Шетелдік телеарналар эфирінде жарнама көрсетілуіне салынған тыйым күшіне енуде
2016 ж. 23 маусым
4223
4
Министрлік Заңның барынша қатаң орындалуы үшін барлық жағдайды жасайды
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Фейсбук парақшасында жақсы жаңалық жариялады.
1 шілдеден бастап шетелдік телеарналар эфирінде жарнама көрсетілуіне салынған тыйым күшіне енеді. Естеріңізде болса, бұл заң 2015 жылғы қазан айының соңында қабылданып, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енуі қажет еді. Алайда, кабельдік операторлар тарапынан норманың іске асырылу мерзімін ұзартуға қатысты көптеген өтініштер түсіп, мемлекет кабельдік операторлардың жағдайын түсініп, дайындық уақытына жарты жыл берді. Осы уақыттың ішінде шетелдік телеарналармен тікелей келіссөздер жүргізілді. Олардың кейбіреуі қазірдің өзінде жарнамасыз контентті ұсынып отыр. Бұған Viasat тобының рейтингілік арналарын (TV 1000, Explore, History, Viasat Sport және т.б.) мысалға келтіруге болады. Discovery компаниясымен жүргізілген келіссөзде де біз тиімді нәтижелерге қол жеткіздік, яғни осы компанияға қарасты 15 арнаның 13-і біздің еліміздің Заңын орындау үшін тиісті техникалық жабдықтаманы сатып алды. Қалған екі арна Қазақстан үшін арнайы бөлек нұсқаларын шығаратын болады. Осыған қоса, жақын арада Қазақстанда Discovery-дың өкілдігі ашылады. Басқа шетелдік арналарға келетін болсақ, «Қазтелерадио», «Қазақтелеком», «АлмаТВ» секілді еліміздің ірі кабельдік операторлары эфирден жарнамасы алып тасталынған шетелдік телеарналар сигналын жеңілдікпен басқа операторларға ұсынуға дайын. Ал, шағын абоненттік базалары бар кабельдік операторлар болса 1 шілдеден бастап отандық заңнаманың нормаларын орындамайтын арналарды өшіруге немесе ауыстыруға міндеттеледі. Әрине, техникалық жағынан да, келіссөздер тарапынан да жекелеген қиыншылықтар бар. Алайда, біздің министрлік Заңның барынша қатаң орындалуын және қазақстандық көрермендерге ешқандай зиян келтірмеу үшін барлық жағдай жасайды. Бүгінде әртүрлі кабельді желілер арқылы 150 телеарнаны көріп отырмыз, оның ішінде 70% - шетелдік. Оларға еліміздің «Телерадиохабар тарату туралы», «Тіл туралы», «Жарнама туралы» заңдарында қарастырылған көп шектеулер қойылмайды. Бұндай жағдай отандық телеарналар мен шетелдік телеарналар арасында теңсіздік орнатуда. Бұдан басқа, көптеген шетелдік арналарда лицензиялау мен сертификаттаудан өтпеген немесе Қазақстан нарығында тыйым салынған тауарлар мен қызметтердің жарнамасы (мысалы ішімдіктің) көрсетіледі. Осылайша, отандық арналар жарнамалық нарық қаражатының қомақты бөлігін ала алмаған. Бұл ақшаға отандық телевизияның жағдайын жақсартып, инфрақұрылымды дамытып, қызықты әрі сапалы қазақстандық бағдарламалар, фильмдер, сериалдар мен шоулар жасауға болар еді. Біз жүргізіп отырған саясат түсіністік тауып, қазақстандықтардың қолдауына ие болатынына, жақын арада жағымды нәтиже беретініне сенімдімін.