Сахна сардары 80 жаста!
2016 ж. 26 мамыр
5272
0
Қазақстанның Халық артисі Сәбит Оразбаев 80 жаста
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ұлттық сахна абызы, көрнекті өнер қайраткері Сәбит Оразбаевтың 80 жасқа толуына арналған салтанатты кеш өтті. Сәбит Қоңырбайұлы бұған дейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қабылдауында болып, отандық театр өнерінің дамуына қосқан елеулі үлесі, бейбітшілікті, достық пен қоғамдық келісімді нығайтуға сіңірген еңбегі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған-ды.
Мерейойлық шарада алғаш сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысының Құттықтау хатын жеткізді.
Осы тұста қазақ өнерінің қарашаңырағындағы ұлттық сахна шеберіне арналған кешті ұйымдастыруға Алматы қалалық әкімдігінің мұрындық болғанын айтуға тиіспіз.
Шара барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин де сахна төрінен табылып, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ қаламгерлер қауымының атынан жүрекжарды лебізін жеткізді. Әрі қазақтың ата салтына сай сахнагердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Мерейтой иесіне жыр арнады.
Алматы облысының әкімі Амандық Батталовтың мерейтой иесіне деген құттықтау лебізін облыс әкімінің 1-ші орынбасары Ләззәт Тұрлашев оқып берді. Сонымен бірге ақ тілектер ақтарылған осы күні ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми, Парламент Сенатының депутаты Нұртай Әбіқаев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов, ОҚО-ның әкімі Бейбіт Атамқұлов, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтардан Сәбит Оразбаевты сексен жасымен құттықтаған арнайы хаттар келіп түсті.
Өнер иесінің бозбала шақтан бірге жүріп, бірге тұрған досы КСРО Халық артисі, КСРО, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Асанәлі Әшімов: «Мен шынымды айтсам, сөзді неден бастарымды білмей тұрмын. Жүргенімізді айтсақ па екен, тұрғанымызды айтсақ па екен? Сәбең екеуміздің бастан кешкен қызықтарымызды тіпті сала-салаға бөліп қарауға болады. Біз Сәбең, Райымбек мен үшеуміз жолдас болдық. Оқуда да, театрда да бірге жүріп, бірге тұрдық. Бірге сахналас болдық. Үшеуміздің де аналарымыз әрбір қойылымнан қалмай келіп, тамашалаушы еді. Осылайша небір бақытты күндерді бастан өткердік. Аллаға шүкір, балалары мен отбасының, қалың елі қазағының алдында дін аман, сол баяғы сырбаз қалпынан танбай келе жатқан Сәбеңдей сахнагер шын бақытты деп ойлаймын. Барлығыңызға Сәбиттің бақытын тілеймін!» деп өз тілегін әдемі әзілге ұштастырды.
Кеште Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, депутат Сауытбек Абдрахманов сөз алып, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Құттықтау хатын табыстады.
Сондай-ақ, осы күні ОҚО Мәслихатының хатшысы Қамытбек Айтөреев, «Оңтүстік Ақшамы» газетінің бас редакторы Ербол Кәрімұлы, Төлеби ауданы әкімдігінің атынан Оралбай Сүттібаевтар арнайы келіп, өңір жұртшылығының өнер майталманына деген ізгі тілегін жеткізді.
Жиын барысында Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық академиясының Дәстүрлі ән кафедрасынан Сәуле Жұмабай, Актерлік бөлімінен Қасымбек Демеуов сынды екі бірдей үздік студентке Әуезов театры тағайындаған Сәбит Оразбаев атындағы арнайы стипендия салтанатты түрде табысталды. Жас өнерпаздар осынау сыйды Сәбит Қоңырбайұлының өз қолынан алды.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Әуезов театрының директоры Ерлан Біләл: «Ардақты абызымыздың тойын алты Алаш тойлап жатқаны біз үшін де үлкен қуаныш. Осындай жақсы кезеңде өмір сүріп жатқанымыз, көңіл көрігімізді жарастырып бірге жүргеніміз үшін де біз өзімізді бақытты санаймыз» деп қуанышын бөлісті.
Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің өнерпаздары күмбірлете күй тартса, «Қоңыр» тобы шырқаған «Туған жер», «Алашұлы» әуелеткен «Елім менің» әні де кеш шырайын кіргізе түсті.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz