Із-түзсіз жоғалып кеткен 2 жастағы сәбидің ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін
2016 ж. 20 мамыр
2131
0
Ақмола облысында із-түзсіз жоғалып кеткен 2 жастағы Эллина Кульдинаның ата-анасының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Еске сала кетейік, келеңсіз жағдай 10 мамыр күні Целиноград ауданының Р.Қошқарбаев атындағы ауылының маңында Нұра өзенінің жағасында орын алған болатын. Осында демалуға барған үш адамнан тұратын астаналық отбасы 2 жастағы қызын жоғалтып алады. Кейін баланың ойыншығы өзен жағасындағы 6 метр биік жардан табылады. Қазіргі кезде іздестіру жұмыстары жалғастырылуда, бірақ еш нәтиже берер емес. Жақында баланың ізіне түскен қызметтік иттер полицейлерді өзенге алып келген болатын.
Полицейлердің мәліметі бойынша, қазіргі кезде жоғалған баланың ата-анасына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Бұл жерде баланың жоғалуына ата-анасының қатысы бар деген сөз емес. Тек, ҚР ҚК 141-бабының «баланың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісті деңгейде орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Негізгі нұсқа бала батып кетуі мүмкін деген болжам бар. Сонымен қатар із-түзсіз жоғалып кетуі бойынша да іс қозғалып отыр», - деп көрсетілген хабарламада.
Дерек көзі: ҚазАқпарат