ІІМ: Журналистердің тұтқындалуы түсінбеушілік болды

ІІМ Əкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха елордада тұтқындалған азаматтар мен журналистерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Bnews.kz.

ІІМ: Журналистердің тұтқындалуы түсінбеушілік болдыИГОРЬ ЛЕПЕХА. ФОТО NUR.KZ
«Мен бүгін болған оқиғаға қатысты түсініктеме бергім келеді. Азаматтардың бір тобы кезінде Астанадағы «Бəйтерек» алдында митинг өткізуге өтініш білдірген болатын. Алайда, Астана қаласының əкімдігі бұл митингті өткізуге рұқсат берген жоқ. Сондықтан азаматтардың бүгінгі əрекеті заңсыз. Митинг рұқсат етілмегеннен кейін жергілікті атқарушы орган мен құқық қорғаушылар, прокуратура өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді», - дейді Комитет төрағасы. Сонымен қатар, Игор Лепеха интернеттің қырағы бақылауда болғандығын атап өтті. Себебі, кейбір топтар әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. «Адамдарды митингке қатыстыру әрекеті болды. Интернеттегі кейбір жазбаларға қарағанда оларды жер мәселесі қызықтырмайтыны белгілі болды. Оларды басқа мәселелер мазалайды. Біздің жорамалымызша, егер митинг өтетін болса, полиция қызмкеткерлеріне қарсы арандатушылық әрекеттер мен қақтығыстар болушы еді», - дейді ол. Сондай-ақ, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, Алматыда табылған заттардың митингтің бейбіт түрде өтпейтінінің дәлелі екенін айтты. «Сондықтан біз жеке құрамды күшейтілген жұмыс тәртібіне ауыстырдық. Заң аясында қоғамдық тәртіптің бұзылмауына жағдай жасадық», - дейді Лепеха. Әрі Игорь Лепеха тұтқындалған БАҚ өкілдеріне қатысты түсінбеушілік болғандығын айтты. Әрі ол алдағы уақытта мұндай жағдайдың болмауы үшін құзырлы орган өкілдері тарапынан тиісті шаралар жүргізілетінін тілге тиек етті. «Өздеріңіз білесіздер, полицияның басты міндеті – митинг туралы заңды сақтау болды. Біз бүгін митингті болдырмау үшін жұмыс істедік. Алайда, азаматтардың бір тобы заңсыз митинг өткізу үшін әрекет жасады. Сондықтан оларды полиция қызметкерлері тұтқындады. Олардың жеке басына қатысты деректер анықталғаннан кейін олар қамаудан босатылды. Иә, өкінішке қарай тұтқындалған азаматтардың арасында журналистер де болды. Бірақ, мен бұл әрекеттің әдейі істелмегендігіне сенімдімін. Яғни, түсінбеушілік болды. Алдағы уақытта қызметкерлеріміздің бұл әрекетіне талдау жүргіземіз. Әрі мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тиісті шараларды қолға аламыз», - дейді төраға.