немесе тарихқа жаңаша көзқарас керек
Бүгінде қазақ жұрты егеменді ел болуының арқасында көне тарихқа азат ой, ақиқатшыл санамен көз жіберіп, бұрмаланып келген кейбір оқиғаларды қайта қараудың заманы туды. Оның үстіне біздің арғы тарихымыз Алтын Орда хандығынан бастау алып, көршілес Ресей тарихымен ұштасып жатыр.
Ортақ еліміз болған кеңес өкіметінің кезінде білім алған қай-қайсымызға да «КСРО тарихы» деген оқулық бойынша «Куликово шайқасын» асыра дәріптеп, жағымды жағынан оқытты. Біртұтас қоғам мен сірескен саясат тұсында оның рас-өтірігіне ешқайсымыз да күмән мен күдік келтіре алмадық. «Е-е солай болса, болған шығар» дестік.
Еске түсіріп көрейікші. Кезінде біз КСРО тарихы деген оқулықтан Куликово шайқасы туралы қалай деп оқып едік. Онда былай жазылған болатын:
…ХІV ғасырда Москваның күш-қуаты нығайып, керісінше Алтын Орда әлсірей түсті. Соңғы 22 жылда Алтын Ордада 25 хан ауысып, олардың көбі өз ажалымен өлген жоқ. Оларды бақталастары өлтірді.
Осы ғасырдың екінші жартысында біраз уақыт Орданың басын біріктіріп, ондағы билік тізгінін татар қолбасшысы Мамай қолға алған-тын. Бұл кезде Москва оларға бағынуды қойған еді. Сондықтан да Мамай оны тас-талқан етіп жеңіп, тәубесіне келтіріп қоюды көздеді. Ол үлкен қол жинап, Москваға бірлесіп шабуыл жасау үшін Литвамен әскери жағынан одақтасты.
Мамай сондай-ақ, өзін Рязань князьдігі де қолдайды деп үміттенді. Ал, Рязань князі болса бір жағынан өз жерін аман алып қалуды ойлады. Екіншіден, өзінің бақталасы Москва князінің күшейіп бара жатқанын көре алмады.
Сөйтіп, 1380 жылдың тамыз айында Мамай Москваға жорыққа аттанды…
Бұдан әрі қарай сол кезде Москва князьдігін басқарып тұрған Дмитрий Ивановичтің /атақты Иван Калитаның немересі/ бұған қарсы әскер-қол жиып дайындалғаны, мұндай сырттан қауіп төнген қысылтаяң шақта айналадағы кішігірім князьдік иеліктердің бір-біріне деген өкпе-реніштерін қоя тұрып, тізе қосып, бас біріктіргені, Суздаль, Ростов, Ярославль, Белозерск князьдіктерінен жасақтардың жиналғаны, бұған қолдарына айыр, балта және шоқпар ұстаған шаруалар мен қолөнершілердің де қосылғаны, соғысқа бас-аяғы 150 мыңдай адамның қаруланып, кіріскені айтылады. Солай Дон өзенінің бойында Куликово даласында Мамай мен орыс әскерлерінің арасында жан алып, жан беріскен кескілескен шайқас болған деседі. Сол кездегі бір жылнамашының жазуынша: “Найзалар сабандай бырт-бырт сынып, оқ-жебелер жаңбырша жауды. Аспанға көтерілген шаңнан күннің көзі көрінбеді. Қылыштар найзағайдай жарқылдады. Адамдар баудай түсіп, қан арықтағы суша ағып жатты…”
Дегенмен, бұл жолы князь Дмитрийдің айы оңынан туып, Мамайдан айласын асырып, жеңіске жетті. Осы жеңісі үшін халық оның дақпыртын асырып, «Дмитрий Донской» деп дәріптеді.
«Куликово шайқасын» Русь жұрты «татар-моңғол басқыншылығына қарсы күрестегі тұңғыш ірі жеңісіміз» деп бағалады.
Бірақ, сол тарих оқулығында бұдан әрі Куликово шайқасынан екі жыл өткен соң татарлардың Москва князьдігіне қайта шабуыл жасағаны, бұл жолы оларды жаңа билеуші хан Тоқтамыстың бастап келіп, Кремльге басып кіріп, оған от қойып, ойрандап, айналадағының бәрін күл-талқан етіп, қолға ілінгенді тонап кеткені жазылды.
Өкінішке қарай, біздің тарихқа арналған оқулықтарымызда «Күлік шайқасы» әлі күнге осы сарын мен мазмұнда, яғни орыс тарихының мүддесі тұрғысынан оқытылуда. Оған көз жеткізу үшін тым алысқа бармай-ақ «Қазақстан тарихы» деп аталатын 7-сыныпқа арналған оқулықтың Алтын Орданың әлсіреуі (1357-1380 жж.) тарауындағы «Куликово шайқасы» тақырыбын оқып қараңыз.
Ендігі жерде заман да, қоғам да өзгерді. Тарихқа да, рухани-мәдени құндылықтарға да қайта қарау басталды. Сондықтан жеткіншек ұрпақтың ой-өрісі мен дүниетанымын байыту үшін «Күлік шайқасы» жөнінде басқаша пайым мен көзқарастардың да бар екенін айтуға болмас па еді? Әлде бұған да әлдекімдерден рұқсат пен мақұлдау алуымыз керек пе?
Әрине, орыс жұртына «Куликово шайқасын» осылай, өз тұрғысынан оқыту ауадай қажет. Олар мұны «Алтын Орданың үстемдігіне, татар-моңғол шапқыншылығына қарсы күресте қол жеткізген алғашқы жеңісіміз» деп есептейді. Осы арқылы елінің еңсесін көтеріп, айбынын асыруды мақсат етеді. «Содан бастап ежелгі Русьтегі ұсақ-ұсақ князьдіктер іріленіп, біріге бастады, тізе қосып біріксе, сыртқы жаудың кез-келгеніне тойтарыс беруге болатынына көз жеткізді» дейді.
Қазіргі таңда Куликово шайқасы болып өткен Тула жерінде “Куликово даласы” деп аталатын музей-қорық жұмыс істейді. Онда кескілескен «Күлік шайқасында» орыс жасағының қолбасшысы болған айбынды Дмитрий Иванович Донскойға еңселі ескерткіш тұрғызылған. Мұнда жыл сайын ұлан-байтақ Ресейдің әр қиырынан лек-лек туристер келіп, ұлы князьдің ерлігіне бас иіп, рухына тағзым етеді. Ол жайында аңыз бен ертегіге бергісіз әңгімелер тыңдайды. Осылайша орыс қоғамы өскелең ұрпағын отаншылдыққа-патриотизмге, ынтымақ пен бірлікке тәрбиелейді.
Кешегі кеңес өкіметінің тұсында, «коммунистік партия көне тарихқа таптық тұрғыдан қарайды» деп айтатын. Соған қарамастан 1980 жылы халықтар достығы мен интернационализм идеясы тәрк етіліп, өзге ұлттардың көңіліне қарамай-ақ СОКП Орталық Комитетінің арнайы қаулысымен “Куликово шайқасының 600 жылдығы” ел көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Баспасөз беттерінде оның «тарихи маңызы» кеңінен насихатталды. Және де тікелей шайқас болып өткен Монастыршино деревнясында «Куликово шайқасының 600 жылдық мерейтойының» сылтау-себебімен мемлекет есебінен мол қаржы бөлініп, жергілікті жерде жаңадан бірнеше ақшаңқан үйлер тұрғызылып, асхана, балабақша салынды. Сондағы колхозға су жаңа трактор сыйға тартылды. Сөйтіп, «көне тарих» еске алынып, орыс ұлтының рухы бір көтеріліп қалды. Сайып келгенде, бұл шараның әр жағында «Куликово шайқасы» арқылы Кеңес одағының негізін құрап отырған — ұлы орыс халқының айбынын асыру, беделін биіктету саясаты жатыр еді.
Ал, бүгінгідей Ресей өз алдына дербес мемлекет болып тұрған заманда мұндай әрбір дата мен оқиғалардың, сірә, ұмыт қалмайтыны бесенеден белгілі. Осының айғағындай, Ресей Федерациясында 2005 жылы Куликово шайқасының 625 жылдығын атап өтуге мемлекеттік тұрғыдан мән беріліп, анау-мынау емес, 56 млн. рубль /2 миллиондай доллар/ қаражат бөлініп, үлкен де ауқымды іс-шаралар өткізілді. Мұндай «игілікті дәстүрдің» алдағы уақытта да жалғасын тауып, «Күлік шайқасының» 640-650 жылдық мерейтойларының биік деңгей мен дәрежеде атап өтілетініне ешкімнің күмәні бола қоймас.
