ШЕТЕЛГЕ  ЖЕР САТУ мен ЖАЛҒА БЕРУ – ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІНЕ БАЛТА ШАБУ

 

ӘЛЕМДЕ ЖЕР САТҚАННАН ПАЙДА ТАПҚАН ЕЛ ЖОҚ

jer-1

Біздің биліктің мақтаншақтығы, мақтаусүйерлігі айтылы-айтыла жауыр болды, оны қазбалағаннан ештеңе шықпас және нәтижесіз жұмыс жоспарларын тізгеннен де жақсы өзгеріс әп-сәтте туа қоймас. Алайда елде көңіл қынжылтатын құбылыстар көбейген сайын біздің биліктің қай тарапта болсын, әу бастағы саясатының дұрыс болмағындығы жайында айта бергің-ақ келеді. Бірақ «айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман». Сөйтсек те, ауыздан шыққан жақсы лебіз тыңдамайтын үшін жаман болса да, жан күйзелісінен көзден аққан жас түсінбейтінге сора боп көрінсе де бұзық пиғылды емес, елді бұзатын емес, көпшілікке жағар деген уәжді пікірімізді тағы айтқымыз келіп отыр. Біздің билік жиырма бес жыл ішінде Қазақстанда қазақ ұлтын қалыптастыра алмағаны былай тұрсын, орыс пен өзгелерге жалтақтаймын деп, елді не орыстың, не қазақтың, не басқаның мемлекеті екенін  анықтай алмаған саясат жүргізді. Содан келіп, жиырма бес жыл ішінде осындай жалтақ саясаттың кесірінен бізде дүбәралар мемлекеті құрылды. Сөйтіп, әу бастан-ақ кемел болашақты қазақ ұлтымен ұштасыра алмайтын, байланыстырғысы келмейтін біздің биліктегілердің ұшқыр қиялы  үнемі көкте ұшып жүрді, бақ пен жарқын келешекті ылғи көктен іздеп жүрді. Әлі де көктен түспей іздеп жүр. Ал қара халық солар ұшқан көкке көз қадап, біреулері әрі-сәрі күй кешіп, біреулері бір күнгі тамағының тоқтығына мәз болып, енді біреулері қазіргі тыныштыққа тоқмейілсіп, енді базбірі бір күнгі тамаққа зар болып жүр. Біздің биліктің тағы бір кемшілігі, жоғары санатты байлар мен орта байларды мемлекетшіл етіп тәрбиелей алмады. Ондайлар тек дүние табудың жолымен кетті де, ел, халық болашағы жайлы мүлде ойламайтын болды. Өйткені, билік оларға жеңіл ақша табудың жолын үйретіп, әбден байытты, өз саясатына қарсы келмейтін жағдайға әкеп қойды. Керек болса, өз саясатына қарсы шыққандарды сондай бай-бағландарды айдап салатын болды. Ал ондайлар өздеріне саясаты майдай жағатын жоғарыдағы қолпаштаушылары мен тіреушілерінің сөздерін қалай теріске шығарсын. Ақша табуға ақылы асқан, бірақ терең саясат пен ілім-білімге өрелері жетпейтін, ертеңгі мәселерді пайымдай алмайтын, тек жоғарының шешімдерін мақұл көретіндер бүгінде депутат, халыққа ақыл үйреткіш көсем. Биліктің көзсіз шешімі – жер сату мен үштілділік бағдарламаны жан-тәнімен қорғаушылар да солар. Елде қандай да бір өзгеріс жүретін болса, олар халыққа «Ештеңеден үрейленбеңдер! Бәрі де Ата заңымыздың шеңберінде жүреді» деп үндеу тастайды. Біздің елде бірді-бір жаңашыл реформа халық, оның ішінде қазақ талабына сай немесе оңды түрде іске асқан емес. Бұл тұрғыда жүріп жатқан процестер сырты бүтін, бірақ моторының ішкі жағы әбден бүлінсе де, зорлықпен жүріп тұрған машинаны еске түсіреді. Оған қанша жарқын әрі жанды мысал бар. Кері кеткен қазақ тілінің мәселесі, тұңғиықтан шыға алмайтын ғылым-білім реформасы, дамымаған шағын және орта кәсіпкерлігі, адал жолмен жүрмейтін бизнес саласы, халықтың рухани жүдеулігі, жеңіл ақша табудың өршіп кетуі, бірде-бір қазақы немесе қазақстандық брендтің жасалынбауы... ой, тізе берсең көп. Оған классикалық дүниелердің барлығын аяқасты етіп, кілең арзанқол, жеңіл өнермен, түрлі шоу бизнестермен халықтың миын айналдырып, көпшілікті тобырлық мәдениетке баурап жатқанын тағы қосыңыз. Бірақ жаңа Астана, көрік-келбетінде бір қазақылық нышан жоқ, көк түспен көмкерілген зәулім үй-ғимараттары әлде Еуропаның ба, әлде Американың ба, одан қалса, қытайдың ба, әйтеуір, бөгде елдің үлгісіне ұқсап кеткен, Бәйтерек маңындағы көгалда қазақтың оюлары мен домбырасы жерде жатқан, ал отыз-қырық қабатты үйлердің үстінде ағылшынша немесе орысша сөздер қаптап жазулы тұрған Астананы салып, дамып жатырмыз. Жиып айтқанда, біздің жас мемлекеттің тірлігі – жүрек-өкпесінде ақау болса да, ұзақ әрі көркем жасауға үміті үзілмейтін, ауырса да сыр бермей қатарда жүретін, тіпті, жастардан озғысы келетін кәрі адамның қылығы сияқты. Соған қарамастан, биліктің ойынша, тек далалық аңқау қазақ қана байқамайды, әйтпесе,  қазақстандық жұрт барлық жағынан дамып, білімі кемелденіп кетіпті. Оған енді бір тіл аздық етеді екен. Енді бес-алты жастан асқан асқан бала үш тілде білім алуы, сөйлеуі шарт. Соның арқасында болашақ ұрпақ үш тілде бірдей сөйлейтін, бірақ үш тілдің соңғысы қазақ тілі деп есептейтін қазіргі реформашы шенеуніктердің атымен аталатын жаңа дүбәра ұлтқа айнала ма, қалай, белгісіз. Енді сол билік қазақтың жерін сатуға көшкен. Егер халықтың дер кезіндегі дүрлігуі болмағанда бұл ойларын әлдеқашан-ақ іске асырып қойған болар еді. Дегенмен, қауіп әлі сейілген жоқ. Жер кодексіне байланысты құрылған комиссияның жұмысы немен тынары әлі беймәлім. Егер билік жерді сату немесе жалға беру жоспарын  біржолата доғарған болса, мұндай комиссияны құрып әуре болмас еді ғой. Демек, тереңнен ойлайтын біздің көсемдер сұмдық ойларынан айнымай отыр. Өйткені халықтың сезуінше, билік әлдеқандай күшті мемлекетпен бұл жайында уағдаласып қойған тәрізді. Ал комиссия деген тек көз алдау ғана. Ондай болмағанның өзінде де, бұ комиссия түптің түбінде түрлі айла-шарғымен бүгінгі биліктің жоспарын орындап шығары сөзсіз. Себебі қазіргі үкімет бұрын да халықты түрлі айламен талай алдаған. Жер сату деген пәле өзі қайдан шықты өзі? Сонда қандай жерді, қай өңірдегі жерді  және кімге сатпақ? Үкімет бұларды да ашық айтпай, жасырып отыр. Елдің білетіні, қазақ жерін сатып алушы шетелдіктерден тек қана Қытай тәрізді. Ал анығы солай ма? Одан соң Қазақстанда шетелдіктер сатып алуға құмар құнарлы жердің көлемі қанша және ондай  жерлер қай өңірлерде? Әлгі жер комиссиясының осы күнге дейін әлденеше отырысы өтсе де, неге осы мәселе туралы әлі ешкім сөз көтермейтіні түсініксіз. Жуырда жазушы Сапабек Әсіптің 1998 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Қатерлі дерт, қалжыраған халық» деген жер мәселесін терең қозғаған кітабын оқып шықтым. Ондағы жазбалар күні бүгінгі көтеріліп отырған жер мәселесіне тікелей қатысты. Сол кітапта мынадай мағлұматты кездестірдім: 1989 жылы Қазақстанда он тоғыз облыс, 205 аудан болған. Осы 205 ауданның сол кезде 71-інің  әлеуметтік даму дәрежесі өте төмен, 30-ының жайы мүлдем төзгісіз жағдайда екен. Сол жылы Қазақ КСР министрлер кеңесі осы мәселе жайында арнайы кеңес өткізіп, артта қалған аудандарға көмек көрсету туралы шешім қабылдапты. Бірақ бұл шешімнен оңды нәтиже шықпағаны көзі қарақты қауымның әмбесіне белгілі. Аталған кітапта «Павлодар облысында 1963-64 жылдары 1,6 млн. га егістік  жер зиянданып, істен шығып қалғаны, ал теріскейдегі бес облыс бойынша 1965 жылға дейін 5 млн. астам га егістік жер шаңды бораннның астында қалып, жарамсыз күйге түскен» деген дерек тағы бар. Ал содан бері қанша жыл өтті, аталған жерлер қайта өңдеуден өтіп, жарамды қалпына келді ме? Әлбетте, жоқ. Қайта жарамды жерлер жылдар өткен сайын құнарсыздана бергені хақ. Жоғарыда аталған кітаптың авторы белгілі бір өңірлердің ғана жайын сөз еткен. Содан бері елімізде қанша млн. га жер жарамсыз