«ПАТША – ЖАЛАҢАШ!» ДЕП АЙҒАЙЛАЙ АЛАСЫҢ БА?
2016 ж. 24 маусым
4137
2
26 маусым - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні
Баяғыда бір елдің патшасы сәнқойлықтың соңына түсіп ақыры алаяқтардың арбауына түседі. Алаяқтар патша мен сарай маңындағылардың ауыздарын ұрып, қазынадан қыруар қаржы алады да жалған «киім тігеді». Егер ол киім әлдекімнің көзіне көрінбесе ол адамның мисыз әрі ақымақтығынан екен-мыс. Алайда, жоқ нәрсені кім көруші еді. Соған қарамастан патшаның өзі де, айналасындағылардың бәрі жоқ киімді көргенсиді. Уәзірлері жаппай жағымпазданып, патшаға керемет жарасып тұрғанын айтып, ауыздарының суы құриды. Оған сенген патша өз үстінен ешбір киім көрмесе де, ақымақ атанудан именіп, жағымпаздардың өтірігіне иланып, тыр жаңалаш күйінде халықтың алдына шығып масқара болады. Сонда топ ішінен бес жасар қаршадай бала ғана «Патша – жалаңаш!» деп айғай салады. Көңілі кіршіксіз ақ, ниеті таза пәк бала көз алдындағы тыр жалаңаш патшаны сол болмысымен дәл айтпағанда, ешқашан жауырды жаба тоқып, жалған сөйлемейді ғой. Кейін демократиялық баспасөзді зиялы қауым сол бес жасар баланың орнына қоятын болған еді.«Төртінші билік», «қоғамдық пікірді қалыптастырушы» деген атауларымыздың өзі баспасөзге мойныңа қыл бұрау салса да тек шындықты, көзбен көргеніңді ғана айтып, жаз, ештеңені ойдан құрастырма, әсірелеймін деп шындықтың көзін бояма дегенді меңзейді. Сөз бостандығы, БАҚ еркіндігі дегеннің өзі айналып келгенде, барды бар, жоқты жоқ деу ғана. БАҚ жүйесі – әртүрлі ғылымдар мен тәжірибелік қызметтердің сипаттарын өз бойына сіңірген қоғамдық ерекше институт. Сонымен қатар ол қоғамдық пікір қалыптастыратындығымен, оқиға, көріністерді жан-жақты қарастыратын және еркін көзқарастың ашық алаңы болатындығымен ерекшеленіп отыр деп көсіле беруге болар. Шындығына келсек, бүгінде Қазақстандағы барлық саяси қозғалыстар мен партиялар, жекелеген топтар өз органдары ретінде газет, басылымдар шығаруға, электрондық ақпарат құралдарына иелік етуге мүдделілік танытып, өз саясаттарымен БАҚ арқылы халыққа ықпал етуді, сайлауда басым дауысқа ие болуды көздейтін болды. Ресми мәлімет бойынша елдегі тек діни басылымдардың саны бүгінде 30-ға жеткен. Оның сыртында мемлекеттік билік, атқарушы үкімет те өздерінің саяси имиджін қаласа да, қаламаса да БАҚ арқылы ғана қалыптастыра алады. Сол сияқты оппозициялық топтар да өз мінберін іздейтіні белгілі. Осының өзінен-ақ, журналистика институтынсыз саяси, әлеуметтік қай қызметтің де қалыптылығын, тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес екендігін көруге болады. Қоғамдық институттар, соның ішінде журналистика саласы тек азаматтық ашық қоғам жағдайында ғана пікіралуандығын негізге алған демократиялық-құқықтық қоғамның қағидасына сай дамуға, іс қызметін жүргізуге мүмкіндік табады. Жалпы азаматтық қоғам дегеніміздің өзі мемлекеті азаматтарының жеке тұлға ретіндегі бостандықтарын мойындайтын, үкіметтік ұйымдарды демократиялық-құқықтық жолмен құратын, оның іс-қызметтерін халқы бақылай алатын қоғамдық жүйе және өмірдің дәл осындай нормасының қалыптасуы. Олай болса, әртүрлі саяси көзқарастар мен тұжырымдамалардың, қоғамдық-саяси, азаматтық ой-пікірлердің барша халыққа жол тартатын, ел назарына жеткізетін, сол арқылы кері байланыс орнатып, таразыланып, талқыланатын ең негізгі мінберлерінің бірі – БАҚ болмағына ешкім дау айтпас. Осы орайда, еркін ой мен пікір алуандығы, саяси пікірталастар ағыны әрбір жекелеген топтардың баспасөзі арқылы көрініс таба ма, әлде, соның бәрін еркін жариялайтын жалпыұлттық дербес әрі бейтарап тәуелсіз газеттер немесе қоғамдық телеарналар мен радиохабарлар