Полицейлер үшін министр Қасымовтың сөзінің құны көк тиын болғаны ма?
21-мамыр Қазақстан тарихында қалатыны сөзсіз. Ешкімді алаңға шығуға үгіттемедім. Өзімнің демократиялық құқығым бойынша, ҚР Қылмыстық және әкімшілік кодекстерінде көрсетілген ережелерді сақтай отырып алаңға бардым. Мен журналистпін. БАҚ туралы заңда көрсетілгендей менің ақпарат алуға және таратуға мүмкіндігім бар еді. Алайда, Алматыдағы жағдай астаң-кестең, алағай да, бұлағай болды. Мен не көрдім, не істедім? Билік ше?
Әуелі, Қазақстан азаматтарының Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi заңда бекітіліп берген еді (
http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U950002126_). Жұрт алаңға «героантократиялық» билікті құлату, немесе мемлекеттік төңкеріс жасау үшін шыққан жоқ еді. Мәсімов Үкіметінің «Жерді сату және жалға беру» туралы шешіміне наразылығын билікке жеткізу еді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл шешімге мораторий жариялағанымен, бұл мәселеде соңғы шешімді жаңадан құрылған «Жер комиссиясы» ұсынатыны тағы белгілі. Алғашында 75 адамнан құрылған комиссияның екі мүшесі Мақсат Ілиясұлы мен Макс Боқаев мүшеліктен өз еріктерімен шыққаннан соң, оларды ІІД қамауға алды. Ал комиссия құрамында қалған азаматтық қоғамның аз өкілі дауыс билікшіл құрамның басым дауысына төтеп бере алмайтыны тағы рас. Демек, ондағы ахуал түсінікті. Халық та, қазір ақпараттан мақұрым емес. Осының бәрін көріп-біліп отырған алматылық жұрт алаңға жиналып, Бауыржан Байбек мырзаға арыз-талаптарын қоймақшы еді. Өкінішке орай, билік диалогқа келмеді. Өтірік болса, айтыңыздар. Алаңға халықтың талап-тілегін тыңдауға кім келді?
Екінші мәселе, алаңдағы оқиғаларды түсіріп, ақпарат таратуға нөпір журналистер де келді. Беттеріне бетперде кигендер (ОМОН, полиция) көзіне көрінген, қолына ұсталған адамды көліктерге күштеп тығып, Алматыдағы түрлі АІІБ бөлімшелеріне жеткізді. (Алмалы, Түркісіб т.б.) Осы нөпірдің ішінде алматылық оншақты журналист те бар еді (Тоқтарәлі Таңжарық, Қасым Аманжолұлы, Мақсат Толықбай, Асылхан Мамашұлы, Нұртай Лахан т.б.)
Ал кеше ғана мәлімдеме жасаған Ішкі істер министрі генерал Қалмұхамбет Қасымов
«журналистерді қамамаңдар, жіберіңдер» демеп пе еді? Сонда, ІІМ өз сарбаздарына өз сөзін тыңдата алмағаны ма? Дәлірек, алматылық полицейлер үшін министр Қасымовтың сөзінің құны көк тиын болғаны ма? Жоқ, бүгін ІІМ, Әкімшілік полициясының өкілі Игорь Лепаха журналистердің ұсталуын жәй ғана «түсініспеушілік» деді (
https://www.nur.kz/1135364-v-mvd-nazvali-zaderzhanie-zhurna…)
Жә, оған да көндік. Сонда алаңдағы оқиғаларды түсіріп жүрген журналистердің кәсіби жұмысына кедергі келтіргені үшін шығынды Қ.Қасымов басқаратын ІІМ өтеп бере ме? Әлде, ІІМ солдаттары (ОМОН, полицейлер) ҚР БАҚ туралы заңына түкіргендері бар ма? (
http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z990000451_).
Алаңға жұрт жиналды. Жүрт ішінде мен де тұрдым. Өктем билік өгей әкедей, халықтың құқығын таптап, езгілеп, жаншылап, көліктерге сүйреп жатты. Ұсталдым, сытылып шықтым. Өзіме берілген мүмкіндікті (ҚР ҚК, ӘК, БАҚ туралы заңдар негізінде) пайдаландым, журналист екенімді айтып, берілген жоқпын. Бірақ... Ұсталғандар қаншама?!
Бейбіт мақсатта алаңға шыққан жұрттың көздегені не еді? Көздегені билікпен диалог құру. Бірақ, билік мұны қаламапты. Қаматты.
Үшінші, біз құқық қорғаушылары деп жүрген, шен таққан полицейлер құқық қорғаушы емес, құқық бұзушы болып шықты.
Оған да бүгін көзіміз жетті. Бейбіт жұрттың құқықтарын аяққа таптаған полицейлерге енді кім сенеді? Биліктің жауабы: «олар тыныштықты қорғау үшін келді алаңға». Сұрақ: кімнен? Халықтан ба? Билікті халықтан қорғау үшін бе? Дөп солай. Сонда биліктің негізгі құрылымы қандай? Билік кім үшін? Халық үшін емес пе еді? Ашық диалогтан жалтарған биліктің қулық-сұмдықтары әлі де әшкерелене жатар. Айтпақшы, алаңға шығып, ұсталғандардң әлеуметтік желілерге таратқан бейне жазбаларында полицейлердің ұсталғандарға күш қолданып, соққыға жыққандығы айтылады. Өкінішті жағдай.
Бұған қатысты БҰҰ мәлімдеме жасап, Қазақстан билігінен азаматтардың сөз бостандығы мен журналистердің құқығын бұзбауға шақырды (
https://www.facebook.com/azattyq/?fref=ts). Демек, бүгінгі жағдай әлем наразына ілінді.
БҰҰ немесе шетелдік БАҚ десек, Қазақстандағы халықтың демократиялық құқығын аяқа таптап, көпе-көрнеу жала жапқан Еуразия арнасы еске түседі. Кеше арандатушы арна тағы да ақпарат таратты (
http://www.1tv.kz/ru/news/video20052016/glavnye/1). Республика мен Алматы алаңдарының маңайынан жарылғыш заттар табылды деді. Кеше аталған ақпарат пайда болған соң, мен Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекпен жедел сұхбат жасадым. Сол жерде, мен "мынау қолдан ұйымдастырылған ақпарат" екендігін тікелей айттым. «Жоқ, басымыз екеу емес қой»,-деді Салтанат Әзірбек. Өкінішке орай, Салтанат ханым кім хабарлап айтқанын ашып айтпады. «Халық»,-деді бар болғаны. Бес адамның тұтқындалғанын айтқанымен, олардың кім екендіктерін қанша қазбалап сұрағаныммен айтқан жоқ. Демек, әзірге олардың кім екендіктері белгісіз. Жаңалықтарда арматура, темір-терсектер, жанармай құйылған бөтелкелер мен қару-жарақ көрсетілді. Яғни, алаңға келетіндер дәл осындай жабдықталып келеді деген мәлімет жетті.
Ал кәне, айтыңыздаршы, бүгін алаңға шыққан халыңтың тым болмаса біреуінен жоғарыда аталған тектес заттар табылды ма? Ұсталғандардың тым болмаса біреуінен қару тәркіленді ме? Жоқ, халықтың мақсаты да бұл емес еді. Өкінішке орай, әлгі арна тағы да жалған ақпарат таратқан еді.
Құрметті бауырлар, мен билікке қарсы немесе қандай да бір саяси топтың мүшесі емеспін. Өзімнің азаматтық позициям бар, қатардағы журналистпін.
Кұрметті Қалмұхамбет Қасымов мырза!
Бірінші кезекте мен халықпын. Біз халықпыз. Бізді қудалауды, қамауды, бізден арандатушы, билікті жөккеруші жасауды доғарыңыздар!
Халық билікке қарсы емес. Керісінше, биліктің халыққа келуін, ашық диалогқа шығуын ғана қалайды.
Жері үшін, Елі үшін, керек болса Елбасы үшін алаңға шыққан халықтан қылмыскер жасаудың керегі қанша?
Құрметті министр мырза! Мына сұрақтарыма жауап беріңіз! Сіздер кімнің құқығын қорғайсыздар? Кімдерден? Алаңға шыққан халық кім еді? Полицейлер мен ОМОН неге ҚР Конституциясындағы ережелерді ескермеді? Ол үшін кім жауапты?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Фейсбук парақшасы