Ерлан Әбілфайызұлының айтуынша, салафизм кейбір мемлекеттердің ресми діні саналмаса да, оның ұстанымдарымен жүретін елдер аз емес. Оның үстіне, Қазақстанның заңдары бойынша, діни көзқарасқа еркіндік берілген.
"Жалпы, теоретикалық және практикалық діни ағымның аражігін ажырата білу керек. Біздің елдің негізгі ұстанымы - діни көзқарастың еркіндігі, біздің елде дініңе, тіліңе қарап бөлуге тыйым салынған. Бұл ұстаным Конституциямен де бекітілген. Бірақ, екінші ұстанымымыз - халықтың, қоғамның қауіпсіздігі, тұрақтылығы. Сондықтан, Ақтөбедегі лаңкестіктен кейін бірқатар сұрақтар туындады. Иә, салафизм кей мемлекеттердің ресми ұстанатын діні боламаса да, теориялық ұстанымдары онымен сәйкес келіп жатады. Біз бұған құрметпен қараймыз, әрине. Бірақ, біз өз аумағымызда өз талаптарымызды қоя білуіміз қажет", - деді Ыдырысов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, салафизмге тыйым салу мәселесі Елбасының қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да, құқық қорғау органдарының жиындарында да көтерілген. "Ақтөбедегі лаңкестер секілді адамдар тобы белгілі бір дін атын жамылып, заңға қайшы әрекеттер жасаса, мемлекет оларға қарсы барынша қатаң шаралар қолданары сөзсіз. Өздеріңізге белгілі, қазір Ислам діні ауыр соққының астында қалып отыр. Өздерін мұсылмандыз деп, мұсылманға жат әрекет жасап жүрген адамдар тобы бар. Олардың жасап жүргені мен уағыздап жүргені таза исламның маңына да жоламайды", - дейді Сыртқы істер министрі.
Ол сондай-ақ, лаңкестердің салафизм немесе өзге де діни ағымдардың атауын жай ғана пайдаланып жүруі мүмкін екенін де жасырмады. Айта кетейік, 5 маусым күні Ақтөбеде суық қаруланған лаңкестер екі бірдей қар-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге шабуыл жасап, 7 адамды өлтірді. Кейін күштік құрылымдар 18 содырдың көзін жойғанын мәлімдеді.
Дерек көзі: sn.kz