Нұрсұлтан Назарбаев: «Орманы бардың қорғаны бар» деп қазақ бекер айтпаған
2016 ж. 20 маусым
4117
12
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының жасыл аймағын аралап, орман шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысты.
2017 жылы Астананың жасыл белдеуіндегі орман Бурабайға жетеді. Бұл туралы бүгін жасыл аймақтағы орманды аралай отырып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Н.Назарбаев атап өткендей, жасыл аймақ қызметкерлері жыл сайын бес мың гектар жерге тал егіп, оны күтіп, осындай орманға айналдырып келеді. Он сегіз жыл ішінде жасыл белдеудің көлемі Бурабай ұлттық паркінің көлемімен теңескен екен.
«Ендігі міндет, осы орманды Бурабай орманына қосу. Қазір Астананың жасыл аймағындағы орман Шортанды ауданына дейін жүз шақырымға жетті. Одан кейін тағы шамамен жүз шақырым бар. Келесі жылы орман Бурабайға жетеді», - деп мәлім етті Мемлекет басшысы.
Елбасы атап өткендей, Астананың жасыл аймағы Көкшетауға ғана емес, Павлодар,Қарағанды, Қостанай өңірлеріне де бойлайды. Осылайша, Астананың айналасы ну орманға айналмақ.
«Қазақстанның әрбір қаласы орман шаруашылығын дамытса, еліміз экологиясы таза, жап-жасыл елге айналар еді. Орман дегеніміз қаланың өкпесі емес пе?!. Он сегіз жыл ішінде Астананы осынша көгалдандырдық. Бұл мені қатты қуантады. Астанаға ұшып келген кез келген адам айналасы жап-жасыл орман екенін көреді», - дей келе Мемлекет басшысы осы орманның әр талын тер төге отырып баптаған жұмысшыларға зор алғысын білдірді.
Елбасы Н.Назарбаев жыл сайын маусым-шілде мезгілінде осы орманды аралап, елорданың жасыл белдеуіндегі жағдайды өз көзімен көріп қайтатын дәстүр қалыптастырған. Міне, биыл да Президент жасыл аймаққа келіп, небары он сегіз жылда бой көтерген орманға сүйсініп қайтты.
«Жыл сайын мен осы ормандарды аралап, бақылап отыратынымды өздеріңіз білесіздер. Біз 1998 жылы елорданы дүниежүзіне жарияладық. Содан бері, міне, 18 жыл өтті. 18 жыл деген кәмелетке толған, азамат болған кез деп санауға болады. Бірақ, жасөспірім, жаңадан өсіп келе жатқан жаспен бірдей. Он сегіз жыл бұрын қаланың төңірегіне орман егуді тапсырған едім. Жастар көп біле бермейді, біз ол кезді жақсы білеміз, Алматыдан жаңа көшіп келген кезде, қаланы шаң басып кететін. Құбыла соққан жел адамды құлата жаздайтын. Сондықтан, орман егуді бастадық. «Астананың төңірегіндегі жер қолайсыз, тас, құм, орман өспейді» деп қарсы тұрғандар көп болды. Мінекей, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, Астананың төңірегінде бұрын болмаған 73 мың гектар орман пайда болды», - деді Н.Назарбаев журналистерге.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір жасыл аймақта алпыстан астам ағаш сорты өсіп жатыр. Тіпті, «тың игерген кезде трактордың дауысынан қашып кеткен жәндіктердің бәрі қайтып келді», - деді Н.Назарбаев Астананың айналасындағы орманның әлеуетін бағалай отырып.
«Бұл орман, біріншіден, Астанадағы ауаның тазалығын қамтып тұр, екіншіден, шаң жібермейді, үшіншіден, желді ұстайтын қорған. «Орманы бардың қорғаны бар» деп қазақ бекер айтпаған. Астана тұрғындары мен жастардың болашағы үшін осындай жағдай жасап жатырмыз», - деді Елбасы Н.Назарбаев.
Дерек көзі: ҚазАқпарат