керек пе? – деген заңды сауал туындайды. Демократиялық үрдістер қалыптасып, тереңдеп дамығанда, мәдениетті де салауатты саяси ой, пікірталастың кең өрістеп, құлаш жайған кезеңінде аталмыш мәселе де өз шешімін табуға тиіс. Жалпы қазақ баспасөзінде саяси сананы қалыптастыру дәстүрі болды ма? деген сауал осы орайда назар аудартады. ХХ ғасырдың басында, яғни қазақ баспасөзінің қалыптасу кезеңінде еліміздің қоғамдық-саяси санасының деңгейін білу үшін «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына жүгінуімізге тура келеді. Мысалы, «Қазақ» газеті мемлекеттік Думада болып жатқан саяси маңызы бар мәселелерге назар аударып, онда қабылданған шешімдердің қазақ тағдырына қатыстылығын екшеп, түсіндіріп отырғаны тарихтан мәлім. Ал, «Айқап» журналы ұлт мәселесін басты нысанаға айналдырып, ел болашағының қамын ойлағандығымен ерекшеленді. Аталмыш басылымдарда қызмет еткен Алаш көсемдері саясат тақырыбындағы ойлы мақалалары арқылы қазақ баспасөзінде еркін ойдың негізін қалады, дәстүрін қалыптастырды. «Айқап» журналында бір-біріне қарама қарсы пікірлерді қатар бергенін, осы арқылы плюрализмге, балама ақпарат таратуға кең өріс ашқанын, қысқасы, демократиялық журналистиканың қағидаларын ұстанғандығына куә боламыз. Айталық, бір мақалада «Енді мұнан былай балаларыңызды орысша, мұсылманша бірдей оқытып, діні мен күндеріне бірдей ие болатындай қылып тәрбиелей көріңіздер» – деген ой білдірілсе, «Құдай сақтасын, газет-журнал һәм жаңа шыққан кітаптар болса, алып оқымақ түгіл қолдарыңызға да ұстамаңыздар және құдай сақтасын, төте оқытатын мұғалімдер ұстап балаларыңызды бұзып алып жүрмеңіздер, одан қайта надан болып қалғаны артық» – деп келесі мақалада қарсы пікір айтылады. Осылайша, шындыққа жетудің жолы, баспасөз объективтілігінің бір критерийі ретінде де балама ақпарат беруді, қарсы пікірлердің газет бетінде қатар жариялануын орынды санаған. Ұлттық мемлекет құру үшін Тәуелсіздік бәрінен маңызды екендігін сол кезеңнің өзінде ұлт зиялылары басына төнген қатерден қорықпай, отаршылардың сұстарынан сескенбей батыл айта алған. Түрік халықтарының тұтастығын, бірлігін көздеген Мұстафа Шоқай: «Қазақстанда ұлттық тәуелсіздік мәселесі түгіл, саяси және ұлттық бостандықтың ең қарапайым нышандары сөз болуы мүмкін емес. Өйткені қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пүшәйман халықтың жері тартылып алына бастайды. Сол себепті де осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын құруға ешқандай орын қалмайды» – деп мәлімдеген. Марксизм-ленинизм әдістеме аясындағы сыңаржақ саяси көзқарас күштеп таңылғанға дейін қазақ баспасөзінде пікір алуандығы мен сөз бостандығы болғандығын, еркін ойдың жариялануына кедергі жасалмағанын жоғарыдан келтірілген мысалдардан көруге болады. Ал, Тәуелсіздік алған кезден бастап журналистикада еркін сөзге жол ашылды. Жоғарыға жалтақтамай белгілі дәрежеде айтайын дегенін айтатын, жазайын дегенін жазатын жағдай туып, бір идеологияның қасаң қағидасына негізделген ұраннан өрбитін сылдыр сөздің уақыты келмеске кеткенімен «Патша – жалаңаш!» деп айғайлай алатындарды саусақпен санасақ, нешеуін бүгер екенбіз?! Интернеттің әлемдік ақпарат жүйесіне ықпалының артып бара жатқанын айтпағанның өзінде, жаңа ақпараттық, электрондық технологиялар жедел және сенімді түрде дамып, әлемнің дамыған және дамушы елдерінде оны пайдаланушылар қатары күн сайын өсіп, географиялық ауқымын да ұлғайтып бара жатқаны белгілі. Интернет жүйесіндегі ақпарат көздерінің молдығы мен әр алуандылығы кәдімгі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын тықсырып бара жатқандай көрінетіні рас. Алайда, газет-журнал-радио-телевизия пайда болған кезде де осы тақылеттес мәселелер туындағынымен кейін олардың қоғамдық-саяси өмірде өз орындарының бар екендігі, өзара сабақтаса отырып, бір-бірін толықтыра түсетіні белгілі болған. «Журналистика – төртінші билік» дегенге келсек, оны дербес қоғамдық институт тұрғысынан қарастыруымыз орынды болады. Журналистика қоғамдық ерекше институт бола отырып, қоғам өмірінің барлық аясында «билік құқын» жүрізуге кең мүмкіндік алады . Себебі, ақпарат болған жерде басқару, үйлестіру қызметтері белгілі дәрежеде жүзеге асырылады және барлық салаға ықпал ете алады. Сонымен қатар билік БАҚ-тың нысанына, саясатына сай көрініс табады. Айталық, төмендегідей: Біріншіден, егер БАҚ мемлекеттің немесе әлде бір мекеменің органы болса, солардың саясатына белгілі деңгейде бағынады және оның билігі де құрылтайшы әмірінің жалғасы іспетті айқындалады. Екіншіден, мемлекеттік емес институттардың БАҚ-тары өз саясаттарын жеткізумен қатар халыққа және мемлекеттік ұйымдарға ықпал етуге қызметтерін бағыттайды. Үшіншіден, дербес БАҚ-тардың қызметі негізінен екіншіде айтылғандармен ұқсас болып келеді. Дегенмен де, дербес тәуелсіз қай баспасөздің болсын артында әртүрлі қоғамдық институттардың, белгілі топтардың немесе ақпаратты тұтынушылардың пікірлері, көзқарастары міндетті түрде тұрады. Сол ақпарат құралының шексіз еркіндігіне тұсау салатын да осылар болып табылады. Кейбір тұстары ғана болмаса, бұлардан орасан зор айырмашылықты көріп отырған жоқпыз. Құрылтайшылардың ішкі ережелеріне бағыну, солардың тапсырыстары бойынша материалдар әзірлеп жариялау секілді азын-аулақ өзгешеліктері ғана бар. Басқа жағынан негізінен бірдей деуге болады. Әрқайсысы өзінің беделімен, ықпалдылығымен қоғамдық құрылымның элементтеріне елеулі әсер ете алады. Айталық, сайлау алдындағы кампанияларда, бүкілхалықтық референдумдарда, қоғамдық-саяси аса маңызды құжаттардың жобаларын талқылауда белгілі бір топтарды қолдау немесе сынау арқылы көрінеді. Кей жағдайда Конституцияның нормаларына сай әлде бір құқықтық актілерді өзгертуге де ықпал етуі ғажап емес. Мұның бәрі журналистика биліктерінің көрінісі деуге болады. Дегенмен, оны тура мағынадағы төртінші билік деп есептеуге келіңкіремейді. Себебі, мемлекеттік биліктің жалпы сипаты – заңның аясында міндетті түрде орындалуға тиіс шешімдер қабылдайды. Оны орындамаған немесе бұзған жағдайда жауапкершілік жүктеуге тіпті қылмыстық іс қозғатуға дейін шара қолдана алатын мүмкіндікпен қамтамасыз етіледі. Ал, журналистикада ондай мәжбүрлеу мүмкіндіктің жоқтығы мәлім. Сондықтан, БАҚ белгілі бір проблема жөнінде қоғамға ықпал ете алғанымен өз шешімін міндетті түрде орындатуға ешкімді мәжбүрлей алмайды. Бірақ, журналистиканың ықпалымен үкіметтің өзі тақтан тайып кететін кездердің болатынын тағы ерекше атап өтуіміз керек. Қазіргі таңда журналистика менеджментін үш деңгейден көруге болады: - Конституция және өзге құқықтық актілердің аясында мемлекет тарапынан БАҚ-тардың қызметтері үйлестірілуде; - редакцияларда өз басқарушылары, құрылтайшылары бар; - баспасөз орындарының бағыттары, бағдарламалары бойынша ынтымақтасқан журналистердің, олардың ұжымдарының саяси көзқарастары. Қазіргі таңда журналистер тарихи ақиқатты тануда, қоғамдық позицияны таңдауда айтарлықтай көп ілгері қадам басты, кәсіби қабілеттері артты, білім деңгейлері өсті, таным көкжиектері кеңейді. Нәтижесінде, БАҚ жүйесіндегі еркін іс қызметке аз да болса, жол ашылды. Сондай-ақ, қоғам дамыған сайын журналистиканың да жаңа қырлары ашылып, қызметінің күрделене түсуі журналистерден талапқа сай біліктілікті, кәсіби шеберлікті, алғырлықты қажет етіп отыр. Осы тұста әріптестеріміздің арасында демократиялық жағдайда жұмыс істеу тәжірибенің жетіспеушілігі байқалып қалып жатады. БАҚ қызметкерлері арасында бейтараптыққа, обьективтілікке бейімделуден гөрі туындыларында жеке көзқарастарын тықпалау, белгілі бір саяси күштердің, билік иелерінің ығына жығылу, кейде тіпті ашық түрде жағымпаздыққа бой ұрушылық та өкінішке қарай кездесіп қалып жатады. Тағы айта кетер жайт, журналистер ұжымдары, БАҚ қожайындары мен құрылтайшылары өз қызметтерінің қоғамдық-шығармашылық еркіндіктері үшін күресіп, бұл туралы мәселе көтеріп жатса оны қалыпты жағдай ретінде қабылдаған жөн. Қоғам өміріндегі ірі өзгерістерге орай бостандықтың кім үшін, не үшін керек екендігіне, оны кімнен, неден қорғау қажеттігіне әрдайым жауап беріп отыру талабы да өмірден туындап отыр. Бұл мәселелер расында өзекті әрі оған оң қадам жасалып отыруы - әр кезеңдегі қоғам дамуының ерекшеліктеріне, журналистің қоғамдық позициясына, обьективтік жағдайға сай тұжырым жасау біліктілігіне, қабілет-қарымына байланысты көрініс табады. Журналист бостандық пен бейберекттіктің айырмашылығын теориялық тұрғыдан біле тұра өмірде теріс байлам таңдайтын тұстары кездеседі. Сондықтан қырағылықтың, өзіне сын көзбен қараудың еш артықтығы жоқ. Шығармашылықтың шынайы бостандығына жету жолы күрделі әрі қиын. Бірақ, оны даңғыл ету де әркімнің өз қолында. Ол үшін адам өзінің бар білімін, дарын-қабілетін сарқа пайдаланумен, қоғам дамуының заңдарын, заңдылықтарын тану жолымен асқан жауапкершілікпен таңдау жасайтыны белгілі. Осылардан-ақ бостандық пен ақиқаттың қаншалықты терең астасып жатқанын көруге болады. Қай бір елде тәуелсіз баспасөздің, сөз бостандығының негізі қаланбай тұрып оны сөз ету - «мезгілсіз шақырған әтешпен» бірдей «басы алынады». 1985 жылы Кеңес одағында кең өріс алған «перестройка» мен 1991 жылғы тәуелсіздік елімізде азат баспасөздің пайда болуына алғы шарт жасады, құқықтық негізін қалады. Бұл қоғамдық даму жолында тарих тудырған ақиқат еді. Осының негізінде сөз бостандығының дамуына мүмкіндік туып, тәуелсіз баспасөздің өмірге жолдама алуына қолайлы жағдай қалыптастырылды. Қазақ баспасөзі тәуелсіздіктің 25 жыл уақытында жаңаша дамудың кезеңдерінен өтіп, оң-солын таныды, тәжірибе жинақтады. Бодандықтың бұғауынан босаған алғашқы сәттегі әсіре сақтанып, орынсыз үрейленетін жасықтықтан да, бостандықтың буына масайрап, тізгін-шылбырсыз кететін балаңдықтан да арылды. Сөз бостандығының өзі салмақтылық пен байыптылықты қалайтын, қоғамдық жауапкершілікке негізделетін аспект екендігі БАҚ жүйесіне белгілі бола бастады. Демократиялық саяси биік мәдениетке жету үшін оның басты мінбері болып табылатын БАҚ қызметіне «қоғамдық жауапкершілікке негізделген журналистика» атты жаңа саяси мәдениеттің үлгісі талап етіліп отыр. Сөз бостандығының өзі қоғамдық жауапкершілікпен, өмір заңдарымен, ақиқатпен тікелей сабақтасатындығы анықталып болды. Мерзімді баспасөзде, телерадиохабарларда пікір білдірген қатардағы респонденттер де журналистің қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігі туралы мәселелерді жиі ауызға алатын болды. Мұның өзі айналып келгенде, қоғамдық жауапкершілікті сезінудің қажеттілігін қабылдау, оған мойынсыну әлеуметтік және психологиялық ахуал бізде мемлекет басшысынан бастап қатардағы азаматтарға шейін жаппай қалыптасты деген сөз. Олай болса, аталмыш мәселені жалпыұлттық ортақ мүддеге сай келеді деп түсініп, оны жүзеге асырудың жолдарын қарастыруға тиіспіз. Мұнда ең бастысы, «қоғамдық жауапкершілік» деген ұғымның БАҚ жүйесіндегі бір ізділігі анықталып, нақтылануы қажет. Егер негізгі ұғым басынан дұрыс қалыптаспаса, екі ұшты болып, бейберекет түсіндірілсе – оның алдағы қызметі де ретсіздікке ұшырауы әбден ықтимал. Сондықтан оны қазірден бастап, бір ізді етудің мәні осында деп білеміз. Ол үшін ұғымның өзінің басын ашып алайық. Қоғамдық жауапкершілік дегеніміз – белгілі дәрежеде құқық иеленетін, тағы сол мөлшерде өзіне жүктелген міндетті де атқаратын және екеуінің де салмағы тең өлшенетін ұғым. Егер осылай түсінер болсақ, қоғамдық жауапкершілікті сезінетін журналистика – демократияны мінсіз, кіршіксіз таза ұстауды БАҚ жүйесі өз мойнына алады, өз қызметтерін осы өлшем бойынша бағалатады дегенге келіп саяды. Ақпарат құралы мен баспасөздің құқығы – сөз бостандығы болса, оған жүктелетін міндет – қоғамдық жауапкершілік. Бұдан біз сөз бостандығы мен қоғамдық жауапкершілік екеуі ажырамас біртұтас элемент ретінде біріккенде ғана қоғам өмірін сауықтыратын факторға айналатындығына көз жеткіземіз.Қоғамдық жауапкершілік деген осы бір қысқа формуланың өзіне көптеген нақты функциялар, мақсат-міндеттер сыйып кетеді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы әрі негізгі ретінде 12 түрлі міндетті жекелеп атап айтуға болады. Бұл сан қатып-семіп қалған қозғалыссыз қағида емес. Бұдан көп те, аз да болуына талас жоқ. Қалай болғанда да, оның аз-көптігіне қарамастан ең бастысы, демократияны жетілдіруге, саяси өмірдің мәдениетін көтеруге, қоғамды сауықтырып әділеттілік орнатуға және халықты дұрыс әрі рас ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған жалпы адамзатқа ортақ құқықтарды жүзеге асыруға қажетті факторлар жинақталғаны жөн деп есептейміз. ҚР «БАҚ туралы» заңынан ақпарат құралдары мен баспасөзге жауапкершілік жүктеуді заңдастырған баптар мен тармақтарды кездестіруге болады. Алайда, ол заң бұзылған жағдайда сот алдында жүктелетін жауапкершілікті меңзегені болмаса, оны БАҚ-тың қоғамдық жауапкершілігіне тікелей қатысты мәселе деп қарастыруға тағы келіңкіремейді. 1923 жылы АҚШ газет редакторларының қоғамы бекіткен «Америка журналистикасының дәстүрі» деген құжаттта: «Газет, қоғам алдындағы фунциясынан өзге барлық міндеттерге кіріптар емес. Газет үшін қоғамдық мүдде бәрінен маңызды»– делінген. Тәуелсіз баспасөз жайындағы теориялық іргелі ұғым осыдан туатын секілді. Тек «қоғам алдындағы функциясы» арқылы ғана жауапкершілікті мойнына алады, қоғамның бақылауында болады деген мазмұндағы ұғым анық байқалады. 1992 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен Халықаралық журналистер одағының ХХІ құрылтайында «Демократиялық баспасөз, ақпаратының мәдениеті үшін» деп аталатын декларация қаралып бекітілген. Атауының өзі мазмұнынан хабар беретін аталмыш декларацияда: «Демократиялық баспасөз бен ақпараттың мәдениетін қалыптастыру ісіне тәуелсіз дербес кәсіби одақтардың ынтымақтасуына журналист мамандардың ұйымшылдығының маңызы аса зор» – деген көрсетілім бар. Бұл жердегі демократиялық баспасөз, ақпарат мәдениеті деген сөз қоғамдық жауапкершілікке негізделген журналистиканың мағынасын білдіреді. Олай болса, қоғамдық жауапкершілік қағидасын ұстансақ қазақ БАҚ жоғары саяси мәдениетін игереді, сол арқылы демократиялық дамуда жаңа қадам жасалмақ. Сайып келгенде, саяси мәдениеттің өзі БАҚ арқылы қалыптасатын, содан бастау алатын көрініс болса керек. Енді, ұлттық журналистиканың қоғамдық жауапкершілігі аясында басшылыққа алуға тиіс мақсат-міндеттерін ортаға салайық. 1) Қоғамдық құндылықтарды сақтау. Бұл ұғымға Отанның тәуелсіздігі мен елдің тұтастығы, мемлекеттің демократиялануы, қоғамдық-саяси бостандық, адам құқығы, ұлттық мәдениет, патриотизм, бірлік пен татулық, адамгершілік және әділеттілік жатқызылады. 