Мұндай әңгімені неге айтып, неліктен қозғап отырмыз? Адамзат қоғамы ілгері жылжып, дамып, өркендеп, өркениетті бола түскен сайын өзінің жүріп өткен жолына, көне тарихына сын көзбен қарайды, онда жасырын жәйттер мен ақтаңдақтардың болмауын қалайды. Тарих қай кезде де өзінің ақиқатымен, шыншылдығымен қымбат.
Осыны жақсы түсінген Ресейдің кейбір тарихшылары мен зерттеушілері: «Күлік шайқасына» ақиқат пен шындық тұрғысынан қайта қарау керек» деп, баспасөз беттерінде бірқатар сыни мақалалар жазып жүр. Керек десеңіз, олардың кейбіреулері: “Мақтан ететіндей, Куликово шайқасы ертедегі Руське, Москва князьдігіне, қала берді, жалпы орыс жұртына қандай пайда берді?” деген сұрақты көлденең қояды.
Өйткені, жоғарыда айтылып өткендей, Куликово шайқасынан небәрі екі жыл өткеннен кейін, яғни 1382 жылы Алтын Орданың жаңа билеушісі Тоқтамыс хан Мәскеу князьдігіне қайта шабуыл жасап, Кремльді күл-талқан етті. Жеңілген Дмитрий өзінің князьдігін тағдырдың тәлкегіне тастап, Кострома ормандарына қарай бассауғалап қашты.
Тоқтамыс Мәскеу князьдігін жеңіп, тәубесіне келтіріп қана қойған жоқ, 1374 жылдан бері төлемей келген 8 мың рубль алым-салығын мәжбүрлеп төлетті. Оған қоса әрбір деревняға қосымша салық салды. Өздерімен бірге Дмитрийдің баласын кепілдікке алып кетті. Мұндай көп мөлшердегі салық (алдындағы Куликово даласында болған соғыстан титықтап) онсыз да әзер күнелтіп отырған қара халыққа аса ауыр тиді. Тіпті, мұнан кейін жүз жылдан астам уақыт Мәскеу князьдігі Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрды. Мұны ешбір зерттеуші жоққа шығармайды. Ендеше, «Куликово шайқасы не үшін қажет болды және ол қандай мақсатты көздеді?» деген сауалдың да да туары анық.
Шынтуайтына келсек, қайсыбір орыс тарихшыларының өздері жазып жүргеніндей, Алтын Орда мен Москва князьдігінің арасындағы соғыс бостандық пен азаттық үшін болған соғыс емес, керісінше, салық төлемеуден шыққан қаржы-қаражаттық қақтығыс.
Тарихи деректер айғақтайтынындай, 1371 жылы Мамай мен Дмитрийдің оңаша кездесуінде салықтың мөлшері және төленетін уақыты нақты келісілген. Бірақ, ол Алтын Орданың өз ішіндегі алауыздық пен бей-берекетсіздікті пайдаланып, салықты төлегісі келмеген. Бұл жөнінде оған әлденеше рет ескерту жасалған. Алайда, құлақ аспаған соң, қатты ызаланып, қаһарына мінген Мамай амалсыз күш қолдану әрекетіне көшкен.
Әйгілі «Күлік шайқасы» сөз болғанда тарихшылардың ерекше күдік келтіретін тұсы – шайқастың болған жері және Дмитрий Донской әскерлерінің саны. Бұл, тіпті, әуелдегі жылнамаларда «400 мың» деп көрсетіліпті. Осыны оқыған әйгілі тарихшы Николай Карамзин басын шайқап: “Неткен бассыздық! Тым болмаса 150 мың демейсіңдер ме?!” деп жазбаның сол тұсын түзеткен көрінеді.
Кешегі кеңестік идеология тұсында білікті-ау дейтін тарихшы-ғалымдар жан-жақты пікірлесе келіп, ол мөлшерді 100 мың адамға түсірген. Осының өзі «тым көп» дейтіндер де бар. Себебі, шайқас болды деп көрсетіп жүрген Күлік жазығының ұзындығы екі шақырым да, ені сегіз жүз метр. «Мұндай шағын алаңқайға жүз мың әскердің сыйюы екіталай» дейді.
