Марат Тоқашбаев: ҚАЗАҚ журналистикасы – ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ құрудың қолдаушысы
2016 ж. 21 маусым
7695
15
Шерағаң... Шерхан Мұртазаша айтқанда, «жегені жантақ, арқалағаны алтын» журналистер қауымының мерекесі де келді. Қоғамдағы кез-келген мәселені жан-жүрегінен өткізіп, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын да, көбінесе, осы мамандық иелері. Кәсіби мереке қарсаңында ұлттық журналистиканың дамуы жолында лайықты тер төгіп келе жатқан қарымды қаламгерлеріміздің бірі, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, журналист-жазушы Марат Тоқашбаевпен тілдесудің сәті түсті.
– Марат Бәйділдаұлы, әдетте біз журналистер қауымы қоғамдағы «дәрігерлер мен мұғалімдердің мәртебесін көтеру керек» деп дабыл қағып жатамыз. Ал, өзіміздің мәртебеміз қай деңгейде?
– Шындығын айтқанда, Қазақстан жағдайында БАҚ төртінші билік деңгейіне әлі жете қойған жоқ. Оның көптеген себептері де бар. БАҚ-тағы айтылған сынға, көтерілген мәселелерге қатысты атқарушы, заң шығарушы, сот билігі орындарының жауапкершілігі қарастырылмаған.
Десек те, журналистер қоғамдағы өзекті жәйттерді дер кезінде қанын сорғалата көтеріп, «зар еңіреп, ботадай боздап» келеді. Өкінішке қарай, атқарушы органдар көбіне мұндай пікірлерге назар аудара қоймайды. Мәселе ушығып бара жатқанда ғана араласуға мәжбүр болады. Әдетте журналистиканы «жауынгер жанр» деп жатады. Сол рас. Журналистер мемлекеттік мекемелердің көзқарасы осылай екен деп, салы суға кетіп, қол қусырып отыра алмайды. Дәл бүгінгі күні журналистер қауымы – қоғамның ақыл-ойы, ар-ұяты десек, артық айтқандық емес. Қоғам үшін маңызды озық ойлар, үздік пікірлер ең алдымен ақпарат құралдарында қызмет ететін журналистерден шығып жататыны көпке мәлім. Сондай-ақ, ұлт үшін маңызды істер де мына сіздер мен біздердің интеллектуалдық қуатымыз арқылы жүзеге асып келе жатқаны анық. «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, аузында жүру бұл өзі, сыздаған барлық жараның» деп Төлеген Айбергенов жырлағанындай, қазақ қауымының да барлық ділгірлігінің басы-қасында шырылдап жүрген, негізінен, осы журналист ағайындарымыз екенін мойындауымыз керек.
Осыдан ширек ғасыр бұрын қазақ баспасөз бен теле-радио әлемдік журналистикадан 30-40 жылға, ресейлік журналистикадан 15-20 жылға артта қалған деген пікірлер қылаң беріп қалатын. Әйте де, сол замандағы «артта қалушылық» көбінесе техникалық мүмкіндіктерге байланысты айтылатын. Шындығында, ол заманда журналистерге қажетті құрал-жабдық сақадай сай болмайтын-ды. Ал, бүгінгі күннің тұрғысынан алғанда, қазақ журналистикасы сенімді түрде әлемдік көшке ілескен, шынайы мемлекеттік мәселелерді көтере алатын үлкен қоғамдық күшке ие. Мәртебеміз де соған сай деп ойлаймын.
– «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының мәліметіне сүйенсек, елімізде 21-мамыр күні полиция қырық төрт журналист пен БАҚ және журналистер құқығын қорғау ұйымы өкілдерін ұстапты. Осындай мәліметтер біздің елде тілшілердің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалмағандығын көрсететін секілді...
– Бүкіл дүниежүзілік тәжірибеде журналистерді өзінің кәсіби міндетін атқарғаны үшін қудалау әрекеттері жоқ. Керісінше, олар қолдауға ие. Шындығында, біздің журналистеріміз кейбір саяси ойындардың құрбаны болып жататын кездер де бар. «Таң атпаймын дегенмен, күн қоймайды» демекші, тоталитарлық жүйеден қалған сарқыншақтар демократиялық өзгерістер тасқынына төтеп бере алмасы анық. Оның үстіне, сыбайлас жемқорлық, қаражатын салықтан жасырып оффшорға жасыру сияқты жағымсыз дүниелерді жалғанның жарығына шығарып жүрген «Панама-гейт» сияқты құжаттардың лек-легімен жарыққа шығуы билік өкілдерін де бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз.
