СӘКЕННIҢ СОҢҒЫ СУРЕТIН КӨРГЕНДЕ
2016 ж. 01 маусым
2933
0
Сұм заманның сұмдығы-ай,
Кeрмегендi кeрсетедi бiр құдай.
Сұңқар ақын, сұлу Сәкен суретiн
Көремiн деп ойлап едi кiм бұлай?
Анненковтың азап вагонындағы,
Кезi ме деп қарап едiм жылына, –
Қарып алдым жанарымды
Шындығыма, – шыңыма
1938 –ойран болған жыл екен.
Сұңқар көрiк қайда,
Қайда кешегi?..
Өн бойымнан ашу-ыза еседi,
Жүрегiмдi сұққылайды суық сeз –
Сол жылдардың өлiм сепкен eсегi.
Қайран ақын,
Қалай ғана қасiретке шыдаған?..
Қалай барған қарау қолдар мынаған?..
Өмiр бойы рухыңнан шошынып,
Ұйықтай алмай үркiп келген бiр адам;
Көре алмаған,
Көрсете алған сұм адам,
Ендi мына суретiңдi кeрген соң,
Өлiп кетпей қалай ғана жүр аман!..
Барлығынан қымбат болып бас қамы,
Қарау жандар қаралады басқаны,
Ардақ тұтар ақиығын ел қалай,
Айуанның аяғына тастады?!
Көрiп едiң көп қырғынын шайқастың,
Осы ма ендi...
Ойрандауда жүрегiмдi ой тасқын.
Азап вагон ажалынан асып едi айбының,
Онда бiрақ жаумен ашық айқастың.
Жау атандың жаудан қорғап елiңдi,
Қорлады ғой Iлиясты да – eр ұлды.
Қайсар Сәкен мұндай күйге түскенде,
Бейiмбеттей биязыны не қылды?
Халық үшiн бар күшiңдi арнадың,
Орындала бастап едi арманың.
Халық жазушысы атанар кезiңде,
Халық жауы атаныпсың, ардағым...
Естiп тұрмын сол жылдардың зарлы әнiн,
Қанша дарын ажалына,
Қара машинамен ғана барғанын.
Кешпейдi ұрпақ көш бастаған көсемдi
Кешкенi үшiн етiгiмен ел қанын!
Қарап тұрсың жанарыңа толып мұң,
Қайралдың да, қайғырдың да, торықтың.
Сол жылдардың сұмдығының куәсi –
Саған қарай беруге де қорықтым...
Дәл осы сәт үрей буып бойымды,
Адамдарға сенуге де қорықтым...
Қандай қазақ десе ұялмас ажарың,
Таңдай ғажап болғандығын жазамын.
Жұлыныпты қара шашың,
Сұлу мұртың сұйылып,
Көргеннен соң тағдырдың бұл мазағын,
Айтып тұрсың ендi мiне, тән мен жанның азабын.
Кең дүниеден қапасқа кеп бұлай тар,
Наһақ күйiп кеткендiгiң,
Ашындырып мұңайтар,
Туған елдiң туы болар ақынды,
Туған елдiң тұтқыны деп кiм айтар...
Тәкаппар ең қарайтын ел тамсана,
Төтепсiң-ау қанды азапқа қаншама.
Сонда дағы сынбай қыры жағаңның,
Сырбаз тұрсың, жағадан жау алса да.
Қарап тұрсың,
Қара күйе аққа қалай жұғарсың, –
дедiң бе әлде артымдағы ел ұғарсың.
Кешегi азап вагонында жау қолынан өлгенiм,
Артық едi деп те тұрған шығарсың...
Дұшпан көрген өз елiң ғой жыр қылған,
Соңғы сәтте түңiлдiң бе,
Күттiң бе үмiт бұлдырдан?
Жалты тұнып қалыпты ғой жалғанның,
Жанарыңда Шындық үнi шыңғырған...
Ақын жүрек болашаққа,
Баршаға,
Сенiп едi, тектiлiкпен соншама,
Үмiтiңнiң көрем бе деп үзiгiн,
Қарап едiм жанарыңа,
Қарау қиын болса да, –
Қайран ақын күдер үзбес үмiттен,
Сенiң аппақ тiлегiңнен,
Жүрегiңнен үрiккен.
Жаныңдағы жау екенiн бiлiп пе ең?!
Солар ма әлде сенiмiңдi үгiткен–
Жараланған көздерiңмен дәл қазiр,
Жасын зорға iрiккен –
Маған да сен қарап тұрсың Күдiкпен!..
Қазыбек ИСА
1986 жыл