күйге түсті, есептеген адам бар ма? Бір анық нәрсе, не істеймін десе де, құдіреті жететін кеңес үкіметі жер өңдеу мәселесін кейінге ысырып тастағанда,  артық ақша шашудан алдарына жан салмайтын және олардың бір бөлігін қалталарына басудың ебін жақсы білетін кейінгі егемен Қазақстанның  басшылары бірдеңе істей алды дейсіз бе. Қазір жарамсыз жер, сортаң басқан өңір, қараусыз күйде шөл мен шөлейтке айналған аймақ қай облыста жоқ дейсіз. Алматының, Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстанның теріскей аудандары, Қызылорда мен Жезқазғанның тұтас аймағы, Ақтөбе мен Атыраудың, Ақтаудың құмды да сусыз далалары бүгінде егін егуге де, мал жайылуға да жарамсыз болып барады.  Ал үкімет жер сатамыз дейді... Сонда қай жерді сатпақ? Шетелдіктерге әр облыстың жерлерінің жарамды деген әр тұсын ойып-ойып сатпақ па? Бәріне белгілі, солтүстік облыстардағы егіс егілетін миллиондаған гектер келетін далиған жерлерді есепке алмасаң, Қазақстанның өмір сүруге лайықты өңірлерінің бәрінде ел бар. Шартты түрде оңтүстік деп аталатын Шымкент, Жамбыл, Алматы төңірегінде халық тығыз. Мұнда бос жер болса, сонда тұратын халықтың ырзығы. Табиғаты келісті Шығыс Қазақстанда халық тығыз болмағандығынан игерілмей жатқан жерлер көп шығар, бірақ оларды міндетті түрде бөгдеге сату керек пе. Сатқан күнде де олардан қандай пайда бар?  Қытай мен орыс келсе, менің қоймамды азыққа толтырып, езуімнен көкөніс кетірмей қояма? Биліктің сөзін сөйлегіш кейбір көсемдер Еуропа мен Америкада  жерден өндірілетін өнімнің көлемінен мемлекеттер  60-65 пайыздай пайда көреді екен деп соғады. (Бірақ ол елдерде жермен тек өз азаматтары ғана шұғылданатынын еске алмайды).  Бізде жер иесіз, игерілмей жатыр дейді. Сол үшін біреуге беру керек дейді. Ал мейлі, бере қой. Сонда бізге келген қытай мен орыс, тағы басқалары біздің жерден тапқан пайдаларымен бізді жарылқай қояр ма екен. Жарылқаса, мұнай мен басқа кәсіпорындарға ие болып отырған олар неге елімізді байытып тастамайды? Одан соң біраз жылдан кейін бізден жерді сатып алған немесе жалға  алған шетелдіктердің ойына не келетінін кім білсін. Арада біраз жыл өткенде олар жергілікті қазақтармен әдейі қақтығыс тудырып, өз елдерінен әскери көмек сұрап тұрса, қайтпекпіз? Қаруы ескі-құсқы, әскери күш-әлеуеті алып елдермен тең келмейтін Қазақстан тарапы сонда не істемек? Жер сатуға құмбылдық танытқандар неге осы жайын ойламайды?.. Қалталарына жер байлығы мен кеңдігінің арқасында шетелдіктерден тегін түскен ақшаға әбден құныққан, содан көздеріне дүниеден басқа ештеңе көрінбей кеткен, тек жеке басының абыройы мен қамын күйттеген биліктегілер тұтас халықтың келешегін ойлауды мүлде доғарғандай ма, қалай... Әйтпесе, жер иесіз жатыр деген пәтуасыз сөзді ауыздарына ала ма? Оу,  қашаннан мемлекет қарауындағы жер иессіз болған? Бұндай сөзді әлемде тек біздің елдің  білермен басшылары және олардың қосшылары ғана айтады. Ондай жерлерді иесіз деп санаса, Қазақстан тәуелсіздік алғанда белгілі бір аумаққа неге шекара сызып әуре болған? Со кезде-ақ өздері иесіз деп санайтын жерлерді біреулерге бере салмай ма? Шетелдіктерге жер сату мен жалға беру – қазақтың келешегіне балта шабу. Тәуелсіздігімізге 25 жыл болса да, қай жағынан да өз еркі өзіне тимеген қазақ ондай жағдай бола қалса, анық құрдымға кетеді. Ілгерідегі кеңес үкіметінің саясатын қанша жаман десек те, дәл қазіргі біздің билік кей тарапта сол кеңестің біраз жүйесін сақтап қалғанда, анық ілгерілеушілікке қол жеткізір еді. Мәселен, кеңестік жүйедегі колхоздар мен совхоздарды сақтап қалғанда. Әрине, дәл сондай жүйені айнытпай сақтап қалу керек еді деп ешкім айтпас, бірақ қазіргі заманға лайықталған сондай құрылымдар бізге зор пайда әкелер еді. Сол жүйені сақтап отырған Белорусия мен Өзбекстан ауылшаруашылығы мәселесінде біреулерден озбаса, ешкімнен кейін қалған жоқ. Тағы бір мысал айтсақ, баяғы кеңес кезіндегі бір колхоздың мемлекетке беретін өнімін қазіргі Қазақстанның бір ауданындағы төрт-бес мың кіші шаруашылықтар бере алмайды екен. Егер біздің билік халықтың намысына тиіп, наласына қалатын қияли жоспарларды түзе бергенше,  сандаған адамды таластырып, сенделіске түсірген алдамшы жер комиссиясын құрғанша, қазір әр ауданда бұрынғы колхоз, совхозға теңесетін ұжымдық шаруашылықтарды құруды ойға алса, жерге қарайтын, одан өнім беретін, сонымен бірге мемлекетке қыруар көмек тигізетін дап-дайын шаруашылықтар пайда болар еді.  Сонда жерді жалға беру, жерді сату деген мәселе өз-өзінен қолданыстан шығар еді. Бәлкім, қазіргі үкімет Қазақстандағы ұлан-ғайыр жерді өңдеуге, игеріп кетуге  елдегі ауылшаруашылығымен айналысатын адамдардың саны жетпейді деп ойлайтын шығар. Мұндай ой да қисынсыз. Қазір Қазақстанда кеңес кезіндегіден көп халық тұрады. Тек сапалы мамандарды дайындауға, ұжымдық шаруашылықтарға мемлекеттен қажетті қаржы бөлінсе болғаны. Екі-үш жылда әлгі шаруашылықтар өз-өздерін қаржыландыратын және асырайтын жағдайға жетеді. Ешбір ел өз халқына өз жерін сатпайды. Алайда өз азаматтарына жалға беруі мүмкін. Дегенмен шетелдіктерден біздің халықтың бір айырмашылығы бар. Ауылдағы әрбір қазақ отбасы өздеріне лайықты мал ұстайды.  Егер жер өз азаматтарымызға сатылған немесе жалға берілген жағдайда да үлкен проблемалар туындауы мүмкін. Неге десеңіз, 100, болмаса 200 отбасы тұратын ауыл маңайындағы жүздеген гектар жерлерді сол ауылдардын шыққан не бес, не он бақуатты кісі-ақ алып қоюы кәдік. Тіпті бір-ақ кісінің иеленуі де ғажап емес. Ал жер иеленуші әп-сәтте өзіне қараған аумақты қызғыштай қорып шыға келері хақ.  Сонда қалған отбасылар малын қай жерге жайып, қай жерден шөп ормақ? Міне, мәселенің ушыға түсетін тұсы осы. Тіпті қазірдің өзінде бұл мәселе талай ауылдарда ушығып тұр. Енді қазақ үкіметі сондай ушыққан мәселені одан ары күрделендірмеуді ойласа,   жалпы халықтың көңілінен шығатын шешімдерді ойластырғаны абзал. Қазір осы мәселе жөнінде кіммен сөйлессең де, үкіметтің аталмыш шешімінің дұрыс еместігін айтады. Олардың арасында кәрі де, жас та, сөзін басқалар есітіп қоймасын деген ниетпен сыбырлап айтатын мемқызметкер де, талай жыл биік лауызымдарды атқарған ардагер де, қойшы мен қолаң да, тіпті, ауылдағы қатындар да бар. Олар тағы айтады: Бүгінгі билік неге өз халқына өзі қысастық жасайды деп. Күні ертең бүгінгі билік басындағылардың атын жақсы жағынан да, жаман жағынан да шығаратын тек қазақ қой деп. Жақсы басшы өмірден өтсе жылайтын да қазақ, көметін де қазақ қой деп. Ендеше, қазақ талабын неге олар аяқасты қылады деп. Егер жер шетелдіктерге сатылса, сорлайтын тек қазақтар, басқа ұлттардың қылшығы да қисаймайды, басшылар осыны неге ойламайды деп. Иә, олардың бәрінің іштерін осындай қынжылыс жайласа да, газетке жабыла мақала жазбайды, дүр етіп көтеріліп, ұрандата көшеге шықпайды. Себебі билік ақылға келер, қазақ жерін шетелдіктерге де, өз азаматтарымызға да сатпайтын, ауыл маңындағы жерлерді де ешкімге жалға  бермейтін шығар деген үмітке алданып жүр. Ендеше, ел үмітін аяққа таптама, Үкімет!                                                                          Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы.   qazaquni.kz