«ЖЕРДІ САТУ және ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖАЛҒА БЕРУ» деген сөз айтылмауға тиісті
2016 ж. 28 маусым
3753
21
Маусымның 24-і күні Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында облыстық «Қоғамдық кеңес» жанынан құрылған облыстық Жер комиссиясының 1-ші отырысы өтті. Аталмыш кеңестің бұған дейінгі өткен екі отырысы да жерге қатысты болған еді, дегенмен, кешегі мәжіліске негізінен комиссия мүшелері мен лауазымды қызметкелер ғана, атап айтқанда, облыс әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Жақып Бөкенбаев, облыстық Жер қатынасы басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов, т.б. мырзалар қатысты.
С.Әбдіқұловтың қысқаша баяндамасынан кейін шешенге біраз сұрақтар қойылды. Ардагер журналист Байдулла Қонысбек: «Мен қалада тұрамын, ауыл шаруашылығы маманы емеспін, бірақ, ұлан-байтақ елімнің аумағынан егін егіп, бау-бақша салғым келсе жер ала аламын ба?» деген сұрағына «конкурстық негізде сатып қана ала аласыз» деген жауап естіді. Негізі, өте орындық сұрақ. Ауыл шаруашылық жері бізден әлдеқайда аз Қырғызстанда қала тұрғындарына да даладан жер бөлініп берілген. Жазушы ма, ғалым ба, басқа ма, кім болса да... Ұсыныстарға көшкен кезде тағы да Байдулла ақсақал сөзді бірінші болып алды: – Шырақтарым, қазақтың жерін Қазақстанның өзінің азаматтарына да сатуға болмайды. Неге? Бар-жоғы 12 млн. қазақпыз. Қалғандары басқа ұлттардың өкілдері. Болашақта заманның қалай өзгеретінін кім біледі?.. Екіншіден, шетелдіктерге жалға беру дегенді ауызға алудың өзі артық. Шетелдіктерге, ең бірінші кезекте қытайлықтар ғой, ендеше қытайға деп айтайық, бір жыл, екі жыл емес, жиырма бес жылға береміз деуіміз қалай? Жиырма бес жылдан кейін Қазақстанда тұратын қазақтың саны қанша болады, қытайдың саны қанша болады?.. Ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы жерімізді бүгінгі ұрпақ лақ еткізіп қытайға бере салу үшін қанын төгіп, жанын беріп қорғап келді ме? Біз бұл жерді көзіміздің қарашығынан да артық сақтауымыз керек! Жат пейіл бір жанның киелі жерімізге табаны тимеюі тиіс! Менің ауылымда 70-80-дей үй бар. Солардың кәзір жеті-сегізі бай-қуатты, қалғандары кедей! Неге? Себебі, бәрінің бірдей жерді игеруге қажетті құрал-сайман, техникасы жоқ. Ауыл әкімі, аудан әкімі, облыс әкімі солардың басын неге құрастырмайды, неге ұйымдастырмайды? Сұмдық қой бұл! Біз елдің басын құрамасақ, осылай әркім өз білгенін істесін деп отыра берсек, ешуақытта жерден пайда көре алмаймыз! Екінші кезекте сөз «Қадірменді қариялар» ҚБ төрағасы Шаруа Пірматқа тиді: – Кеше біз үш-төрт жігіт, осы комиссия мүшелері «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық бөлімінің жетекшісі, облыстық«Қоғамдық кеңестің» төрағасы міндетін атқарушы Өмірзақ Мелдеханов мырзаға бардық. Жиырма бес күн өтсе де жер комиссиясының мүшелері аудандарға әлі шыққан жоқпыз, қашан шығамыз, соны білейін деп бардық. Өмекең «қоғамдық комисия болуы себепті ешкімнен бұйрық, тапсырма күтудің қажеті жоқ, өздеріңізге белгіленген аудандарыңызға шыға беріңіздер. Тек маған хабарлассаңыздар, мен аудан әкімдеріне «осындай азаматтар бара жатыр» ескертіп қоюыма болады» деді. Сол жерде «онда мен ертең Түлкібасқа барып қайтайын» дедім, Өмекең аудан әкіміне қоңырау шалды. Соған кеше барып келдім. Бірақ, барғанымды қайтейін, қапа болып келдім. Себебі, аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев деген жігіт әдеттегі әкімнің есеп беру жиналысына қатысатын атқамінерлерді шақырып қойған екен, жиналыста өз сөзін соларға мақұлдатты да отырды. Тіпті, менің пікірімнің бірде-біреуін тыңдаған жоқ! Жақып мырза, сізге өтініш, осы мәселеге болашақта назар аударсаңыз екен!.. Үшінші болып сөз бізге, осы жолдар авторына тиді. – Құрметті игі жақсылар, республикалық, облыстық және аудандық жер комиссиялары құрылса, біз ең алдымен жерімізді шетелдіктерге сату және жалға беру туралы атышулы «389-заңға» қарсы наразылық танытқан азаматтарға алғыс айтуымыз керек. «389-дың» лезде қабылданып кетпегені, жердің әзір аман қалып тұрғаны солардың арқасы! Жаңа осы арада республикалық Жер реформасы комиссиясының біздің облыстан кірген бір мүшесі «жерді сатуға болмайды, шетелдіктерге жалға беруге болмайды» деген сөз көп айтылады, бірақ, әдетте неге болмайтыны негізделмейді. «Болмайды!» Бітті, осы бір ауыз сөз ғана» деді. Өтірік! Алдымен айтарым, «жерді шаруаларға сатсақ қана ол көгереді, ал сатпасақ көгермейді де көктемейді» деген негіздеме де жоқ ешкімде. Ешбір елде! Себебі, әлемнің ең дамыған елдерінің өзінің бәрінде бірдей ауыл шаруашылық жері түгелдей жеке меншікте емес. Американың өзінде жалға берілетін жер 55 пайыз. Германияда жердің – 62, Францияда – 63, Белгияда 70 – пайызы жалгерлердің, қалғаны мемлекеттің, ал, Австралия, Израиль және Голландияда 100 пайыз мемлекеттің меншігінде. Олар жерін шаруасына тек жалға береді! Ендеше, «сатуға болмайды» деп жазған жанның бәрі де негіздеп жазады. Менің өзім де Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев, ҚР Бас прокуроры Ж.Асанов және Вице-премьер Б.Сағынтаев мырзалардың атына Ашық хат жаздым. Мен сол хатта қолданыстағы «Конституцияның 6-бабының 1-тармағындағы, Жер кодексінің 20-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады» деген сөздерден кейінгі «және бірдей қорғалады» деген сөздерді алып тастау керек» деп, «Жер кодексінің 28-бабындағы «Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады» дегендей етіп, Конституцияның 6-бабының 3-тармағына қосымша үшінші ретінде «Жерді тіршілік мақсатына және азаматтық айналымға қосу үшін жер учаскелері заттық құқық түріндегі жекеменшікте болады» деген сөйлемді қосу қажет» деп жазған болатынмын. Және ондай екі өзгерістің неліктен ауадай қажет екендігін де негіздегенмін. Соңғы жылдардағы ТМД аумағындағы саяси оқиғалар қазақтай ең бейқам елдің өзін еріксіз есін жиып, етегін жабуға мәжбүрлейді. Алла-Тағала «сақтансаң ғана сақтаймын!» деген. Дана қазақ та «жақсыны айтып, жаманды таяп қой!» дейді. Күндердің күнінде сепаратистер тарапынан кешегі Малайзиядағы Сингапур қаласы, бүгінгі Украинадағы ДНР, ЛНР тәрізді жалған республикалар тәрізді бөлек ел боп бөлінуге немесе өзге ел құрамына енуге ұмтылыс тууы мүмкін. «Тумайды!» деп ешкім кепілдік бере алмайды. Әне, сол кезде «тіршілік үшін берілген заттық құқық» талабы Конституцияның 2-бабының 2-тармағындағы «мемлекет аумағының тұтастығын қамтитын» талабынан төмен екендігін айтып тосқауыл қоюға болады деген едік. Ашық хат 28-мамыр күні «Қазақ үні» газетінің сайтында, 31 күні ««Қазақ үні» газетінің өзінде жарық көрді. Бірақ, Жер комиссиясынан жауап келген жоқ. Енді бізге бұл құзырлы комиссияны хатқа уақтылы жауап бермегені үшін сотқа беру ғана қалып тұр... Менің сол нақты ұсыныстары бар Ашық хатымды облыстық «Қоғамдық кеңестің» дәл осы ғимаратта 31-мамыр күні өткен екінші мәжілісіне қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов мырза менен сұрап алғанына осы отырған азаматтар бәріңіз де куәсіздер. Неге сұрап алды? Өйткені, мен сол күні сөйлеген сөзімде былай деген едім ғой: – Құрметті Берік мырза! Біздің бұл мәжілісте бүгін басты мәселе тасада қалып барады. Рас, ауыл маңайындағы жайылымдар да күн тәртібінде өте өткір қойылып тұр, оған дау жоқ, бірақ, барлық дауды бастаған былтырғы 2-қарашада қабылданған атышулы «389-заң» ғой. Мен Қ.Тоқаев, Ж.Асанов және Б.