ӘРБІР ДҮБІРЛІ ШАРА БИІК ЕЛДІК МҮДДЕГЕ БАҒЫТТАЛСА ИГІ...
2016 ж. 08 маусым
4696
0
Қарабура әулиеге арналған жылдағы дәстүрлі астың биылғы ерекшелігі оның екі бөлімнен тұрғандығы болды. Алдымен 3-маусым күні Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде «Мәңгілік ел» идеясы және түркілік ислам өркениетінің құндылықтары: Қарабура әулиенің тағлымы мен өнегесі» деген тақырып аясында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Бірақ, өтті деген тек аты ғана... Оған бірінші себеп – жиынды жүргізіп отырған белгілі сыншы, ғалым Құлбек Ергөбек мырзаның ғылыми конференцияны шоуға айналдырып жібергендігі болды. Әрбір шешеннің сөзінің арасында ол өзінің ой-пікірін бірнеше минуттан армансыз ақтарып, орынсыз әзіл-қалжыңға да орын беріп отырғандықтан, бағдарламаға сәйкес сағат 10.00-да басталып, 13.00-те, яғни, бар-жоғы үш сағатта аяқталуға тиіс жиынның алғашқы тура бір жарым сағаты құттықтауларды тыңдаумен кетті.
Кезек алған ұйғыр ғалымы Әділет Қаюмов:
– Мен баяндамамды қысқа түрде оқып шығайын, – деп еді, Құлекең оны:
– Конференцияның бұл бастауы ғана, ол үш күнге созылады, біз бүгін мұнда сағат 12.00-ге дейін боламыз, сіз кәзір құттықтау сөзіңізді айтыңыз, баяндамаңызды Созақта, Қарабура кесенесінің басында оқисыз, – деп, түзетіп қойды. Ал, бағдарламада «4-маусым, 10.00 – 11.00. Конференция қорытындысы» деген жазу ғана тұр. Соған қарағанда, Құлекең оны оқымаған да болуы керек. Оның үстіне өзі оңтүстіктің азаматы, Түркістанда қызмет істеп жүргеніне ширек ғасыр, кесене басындағы қарақұрым халық алдында ешқандай ғылыми конференция болып жарытпайтынын жақсы білетін жан. Өйткені, оның өзінің аты-ақ айтып тұрғандай, бұндай жиынға белгілі сала мамандарына ғана қатысады.
Ақырында залдан отырған көпшіліктің ішінен шыдамы таусылған бір азамат:
– Біз бұл жиынды дүркіретіп халықаралық ғылыми конференция деп атадық! Бірақ, ғылым жайлы бір жарым сағатқа жуық уақытта әлі бір ауыз сөз айтылған жоқ. Шетелден келген бауырлар біздің жұмысты ұйымдастыруымыз жайлы не ойлап кетеді? – деп айқай салды. Бірақ Құлекең елден естіген ескертуді шыбын шаққан құрлы көрген жоқ, көсіле сөйлеу арқылы өзінің көп білетіндігін қайта одан да әрмен жарқырата көрсеткісі келіп кетсе керек, «біздің құттықтау сөздеріміздің өзі баяндама ғой» деп алып, бірталай тақырыптың басын шолып,Бейімбет атамызша айтсақ, «шаршап барып» тоқтады. Осылайша қадірлі сыншы ұйымдастырушылардың отандық ғалымдарымызды ертерек оятсақ деген, әлі күнге дейін бір де біреуі Қарабура жайлы ғылыми атақ қорғамаған олардың тың тақырыпқа түрен салуына кішкентай болса да септігіміз тисе екен деген есіл еңбегін далаға жіберді. Тарихшылар осы жайтқа қатысты шынайы ой-пікірлерін ортаға салып, барды бар, жоқты жоқ деп айтып, ең бастысы босқа кеткен ширек ғасырдың есесін алдағы уақытта қай бағытта, қалай жұмыс істесек тезірек қайтара аламыз деген сұраққа жауап іздеуге тиіс қызу пікірталас тумай қалды...
Біздің бұл ойымыз кәсіби маман, тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаевтың баяндамасында толық көрініс тапты:
– Бұл жиынның мазмұны «ғылыми-теориялық конференция» деген атауға онша келіңкіремейді. Ғылыми деген атау терең де көлемді баяндаманы, ол баяндама бойынша қызу пікірталас дегенді білдіреді. Біз, сондықтан, бұл жиынды қоғамдық талқылау десек дәлірек болатын шығар.
