Апталық жаңа тағайындаулар: Кімдер қайда барды?
2016 ж. 21 мамыр
2675
0
Жер дауысына байланысты қызметінен өз еркімен кеткен Ерболат Досаевтың осы аптада «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингін басқаратындығы белгілі болды. Мұнан бөлек, Елбасының баспасөз хатшысы тағайындалып, жаңа Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы өз қызметіне кірісті. «ҚазАқпарат» апта ішінде орын алған осы және өзге де тағаындауларға шолу жасайды.
Сонымен, Мемлекет басшысының Өкімдерімен Айдос Ыдырысұлы Үкібай Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы, Әділ Қапанұлы Тұрсынов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі, Жанат Мұратұлы Қожахметов Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.
ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев министрлік ұжымына жаңа тағайындалған вице-министрРоман Склярды таныстырды. Роман Скляр Павлодар монтаж техникумын, Павлодар мемлекеттік университетін, Мәскеу қазіргі заман бизнес институтын, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Ол әр жылдары Павлодар қаласы мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы, аппарат басшысы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, Астана қаласындағы энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры, Павлодар облысы әкімнің орынбасары, бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар вице-министрі, «Қазақстан Темір жолы» ҰҚ» АҚ вице-президенті қызметтерін атқарған. 2016 жылғы наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы болды.
Еліміздің бұрынғы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі басқармасының төрағасы болып тағайындалды. Е.Досаев 1970 жылы 21 мамырда Алматыда туған. Н.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесін, Алматы энергетикалық институтын бітірген «Тұран Әлем Банкі» ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «АТФ Банк» ЖАҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, ҚР Қаржы вице-министрі, Қазақстан Даму банкі Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы министрі, Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушысы, ҚР Ұлттық Банкінің Басқарма мүшесі, ҚР Денсаулық сақтау министрі, «Қазинвестбанк» АҚ Директорлар Кеңесінің Төрағасы болды. 2012 жылғы 25 қыркүйектен ҚР Экономикалық даму және сауда министрі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі қызметтерін атқарды. Отставкаға кеткенге дейін еліміздің Ұлттық экономика министрлігін басқарды.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров ҚР Қорғаныс министрлігінде әдеп бойынша уәкілетті лауазымды тұлға болып тағайындалды.
«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрайымы лауазымына Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Алмагүл Ахметжанова тағайындалды. 2016 жылғы 18 мамыр күні Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Хабар» Агенттігі» АҚ ұжымына жаңа басшыны таныстырды.
Алмагүл Ахметжановаға дейін осы лауазымда болған Айдос Үкібай 2016 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Президентінің баспасөз хатшысы болып тағайындалған болатын. Алмагүл Ауғалиқызы Ахметжанова 1975 жылғы 4 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. ҚазМҰУ 1998 жылы «Әлеуметтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Магистр дәрежесі бар. Алмагүл Ахметжанова Агенттіктегі өз еңбек жолын 1999 жылы редактор және продюсер қызметінен бастады. 2002 - 2004 жылдары бағдарламалар дирекциясының жетекшісі, 2005 - 2011 жылдары бағдарламалар дирекциясының директоры, 2012 жылдан бастап күні бүгінге дейін - Басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымында қызмет етті.
«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Әлихан Смайыловты Директорлар кеңесі жанындағы Трансформация бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылау комитетінің мүшелігіне сайлауға шешім қабылдады.
Әлихан Смайылов 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметін атқарады және «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. Түрлі кезеңдерде ол Қазақстан Республикасының Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінде, Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінде, «Экспорттық кредиттерді және инвестицияларды сақтандыру мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамында жетекші қызметтерді атқарған. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасының сыртқы істер және қаржы вице-министрі болды. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдерімен, «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» II дәрежелі медалімен марапатталған.
Сонымен қатар, Директорлар кеңесі отырысының барысында, Талғат Сәрсенбаев «Самұрық-Қазына» мен оның компаниялары тобының омбудсмені болып тағайындалды. Корпоративтік орталықтың омбудсмені қызметін бұған дейін Қордың корпоративтік хатшы қызметінің жетекшісі-Корпоративтік хатшының орынбасары Жәрдем Құрманғазиев қоғамдық негізде атқарып келген.
Талғат Сәрсенбаев - заң ғылымдарының докторы, профессор. Сонымен қатар, Nazarbayev University Executive MBA дәрежесі бар. «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Ғылыми-консультативтік кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Кеңесі жанындағы біліктілік комиссиясының, Қазақстан заңгерлері одағының мүшесі. Сондай-ақ, «Фемида» халықаралық заңгерлік сыйлығының иегері. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ Құқықтық мәселелері жөніндегі бас директоры-Басқарма мүшесі лауазымында жұмыс істеді.
«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасының 2016 жылғы 18 мамырдағы отырысының шешімімен директорлар кеңесінің мүшесі - «ҚазАгроФинанс» АҚ тәуелсіз директоры болып Машабаев АзатЕркінұлы сайланды.
Азат Машабаев - 1979 жылы туған. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «есеп және аудит» мамандығы бойынша, «Болашақ» стипендиясы арқылы Бремен мемлекеттік университетінің заң факультетінің магистратурасын және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «халықаралық құқық» мамандығы бойынша тәмамдады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат