Апталық ауыс-түйістер: Кім қайда барды?
2016 ж. 28 мамыр
2259
0
Осы аптада осыдан біраз уақыт бұрын ғана құрылған Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жаңа вице-министрі тағайындалып, Алматы қаласына қарасты екі ауданның әкімдері ауысты. Мұнан өзге де бірен-саран кадрлық ауыс-түйіс жүргізілді. Мәселен, Атырау облысы әкімінің орынбасары тағайындалып, осы өңірге қарасты бір ауданға жаңа басшы келді. ҚазАқпарат апта ішіндегі оы және өзге де кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен, Сәкен Сәрсенов ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі болып тағайындалды. 1977 жылы 2 ақпанда дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік авиация институтын, Еуразиялық гуманитарлық институтын бітірген. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникацилар министрлігінің Көліктік бақылау комитетінің жетекші маманы ретінде мемлекеттік қызметке тұрды.
Қазақстан Республикасы радиожелілік спектрін қолдануды бақылау мәселелерімен айналысты. 2000 жылдың қараша айы мен 2003 жылдың қазан айы аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы жүйелерін ақпараттандыру орталығы» РМК ақпаратты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істеді.
Министрліктің ақпараттық жүйелері мен ресурстарын Қазақстан Республикасында тұңғыш рет енгізілген адаптивтік қауіпсіздік технологиясын қолданумен қорғауды ұйымдастыру мәселелеріне жетекшілік етті. 2003 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды, мұнда ұлттық ақпараттық инфрақұрылым мен «электрондық үкіметтің» инфрақұрылымын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында жобаларды іске асыру мен мекемеаралық ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу мәселелерімен айналысты.
Сол кезеңде «Жеке тұлғалар», «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базалары, электрондық үкімет порталы, жылжымайтын мүлік регистрі, электрондық құжатайналымының бірыңғай жүйесі іске қосылды. 2008 жылдың сәуір айы мен 2009 жылдың қазан айы аралығында «Қазақтелеком» АҚ-ның электрондық қызметтер жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеді.
Бизнес-жобаларды дамыту мен Қазнетте жаңа интерактивтік және транзакциялық қызметтерді жасау бойынша жетекшілік етумен қатар ҚР-да электронды оқыту жобаларын іске асыру мен ұялы WiMAX технологиясының негізінде желі құру мәселерімен айналысты. Телекомнан инфокомға көшу тұжырымдамасын әзірледі.
2009 жылдың қыркүйегінен бастап 2010 жылдың 30 наурызына дейін - Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары. Қылмыстық істердің электронды тіркеу жүйесін (электрондық ӨЕҚ) әзірлеп енгізді. 2010 жылдың наурыз айы мен 2012 жылдың қаңтар айы аралығында - Қазақстан Республикасының байланыс және ақпарат министрлігінің вице-министрі. Дәл осы кезеңде, 3G қызметтері, цифрлық спутниктік және эфирлік теледидар іске қосылды, сондай-ақ, 2011 жылдың 11 наурызында осы мекемеге тапсырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жаңғыртылып автоматтандырылды. 2012 жылы 1 ақпанда Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрлігінің вице-министрі болып тағайындалды (№180 01 ақпан 2012 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы). Бұл лауазымда байланыс қызметтерінің тарифтерін төмендету мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстарын жалғастырып, 4G-дің іске қосылуын, MNP жобасының басталуын және де автомобиль иелеріне арналған арнайы ХҚКО-ларының ашылуын бақылады. 2014 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. ХҚКО, электрондық үкімет, IT және телекоммуникация салаларын дамытумен айналысты. 2014 жылдың 18 тамызы мен 2016 жылдың 21 мамыр айының аралығында Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің вице-министрі болды.
Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Атырау облысы әкімінің шешімімен өңір басшысының орынбасары болып Әлібек Наутиев тағайындалды. А. Наутиев 1963 жылы туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Зоотехник. Кейін қаржыгер мамандығын игерді. Еңбек жолын ветеринар болып бастады. Комсомолда, экономика комитетінің төрағасы, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен. Қызылқоға, Құрманғазы және Індер аудандарының әкімі болды.
Айта кетерлігі, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Шыңғыс Мұқан өз еркімен жұмыстан кеткен болатын.
Атырау облысының Махамбет ауданы әкімінің қызметіне Әлимұхаммед Құттымұратұлы келді. Ол 1983 жылы туған. 2007 жылы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетті, 2012 жылы қазақстандық-ресейлік халықаралық университетті тәмамдады. Экономист, заңтану бакалавры. Еңбек жолын 2004 жылы «Ара-А» ЖШС-да жабдықтаушы болып бастады. 2008-2010 жылдары - БҚО әкімі аппаратының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бас маманы, экономика және бюджетті жоспарлау мәселелері бойынша бас маманы. 2010-2012 жылдары БҚО әкімі аппаратының жалпы бөлімінің меңгерушісі, кейін Орал қаласы әкімінің орынбасары. 2012-2013 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы. 2013 жылдан 2016 жылға дейін Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек қалалық мәслихаттың VI кезектен тыс сессиясында Медеу ауданының әкімін тағайындады. Аталған лауазымға Ержан Жылқыбаев келді.
Ержан Жылқыбаев 1982 жылы ОҚО-да дүниеге келген. 2003-2004 жылдары ОҚО экономика департаментінің бас маманы, 2007 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бөлім басшысы, 2007-2009 жылдары Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі, 2009 жылы ШҚО әкімінің көмекшісі, 2014-2016 жылдары ҚР Президенті әкімшілігі бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарып келген.
Алматының Наурызбай ауданының әкімі болып Сайран Сайфеденов тағайындалды. Ол 1974 жылы БҚО-да дүниеге келген. 2006 жылдан бастап Алмалы ауданындағы ұйымдастыру және кадрлық басқармасында бас маман болып жұмыс істеген. 2008 жылдың тамызынан Алматы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадрлық басқармасында бас маман қызметін атқарған. 2009 жылдың маусымынан Әуезов ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.
Ақылбек Ихданов «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшысы болып тағайындалды. Ақылбек Жәмелұлы Ихданов Алматы Халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары ҚР Еңбек министрлігінде, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау бөлімінде еңбек еткен. ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының жетекшісі болып жұмыс істеді. 2009 жылдың сәуір айынан бастап «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі ретінде қызмет атқарған. 2009 жылдың маусым айынан бастап «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты партиялық ұйымдастыру жұмысы департаментінің директоры. 2011 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы Аппаратының жетекшісі болды. Партия аппараты басшысы қызметіне тағайындалғанға дейін А. Ихданов ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды. «Құрмет» орденімен марапатталған.
Дерек көзі: ҚазАқпарат