ЖАЛА ЖӘНЕ КЕШІРІМ
2016 ж. 17 маусым
2947
1
Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сағынбек, кеше сен туралы біраз жағымсыз әңгімелер айтылды, сен Талдықорғанда жүргенде қызметтік үйіңді бюджеттің ақшасына кеңейтіп, екінші қабат қосқан дей ме... Бұл өзі не әңгіме?» - деді.
1988-1993 жылдар аралығында бұрынғы Талдықорған облысының хатшылығынан бастап облыс әкімі болған, Қазақстанның ГФР, Австрия елдеріндегі елшісі қызметін атқарған, 4-шақырылымдағы мәжіліс депутаты, экономика ғылымының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Сағынбек Тұрсынов Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына бастан кешкен оқиғалардан естелік әңгіме айтады.
Германияда елші болып қызмет атқарып жүрген кезім, мәшинеде келе жатқанмын, телефон шырылдады, трубканы көтерсем, әр жағындағы қыздың дауысы: «Президенттің қабылдауынан, Сағымбек Токабаевич, қазір Сізді Нұрсұлтан Әбішұлымен қосамын», - деді. Сол мезетте трубкадан Нұрсұлтан Әбішұлының дауысы естілді, қал-жағдай сұрай келе Германияда 2 жылдай қызмет жасадың, енді елге қайтуыңа тура келіп тұр, үкіметте біраз ауыс-түйістер болайын деп жатыр, сенің премьер-министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болуың туралы ұсыныс бар», - деді.
Содан Қазақстанға ұшып келіп, ертеңінде президенттің қабылдауына бардым, кабинетіне кірсем, сол жағында Ә.Қажыгелдин, оның әр жағында Н.Әбіқаев отыр екен. Мен президенттің оң жақ қапталына келіп жайғастым. Нұрсұлтан Әбішұлы әңгімесін: «Сен үкімет басшысының орынбасары болуың керек, - деп бастап, - түстен кейін сағат 4-те кел, парламенттің жұмыс тобында сенің кандидатураңды талқылайтын боламыз, ал ертең парламенттің жалпы отырысында парламент мүшелерінің келісімін алу керек» - деп қорытты.
Түстен кейін келіскен мерзімде парламент үйіне келдім, жиналыс басталды, президент Әкежан Қажыгелдиннің кандидатурасы премьер-министрлікке, ал менің кандидатурамның премьер-министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне ұсынылатынын жария етті. Бір кезде ұйымдастырушы жігіттердің бірі келіп, «Сізге сыртта күте тұрсын» - деді. Мен мәжілістің тәртібі осылай шығар дедім де, «мақұл» деп, дәлізге шығып кеттім. Бір мезгілде жаңағы жігіт тағы келіп: «Сізге III резиденцияда күте тұрсын деп жатыр» - деді. Мен Фурманов көшесіндегі (Алматы қаласы) өзім келіп тоқтаған резиденцияға кеттім. Кешкі сағат 6 жарым не 7-лер шамасында кезекші (мен үшінші қабаттағы бөлмеде отырғам) «Сізге бір топ депут жолығуға келіп тұр» - деп звондады. Мен «қазір» дедім де, төменгі қабатқа түстім, түссем Өмекең (Өмірбек Жолдасбеков) бастаған бір топ депутат шоғырланып тұр екен, араларында Талдықорған өңірінің депутаттары да бар. Олар: «О, Сәке, сіз елге келіп қалған екенсіз, бір жағынан сәлем берейік деп келдік, сосын бүгінгі парламенттің жұмыс тобының жиналысындағы әңгімені айтайық дедік. Естідіңіз бе?», - деп бастырмалата жөнелді. Менің бірден қызығушылығым оянып: «Шұғыл бір нәрсе болды ма?», - дедім де, жиналыста болмаған себебімді де сөз арасында қыстырып үлгердім. Олар «Президент сіздің кандидатураңызды премьер-министрдің орынбасары қызметіне ұсынатынын айтқанда, Д.Н.Нұрахметов деген депутат «Сағынбек Тұрсыновты үкімет басшылығына тағайындауға болмайды, ол Талдықорғанда басшылықта жүргенде бюджеттің ақшасын пайдаланып өзі тұрған қызметтік үйге екінші қабат қосып, кеңейту жұмыстарын жасаған, онымен қоймай ол үйді меншігіне аударып алған» - деп қарсы шықты, Нұрсұлтан Әбішұлы «Мұндай мәселе бар болса, бұл мәселені қарауды шегере тұрайық», - деп шешті», - деп болған жайттан мені хабардар етті. Олар «Бұған қарағанда премьер-министрдің орынбасарлығына сенен де басқа өз кандидатураларын ұсынушылар бар сияқты» - деп топшылап жатты.
