Сейітқазы Матаевтың үйқамақ мерзімі ұзартылды
2016 ж. 22 маусым
2296
1
Алматының Медеу аудандық соты Қазақстан журналистер одағының төрағасы, ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевтың үйқамақта отыру мерзімін 22 шілдеге дейін ұзартты. Бұл туралы Азаттыққа қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Махамбетов хабарлады.
Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толықанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.
ҚазТАГ агенттігінің ақпараты бойынша, арасында ВВС, «Неміс толқыны», «РБК», «Россия-24», France Press және өзгелері бар шетелдік бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Сейітқазы Матаевтың ісі бойынша өтетін сотқа қатысуға ниет білдірген.