Мен өзім былтыр «Қазақстан» телеарнасының тапсырмасы бойынша Қаратау бойындағы Бабай Түкті Шашты Әзіз бабамыз секілді әулиелер туралы, соның ішінде Қарабура туралы да деректі фильм түсірген болатынмын. Ол фильм үлкен экраннан көрсетілді. Айтайын дегенім, бізде Қарабура әулие жайлы ешқандай ғылыми монография жоқ. Тіпті, мақалалардың өзі де некен-саяқ. Біздің Қарабура жайлы түсінігіміз эзотерика деңгейінде ғана. Бүгінгі замандағы өмір жылдамдығы орасан зор. Ғылыми монография жазу үшін сіз кем дегенде 4-5 жыл өміріңізді соған арнауыңыз керек. Ал, ол оңай шаруа емес. Сол себепті, біз көбіне тез нәтиже алғымыз келеді де, жеңіл-желпі дүниенің соңынан кетіп қаламыз. Нақты деректерге тым көп негіздеп әуре болып жатпай, қаһарманды қолдан оңай жасай салғанды жөн көреміз.
Бұл мәселеде мен қырғыз ағайындарымызға алғыс айтқым келеді. Олар 1980-жылдары О.Қараев секілді ірі ғалымы бас болып, «Қараханидтер қағанатының тарихы» деген үлкен монография жазып шығарды. Соны негізге алып, ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Университеттеріне Жүсіп Баласағұнның, Махмұд Қашқаридың атын беріп жатыр. Соның арқасында қараханидтер өркениетіне ие болып отыр. Өзбек ағайындар да қараханидтер мәдениетіне қатысы бар тұлғаларды дәріптеп, ұлықтап отыр. Ал, біз болсақ, «сондай адамдар болған екен» деген деңгейден әлі көтеріле алмай жүрміз.
Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі конференцияны ұйымдастырған азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Тек бұдан кейін конференция ұйымдыстырар болсақ, оны ғылымдық негізге барынша жақындатып, бірнеше ғылыми еңбекті талқылау арқылы өткізу керек деген ұсынысым ғана бар. Мысалы, «Қарахан» атауы қайдан шықты, «Боғра хан» атауы қайдан шықты? Қарабура кесенесі неге Созақта тұр, неге ол Қашқарияда тұрған жоқ? Әйтпесе, олар өздерінше Ордукент деп атаған қараханидтердің алғашқы астанасы Қашқадарияда болды ғой.
Осы жерде бүгін «қара» сөзі батырлықтың,алыптықтың, күш-қайраттың нышан-белгісі ретінде суреттеліп жатыр. Сонымен қатар оның ел билеушілерге бұрын беріліп келген титул екенін де айта кетуіміз қажет. Және оның екінші мағынасы барын, ол кемелдіктің де синонимі екенін айтпай аттап кетуге болмайды. Аңыздарда көп айтылатын атақты Оғыз ханның әкесінің аты – Қарахан. Әбілғазы Баһадұр хан өз шежіресінде Қара хан кәзіргі Ұлытау мен Кішітауды жазда жайлады, қыста Сырдария мен Қарақұмды қыстады деп жазады. Демек, Қара хан осы біздің даламызда билік құрып тұрған адам. Қара ханның баласы Оғыз хан Мұхаммед пайғамбардан 3400 жыл бұрын патшалық құрған болатын деп жазады.
Сөздіктерге қарайтын болсақ, Фирдоуси жырлаған «Шахнәмедегі» Иранға қарсы соғысып өткен Тұр елінің патшасы Афросиаб деген атты қазақшалағанда Қара хан дегенді білдіреді екен. Тәуке ханның өз заманында Осман империясының билеушісі Ахмет сұлтанға 1715 жылы жазған хаты бар. Онда ол былай дейді: «Мен Афросиабтың ордасында, Афросиабтың тағында отырмын!» Яғни, қазақ шежіресі қазақты Афросиабтан бөліп қараған емес, керісінше қазақ билеушілері Афросиабтың жалғасы және Афросиаб Ташкентте отырған деп есептеген.
742 жылы Шығыс түрік қағанаты құлады. Оны құлатқан ұйғыр, қарлық және басмыл тайпаларының бірігуі еді. Олар сосын өз қағанатын құрды. Басмыл тайпасының кім екені, бұл атаудың қайдан шыққаны белгісіз. Мен өзім қазақтың бәсентиін тайпасының осы басмылға қатысы бар ма деп ойлаймын. Қарлықты да этникалық тұрғыдан емес, Л.Гумилев айтқандай «металл өңдеуші» дегенді білдіретін қаралұқ» сөзі тұрғысынан зерттеген дұрысырақ сияқты...
Қараңыздаршы, баяндаманың кішкентай үзіндісінің өзі қаншама ойға жетелейді. Дәл осы секілді тартымды ой айтқан екінші ғалым Зікірия Жандарбек болды. Ол қожа әулетінің бүгінгі күнге аман жеткен жазба шежіресі «Насаб-нама» секілді қазақи жадынамаларды пайдаланбай қазақтың төл тарихын жазу мүмкін емес деді.
Қарабура асының екінші ащы сабағына тоқтар болсақ, биыл Қарабура асын өткізуді мойнына алған Қоңырат тайпасының Құрбан ата ұрпақтары Созақтағы әулие жатқан кесененің былтыр құлап қалған кіші күмбезінің орнына әйнектен жеңіл жаңа күмбез қояды деп есіткенбіз. Жоқ, ондай жоба қолдау таппапты да, есесіне жаңа кіші күмбезді де, ескі үлкен күмбезді де алтынмен аптау керек деген шешім қабылданыпты (суретті қараңыз). Ол аздай олар Отырардағы Құрбан ата кесенесінің де күмбезін алтынмен қаптап тастапты... Өткен жылы Құрбан әулиеден тарайтын бес рудың (кейде алты ру деп те айтылады) әруақтарға арнап беретін жыл сайынғы дәстүрлі асында Құрбан ата ұрпақтарының жоғарыдағы ниетін естіген соң, сол жиында «әрине, ақша сіздердікі, не істеймін десеңіздер де ерік өздеріңізде, дегенмен, алтындауға қажет 18 млн. теңгені он сегіз дарынды баланы оқытуға жұмсасаңыздаршы» деген ұсыныс айтқан едік, оның ұнамағанын көріп отырмыз. «Байдың малын байғұс қызғаныпты» болмасын, ойына келгенін істеген орыстың көпестері секілді қазақтың бүгінгі қалталылары ақшасымен неге самаурынға шай қайнатып жарыспайды...
Бірақ, мешіттің, әсіресе, кесененің күмбезін алтындағаннан өлі әруаққа не пайда? Тірілерге оның қажеті қанша?! Қоғамға, ең бастысы болашаққа ол не береді? Кесененің төбесін алтынмен жапқаннан басқа ділгірлік атаулының бәрі шешіліп, елдің оқыған-тоқыған, бай-бағлан мырзаларына басқа айналысар ештеңе қалмаған ба?
Ислам да бұндай үрдісті қолдамаса керек. Діни басқармада осының қажеттігін түсіндіріп берер басшы, ғұлама молда немесе дінтанушы табылар ма екен?
Мақаламызды астың жарқын жағын айтып аяқтасақ деп отырмыз. Ол – соңғы жеті жылда түрлі облыстар беріп келген, Кіші жүздегі Тама тайпасының ұранына айналған Қарабура әулиеге арналған жиынды биыл қазақтың қабырғалы қырық үш тайпасының бірі Қоңырат елінің азаматтарының беруі. «Жақсы – ортақ» деген дана сөздің қарағай тамырлы қазақта тууы тегін емес. (Таудағы тасқа біткен биік қарағайды дауылда құлатпайтын күш – қасындағы қарағайлармен шатысып-бұтасып жататын тамыры). Бұл – аз қазақтың басын қосу үшін таптырмас үлгі болады, алдағы уақытта осы үрдісті Алатаудағы Дулат пен Арқадағы Арғын, Алтайдағы Найман мен Атыраудағы Адай, тағы басқалар іліп әкетеді деп ойлаймыз. Биылғы жиынның өзі сол мақсатпен ұйымдастырылған болатын.
P.S. Ендігі жылы Қарабура әулиенің асын қырғызстандық бауырлар өткізетін болды!
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz