шақырылымдағы депутаттардың ондай қателіктерге бой алдырмауы үшін «тәжірибелі кадр» Н.Нығматуллинді Мәжіліс жетекшілігіне жіберді. Шахмат тілімен айтсақ, осы жерде кім «екі жеп, биге шығып» отыр?
Үкімет басшысының бұл орында отырғанына арадағы екі жыл үзілісті (2012-2014 жылдарда Президент Әкімшілігін басқарды – ред.) қоспағанда он жылға жуық уақыт өтті. Елде Президенттен басқа бір орында мұнша ұзақ отырған саясаткер санаулы. Демек, К. Мәсімовтің премьер креслосын босататын «уақыт» таяды. Ал, орнын босатқанда ол қайда барады? Бұған дейін порталымызда Мәсімов Мәскеуге елші боп кетуі мүмкін дегендей болжам айтылған. Ол болжамның да болжам деңгейіндегі маңызын мойындай отырып, Мәсімовтің елшілікті місе тұта қоймасына күмәндануға да хақымыз бар. Олай дейтініміз соңғы он жылда Мәсімов мырзаның қызметі тек өсу бағытында жалғасып келді. Қуғын көріп, биік лауазымнан шеттейтіндей ешкімнің басын жарып, көзін шығарып қойған жоқ. Экономикада қандай да бір кемшіліктер, тұрақсыздықтар болып жатса, ол премьердің емес, «жүндеуге жайлы» министрлердің, әкімдердің кінәсі. Ондай қайда барады? Конституциялық кеңеске, Жоғарғы сотқа апаратын заңгер емес. Мәжіліс жетекшісі күні кеше ауысты. Иә, иә, дұрыс айтасыз. Сенатқа! Сенат төрағасы Қ. Тоқаев мырза соңғы уақытта Президент жаппай жіберіп жатқан «зейнеткерлікке» кетеді (Оның қай жылы туғанын интернеттен тауып оқырсыз). Сол лауазымға тағайындалғанда халық көкейінде «Бұл қалай?» деген сұрақ көбірек туындамас үшін бүгінде қызу ақпараттық насихат жүруде. Премьер күн сайын болмаса да, араға апта салмай аймақтарды аралап, селекторлық жиындарды жаңалықтардан көрсеттіріп, ел алдында «еңбекққор» басшы ретінде көрінуге тырысып, бұрынырақ өзі де теріс көрмеген Көшербаевше, Сапарбаевша пиар әдістерге қайта жүгінуде. Кім біледі? «Үкімет жетекшілігіндегі мол тәжірибесі, Парламенттің жоғарғы палатасында кәдеге жарар» деген пікір қалыптастыру үшін бұл да керек шығар.
Осы тұста тақырыпқа тұздық ретінде, Мәжіліске барған Н. Нығматуллин канинкулдан қайтқан соң Елбасыға кіріп, елдегі саяси реформаларға, оның ішінде парламенттің атқарушы билікті бақылау функцияларын күшейтуге қатысты жоспар, жобаларды таныстырады деген сыбыс барын айта кету керек. Ал, теңдессіз «кризис менеджердің» бұған дейін өзін сынамақ тұрыпты, атын атауға қорқып келген мәжілісшілерге есепті болуға соншалықты «ынта» таныта қоймасы түсінікті.
Дархан Мұқантегі
"Қамшы"