Жұмыссыздықтан қашан құтыламыз?
2016 ж. 14 маусым
3167
2
Адам еңбегінсіз бірде-бір мықты деген әлеуметтік жүйенің өзі дами алмайды. Ой немесе дене еңбегімен әркім қажетті материалдық жағдайын жасап, күн көрісін қамтамасыз ете отырып, сол арқылы өзі өмір сүріп отырған ортаның өркендеуіне үлес қосады. Өкінішке орай, бүгінгі біздің қоғамда екі қолға бір күрек үнемі табыла бермейді. Тұрақты жұмысқа тұру тіптен қиындап кетті...
«ҚҰЛБАЗАРДАҒЫ» ҚАЛЫҢ ТОБЫР
Атау мен ат қою жағына келгенде біздің қазаққа жер бетіндегі ешқандай ұлт ұлтарақ болуға жарамайды. Мағынасы мен маңызын, түр-түсі мен болмысын бір-ақ сөзге сыйғызып жіберетінін қайтерсіз! Құнарлы да көркем, қарапайым да қасиетті қайран қазақ тілі, қадіріңді кетіріп жүрген де өзіміз ғой...
Сол нақты атаулардың бірі – «Құлбазар». Бұл биліктің арнайы қаулысынсыз-ақ өздігінен пайда болған жабайы «Жұмыспен қамту мекемесі» десек те болады. Алматыдағы аты елімізге жақсы танымал «Алтынорда» базарының дәп түбінен орын тепкен. Әрине, «Алтынорда» мен «Құлбазар» атаулары бір-біріне үйлесіп те, жарасып та тұрған жоқ. Дегенмен, міне ондаған жылдар жұмыссыздардың күнделікті азды-көпті нәпақасын табуға септігін тигізіп келеді.
Баспанасыздар пәтер іздейтін көше қилысына «Жетім бұрыш» деп атау бергендей, қарапайым халық арасында «Құлбазар» атанған бұл шағын алаң Құдайдың құтты күні бір босамайды. Жұмыс іздеушілер таң атысымен осында ағылады. Бәрін де күнделікті күн көрісіне тиын-тебен тапсам деген үміт жетелейді. Бірақ, бәрінің бірдей жолы бола бермейді. Қымбат көлік мініп, арзан жұмыс күшін іздеп келгендер алдымен жұмысшыларды өз іріктеуінен өткізіп, мұқият таңдайды. Ол істелетін жұмысқа байланысты. Кірпіш қалау, сылақ, дәнекерлеу жұмысына нағыз мамандар керек. Ал жер қазу, қоқыс тазалау сияқты қара жұмысқа жойқын күші барларды алып кетеді. Дәп сол баяғы құл иеленуші заманындағыдай «сатып алушы» шекелерінен шертіп жүріп таңдаса да ерікті. Бұдан кейін «Құлбазар» демей көріңіз. Рас, бір айырмашылығы – бұлар бос, аяқ-қолдарына кісен салынбаған, атқаратын жұмыстың бағасына да алдын ала келісе алады.
«Құлбазардың» өзінің тұрақты «тұрғындары» бар. Олар көбінесе қалада тіркеуі жоқ, бір кездерде еліміздің түкпір-түкпірінен жұмыс іздеп келіп, осы маңда тұрақтап қалғандар. Жақын жердегі Алғабас, Іргелі сияқты ауылдарда пәтер жалдап тұрады. Бұл ауылдарда қалаға қарағанда пәтерақы анағұрлым арзан. Әрине, ондай пәтердегі тұрмыстық жағдай да арзан бағаға сәйкес болып келеді.
Жұмыс іздегендей кейіп танытып келген біздерді «Құлбазарда» ешкім құшақ жая қарсы алған жоқ. Бұл жерде қазақтың қонақжайлылығы жүрмейді, өйткені артық бәсекелестің қажеті шамалы. Көлік келіп тоқтай қалғанда алдымен жұмыс берушіге жүгіретін де сол байырғылар. Олар бағасына келісе алмаса ғана барып басқаларға жұмыс берушімен сөйлесуге болады. Үлкен үйдің іргетасы орнын қазуға 25 мың теңгеге келіскен бес байырғы жұмысшы білектерін сыбанып аттанған соң қалғанымыз өз кезегімізді күтіп қала бердік. Жұмыс берушілер некен-саяқ, ал жұмыс іздегендер жетіп артылады. Қазір құрылыс маусымы қызғанмен, бұрынғыдай емес сұраныс азайған. Мұндағылардың айтуынша негізгі бәсекелестері – өзбектер еңбек нарығына кіргелі жағдайлары мәз емес. Өйткені көршілес шетелден келгендер кез келген жұмысты арзан бағаға істеуге әзір. Жаз бойы тапқан біздің ақшаға олар өз елінде бір жыл бойы жатып өмір сүре алады. Шетелден келген бәсекелестері бұларды ығыстыра бастаған.
Қасындағы алып базар ашылысымен пайда болған «Құлбазар» неше түрлі оқиғалардың да куәсі болғанға ұқсайды. Жабайы капитализмнің заңы өз дегенін істеді. Бір кездерде байлыққа құныққандар қарапайым жұмысшыларға тізесін батырып, өктемдік танытқан шақтар да орын алыпты. Апталап, таңның атуынан күннің батуына дейін қара жұмысқа салып, соңында бір тиын да бермей ұрып-соғып жәбірлеген байлардан бастарын әзер алып қашқандар да болыпты. Кейбіреулерін алыстағы шаруа қожалықтарына тура мағынасында сатып жіберіп, екі-үш жыл күштеп ұстаған жағдай да айтылып қалады. Кейін оларды құқық қорғау орындары арқылы әзер іздеп тапқан екен. Рас-өтірігін кім білсін, осыған ұқсас үрейлі, аңызға бергісіз әңгімелерді естігенде «Құлбазарға» қайтып барғың да келмейді. Бәлкім, бәсекелестердің бетін қайтарып, үркіту үшін әдейі айтылатын шығар.
Құлбазарлықтарды бірнеше топқа бөліп қарауға болады. Басым бөлігі бала-шағасын асыраудың қамымен жүргендер. Ас-суы салынған сөмкесін арқалағандардың екі көзі жолда. Жұмыс берушінің жолын тағатсыздана күтеді. Енді бірі уақыт өткізуге келетін сияқты. Жиналып алып карта соғып, соңғы тиын-тебенінен айырылып қайтады. Ішімдікке кет әрі еместер де табылады. Жұмыс іздегендердің қатарынан бірең-сараң нәзік жандыларды да байқап қаласыз. Олар көбінесе үй ақтау, бөлмелерді жуып тазалау сияқты қолдарынан келер іске ұмтылады. Қалай десек те бұлардың бәрі бүгінгі біздің қоғамның бір-бір өкілдері. Өз жерінде өгейдің күнін кешіп жүрген өзіміздің қаракөз бауырларымыз.
ТАРАМ-ТАРАМ ТАҒДЫРЛАР
Шыр етіп мына жарық дүниеге келген адам атаулының бәрі бірдей көрінгенмен олардың әрқайсысын өмір өз жолына салады. «Пешенеңе не жазылса соны көресің» деп аталарымыз айтқандай әркім тағдырдың өзіне тиесілі тартуын иеленеді. Біреулер ғұлама ғалым, біреулер шіріген бай болса, енді біреулер сіңірі шыққан кедейліктің күнін кешеді. Мына ала-шұбар қоғам ешкімнің маңдайынан сипап жатқан жоқ.
Зейнеткерлікке жасы жетеғабыл Жалғасбек (кейіпкерлердің аты өзгертілген) бұрындар білдей зауыттың білікті инженері болған екен. Кеңестік қоғам құлап, кәсіпорын жабылып, мыңдаған адамдар далада қалғанда осында алғашқылардың бірі болып келіпті. Қай жұмысқа да икемі бар болғандықтан құрқол қалып жүрмеген сияқты. Бала-шаға емес, енді немерелерінің жағдайын ойлайтын жасқа жеткенде бұл да оңай емес-ау. Мемлекет тарапынан берілетін зейнетақыға деген сенімі де аз сияқты.
Орта жасқа келіп қалған Қанатбек те «Құлбазарды» жетіскеннен жағалап жүрген жоқ. Бір кездерде ауылдағы үйін, мал-мүлкін түгелдей сатып келген отағасы алаяқтардың арбауына түсіп, оңбай ұтылған. Баспана салуға жер алып берем деген пысықайлар оны қу тақырға отырғызып кеткен. Жинап терген бар қаражатынан айырылып, енді бала-шағасымен пәтерден пәтерге көшіп жүр.
Ер азамат ауырсынар жүкті арқалаған Анар атты келіншекке те екі баласын асырау үшін жұмыс іздеп «Құлбазарға» қатынауға тура келеді екен. Құдай қосқан қосағы мынау кезеңнің қиындығына төзе алмай ішімдікке салынып, отбасын мүлдем ұмытыпты. Қайсар келіншек қандай да болсын ауыр жұмыстан тайсалатын емес.
Міне, «Құлбазар» басын қосқан адамдардың тағдыры осындай, тарам-тарам, тауқыметке толы болып келеді, оңай дей алмайсыз. Тау бөктеріне хан сарайындай коттедж салғызып қойып, айына бір рет те бас сұқпайтын байларымыздың өміріне тура қарама-қарсы, керісінше күн кешуде. Бүгінгі байлар мен кедейлерді осыдан жиырма бес жыл ғана бұрын әлеуметтік жағынан тең дәрежеде өмір сүрді деп айтудың өзі қиын-ау...
БІЗДЕГІ БАҒДАРЛАМАЛАР БҰҚАРАНЫ НЕГЕ ҚАМТИ АЛМАЙ ОТЫР?
Алдында айтқанымызға қарап, мемлекет тарапынан тұрғындарды жұмыспен қамту мүлдем қалыс қалған деуге болмайды. Бұл бағытта бірнеше арнаулы бағдарламалар қабылданып іске қосылған. Статистикаға сүйенсек 2015 жылдың желтоқсанындағы бағалау бойынша республика көлемінде жұмыспен қамтылғандар саны 8,6 млн. адам. Өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда олардың саны 55,5 мың адамға немесе 0,6%-ға артқан. Бір ғана Алматы қаласын алып қарайтын болсақ жұмыспен қамтылған халықтың саны 2015 жылы өсіп, 838 540 адамды құрады. Ал, бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда біршама жоғары. 2015 жылы жұмыссыздық деңгейінің 2014 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға азайғаны байқалады. Алматы қаласында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2011 жылы 24-маусымда Алматы қаласы әкімдігінің №2/400 қаулысымен «Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылғаны белгілі. Аталмыш мекеме жұмыссыздарды жұмыспен қамту, кәсіптік білім беру арқылы жұмысқа тұруға жағдай жасай алады. Қарапайым жұмыссыз жүрген адам болсаңыз өтініш білдіре аласыз. Тіпті білімін жетілдіре отырып, өз мамандығына сай жұмыс істей алады. Егер сіздің тұрғылықты жеріңіз болмаса, өзге өңірден келсеңіз де алаңдаудың қажеті жоқ. Алматы қаласы мәслихатының шешімімен 2010 жылғы 13 желтоқсанда бекітілген «Алматы қаласындағы тұрғын үй көмегінің көлемі және көрсету тәртібі жөніндегі ережеге» сәйкес жұмысшыларға тұрғын үй мәселесінде де көмек көрсетілмекші. Оған қоса жеке іс ашамын деушілерге несие де беріледі.
Олай болса неге бізде жұмыссыздар көп? Ресми ақпараттарға қарасақ жылына ондаған кәсіпорындар ашылып, он мыңдаған адамдар жұмысты болып жатады. Соның бәрін ескерсек бізде бүгін жұмыссыздық деген атымен болмауы керек еді ғой. Бірақ, неге екенін жұмыссыздықты жоя алмай отырмыз. Біріншіден, сол ресми ақпараттың ақиқаттан ауылы алыстау жатқаны байқалады. Жергілікті басшылар жоғарыға жалған ақпарат беруді әлі де доғармаған. Ал, Есеп комитетінің тексеулері керісінше көрсеткіштер береді. Бөлінген қаржы игерілмей, өз мақсатында жұмсалмай жатқанын айтады. Осыған қарап-ақ бізде жемқорлық, көзбояушылық кең етек алғанын көруге болады. Екіншіден, жаңағы бағдарламаларды іске асыру барысындағы түсіндіру немесе жарнамалау жағы өте нашар. Жұмыс орындарына арналған аукциондар, конкурстар баршаға жеткілікті жарияланбайды. Керек адам өзі тауып алады деген сыңайда отырады ұйымдастырушылар. Жұмыссыздық жайында аудандардан берілетін ақпараттар мұқият сарапталмайды. Үшіншіден, бұқара белсенділігі төмен. Жаңа мамандық игерейін, заман ағымына бейімделейін деген ниет жетіспейді. Аузыма салып берсін дегендей көзқарас қалыптасқан қоғамда. Оған қоса біздің қазақта намыс деген бар. Намыс болғанда да – жалған намыс. Мысалы, көше тазалығын іске асыратын кәсіпорындарда жұмыс күші жетіспейді. Олар қалалық тіркеуіне де қарамастан жұмысқа алуға дайын. Бірақ, оған көбісі құлықсыз. Бұл жұмысты қорлықпен бірдей көреді, жалған намыс деп отырғанымыз осы. Ал, шын мәнінде кез келген еңбек – құрметке лайық. Біз осыны бұқараға түсіндіре алмай отырмыз. Қағаз жүзіндегі емес, шын мәнінде істейтін өндіріс орындарын көбірек ашсақ, жаңағыдай жұмысшы мамандықтарын жеткілікті жарнамалап, олардың еңбегін марапаттай алсақ дәп осындай жағдай болмас еді. Сондықтан алдағы уақытта осы секілді кемшіліктерді түзей отырып, нақты жұмыс істегеніміз дұрыс. Сонда ғана жұмыссыздар саны азайып, әрбір отбасыға береке орнайды. Бәлкім, сол кезде «Құлбазардың» қажеті де болмай қалар...
Ысқақ САДЫҚ
Яссауи атындағы ХҚТУ-нің 3-курс студенті