Сағынтаев мырзалардың атына жазған мына Ашық хатымда әлгі аталмыш заңның Конституцияға сай келмейтінін, біріне бірі қайшы екенін, ең бастысы қазақ халқының, Қазақстан мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы екенін көрсетіп, 14 сұрақ қойған болатынмын. Заңды қабылдаған Мәжіліс пен Сенат төрағалары біздің Елбасымызды әдемілеп «подставить» еткен, өйткені, жаңылыспасам, әрбір заң Президент алдына Парламенттің жаңағы екі жетекшісінің қолы қойылған соң барып келеді. Президент соларға сенген! Ал, заңда сәйкессіздер толып жатыр. Олар ертең бізді халықаралық соттарда «ұстап береді». Менің өтінішім – Бас Прокурор жауап бермесе қойсын, ең болмаса Сіз облыс әкімі ретінде сол 389-заңға сараптама жасатыңызшы. Сауатты заңгерлер біздің облыста да аз емес... Ол кісі хатты біраз қарап отырып: «Екінші данасы болса беріңізші, мен оны өз қолыммен Астанаға жіберейін» деп сұрап алғанын да бәріңіз көрдіңіздер. Және бір данасын сол күні Өмірзақ Мелдеханов мырзаға да берген болатынмын. Міне, содан бері жиырма бес күн өтті, республикалық Жер комиссиясы секілді облыс әкімінен де, Астанадан да жауап жоқ. Жауап келеді деген үміт менде де жоқ. Неге? Себебі, сөздің ашығын айтайық, жерді Қытайға беру туралы саяси шешім қабылданып қойған деген күдік бар бізде. Күдіктенуімізге де негіз бар. Олай болмаған жағдайда, мәселені біржолата шешкіміз келсе, заңға мораторий жариялаудың қандай қажеттілігі бар еді? Заңды қалай қабылдасақ, дәл солай күшін жоюға болар еді ғой! Сондықтан, қанша жерден нақты ұсыныстар түскенімен, Үкімет бағытымен қабыспайтындары қабылдана қоюы екіталай... Біз сол Ашық хатта тоғыз ұсыныс жасаған едік. Соған тағы бірнешеуін қоссақ деген ойдамыз. Оныншыдан,«Жерді сату және шетелдіктерге жалға беру»деген сөзді қазақ тілінің лексиконынан мәңгілікке шығарып тастауға тиіспіз! (Осыны істемесек «Мәңгілік ел» деген ұранымыз коммунизмнің кебін киеді!) Сатылған жердің өзін мемлекетке қайтарып алу қажет! Себебі, бір адамға сатсақ, бәріне де сатуға міндетті боламыз. Мысалы, Терещенко, Кулагин сияқтылардың он мыңдаған, жүз мыңдаған, мүмкін, тіпті, миллиондаған гектар жері өзінде қалса, ертең сол жер басымызға бәле болмасына ешкім кепілдік бере алмайды! Он біріншіден, шекаралас емес елдерге жалға беруді заңдастырсақ, қытайлықтар (Дос Көшім Көкшетаудағы отырыста ескерткендей) Еуропада фирма ашып, ала салады! Он екіншіден, жер тек қана қазақстандық жеке тұлғаларға тиісті шартпен тегін берілуі тиіс және оның ең үлкен ауданы 180 гектардан аспағаны жөн. Неге? Жері 9,8 млн. шаршы км., (бізде – 2,7 млн. шаршы км.) халқы 28,5 млн. адам, топырағы өте құнарлы, іс жүзінде тек қана АҚШ-пен шекараласатын Канаданың өзінде осындай шектеу бар. Ал, біз болсақ, «жайылым жерлерге ең төменші өлшемді 1000 гектар етсек қайтеді?» дейміз. Қысқасы, біздің жерге көз тігушілер көп екені рас, бірақ басты да нақты қатер Қытайдан екенін, ол жерімізді жалға алуды емес, жерімізді жалға алу деген желеумен бейбіт түрде жаулап алуды көздейтінін ешкімнен жасырмай ашық айтуға міндеттіміз. Ендеше, біз қалай болғанда да Қытайдың қазақ жеріне кіруіне ешқандай мүмкіндік қалдырмауымыз керек! Тоқ етері – осы! Басқа сөздің бәрі – екіжүзділік! Патриоттығымызды іс жүзінде дәлелдейтін, және нақ бүгін дәлелдейтін шарт осы! Отырыста И.Әлсеркенің «Жер комиссиясы мүшелерінің санын көбейту керек» деген ұсынысына Ж.Бөкенбаев мырза «ондай сұрақты «Қоғамдық кеңес» өзі шеше берер» деп жауап қайтарды. «Жер сатылмасын да, жалға да берілмесін» деген ұсыныс дауысқа қойылсын» дегендер болып еді, ол да шешімін таппаған күйі қалды... Жер комиссиясының мүшелері 6-шілдеден бастап аудандарға шығатын болып тарқасты. Б.Жақыпбаев мырзаға «аудан әкімдеріне жиналыс болар күні халықты неғұрлым көбірек жинауға нұсқау берсеңіздер» деген тілек те айтылды. Іс жүзінде бәрі қалай болып шығарын кейінірек хабарлайтын боламыз.
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz