ОҚО-да бір топ түлек гулянканың орнына ауызашар берді
2016 ж. 02 шілде
2262
1
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы бір топ түлек қатарластары секілді қымбат көлікке мініп алып, шеру ұйымдастыруды жөн көрмеді. Оның орнына ауызашар беріп, сауап іс жасады деп хабарлайды NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісі.
Ордабасыдағы Амангелді атындағы жалпы орта мектебінің 11 «б», «г» сынып оқушылары алғашында гулянкаға шығуға қатты құлшынған. Кейінірек өзара сауап іс жасауға бекініпті. Мектеп бітіруші түлектердің бірқатары жұма намазға қатысып жүрген. Содан құрдастарына осынау бір идеяны тастайды. Сыныптастарының кейбірі бастапқыда қарсылық танытқанымен, кейін бәрі бірауыздан келіскен. Мұны естіген ата-ана қуана келісіпті. Түлек Әділет Әбілқайырдың анасы Камила Махамбетова гулянка дегеннен қорыққанын жасырмайды. «Қазір небір жағдайлар болып жатыр ғой. Жол апатынан талай жан қыршыннан кетті. Оның үстіне балалар жас, гулянкада міндетті түрде жарыс болады. Оны жасап бермейін десең, балаң ренжиді. Біз шеруді ұйымдастырамыз деп, он үш көлік иесімен келісіп, олар аудан орталығы мен Шымкентті аралатып шығатын болған. Оған екі жүз алпыс мың теңге жұмсамақ болып отырғанбыз. Бір күні балалардың өздері ауызашар беру идеясын тастады», - деді Камила Махамбетова. Аудан орталығы Темірландағы «Діни сауаттылық ашу курсы» қайырымдылық мекемесінде ауызашар өтті. Түлктердің ата-аналары жаңа өмірге қадам басқалы отырған ұл-қыздарының бұл әрекетін жақсылыққа балап отыр.