Болған оқиғаны түсінбей, әрі мұндай негізсіз айтылған жаланы естіп, ойға кеттім. Ал Талдықорған облысынан келген депутаттар «Бұл негізсіз жала, оған біз куәлік ете аламыз, тіптен болмаған жағдайда Талдықорғанның өзіне барып көз жеткізуге болады, біздің облыстан жиналысқа бір де бір депутат қатыстырылмады», - деп маған демеу болмақ ниетпен, өздерінің қолдауларын білдіріп жатты. Тағы бір білгенім, Д.Нұрахметов деген азамат өзі Талдықорғанның тумасы емес екен, алайда сол елдің жұртшылығы атынан сөйлеген. Сол жолы вице-спикер Қ.Сұлтанов: «Бұл біреудің тапсырмасы болуы керек», - деп парламент мәжілісінің стенограммасын әкеліп берген еді. Ол менің мұрағатымда сол заманның тірі куәгеріндей болып әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
Ертеңінде таңғы сағат 8 жарымда президент аппаратының жетекшісі Н.Әбіқаев звондады да «Президенттің резиденциясына телефон шалыңыз», - деді. Мен қолма-қол Елбасына хабарластым, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сағынбек, кеше сен туралы біраз жағымсыз әңгімелер айтылды, сен Талдықорғанда жүргенде қызметтік үйіңді бюджеттің ақшасына кеңейтіп, екінші қабат қосқан дей ме... Бұл өзі не әңгіме?» - деді. Мен: «Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл еш шындыққа жанаспайтын әңгімелер, түп төркінін өзім де түсінбедім, дегенмен егер шындығын анықтаймын, тексерем десеңіз өз құзырыңыздағы мәселе ғой, Бас Прокурорға тапсырма берсеңіз, облыстық прокурордың кеңсесі менің тұрған үйімнің дәл жанында, сол кісінің өзі-ақ екінші қабат бар ма, жоқ па екендігін бірден айтады, онымен қоса КНБ, УВД-ның кеңселері сол үйге жапсарлас орналасқан. Үш құқық қорғау органдарының өкілдері сізге бұл мәселенің мән-жайын бірден 10-15 минутта айта алады, бұл – бір. Екіншіден, ол үй қазір әкімшіліктің ғимараты санатында есепке алынып, қолданыста тұр», - дедім.
Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ә, солай ма, онда мұны біреулер арнайы ұйымдастырған болып шықты ма, қалай өзі?» - деді де, сөзін «Онда сені президенттің аппаратындағы жергілікті әкімшіліктерді басқарушы топтың жетекшісі етіп тағайындайын. Жетекшінің орны бос тұр, ол жерде уақытша жетекшінің қызметін орындаушы болып Оралбай Әбдікәрімов отыр», - деп жалғастырды. Мен «Оралбай Әбдікәрімов деген қолынан іс келетін жігіт, ол жетекшілікті уақытша атқаратын емес, нағыз жетекші болатын азамат қой, маған ол орын емес, маған менің кандидатурам парламенттен өтетіндей жұмыс керек қой, Нұрсұлтан Әбішұлы», - деп пікірімді білдірдім де, сосын: «Егер сіз бұл қызметке мені алсаңыз, ел «Е, кешегі Парламенттің жиылысындағы әңгіме негізсіз болмаған екен ғой» - деп ой түйеді, сіз мені қорғап қалды деген тұжырым жасалады, сондықтан бұл мәселенің шындығына жету үшін маған парламентте бекітілетіндей қызмет керек», - деп тоқтадым.
Президент менің сөзіме мұқият көңіл қойғанының белгісіндей «Аяқ астынан саған ондай жұмысты қайдан табамыз?» - деді, мен «Нұрсұлтан Әбішұлы, менде ұсыныс бар» - дедім де, «Мен Германияда елшілік қызмет атқарып жүрмін, соған қосымша не Швецарияны немесе Австрияны қосып беріңіз, ол парламент арқылы өтетін қызмет», - деп өз пікірімді нақтыладым. Мені тыңдап тұрған президент, сәл кідірді де: «А, сен әлі Европаны қимай тұр екенсің ғой» - деді, сөйтіп әңгімеміз тәмамдалды.
Жарты сағаттан кейін Н.Әбіқаев звондады да: «Президент сізге парламенттің жиналысына келсін деп жатыр», - деді. Бірден жиналысқа бардым, парламенттің кезекті отырысы ашылды, Нұрсұлтан Әбішұлы алдымен Әкежан Қажыгелдиннің кандидатурасын премьер-министрлікке ұсынды, сосын премьер-министрдің орынбасарларына кандидатураларды ұсынуға көшті. Сол кезде Мэлс Сүлейменов деген депутат қол көтеріп, бір топ депутаттың атынан сауал тастады. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз кешегі парламенттің жұмыс тобының жиылысында премьер-министрдің орынбасарлығы қызметіне Сағынбек Тұрсыновтың кандидатурасын ұсынған едіңіз, кейін сол кісінің кандидатурасы күн тәртібінен алынып тасталды, көпшілігімізге бұл мәселе түсініксіз болып қалды» - деді де, бұл істің Кеңес Одағы кезінде болған «шубное дело» деген жағдайды еске түсіретінін айтты. Бұл мәселенің мәнісі мынада: бюрода бір жетекшіні келесі бір лауазымы жоғары қызметке тағайындамақшы болады, сол кезде бюроның бір мүшесі тұрып: «Бұл кісіні тағайындауға болмайды» - деп қарсы шығады, басқа адамдар «Неге болмайды?» - деп сұраса, «Оның «шубное делоға» қатысы бар», - депті. Сөйтіп әлгі қызметкер бюродан өтпей қалыпты. Біраз уақыт өткеннен кейін келесі бір бюроның мүшесі жаңағы қызметкерді көріп қалады да: «Өткен жолғы бюрода сенің кандидатураң өтпей қалды, соған не себеп болды, ол не «шубное дело» деген?» - деп сұрайды. Ол болса: «А, ол ма, өткен бір партия мәжілісінде менің шубам жоғалған болатын, соған қатысты іс қой» - депті.
Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бұл мәселені жиылыс соңында айтайын деп отыр едім, енді ақыры сұрақ қойылған екен, мән-жайын түсіндіре кетейін. Сағынбек Тұрсыновтың кандидатурасын үкімет басшысының орынбасарлығына ұсынған кезде парламент жиналысында оның жеке басына қатысты айтылған деректер негізсіз болып шықты, міне, менің алдымда оның жалған екендігін дәлелдейтін КНБ-ның, УВД-ның анықтамалары жатыр, яғни екінші қабат тұрғызылмаған, үй әкімшіліктің баланысында тұр. Сондықтан келесі жолдары мұндай мәселеге сақтықпен қарауды, негізсіз, жалған дәйектерге құрылған әңгімелерді көтермеуді сұраймын. Бұл необоснованное, голое обвинение» - деп даусын қатаңдатты да, әрі қарай «Бүгін таңертең Сағынбек Тұрсыновпен әңгімелестім, ол өзі Европада қалғысы келеді, сондықтан Сағынбек Тұрсыновқа Германиядағы елшілік қызметіне қосымша Австрияның елшілігінде қызмет атқаруды ұсынамын», - деді. Депутаттар жабыла қол соқты. Парламент төрағасы Әбіш Кекілбаев әзіл-шынын араластырып: «Сіздердің бұл қол шапалақтауларыңызды сіздердің келісімдеріңіз деп түсінуге бола ма?» - деп еді, депутаттар «Иә, иә» деп шуласты. Сөйтіп, Германиядағы елшілік өкілеттілігіме қосымша Австрияны алып Европаға қайта оралдым. Бір қызығы, Талдықорғандағы әкімшіліктің үйі әлі күнге дейін бір қабат қалпында тұр.
Бұл жерде ең алдымен бабаларымыздың «Аққа құдай жақ!» деген сөзі еске түседі, әрі Елбасымыздың табандылықпен мәселенің ақ-қарасын таразылап, әділетті шешім жасағанын баса айтқым келеді. Билікте жүргеннен кейін өмірдің сынақтарының да салмағы батпандай болады екен.
Өмір деген қызық қой, қайрат-жігеріңді шыңдап қана қоймайды, сенің адамшылығыңның таразыланар тұсы да көп болады, соның бірін баяндайын...
Бір жылдан кейін президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалып, елге оралдым. Бір күні қызметте отырсам, менің көмекшім Ерсұлтан Бектұрғанов «Сіздің қабылдауға Д.Нұрахметов сұранып тұр», - деді де, оның өткен жылы мені парламентте қаралаған адам екенін есіме салды, мен ойланбастан «Кірсін» - дедім. Ол менің кабинетімнің табалдырығын аттады да бір тізерлеп отыра қалды, мен өзім мұндайды күтпегем, ыңғайсызданып «Тұр, тұр» - деп шынтағынан демедім, ол: «Аға, мен сіздің алдыңызда кінәлімін», - деді. Қазақта «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген сөз бар емес пе, диванға отырғызып, шай алдырып, әңгімеге тарттым. «Сен сол жолы Талдықорған жұртшылығының атынан сөйлепсің», - деп едім, «Аға, мен талдықорғандық емеспін, маған бір адам солай жаса деп тапсырма берді, мен соны орындаған едім, мен мойныма күнә алдым, кешіріңіз», - деді. Мен өзі мүжіліп, алдыма кішірейіп келіп азаматтық жасап отырған жанды аяп кеттім де, еңсесін көтергім келіп: «Мен сені баяғыда кешіргем, сен сол жолы дұрыс жасадың, әйтпегенде мен әлі вице-премьер болып жүре беретін едім, бүгін Президент әкімшілігінің жетекшісі болып қызметке тағайындалдым. Мұндайда «Все что не делается, все к лучшему» деуші ме еді», - орыстар дедім. Ол сәл де болса қанаттанғандай болды, сосын мен оған «өзін солай істеуге кімнің азғырғанын айт» деп қолқа салдым, әрі сен айтқан сырды тісімнен шығармаймын деп уәде бердім. Ол шындықты айтты, мен ол құпия жайлы әлі күнге дейін ешкімге тіс жарған емеспін.
Өмірдің осындай тосын сыйын да бастан кешірдік!
Естелік әңгімені жазып алған заңгер-жазушы Есберген Алауханов