Экономистер таяу жылдарда Ұлттық қордағы ақша таусылуы мүмкін дейді
2016 ж. 30 маусым
3288
0
Ұлттық қордың шығыны өсіп, кірісі кеміп, таза активтері төмендеп жатыр. Қорға тұрақты түсіп отырған қаражат көлемі алты жылдың ішінде рекордтық төмен көрсеткішке жетіп, 1 триллион 630 миллиард теңгеге кемісе, керісінше қордан алынған ақша екі жарым триллион теңгеге артқан деп хабарлайды 31 арна.
Экономистер қорда жатқан санаулы қаражатты ақылға салып, үнемдемесек 1-2 жылда Ұлттық қордың түбі көрінеді деп қауіптенеді.Бұрынғы инвистициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев мемлекетіміз 2007 жылдан бері Ұлттық қор мен бюджет қаражатынан квази мемлекеттік секторға жарғылық капитал салымы немесе ұзақ мерзімді қарыз түрінде 33,2 миллиард доллар қаражат жұмсады деп отыр.
Алайда оның қайтарымы ретінде мемлекет 1,6 миллиард доллар ғана дивиденд көрген. Инвестициялық қайтарымы төмен, нәтижелілігі өзінше бір сұрақ тудыратын "ұлттық чемпиондарға" қаражатты көзсіз шашуды тоқтату керек дейді ол.
"Бюджет шығындары артып келеді. 2016 жылы олар 16 пайызға өсті, кеше қаржы министрі Сұлтанов мырза шығындардың әрі де өсетінін хабарлады. Біз сияқты тығырықта отырған Ресей федерациясының қаржы министрі бюджет шығындарын үш жылға тоқтатайық деген ұсыныс тастады. Менің ойымша бұл сыртқы қарыздарды өсіргеннен көрі, жауаптырақ, дұрысырақ шешім. Себебі сырттан қарыз алу дағдарысқа қарсы шара болып есептелгенмен, оның тиімділігі төмен", - дейді экономист Рахым Ошақбаев.
Ал экономист Мақсат Халық Ұлттық қор қаражатының ағымы жабық, сондықтан жинаққа қырғидай тиіп отырған ұлттық компаниялар оны нендей мақсатқа пайдаланып отырғандығын ешкім білмейді дейді. Қор қаражатын ысырап етпейміз десек, сол ақшаның арқасында дағдарыс кезеңінде тынысы тарылмай отырған квази мемлекеттік сектор жария есеп берсін деп отыр. Еліміздегі ірі компанияның бірінің ғана қарызын экономист мысал етті.
"Өткен жылғы қарызы жылдың басында 18 миллиард доллар болатын. Бір ғана компания. Ал осы жылдың басында, ресми ақпараттарға сүйенсек, 11 миллиард доллар қаражатқа дейін түсірген екен. Мұнай бағасының төмен болып тұрған жағдайында қалай компания сондай қарызын өтей алады деген сұрақ туады", - дейді экономист Мақсат Халық.
Айта кету керек, қордағы 80 миллиард доллар жыл сайын 2,5-3,5 миллиард доллар табыс әкеліп тұрған. Алайда дағдарыс бұл жоспарды бұзып, ал экономиканы осы ашқамен әртараптандыру сол күйі жүзеге аспай қалды.
Дерек көзі: 31 арна