2) Ақпарат құралдарының есігі әр азамат үшін ашық болуға тиіс. Мұның адам құқығы тұрғысынан келгенде, ел Конституциясымен де үндестігі бар. БАҚ өз елінің әр азаматының эфир немесе газет-журнал, интернет сайттар арқылы көзқарастарын білдіруіне бір келкі жағдай жасауға тиіс. Мемлекет пен үкіметтің қызметіне халықтың бақылау жасап, оған дұрыс бағыт сілтеуінің өзі демократияның мәні болып саналады, осы мүмкіндік олар БАҚ арқылы ғана жүзеге асырмақ. Алайда, қоғамның саясиланған, көп партиялық жүйе қалыптасқан заманда азаматтардың көзқарастарына қарай жікке бөлінетіндігін жоққа шығаруға болмайды. Осының салдарынан БАҚ арасында да саяси имидж пайда болып, өз көзқарастарына қайшы келетін пікірлерді жарияламауды ерсі санамайтын үрдіс бұрыннан бар. Сонда, Конституцияның талабы мен қоғамдық жауапкершілік қайда қалмақ? 3) Әркімге мәлім секілді бола тұра соңғы кезде қаперге алына бермейтін осы мәселеге назар аударатын уақыт жетті. 4) БАҚ үкіметтің іс әрекетіне бақылау жасаумен қатар қоғамға адал қызмет етеді. Қоғам алдындағы жалпыға ортақ мәселелердің дұрыс шешілуіне мүдделі болу, ол үшін өзекті тақырыптарды қаузаған теориялық-тәжірибелік пікірталастар, сауалнамалар, ток-шоулар ұйымдастыру. Осындай іскерлік еңбектерінің арқасында ғана тәуелсіз БАҚ мемлекет тізгіні кімнің қолында екендігіне қарамастан жоғары саяси мәдениеттілікті игерген салмақты оппозицияның міндетін атқара алады. Жалпыұлттық тәуелсіз БАҚ ешкімнің ығына жығылмайтын, ешбір саяси партияны жақтамайтын және оны орынсыз теріске шығармайтын, айыптамайтын қара қылды қақ жаратын әділ болуға тиіс. Сол сияқты мемлекет пен үкіметтің қателіктері болса, оны сынап әшкерелеу керек. Сондай-ақ, өкіметтің дұрыс қадамына қолдау көрсету де парыз. «Бақылау жасау» дегеніміздің өзі өкіметтің өкшесін сығалау, «отырса опақ, тұрса сопақ» ету емес. Жақсы істері болса неге жақтамасқа. Елдің қамын, ұлттың мүддесін қорғауды ниет еткен жоғары саяси мәдениет қалыптасуы қажет. Жалпы мықты оппозиция болудың мәні - өкімет билігіндегілердің «ит терісін басына қаптап» сынауды немесе оларды тақтарынан тайдыруды көздеу емес. Керісінше, өз халқының мүддесіне деген адалдық, әр мәселеге ақылмен, парасаттылықпен қарауда болса керек. 5) Мақала, телерадио бағдарламаларда оқиғалық хабарлар мен пікір, көзқарас білдіретін туындыларын аражігін ажырату. Оқиғалық хабарлар – белгілі бір мақсатты көздемейді, сыңаржақтыққа бой ұрмайды. Бұл бір қарағанда нұсқау сипатындағы дүние іспетті көрінуі мүмкін. Алайда, онда логикалық терең негіз бар. Мұны АҚШ журналистикасы 1920 жылдан бері басшылыққа алып келеді. Шын мәнінде, қоғамдық жауапкершілікке негізделетін журналистиканың ең қарапайым талаптарының бірі осы болып табылады. БАҚ арқылы елге тарайтын жаңалық хабарлар оқиғаның ізі суымай жатып, жедел жазылатын, ертеңгі тарихтың қайнар көзі. Сондықтан оған ой қосып, пікір білдіріп, тұздықтап өңін айналдыруға болмайды. Журналистердің, жазушылардың көркем-публицистикалық туындылары, редакция комментарийлері автордың қолы қойылған қалпында, жеке қорытынды жасалған тұрпатта жариялануына еш қарсылық жоқ. Оны обьективтік ақпаратпен шатыстыруға болмайды. Оқырман, көрермен, тыңдаушы қауымның қоғамда өтіп жатқан оқиғаларды заметка түрінде ғана қаз-қалпында қабылдау азаматтық құқығына қол сұғылмайды. Мәселе осыдан туындайды. Негізінен әлемдік қағидаға айналған аталмыш тұжырымдаманы журналистика теориясында мойындайтын, оны функция ретінде ресми түрде қабылдайтын кез келді. 6) Журналистер тек түпкілікті қайнар көзі (источник) бойынша анықталған, өзі оған толық көз жеткізген деректерге ғана сүйеніп дұрыс жазулары арқылы ел азаматтарының шындықты табуларына көмектесуге тиіс. Журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігінің басты мәні негізінен осында көрініс табады. Мұнда аталып отырған «дұрыс жазу» деген сөзге атүсті қарай алмаймыз. Себебі, адам өмірінің өзі ақиқат пен жалғанның таразысында теңдік тауып, тұрақтайды. Жалпы қоғамдық заңдылық осылай. Әр шындықтың пайдалы бола бермейтіні секілді пайдалының бәрі міндетті түрде шындыққа негізделмейді. Сондықтан кейде қоғамдық талап пен тапсырыстың аясында жуналистерге ресми түрде өтірікші болу адам нанғысыз қызық міндет жүктелетіні де бар. Тек журналистер ғана емес, саяси қайраткерлер, дипломаттар секілді ресми өтірікшілер жоқ деп кім айта алады? Осылайша ресми талап бойынша өтірік айту міндеттің анық мақсаты бар. Оның шеңбері өте тар әрі қатаң жауапкершілікке негізделеді. Айталық, мемлекеттік құпияны, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, айыпты екендігі дәлелденбеген азаматтың абырой, беделіне нұқсан келтірмеу, ұлттық салт-дәстүрді қастерлеу немесе адами мейірбандылықты құрметтеу мақсатпен өтірік айтылып жатса, оған кешіріммен қарамасқа лажы жоқ. «Дұрыс жазу» деген жоғарыдағы ұғымның аясында журналистің ішкі бақылауы, ар алдындағы этика талаптары да қарастырылады. Шындық үшін күресу журналистің басты парызы болғанымен ашық жариялауға келмейтін шындық та өмірде болады. Осы тұрғыдан журналист өзінің ішкі цензурасын сақтауға тура келетін тұстары тағы бар. 7) Өзекті жаңалықтарды жасырып қалмау, деректің өңін айналдырмау және тың ақпаратты адал жолмен тауып, ешкімді алаламай баршаға жаппай тарату. Дәл осындай мағынадағы нұсқау халықаралық журналистика декларацияларында да бар. Ақпаратқа өзінің жеке мүддесі тұрғысынан қарамау, «ала қойды бөле қырықпай» бәріне тең қарау, сыңаржақтыққа ұрынбау – журналистердің ғана емес редакциялардың да абзал борышы. «Өзекті жаңалықтарды жасырмау» дегенді таратып айтсақ, ол – шындыққа қиянат жасамау дегенді білдіреді. 8) Журналист өз басының қызығушылығымен немесе өзгелердің итермелеуімен азаматтардың жеке өміріне негізсіз араласпау, жалған мәлімет таратпау, жала жаппау, тапсырыспен әлдекімді орынсыз кінәламау, біреудің абыройына қол сұқпау. БАҚ ұжымдары мен журналистерді сотқа сүйреудің соңғы кезде тым көбейіп кетуінің астарында аталған кемшіліктердің орын алып жатпауына кепілдік жоқ. 9) Қылмыстық оқиғаларды тәптіштеп көрсету, көпке жағымсыз ықпалы бар келеңсіздіктерді бейнелеп баяндау секілді қоғамға қолайсыз ахуал әкелетін жат көріністерден аулақ болу. Біздің ақпарат ұйымдары да, оқырман, көрермен, тыңдаушы қауым да оқиғаның қызықты жағына ғана мән беріп, оның кері әсері болуы ықтимал екендігіне назар аудармай жатады. «Жамандықтан жирену» дұрыс, әрине, сонда да ол үшін қылмыстың орын алған барысын түгел баяндап, ортаға салу артық деп білеміз. 10) Редакция басшылары, журналистер саяси партиялар, бизнес топтарының сойылын соқпау, обьективтік ақпараттың тепе-теңдігін бұзбау, әлдекімдерге сатылмау, парақорлықтан аулақ болу. «Азат баспасөздің он қағидасы» деп аталатын англо-саксон баспасөзі құжатындағы: «Егер газет тәуелсіз дербес болса, оның шығарушысы ешбір саяси партия, ұйымдарға бүйрегі бұрмауы керек. Журналистер әлде біреулердің ақылы тапсырысы бойынша оларға ұнайтын мақала жазудан үзілді-кесілді бас тартуы қажет» – деген жолдар біздегі қазіргі жағдайға мүлде жат емес талап деп білеміз. 