Ақтөбе оқиғасы: Нұрсұлтан Назарбаев өз бақылауына алды
2016 ж. 06 маусым
2559
1
Ақтөбедегi жағдайды мемлекет басшысы бақылауына алды. Бұл туралы бүгiн үкімет отырысында премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мәлiм еттi, деп хабарлайды BNews.kz.
«Мемлекет басшысы бұл жағдайды бақылауына алды. Күш құрылымдары операцияны соңына дейiн жеткiзуi қажет. Әкiмдiктер мен барлық мемлекеттiк органдар тиiстi iс-шаралар қабылдауы керек. Алдағы уақытта қорытынды жасайтын боламыз. Яғни, бiздiң жұмысымызда олқылықтар бар болып шықты. Бiз бұл орайда iс-шаралар кешенiн қабылдауымыз қажет. Мен бұл сұрақты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке бақылауымда ұстайтын боламын», - дедi Мәсiмов.
Еске сала кетейік, кеше Ақтөбе орталығында қаруланған топ әскери бөлім мен қару-жарақ сататын дүкенге шабуыл жасап, алты адам қаза тапты. Оның екеуі - құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Осыдан соң, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды өте сақ болуға шақырып, антитеррорлық операциялардың жалғасып жатқанын жеткізді.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Ақтөбеде болған оқиғаға радикалды діни бағыттағы топтардың қатысы бар екенін растады.
Бүгінде Ақтөбе қаласы мен облысы аумағында интернет желілері өшіріліп, барлық дүкендер жабылды деп хабарлады аймақтағы NUR.KZ тілшісі. Қалада көлік азайып, әскерилер мен тікұшақтар көбейген.
Сол арада Iшкi iстер министрi Ақтөбедегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, тағы жеті қылмыскердiң көзi жойылғанын хабарлады.
Дерек көзі: BNews.kz