Айтқандай-ақ, осы мәліметті бір кезде Е.А.Разин дейтін әскери тарихшы ерінбей, бүге-шігесіне дейін тәптіштеп зерттепті. Зерттеу барысында ол ХІV ғасырдың аяқ кезінде Москва князьдігінде және оның айналасындағы иеліктерде қанша халықтың тұрғанын шамалап шығарған. Сонда оның көп болса 10 пайызы соғысқа қатысты деп есептеп, «князь Дмитрий әскерінің саны асыра айтқанның өзінде 50-60 мыңнан аспаған» деген болжам жасаған. Әрі бұл болжамын нақтылау үшін бірнеше дәлел келтірген. Мәселен, ол «бұдан артық-көп болған жағдайда князь Дмитрий айналасы 10-12 сағаттың ішінде өз әскерлерін Дондай үлкен өзеннің арғы бетіне өткізіп үлгере де алмас еді» дегенді айтқан. Мұнысы енді қисынға да, жобаға да келеді. Өйткені, әлемдік соғыстар тарихын зерттейтін әскери ғылымда осындай шама-мөлшер негізге алынады.
Қосымша мәлімет үшін айта кетер болсақ. Кешегі 1941-45 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста гитлерлік Германия өз халқының 14,5 пайызын
/кейбіреулердің ауру-сырқауына, ақсақ-тоқсағына қарамай/ әскерге шақырып, майданға шығарған болса, КСРО 6,5 пайызын ғана пайдаланған. Кейбір ғалымдар фашистік Германияның жеңіліп қалуының бір себебін осыдан көреді.
«Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, жоғарыда айтылғандай Күлік жазығында: “Найзалар сабандай бырт-бырт сынып, оқ-жебелер жаңбырша жауды. Аспанға көтерілген шаңнан күннің көзі көрінбеді. Қылыштар найзағайдай жарқылдады. Адамдар баудай түсіп, қан арықша ағып жатты…” дегендей кескілескен қанды шайқас болған болса, одан тым құрығанда садақ оғының қалдығы мен найзаның сынығы, шейіт болған сарбаздардың сүйектері қалуы керек қой.
1995 жылғы 6 шілдеде «Российская газета» басылымында Николай Киреевтің «Где ты, поле Куликово?» деген мақаласы жарық көрді. Мақаланың атауының өзі қандай да бір дүдәмалдықты меңзеп тұрғандай. Міне, осы мақалада Туладағы археологиялық музей қызметкерлерінің 1982 жылдан бері «Куликово» даласын тінти зерттеп, бұл іске солдаттар мен оқушыларды да тартып, олай да бұлай да қазып, сүзіп шығып, ондай жойқын шайқас өтті деген өңірден айғақ боларлық мардымды ештеңе таппағандары жазылды.
Мұны айтып отырған себебіміз, әдетте тарихты зерттеушілер өткен замандардағы қандай да бір оқиғаны ашу, оның шындығына көз жеткізу үшін көне жылнамаларға және археологиялық қазбаларға сүйенеді.
Мысалы, 1237 жылы Бату ханның Рязань князьдігіне шабуыл жасағаны «Повести о разорении Рязани Батыем» деген еңбекте кеңінен баяндалған. Артынан айтылған жерге археологтар қазба жұмыстарын жүргізгенде оқиға орнынан үлкен өрттің ізі байқалып, өз ажалынан емес, кескілескен шайқастан қайтыс болған көптеген адамдардың сүйектері табылған.
Атышулы «Күлік шайқасын» шындыққа балайтындардың бірден-бір сүйенері — «Задонщина» мен «Сказание Мамаевом побоище» («Мамай қырғыны туралы аңыз») қолжазбалары. «Задонщинаның» күні бүгінге алты нұсқасы жеткен. XV ғасырда жазылды дейтін, ең алғашқы нұсқасының жартысы жоғалған. Кейінгі нұсқалары әр кезеңде (XVІ-XVІІ ғғ.) толықтырылған. Ал, «Сказание Мамаевом побоище» көбінесе «Задонщинаға» сілтеме жасайды. Сондықтан бұл екі жылнаманы да сыншыл тарихшылар «публицистикалық шығармаға» балайды.
Ақиқат пен әділдік үшін мынаны да айта кеткен жөн. Бәзбір зерттеушілер: «Сказание Мамаевом побоище» қолжазбасында айтылған бірқатар «Кулишки», «Кузьмине гаити», «Красный холм» деген сияқты жер-су аттарына қарағанда «Күлік шайқасы» Тула жерінде емес, осы күнгі Мәскеудің орнында болған болуы ықтимал» деген жорамал айтады.
Демек, бұл айтылғандардың бәрін ой елегінен өткізгенде байқайтынымыз, «Күлік шайқасы» болды дейтін қисын да және оған күдік пен күмән келтіретін уәждер (аргументтер) де жеткілікті.
Кең көлемде алып қарағанда осы ойлардың Ресейдің жалпы тарихына да қатысы бар. Мұны Мұрат Әжінің (Мурат Аджи) жұртшылық арасында үлкен қозғалыс пен қызығушылық, пікірталас тудырған: “Мы – из рода половецкого”, “Полынь половецкого поля”, “Европа, тюрки, Великая степь”, “Кипчаки” деген тәрізді зерттеулерін оқып көз жеткізуге болады.
Басқасын айтпағанда, автордың кейінгі шыққан бір зерттеу еңбегі: “Тайна святого Георгия” былай басталады:
“Россия тарихы”, тегінде, ең бір қарама-қайшылықты тақырыптардың бірі. Ресейді жәйдан-жәй: “өткенін біліп болмайтындай бұлыңғыр ел” деп атамаса керек. Өкінішке қарай, ұзақ уақыт біздің тарихымызды саясаткерлер билеп-төстеп келді, нені айтуға болатынын, нені айтуға болмайтынын солар белгіледі, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін солар бағалап отырды. Ал, тарихтың дәлдік, нақтылыққа арқа сүйейтіні оларды қызықтырған жоқ.”
Зерттеуші мұнымен терең ой мен мағынаны меңзейді. Осыған қарағанда, Ресей тарихы ақиқат тұрғысынан және бүгінгі өркениетті даму деңгейінен қайта қарауды қажет етеді.
Мұрат Әжінің айтуынша “Куликово шайқасы” дегеннің өзі еш қисынға келмейтін, тарихи дәлелі мен дәйегі жоқ, ойдан шығарылған оқиға.
Бұл жөнінде ол “Central Asіa Monіtor” газетінде жарияланған сұхбатында былай дейді:
“…Куликово шайқасының батыры атанып жүрген Дмитрий Донской “сабынның көпіршігі” сияқты, ол өмірінде қолына қылыш ұстаған адам емес. Себебі, 1380 жылы Москва князьдігінің оңтүстік шекарасы, жұрт білетіндей, Москва өзені арқылы өтетін. Оның бергі жағын ұлан-ғайыр Татария жұрты жайлап жатқан. Мұны сол кездің географиялық картасы, көргендердің жазбалары және топонимдер айғақтай алады. Ол Кавказ бен Қырымға дейін созылып жатты. Бұл ел ІV ғасырда Дешті-Қыпшақ деген атпен пайда болды. Бату ханның тұсында «Алтын орда» деп аталды. Ал, еуропалықтар оны Татария, онда тұратын халықты татарлар деп атады. Тіпті, олар дондық, рязаньдық, белгородтық және курскілік татарлар деп бөлінді. Олардың қалалары: Кипензай, Тула, Бурунинеж, Курсык, Биринчи, Симбир, Сарытау деп аталды.
Бұған таңқалатын ештеңесі жоқ. Орел, Рязань немесе Туладағы көне молаларды осы күнге дейін «татар молалары» деп атайды. Себебі, олардан басқа бұл маңда көне бейіттер болған емес.
Ол кезең туралы қаншама аңыздар шығарылған. Куликово шайқасы да солардың бірі. Оны бергі ХVІІ ғасырда, І Петр Батыс ғалымдарын орыс тарихын жазып беруге шақырған кезде, бір-бірімен қабысып, қиыспаса да солар шығарған. Егер орыстарда армия болмаса, олар басқалармен қалай шайқасады? Ендеше, Куликово даласы туралы қалай сөз болуы мүмкін? Оның үстіне о баста Ордамен жасалған келісім бойынша олардың жастары хан әскерінің қатарында қызмет ететін болған. Міне, сондықтан да байыпты зерттеушілер мән бергеніндей, Куликово шайқасына негіз боларлық белгі мен ізді табу қиын.
Куликово шайқасының бастан-аяқ ойдан шығарылған оқиға екенін кезінде Н.М.Карамзин де айтқан. Ол өзінің әйгілі “История” кітабының V том, І тарауына енгізген 81 толықтыруында, қай нәрсеге баға беруде аса сақтықпен қарайтын тарихшы болса да, әлгі оқиғаның келтірген түп негіздерін ой елегінен өткізе отырып, шыдай алмай: “Неткен надандық!” деп жазған.
Кейбір деректерге қарағанда, орыстарға “Куликово шайқасы” жайында идеяны берген неміс Кранц көрінеді. Дәлірегі, оның ХV ғасырда жарық көрген “Вандалия” кітабында 1380 жылы Көк Су деген өзеннің бойында русьтің ордалықтармен шайқасқаны айтылған. Және русьтіктер жеңді делінген… Бірақ, неміс сол кезде қабылданған түсінік негізінде русьтер /орыстар/ деп Литва князьдігіне қоныстанып, тұрақтап қалған нормандарды, яғни шведтерді меңзеген. Географиядан да хабары бар автор тұспалдап Көк Су деп Оңтүстік Буг өзенінің тармағын көрсеткен. Басқаша айтқанда, кітапта осы күнгі Украина жерінде мал үшін болған қақтығыс туралы сөз болған.
Ал, отаншыл да патриот І Петр Ресейдің ерлікке, қаһармандыққа, батырлыққа толы тарихын көргісі келді. Оны солай етіп, жасатты да.
/Дюсенбаев А. Анатомия души. – Алматы: ИП “ДАР”, 2005. 251-252 беттер «Смысл жизни» мақаласынан алынды. /
Бірінші Петрді мұндай әрекеттері үшін, яғни «Ресейге жан-тәніңмен беріле қызмет еттің, шашырап жатқан алауыз елдің басын біріктірдің, еңсесін көтеріп, айбынын асырдың» деп кінәлау орынсыз. Өйткені, ол орыс жұртының бағына туған патша еді.
Бұл айтылғандарға қоса, соңғы кездері «Куликово шайқасын» жан-жақты зерттеп, орыс тарихында ондай оқиғаның болмағанын қисынды дәйектермен дәлелдеп жүргендер баршылық. Ол үшін ғаламторға кіріп, «Вся правда Куликовской битвы» деген мәтінде сұрау салсаңыз, алдыңыздан бірнеше мақала көлбеңдеп шыға келеді.
Мәселен, татар зерттеушісі Рустам Наби 2004 жылы Қазандағы «Иман» баспасынан «Правда о Куликовской битве» деген кітап шығарды. Онда автор бос сөзден гөрі батыстың, шығыстың, Византияның, Кавказдың, орыстың өздерінің дереккөздеріне сүйеніп, «Күлік шайқасы» туралы ақиқаттың бет бейнесін ашуға ұмтылыс жасады. Тіпті, орыс тарихында «Алтын орда» хандығының дұрыс зерттелмей, көптеген деректердің бұрмаланғанына қынжылыс білдірді.
Жалпы бұл мақаланы жазғандағы ойымыз бен мақсатымыз өзге жұрттың барын көре алмай мұқату немесе аяқтан шалу емес. Керісінше айтылып жүрген, елдің санасына солай біржақты сипатта сіңіп қалған тарихи оқиға — «Күлік шайқасы» жөнінде басқаша көзқарас пен пайымның бар екеніне назар аудару.
Ең өкініштісі, біз тарихи сана мен танымымызда ескі сарыннан, бұрынғының батпағы мен сатпағынан әлі де арыла алмай келеміз. Бұлай кете берсек, елдің ертеңгі иесі болатын ізбасар ұрпақты қалайша отаншыл, патриот, өзгеге жалтақтамай өз бетінше өмір сүре алатын, заманға сай алға құлаш сермейтіндей өршіл және жаңашыл етіп тәрбиелемекпіз?
Ғалымдар айтып жүргендей, өткен тарихтың жетістігі мен кемшілігінен сабақ алмау келешекте қателік пен өкінішке ұрындырары хақ.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
«Алматы ақшамының» саяси шолушысы