11) Мақала, бағдарламалардың мазмұнына сай келмейтін жалған тақырыптар мен айдарлар қойып, ақпарат қабылдаушыларды алдаудан, тауар және қызмет түрлерінің сапасыздығын ескермей жарнамалау арқылы тұтынушыларға зиян шектіруден аулақ болу. Қазіргі оқырманға бәрінен бұрын уақыт қымбат. Сондықтан сапасыз, пайдасыз материал оқытып, олардың уақыттарын зая кетіру - өркениетті елдің мәдениетті баспасөзіне лайық үрдіс емес. 12) БАҚ туындыларын қаламдас ұжымдары немесе кәсіби журналистер ғана мамандық тұрғыдан талдап, талқылай алады. Мұның мәні кәсіби қателікті тек сол саланың мамандары ғана талқылап жөнге салсын дегенге келіп саяды. БАҚ жүйесінде жасалып жатқан істердің бәрі жұрттың көңілінен шыға бермейді. Сын айтып, мін тағушылар көп. Газет бетінде журналистің сынына ұшырағандар өз кемшіліктерін мойындай қоймайды. Керісінше, сын жазған журналистің соңынан шам алып түседі. Сондықтан журналистің туындысына өз әріптестері ғана кәсіби тұрғыдан баға бергені дұрыс болады. Баспасөз құралдарын қаржыландыруға кедергі жасалмаса да, ұлттық ақпараттық саясаттың қағидаларына сай және журналистердің кәсіби этикасының нормалары бұл жерде қаперге алынуға тиіс. Мұның өзі айта берді, ақпарат құралы тәуелсіздігінің, оның шығармашылық бостандығының басты өлшемі болатын маңызды көрсеткіш. Осы 12 түрлі мәселенің сыртында қарастырылуға тиіс тағы бір маңызды проблема бар. Бұл медиабизнес саласындағы шешімін күткен мәселелер. БАҚ рухани құндылық жасайтын нысан. Осы себептен оның туындыларының нәтижесі мен бизнес саласындағы табысы екеуінің арасында бір-бірін жоққа шығаратын сәттер кей жағдайда кездеседі. «Айтылған сөз атылған оқ» демекші БАҚ арқылы дүйім жұртқа тарап кеткен қатені түзетіп үлгермей жатып, ол өзінің залалын тигізіп кетуі әбден ықтимал. Оның сыртында жарнама рыногындағы ықпал мен аудитория ортасындағы рейтинг мәселесі де жеке бір тақырыпқа жүк болатын күрделі проблема. Бұлардан не туындайды, дегенге келсек, ақпарат құралдары мен баспасөз саласындағы кәсіпкерлердің этика кодексін жасау қажет. Оған тек БАҚ өкілдері ғана емес, оның өнімдерін жасайтын барлық құрылымдар қамтылуға тиіс деп есептейміз. Кино көрсетілімдер, бейне-аудио таспалар, клиптер, жарнама роликтері мен көше плакаттары, сауда маркалары және тауар этикеткаларына БАҚ арқылы насихатталып халыққа жететіндіктен бәріне масс-медиа жауапты болып шығатыны тағы белгілі. Бүгінде зорлық-зомбылықты, қорқынышты бейнелеген фильмдер үшін де көрермендер телеарналарды кінәлайды. Ал, осы сала бойынша коммерциямен айналысатын кәсіпкерлерді әлеуметтік этиканы, жастар тәрбиесін ойлататын, ұлтымыздың дәстүрімен санасуға мәжбүрлейтін механизм керек. Мұндай қадам еркін ақпаратқа тұсау болмайды, қайта оған деген жауапкершілікті арттыра түседі. Осылардан журналистика дегеніміздің өзі басқару құралы болуымен қатар қоғамдық ақпараттың ірі арнасы екенін айқын аңғаруға болады. БАҚ – жоғары билік тарапынан қабылданған басқаруға, ұйымдастыруға бағытталған жалпыға ортақ шешімдерді халыққа жеткізеді. Сол шешімдерді жұршылықтың қалай қарсы алып жатқанын және кері хабарлайды. Осындай кері байланыстың нәтижесінде жоғары билік иелері өз шешімдерінің жүзеге асырылуын қалай ұйымдастыруды немесе оны жөндеп жетілдіруді, нәтижеге жеткен күннің өзінде алдағы жоспарларын, стратегияларын анықтауды қолға алады. Басқарудың обьектісі мен субьектісінен алған ақпараттарын пайдалана отырып, БАҚ тиімді жолдарды, іскерлік бастамаларды ұсынуы да әбден мүмкін. Осы мағынасына сай журналистика – басқарушылық функциясын атқарады және осы үрдістің аясында нені көрсе соны жазса, барды бар, жоқты жоқ деп шынайы түрде жеткізсе – «патшаның жалаңаш тұрғанын» жасырмағаны болмақ. Ал, сен қызметіңнен айырылудан қорықпай, биліктің қаһарынан қаймықпай «Патша – жалаңаш!» деп айғайлай аласың ба? Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық журналист qazaquni.kz