Дәретханадан табылған нәрестеге қазақтың біртуар қызының есімін беру қаншалықты дұрыс?
2016 ж. 23 мамыр
2705
2
Ақтөбеде дәретханадан табылған сәбиге қазақтың мақтанышына айналған батыр қыз Мәншүк Мәметованың есімін бергені осыдан біраз бұрын БАҚ-та жария болғаны белгілі. Әзірге нәрестенің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ол 20 мамыр күні “Үміт” сәбилер үйіне жіберілді. Бұл жөнінде облыстық перинатальдық орталық дәрігері Айымгүл Әлиева айтты. Дәрігердің айтуынша, сәбидің жағдайы қанағаттанарлық. - Перзетханаға әкелген кезде дене температурасы 31,2 градус болды. Яғни, бұл қалыпты дене қызуымен салыстырғанда өте төмен. Қазір жағдайы жақсы. Салмақ та қосты. Қазір ол 3 келі 350 грамм болды. Барлық құжаттары дайын. Бүгін “Үміт” сәбилер үйіне жібереміз,-дейді Айымгүл Шынтасқызы. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір апта бұрын Ақтөбедегі жеке үйлердің бірінің дәретханасынан нәресте табылған еді. Безбүйрек ана қапқа салып, нәжіс арасына тастаған сәбиді қала тұрғыны Молдағали Орынбасаров тауып алған. Алты баланың әкесі дәретхана шұңқырынан тауып алған сәбиді асырап алуға да ниет білдірген. -Әзірге бұл ниетім жүзеге аспайтын секілді. Өйткені, үш бөлмелі үйде 8 адам тұрып жатырмыз. Ал заң бойынша, адам басына 18 шаршы метрден тиесілі екен. Яғни, асырап алуға үй жағдайы сай емес. Алайда бұл ниетімізден бас тартпаймыз,-дейді Молдағали Орынбасаров. Дәрігерлер тастанды сәбиге Мәншүк Мәметова деген ат қойған. Полицейлер көкек ананы әлі де іздестіріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Баласын дәретхана тесігіне тастаған безбүйрек әйел табылған жағдайда, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін - деп жазады kerek-info.kz
Ал бүгін ғана "Қазақ үні" газетінің жеке поштасына хат жазған Өміржан Қалиев есімді азамат тастанды сәбиге батыр апамыздың есімін бергенге қарсы екенін білдіреді. Ол өз хатында. "Туалеттен тауып алған нəрестеге қандай адам Мәншүк Мәметованың атын, фамилиясын беріп жүр? Батыр апамызды мазақ еткені үшін сотқа беру керек." - деп жазады.
Әрине, намысты жігіттің сөзіне еріп, біз күнәсіз сәбиді кінәлаудан аулақпыз. Дегенмен, бір ұлттың мақтанышына айналған қаһарман қыздың есімін дәретханадан табылған тастандыға беру қаншалықты дұрыс? Құрметті оқырман, өздеріңіз сараптап көріңіздер.
qazaquni.kz