Қазақстан Ата заң арқылы өзін әлеуметтік, демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны айтылғандықтан осы қағидаларды орындауға ұмтылуға тиісті. Бұл ең алдымен ІІМ, ҰҚК және Қазақстанның Бас прокуратурасы секілді құзыретті органдарға қатысты. Журналистерге қысым жасалмауы үшін тіпті осы органдар мен Бас редакторлар клубы, Қазақстан Журналистер одағы сынды ұйымдар арасында арнайы меморандумдар жасалғаны жөн бе деймін. Сонда ғана журналистер өздерінің міндеттері мен мақсаттарын кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Біздің мемлекет БАҚ өкілдеріне осындай жағдай жасауға мүдделі болуға тиіс. Өйткені, журналистер қоғамның алдыңғы қатарлы интеллектуалдық бөлігі. Сондай-ақ, олар қоғамның дертін көріп қана қоймай, соны сылып тастауға атсалысатын жанашырлар. Мысалы, әл үстінде жатқан науқасқа ота жасау арқылы өлімнен аман алып қалған дәрігерді соттауға болмайтыны сияқты, журналистерді де қоғамға жанашырлық көрсеткені үшін айыптауға, жазғыруға болмайды. Қайта ең бастысы – өз міндетін атқару кезінде кедергі келтірілмегені жөн. Қайта, оларға демократиялық тұрғыдан қолдау қажет.
– Отандық мерзімді басылымдардың барлығы бірдей ұлтымыздың ұпайын түгендеп жүр деп айта аламыз ба?
– Мерзімді басылымдардың өзі тілдік тұрғысынан қазақ және орыс тілді болып екі топқа жіктелетіні белгілі. Осы тұста жазу мәселесіне келгенде, екеуінің қағидатты түрде айырмашылықтары бар. Орыстілді басылымдар қазақ халқының ықылым заманнан бергі тарихына, азаттық жолындағы сан қилы күресіне үңіле бермейді. Көбіне сенсация қуып, дәл бүгінгі күнгі оқиғаларды жеткізумен ғана шектеледі. Әрі ұлттық билікке деген сыни көзқарасты ұстанады. Өз кезегінде кейбір орыстілді басылымдардың Қазақ елінде азаматтық қоғамға қоса азаматтық мемлекет құруды көксейтінін аңғару қиын емес.
Ал, қазақтілді басылымдар – мемлекеттің шынайы қолдаушысы. Анығырақ айтқанда, қазақтілді газет-журналдар, бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда ұлттық мемлекеттің қалыптасуы мен құрылуына, одан әрі дамуына еңбек етеді. Ұлттық мүддені ту еткен журналистер, қаламгерлер, публицистер қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі құқықтарын пайдалана отырып, ұлттық мемлекетті қалыптастыруға және оны дамытуға мүдделі. Бірақ, өкінішке орай, қазақтілді БАҚ өкілдеріне мемлекетшілдік пейілінің басымдығына қарамастан, мемлекет тарапынан идеологиялық тұрғыдан лайықты дәрежеде қолдау көрсетілмейді. Керісінше, мемлекеттік билік журналистер қауымын өз мақсаттарын орындауға пайдаланғысы келеді.
Ал, әлемдік тәжірибеде бәрі керісінше. Ондағы БАҚ-тың өкілдері мемлекеттің тұтқасын ұстап отырған адамдардың іс- әрекеттеріне баға беру мүмкіндігіне ие. Яғни, олардың неше түрлі құпия әрекеттерін жалғанның жарығына шығарып, халыққа жеткізу арқылы сорақылықтардың бәрін жөнге салып отырады. Айталық, «Панама-гейт» құжаттары осы сөзіміздің айқын дәлелі. Аталмыш құжатта журналистердің көмегімен байлығын жасырғандардың есімі бүкіл әлемге белгілі болды. Сондай-ақ, бұл белгілі бір дәрежеде бүкіл қоғамға әсер етті.
– Әлеуметтік желінің қарқынды дамуы қоғамның кез келген мүшесін ақпарат тарату мүмкіндігіне ие етті. Осы тұста сол желінің белсенді қолданушыларының бірі ретінде, бүгінгі күні желінің қоғамға әсер ету мүмкіндігі қаншалықты деңгейде деп есептейсіз?
– Иә, бүгінгідей әлеуметтік желінің жедел дамуы ақпаратты бүгіп қалудың мүмкін еместігін көрсетті. Осындай жағдайда қазақ журналистикасы мүлде тың, жаңа бағыттарда дамуға бет алды. Бүгінгі қоғам үшін әлеуметтік желідегі журналистиканың алатын орны айрықша. Өйткені, ол ақпарат тарату тұрғысынан алғанда, телевизия мен мерзімдік басылымдарды басып озды. Ең бастысы – әлеуметтік желі бүкіл қоғам жарасының «іріңін сығып, қанды көбігін ағызып», қоғамда орын алып жатқан қайшылықтарды, қиыншылықтарды ашық та, айқын көрсетіп отыр. Айтуға тиісті ерекшелік – мұның бәрін жүзеге асырып отырған кәсіби журналистер ғана емес, сан саланың мамандары екендігінде. Нәтижесінде әлем бойынша азаматтық журнализм атты жаңа бір терминнің пайда болуына жол ашылды. Осылайша желі қолданушылары ел назарын аударған жағдайларды талқыға салу арқылы жаңа бір тосын саланың өмірге келуіне әсер етті. Сонымен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешімін табуына да белгілі бір дәрежеде ықпал етіп отыр.
Қарап отырсам, соңғы бір жылдың ішінде фейсбук әлеуметтік желісінде жария болған пікірлерім 20 баспатабақ кітап болатын күйге жетіпті. Қоғамдағы келелі мәселелерді қозғаған жазбаларымды топтастырып, бұйыртса, таяу арада жарыққа шығаруды жоспарлап отырған жайым бар.
– Сондай-ақ, интернеттің күрт дамуы мерзімді басылымдардың электронды БАҚ-тың тасасында қалуына түрткі болып отырған жоқ па?
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынша айтқанда: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Сондықтан да, оның қоғамдағы орнын электронды БАҚ басады деп алаңдауға ешбір негіз жоқ. Айталық, радио дүниеге келгенде де, халық газет пен кітаптың тоқтайтынын айтып, дабыл қаққаны бар. Одан кейін 1950 жылдардың орта тұсынан бастап телевизия пайда болған кезде де осы жәйт алдымыздан шыққан еді. Қазіргі таңда да ғаламтордың кең етек жаюы қағаз арқылы ақпарат тарату ісін тоқтатуға түрткі болады деген пікірлер жиі қылаң бере бастады. Меніңше дәл бұлай алаңдауға ешбір негіз жоқ. Мысалы, электрондық ақпарат құралдарының өзіндік отаны саналатын Жапонияда да интернеттің қарыштап дамығанына қарамастан, газеттердің тиражы арту үстінде. Біздің елімізде басылымдардың таралымы бірде өсіп, бірде кемуі мүмкін. Бірақ бұл құбылыс мерзімді басылымдардың жұмыс істеуін түбегейлі тоқтатуы мүмкін емес. Себебі, елдің бәрі бірдей айфон, планшет шұқылап кетпейтіні анық.Сондықтан да, мерзімді басылымдарға айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ.
– Марат Байділдаұлы, кезінде ұлттық телеарнаның тізгінін ұстаған маман ретінде телевизияның тыныс-тіршілігі сізге етене таныс. Ал бүгінде көрермен көзімен қарағанда отандық телеарналардан не көресіз? «Телеарнадан тұщымды дүние табу қиын» дегенді алға тартатындардың назы орынды ма?
– Шындығын айтқанда, мен үш жылдан бері телеарналарға мүлде қарамаймын. Бұған себеп – көк жәшіктен берілетін дүниелердің өте арзанқолдығы, адамды тартатындай құдіретінің кеміп кеткендігі. Анығырақ айтқанда, соңғы оншақты жылдан бері отандық телевизия тоқырау үстінде. Біздің телеарналарда экономикалық, саяси, халықаралық өткір тақырыптар талқыланбайды. Жіті зерттеуге, көрерменнің сараптамалық тұжырымдарға мұқтаждығы қанағаттандырылмайды. Өзекті тақырыптар эфирге шыққан күннің өзінде кейбір бұрмалаушылықтар мен қате түсініктер бой алып кетеді. Ақорданың ұстанымы бойынша жұмыс істейтін телеарналарды көргенде елімізде ғажап бір той болып жатқандай әсер қалдырады. Шындығында, бүгінгі күні эфирдің басым бөлігін шоу-бағдарламалар мен арзан әзілдерге құрылған жеңіл хабарлар құрайтындықтан, көп адам теледидардан мойын бұрады. Мен де солардың қатарындамын, жүйкемді жұқартқым келмейді. Қажетті ақпаратқа ғаламтор желісі арқылы қол жеткізгенді құп көремін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz