Жер қатынастары мәселесіндегі түйткілдер

М Кемел       Батырхан Шүкеновтің қазасы кезінде біздегі әлеуметтік желілердегі қатысушылардың белсенділігіне әрі қуанып, әрі мұңға батқанмын. Қуанғаным – азаматтарымыздың еліміздегі болып жатқан оқиғаларға баға беруге, бір кісідей жұмылуға шамасы келіп-ақ қалғандығы еді. Мұң басқаны – осындай белсенділік халқымыз үшін тағдарнамалық мәселелер бойынша кездесе қалса, оны бағыттау, игеру қиынға соғуы мүмкін екен деген уайымнан туып еді. Жер туралы мәнісін терең білмейтін азаматтардың алып-ұшпа әңгімелерінен осындай ірі қоғамдық пікір туындауы сол кездегі қобалжуымның негізсіз еместігін көрсетті. Кез келген істе, әсіресе, қазіргідей шикізат өндірісі бағасызданып, әлемдік экономика күрделі кезеңде тұрған шақта инвестициялық салымдардың маңызы зор екенін барлығы өте жақсы біледі. Қазіргі заманғы соғыстар мен тайталасу әдістерінің ең алдымен өнімді ұқсатып сатуға тосқауыл болып, осыны шектейтін санкцияларды енгізуді қамтитыны бекер емес. Елбасы осыны алдын-ала бағамдап, ауыл шаруашылығы саласын басым бағыт деп белгілеп, он бес жылға жуық уақыттан бері саланы мемлекеттік реттеу мен қолдауды еселеп арттырып отырғаны бекерден-бекер емес. Жер кодексіне өзгерістер де экономиканың аграрлық секторын сауықтандыруға, бүгінге дейін қабылданған шаралардың жүзеге аспай тұрған себептерін анықтап, реформа жолында басталған іс-әрекеттерді жеріне жеткізу, осы салада бизнес жүргізуді оңайлату мақсатында әзірленген іс-әрекет еді. Біздің заңнамамыз шетелдіктер қатысатын мәмілелерге анағұрлым қатаң талаптар қояды, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетел азаматтарына және шетелдің заңды тұлғаларына сатуға мүлде тыйым салады. Психология ғылымы, егер екі тарапта қандай да бір келіспеушілік туындай қалса, онда басында мәселе қалай басталып еді дегенді ойланып алуды ұсынады. Сол ережеге сүйенсек, 1995 жылғы 22 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер туралы» заң күші бар Жарлығында алғаш рет азаматтарға, оның ішінде шет ел азаматтарына жерге жеке меншік құқығын беру нақтыланып қойған еді. Бірақ, бұл Жарлықта шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жеріне жеке меншік құқығын беру қарастырылған жоқ, ол тек үйіргелік, қосалқы шаруашылық, бағбандық, саяжай, өндірістік және өндірістік емес құрылыс салу үшін берілетін жер учаскелеріне ғана қатысты болды. Ең бірінші ауыл шаруашылық жерін жеке меншікке алу 1994 жылдың 5 сәуірінде Президенттің «Жер қатынастарын одан әрі жетілдіру туралы» Жарлығына байланысты жүзеге асырылды. Жарлықта Конституцияны бұзбай-ақ ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке беруге негіз қаланды. Жерді тұрақты пайдалану құқығы арқылы сатуға, сыйлауға, жалға беруге және кепілге қоюға мүмкіндік жасалды. Осыдан бастап кеңшар басшыларының ішіндегі 20 жылдан артық еңбектенгендерге шаруашылық жерінің 10 пайызын тұрақты пайдалану құқығы сатылды. Кейіннен бұл құқық жер пайдаланушылардың иелігіне өтті. 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияның 6 бабындағы «Заңдармен реттелген негізде жерді жеке меншікке берілуі мүмкін» деген жаңа тұжырымына сәйкес сол жылғы 22 желтоқсанда «Жер туралы» Президенттің заң күші бар Жарлығы қабылданды. Онда: «Қазақстанда жер заңмен көзделген тәртіп пен шектерде жеке меншікте бола алады.  Қазақстан Республикасы азаматтарына жер учаскелері өзіндік қосалқы шаруашылық үшін; бағбандық үшін; саяжай құрылысы үшін; өндірістік және өндірістік емес құрылыс немесе құрылыс салу үшін,  сонымен бірге, тұрғын үй ғимараты және осы ғимаратты (құрылғы, құрылыс) қамтамасыз етеуге беріледі» делінді. Осы Жарлықтың нәтижесінде 2,5 миллион адамға үйіргелік жер берілді, 1,2 миллион отбасына қосалқы шаруашылыққа,  112 мың гектар бағбандық үшін, 270 мың гектар 805 мың адамға саяжай үшін берілді. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншікке жер учаскелері өндірістік және өндірістік емес сипаттағы  құрылыс, тұрғын үй үшін ғана берілетіні нақтыланды. 1999 жылы Балғынбаев үкіметі ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке беру жайлы заң жобасын ұсынды. Қоғамда қарсылыққа тап болған бұл жоба Парламентте бекітілмей, Үкімет кері қайтарып алды. Бұл жобада: «отбасылық принциппен құрылған шаруа қожалықтарына (демек, жеке тұлғаларға ғана), арнаулы жер қорынан, пайдаланылмай жатқан жерлерден, жекешелендіру нәтижесінде алынған жер үлесінен, жер үлестерінен өз еркімен бас тартқандардың жерінен құралған жер учаскелері жеке меншікке сатылуы мүмкін» делінген еді. Бұл ережелерде де бәлендей бұзып-жарып бара жатқан ештеңе жоқ болатын. Бірақ қоғам бұған дайын болмай шықты. Түрлі елдердегі жерді жеке меншікке беру үрдісіне зер салсақ, АҚШ-та 40 пайыз жер жеке меншікте, Францияда жер жеке меншікке беріледі, бірақ оны басқа тұлғаға сатуға тыйым салынған, жерді тек жалға беруге ғана болады. Ұлыбританияда жеке меншікке беріледі, бірақ шет ел азаматтарына сатуға тыйым салынған. Испанияда жер жеке меншікке беріледі, бірақ оны 12 жылға дейін сатуға болмайды. Швецияда жер толығымен дерлік жеке меншікте, жердің тек 2,4 пайызы ғана мемлекетте. Польшада жер толық жеке меншікте. Румынияда әрбір отбасына ауыл шаруашылығын жүргізу үшін 10 га жер тегін беріліп, 8 жылға дейін салықтан босатылған. Пакистанда, Малайзияда, Мексикада, Колумбия мен Бразилияда жер жеке меншікке сатылады. Болгария мен Венгрияда 90 пайыз жер жеке меншікте. Германияда шығыс өңіріндегі кейін қосылған жерлер 12 жылға жалға берілген. Оларда жеке меншікке берілген мұраға берілмейді, жер өңдеуге қабілеті бар адамдарға сатылады. Жерді сатып алғанадр 20 жылға дейін қайта сата алмайды. Чехия, Словакияда және Югославияда реституция арқылы жерлер бұрынғы иелеріне қайтарылып берілген. Чехияда 8 пайыз ғана жер мемлекет меншігінде. Қазір бұрынғы Югославия елдерінде 85 паыз жер жеке меншікте. Посткеңестік елдер ішінде Ресейде, Арменияда, Украинада, Литва, Латвия мен Эстонияда жерге жеке меншік бекітілген. Түркменстанда мемлекеттік запастағы және пайдаланылмай жатқан жерге жеке меншік бар. Бүгінде 10 пайыз жер жеке меншікте. Израиль, Италия, Қытай елінде жер тек мемлекеттік меншікте. Қытайда жерді пайдалану құқығы ешбір шектеусіз сатылады. Голландияда да жерге мемлекеттік меншік негізінен сақталған, шаруалар жерді жалға ғана алады. Жапонияда жерді сатуға тыйым салынған. Белоруссия мен Қырғызстанда құрылысқа, қосалқы шаруашылыққа, бағбандық пен саяжай үшін жер жеке меншікке беріледі. Өзбекстанда жеке меншікке тек құрылыс салу үшін ғана беріледі. Австралияда «Шетелдік инвестицияларды реттеу жөніндегі кеңес деп аталып (Foreign Investment Review Board (FIRB)» арнайы орган ретінде қызмет атқарады. Бұл орган Австралияның заңнамасы жерді шетелдіктерге сатуға тікелей тыйым салмайтынына қарамастан жерді шетелдіктерге жеке меншікке беруге аса мұқият қарайды, көп ретте ұсыныстары кері қайтарылады. Демек, мемлекет тарапынан қатаң бақылау бар. Бірақ, ауыл шаруашылығы жерін нарықтық айналымға қоспай, ол жерлерді сақтау, жоғары өнімділікке жетуге болмайтыны бұрыннан-ақ айтылып келген. Президентіміз 2002 жылы 16 сәуірде жасаған Қазақстан халқына Жолдауында былай деді: «Жер туралы заңның “Ауыл шаруашылығы жерiне жеке меншiк керек пе?” дейтiн сауалға қайтаратын жауабы болуға тиiс. Осы сұрақтың жауабын iздегенде бiз, әдетте, жердi сату – “Отанды сату” дейтiн тоғышарлық тұжырымға ойыса беремiз, ал жерге деген меншiктiң шаруаның ендiгi жерде өз жерiн ешкiмнiң алып қоймайтынына деген сенiмi мен үмiтi екенiн ескере бермеймiз. Керек десеңiз, жерге деген меншiк – оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас. Иесiз жер жетiм. Экологиялық апатқа алдымен ұшырайтын да сол иесiз жер. Қазақстан жағдайында жердi нарық айналысына қосу дегенiмiз — пайдаланылмай жатқан орасан зор ресурстарды экономикаға қосу деген сөз. ...Үкiметке басқа елдердiң тәжiрибесiн зерделеп, “қолдаймын” мен “қарсымынды” қатар таразыға тарта келiп, осы заңның жобасын әзiрлеп, Парламентке енгiзудi тапсырамын. Жыл өткен сайын мемлекет пен қоғамның қызметi көбiнесе заңдармен реттелетiн бола бастады. Сондықтан Парламенттiң де, Үкiметтiң де осы заңдар бойынша өмiр сүруге тиiс жандармен көбiрек кеңескенi жөн. Әрине, бәрiн бiрден шешiп тастау мүмкiн емес, сондықтан төзiмдiлiк таныту керек, ұсақ-түйекке шашыла бермей, күш-қуатымызды қалап алған басымдықтарымызға жұмылдыруымыз керек. Бiздiң, атқарушы және өкiлдi билiктiң халық сайлаған өкiлдерi ретiнде маңызды мемлекеттiк мiндеттердi шешу барысында сезiм жетегiне iлесiп кетпей, салмақтылық көрсетiп, парасатқа жүгiнгенiмiз ләзiм». Міне осылай халқымызға да, Парламентке де, Үкіметке де қатысты аталы сөз бұдан 14 жыл бұрын айтылып қойған. Барлық дауға басты негіз болған жерге жеке меншік мәселесінің құқықтық жағын талдап көрелік. Ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мен жалға беру мерзімін ұзарту мәселесін заңдастыру тектен текке туындаған жоқ. «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты стратегиялық құжаттың 35-36 қадамдары ауыл шаруашылығы жерінің меншігі мен тиімді пайдалауға арналған. Онда былай делінеді:  «35-қадам. Ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу. 36-қадам. Жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу ресімдерін жеңілдету. Ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру». Бұл сөздерде бұрыннан қалыптасып келе жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке жалға беру мерзімін ұзарту және сату арқылы нарықтық айналымға енуін тереңдете түсу үшін жер заңын жетілдіру деген ой тұр. Көптеген ауыл шаруашылығы алқаптары иесіздіктен жылдар бойы өңделмей, арамшөптер басып, деградацияға ұшырап жатыр. Оны түлету үшін ауыл шаруашылық жерлері шетелдік компанияларға ширек ғасырға жалға берілмек деген тұжырым қарсылыққа тап болды. «Тәуелсіздіктің елең-алаңында колхоз-совхоздар бекер таратылды, орнына кооператив сияқты меншік формасын өзгерту жолымен-ақ жерге иеліктерді сақтап қалғанда болатын еді. Белоруссия мен Өзбекстан бүгінде сол қалыппен өмір сүріп отыр», - дегенді алға тартты сөйлегендер. «Қазақстанда жердің бүгінгідей деградацияға ұшырауына кім кінәлі? Ендігі жерде Үкімет өзінің «жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру» сияқты міндеттерін жерді 25 жылға жалға беру арқылы жүзеге асырмақ болып отырғаны қаншалықты дұрыс», - дейді наразылар. Жер алқаптары шетелдіктерге жеке меншікке берілмеуі тиіс деген талапқа қатысты айтсақ, ондай ереже  1 шілдеде күшіне енуі тиіс заңда тіптен көзделмеген де еді. Жалпы, шетелдiктерге жер сату туралы мәселе бұрын да, соңғы өзгерістерде де ешқашан заңдастырылған емес. Қазақстандағы бүкіл жер қоры 272,5 миллион гектар, мәліметтерге қарағанда оның 100,8 млн. гектары ауыл шаруашылығы жері, оның 1,3 миллион гектары – біздің азаматтарымыздың меншігінде. 99,5 млн.га жердің 65058 гектары шетелдіктерге жалға берілген. Интернеттегі ақпараттарда оның ішінде 44942 гектары – шет мемлекеттердің қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындарға берілген. Оның 10236 гектары – Ресейге, 7959 га – Кипр мемлекетіне, 859 га – Біріккен Араб Әмірліктеріне, 432 гектары – АҚШ-қа, 294 га – Алманияға, 282 га – Қытайға, 45 гектары – Польшаға, 7 гектары – Түркияға берілген. Қалған 2,3 гектары 11 мемлекетік 0,1-04 га көлемінде Белорус Республикасы, Украина, Австралия, Израил, Иран, Армения, Өзбекстан, ОАР, Молдова, Бразилия, Латвия елдеріне беріліпті. Ең алдымен елімізде жерге меншік құқығының екі субъектісі бар екенін түсініп алуға тиіспіз, өйткені жерді сату мен жалға алу туралы болған жағдайларда осы екеуін білмеу мен шатастырып алу барлық келіспеушіліктің басты себебі болды. Оның біріншісі – жер учаскелерінің меншік иесі болу, олар - Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар. Ондай жер учаскелеріне – қосалқы шаруашылық; бағбандық; саяжай және өндірістік және өндірістік емес құрылыс салуға арналған жерлер жататыныы заңмен белгіленген. Демек, осы аталған тұлғалар ғана жер учаскелеріне меншік иесі бола алады. Бұл категория ішінде ауыл шаруашылығы жері жоқ. Кодекстің 20 бабының 2 тармағында былай делінген: «Осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады». Бұл жерде бәрі түсінікті сияқты. Жердің меншік иесі бола алатындардың екінші түрі – ауыл шаруашылығын иеленуге құқығы бар тұлғалар. Даудың басы болған, 2016 жылдың 1 шілдесіне күшіне енетін 02.11.2015 № 389-V Заңымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Жер кодексінің 24 бабының 1 тармағындағы: «1. Мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жеке және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығымен және (немесе) жеке меншiк құқығымен берiлуi мүмкiн» деген мәтіннің ауыл шаруашылығы жеріне қатысы жоқ. Осы тармақтың үшінші бөлігі Кодекске енгізілген өзгерістерге орай жаңа редакцияда көзделген: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» деген мәтінге түсініспеушілік туындаған. Көпшілік 25 жылды көп санайды. 24 бап, 2 тармақ, 2) тармақшада: «Мәмiлелер жасалған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскесiне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейiн сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалары, осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезден бастап осы Кодексте белгiленген жер учаскелерi нормаларының шегiнде жеке меншiк құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне айналады» делінген. Енді жерді жеке меншікке алып алғандар мен ұзақ мерзімге жалға алғандар сол жердегі жолдардан өтуге, аумақтағы электр бағандарына, молаға, т.с.с. бұрыннан орналасып қалған нүктелерге  кіргізбей қояды, бабаларымның қабіріне барып дұға оқи алмай қаламын дегендерді Жер кодексіндегі сервитут деп аталатын мынадай ережемен таныстырып қояйын: «сервитут - бөтен жер учаскелерін шектеулі нысаналы пайдалану, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану, аңшылық және балық шаруашылықтары және өзге де мұқтаждар үшін пайдалану құқығы». Демек бұл мәселеде де проблема жоқ, барлығы заңмен нақтыланған. Кодекстің 8 бабында: «Мемлекеттiң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн жеке меншiкке сатқаннан түсетiн қаражат Ұлттық қорға аударылады» делінген. Ұлттық қор туралы арнайы заң бар, оның қаржысы терең зерттеулермен, басым бағыттарға ғана жұмсалады. Бұл да «мемлекет күнін көре алмағандықтан ата-баба жерін сатқалы жатыр» деген сөздерге жауап. Ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатпау туралы халықтың талабы қордаланған проблемаларды ашып көрсетті. Оның негізінде халық тұрмысының төмендеуі, қымбатшылық, жеңіс бермей жатқан сыбайлас жемқорлық, стратегиялық нысандардың жабық схемалармен сатылып кетуі, әділдікке жетудің бұралаң-бұлтағы мол жолы, мемлекеттік тілдің алмағайып халі, білім саласындағы асығыстау жүргізілмек күрт өзгерістер, т.б. проблемалар жатыр. Халық бағдарламалардағы уәде етілген мерзімде емес, тап бүгін жақсы, лайықты өмір сүргісі келеді. Осылардан шаршаған жұртты алаңға сүйреп шыққан «тұрмыс тауқыметі» жұртты ширықтырды. Бұларға жерді жалға беру мен сату ұсыныстарынан туындаған күмәндерді сейілдіруде Үкіметтің құлықсыздығы, халыққа түсіндіру жұмыстарының формалдануы қосылды. Бұрындары ел алдында заңнама мен жаңа идеяларды түрлі түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылатын үкімет басшысы мен Бас прокурор сынды беделді тұлғалардың жабық режимге өтіп, әрі кеткенде ресми брифингтерде ғана монолог формасында түсіндірілуі басым болып қалыптасты. Осы жөнінде 5 мамыр күні өткізілген жиында Елбасы дұрыс айтты: «Біз экономикалық ынтымақтастық және даму жөніндегі ұйымның стандарттарына талпынып, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деген мақсат ұстанып отырмыз. Бұл ұйымдағы, жалпы, дамыған елдердің ең бір жақсы стандарты – бұндай елдердің Үкіметі халық алдына күнде шығады, үкімет мүшелерінің барлығы қоғам алдында құрдай жорғалайды. Ол елдердің министрлері бір мәселе туындай қалса, жедел пікір білдіреді. Ал, бізде қалай? Менің айтарым, брифингке келіп, журналистердің алдында қағазға жазылған мәтінді оқып беру – ақпараттық жұмыс емес. Біздің министрлер брифингтерде журналистерден қашқанда, алдына жан салмайды, қарапайым сұраққа жауап бермейді», – деді. Біздегі ауыл шаруашылығы мәселелері Үкімет басындағыларды шындап қызықтырмайтыны жер-жерлерде бұрын да айтылып жүрген. Осыдан барып жер пайдаланудың ескіден келе жатқан үрдісі босаңсыды. Тіптен, әріден айтсақ, Абылайханның арманы болған «халқымды жерді еміп өсетін ете алмадым» - дегені, ол кездегі жер пайдалануда тым болмағанда малшылық өнерінің аса дамыған сәттері екенін есімізге аламыз. Социалистік қоғамдағы қоғамдық меншіктің басымдығы адамдарды меншік иелігінен айырғаны да кемшілік болғаны көрініп тұр. Адамдар жерді пайдалану мен оны өз игілігіне жұмсау құқығынан айырылған осы 70 жылдағы әдеттенген қоғамдық меншікке тек айлық жалақы алу тәсілі ретінде қарастыру бүгінде зиянын тигізуде. Адамдар меншікті шындап иеленуге, оның игілігімен отбасын асырауды, содан төленетін салық арқылы қоғамға пайда келтіруге әлі де болса толық бейімделе алмай келеді. Сондықтан да қабылданғанына 13 жылдан асқан ауыл шаруашылығы жеріне жеке меншік енгізген заңға қарамастан, жерге иелік етуге әрекет еткен өз адамдарымыз 1,3 пайыздың ғана төңірегінде. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының  жазбаларында Арқа даласында жерге меншік иелігі бүгінгі замандағыдай нақтылы заңдастырылмаған уақыттың өзінде XIX ғасыр басында дала адамдарының әрбірінде кем дегенде 100 жылқы мен 1000 қойы жоқтары кедей саналған екен (Қазіргі күнде мұнша малдың жүзден бірі бар адамдар кедей саналады). «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» деген қазақ мәтелі бар. Солай «өзімдікі» дей алмағандықтан, социализм қазақтары үйіндегі 5-6 тұяғына риза болды және оның жем-шөбін қоғамдық малға тиесілі игіліктен үзіп-жұлқып алуды әдеттенді. Осы пиғылдан әлі де арыла алмай келеміз. Әсіресе, нарық экономикасына көшкелі бері егін салып, мал өсіруге бейімделгендер ауыл адамдарының жалпы көпшілігі болудан қалды. Мұны да 2012 жылдың 10 шілдесінде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың  «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында әдемі айтылды: «Рас, тәуелсіздік қоғамымызға еңбек еркіндігін сыйлады. Кеңес заманындағыдай мәжбүрлеп жұмыс істету жоқ. Әркім нендей кәсіппен шұғылданам десе де, еркі, қалауы біледі. Бірақ, күнгей мен көлеңке қатар жүретіні секілді бұл бостандықтың да екінші жағы бар екен. Өздерін-өздері жұмыспен қамтып жүргендерді мемлекет қоғамға зәру мамандықтарға қайта, тегін оқытып жатқанда, жаңағы еңбек еркіндігін пайдаланып, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарға керекті мамандық алып, іске кірісудің орнына, қайсы біреулер жеке меншік машинасына мініп, ауыл арасында, қала ішінде жолаушы тасығанды артық көруде. «Жанымды қинап қайтемін, осы тірлігім пайдалы» - дейтін секілді» деді. 2013 жылы «Инвестициялар туралы» Заңға қай салаға болсын инвестиция салғысы келетіндер үшін өте жағымды жеңілдіктер қарастырылды: 10 жылға салықтардың барлығына жуық түрлерінен босатылды, жеңілдетілген көш-қон режимі енгізілді, инвестициялық келісімдерді қарастыру жеңілдеді. Бұған қарамастан ауылды игеруге иевестиция салғысы келіп, кезекте тұрғандар жоқ. Парламент Мәжілісі экономикалық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Г.Қарақұсова ханым теледидарда сөйлеген сөзінде біздегі жердің 0,06 пайызы ғана шетелдік инвесторларға жалға берілген, оның 2 пайызы қырғыздарға (дәл солай айтты), 2 пайызы өзбектерге, 2 пайызы еуропалықтарға, (оның ішінде голландықтар мен немістер бар) берілді, шұбап келіп жатқан жерді жалға алуға құмартқандар жоқ. Кезекте тұрып, жерді сатып алып, технология әкелуге құмартқандарды көрмей тұрмыз, - деді. Осы орайда депутатқа бір сауал туындайды: экономика комитетін басқара отырып сол айтқан жердің  6 пайызын ғана айтып, қалғанын бүгіп қалуы қалай. Ақпаратқа сусап отырған халыққа осыны таратып айтып беруге болмас па еді? Бұл құлықсыздықтан ба, менсінбеушіліктен бе, жоқ халықты қараңғы ұстағанды жөн санаудан ба?! Жасыратыны жоқ, қоғамға менменсіп қарау, халықпен келіспей шешім қабылдау, өз өктемдігін жүргізуге тырысу – біздің Үкіметтің әдетінде бар. Стихиялы түрде туындаған жер туралы талқылаулардың басты себебінің бірі – халықты ақпараттандырудың аздығы. Оған Кеңес кезінен қалған: «Айтқанды істе, басқада шаруаң болмасын» деген тәрбие алып келген құқықты түсінбеу қосылды. Халықты оңын оң, солын – сол деп түсіндірудің орнына біздің кейбір ғалымдарымыз да айқайға сүрен қосқандай етті: "Үкімет аграрлық саланың дамуын - жылдағы жиналатын астық көлемімен,мал басының өсуімен және осы салаға бөлінетін қаржы көлемімен бағалайды. Саланы мемлекеттік қолдау - науқаншылдықпен өтуде, олар көктемгі егін егу, арзандатылған жанар~жағармай беру, күздегі астықты жинау, тұрақтылық қорына азық-түлік сатып алу деп түсінеді. Бұл жұмыстар соңғы жылдары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету айдарымен атқарылуда. Ауыздарында "Агробизнес 2020" бағдарламасы, бірақ мазмұнында түпкілікті өзгерту жоқ! Ең басты саясат - экспорт! Ал xалқымыз не жейді? Ешкімнің шаруасы жоқ!» дейді. Бұлай айтудың нақтылығын, дәлелділігін, жауапкершілігін ойлап барып айтқан жөн болар еді. Оның үстіне ғалым азамат реформаның дұрыс болмай жатқан тұстарын айтқанда, оны қалай жасаған жөн боларын да айта кеткені дұрыс еді. Сонда оның сөзі жай адамның емес, жанашырдың сөзі болар еді. Абыз Әбіш ағаның: «Бүгінгі елдік – тыныштық, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі отаншылдық – төзім!» - дегені бүгінде ең керекті ұстаным. Жер телімдерін 49 жылға жалға беру туралы өзгеріс Жер кодексіне 2003 жылы енгізілген болатын. 2016 жылдың 1 шілдесі күні бұрын жасалған жалға беру туралы келісім-шарттар заңды күшін жоймайтыны, есесіне, жалға алушылардың жер телімдерін жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі пайда болатыны да, әкімдікке өтініш жазса болғаны, сол жерде тікелей аукционсыз сату туралы келісім-шарт жасалатыны, жер иесі атану үшін жалға алушы адам жердің кадастрлық бағасының 50 пайызын ғана төлесе жетерлік екендігі, қожалық иесіне жердің құнын бірден немесе 10 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік берілетіні де жете түсінділуі тиіс ережелер. Заңда аукцион қазақстандықтар үшін, ал конкурс шетелдіктер үшін өткізіледі деп анық жазылғанымен, мұндай жүйеде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді, аукционның өзі азаматтар арасында ашық бәсекелестікті күшейтеді, - деп айтылғанымен, қарапайым тұрғындарға мұны дұрыстап түсіндірген ешкім болмады. Қазақстан азаматы жерін шетелдік азаматқа сатып пайда таба алмайтыны, олай етуге заңда нотариустардың мұндай келісім-шарт жасауына тыйым салынғаны дер кезінде түсіндірілмеді. Осының бәрі қордаланып, Елбасының шұғыл шешімімен ғана қалпына келтірілді. Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 Жарлығының негізгі тұжырымдарын сөзбе-сөз келтірелік: «1. 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін мыналарға: 1) «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын қолдануға; 2) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге; 3) жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiне жеке меншік құқығын беруге мораторий жариялансын». Рас, жер босқа жатпауы керек, елге де, мемлекетке де, шаруаға да пайда әкелуі тиіс. Тарихта Бәйдібек, Құнанбай сынды байлардың аттары өз аумағында адамдарды ашықтырмай, қиындыққа ұшыратпай аман жеткізгендері үшін қалған. Қазақта құл болмаған, жалшы ғана болған. Жалшы байдың малын аман сақтап, келісілген төлі алынғанда алатын сыйақысы белгіленген. Сол үрдіс бүгін де керек. Жерді жеке меншікке алып, жалға алып игеріп, шаруа өз нәпақасын айыруы қажет. Жер беру зайырлы мемлекеттердегідей жариялы түрде, ашық жүруі керек. «Жердің электронды картасын жасап, қай жер сатылатынын көрсетіп тұру керек» дегеннің де жаны бар. Жерді алған адам тиімді пайдаланбаса, Елбасы сөзінде айтылған комиссия қарап, ол жер қайтарылып, игере алатын, өзіне де, салық арқылы елге де пайда әкелетін адамға берілгені дұрыс. Адамдарды жер табыс көзі екендігіне үйрету, қалай ұқсатуды оқыту керек. Сонда ғана біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, экспорт деңгейін қамти алатын мемлекетке айналамыз. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кейбіреулер айтқандай, өзімізде өндірілетін тауарлардан халыққа қажет мөлшерінің 70-80 пайызын қамтамасыз етіп отыруды ұстану емес, өнімді қажеттіліктен екі есе арттырып шығаруға жетісу деген сөз. Сонда ғана бізде азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі және экспорттық тауар өндіруді жоспарлауға жетісеміз. Ауыл шаруашылығын дамытып, экономикамызды өрістету үшін алып үш нарықтан (Ресей, Қытай, Иран) айырылып қалмау керектігі де айтылуда. Бұлардай алып нарықтан қашпауымыз керек. Біз үлкен нарыққа шықпай, өз бетімізше дами алмаймыз. Оларға керегі, өз нарығын қамтамасыз ете алатын, тиімді алыс-беріс жасай алатын біз секілді ел. «Осы үш алып нарық жылына 100 миллиард доллар тұратын азық-түлікке зәру. Біз соның он-ақ пайызын алсақ, ауыл шаруашылығы өнімін 2-3 есеге өсіреміз. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс көзі, еңсесін көтерген ауылдар, үлкен қаржы көзі», деді Елбасы. Елімізді шарпып өткен жерге қатысты наразылықтар кезінде халықпен сөйлесе алатын, халыққа айтқанын тыңдата алатын адамдардың жоқтығы көрініп қалды. Теледидардан өздеріне қойылған сауалдардан басын ала қашып, сытылып, күмілжіп, жүні жығылып отырған, бұрын «айтары бар» деп елдің бүйрегі бұрып тұратын депутаттарға жаным ашыды. Халықтың Үкіметке сенімінің төмендігі байқалды. Олар «бұрынғыдай жер кімге болса сатылып, шенеуніктер білгенін істейді» деп сөйлегенде, оған қарсы уәж айтар бір дуалы ауыз табылмады. Талдауымыз көрсеткендей жұртшылықтың талаптарындағы басты мәселе заңда емес, Үкіметтің өзі ұсынған өзгерістерін қорғамауында, тіпті, қорғағысы келмеуінде. «Қалай болғанда да көндіремін, депутаттар қолбала, нені жазсақ, соны жұта береді» деген пиғылдарының жеңіп кетуінде. Сондықтан Үкімет бұдан былай халықпен санасып, сұхбаттасып, пікір алысып отыру қажеттігін түсінгені жөн. Жаңадан құрылған «Ауыл» партиясы үшін бұл мәселе таптырмайтын талқылау алаңы еді, бірақ олар дайын болмағандықтан бұл істен тыс қалды. Демек, Парламент сайлауында халықтың бұл партияға дауыс бермеуі қисынды болғаны. Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы Ә.Дарынов: «Кодекске өзгеріс енгізерде Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа: «Халықпен ақылдасайық» деп қадала айттым, тыңдамады. Былтыр талқылағанымызда, биыл толқу тумас еді» деп, оқиғаның алдын алғысы келгенін айтады. «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне жеке меншік құқығын беру осы Кодекстің 9 және 48-баптарында белгіленген ережелерде ескеріле отырып, ақылы негiзде сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады» деп нақтылаған 2016 жылдың 1 шілдесіне күшіне енетін «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы №389-V 24-бап, 2-тармағы отандық тұлғаға ғана ма, шетелдіктерге де қатысы бар ма, анық жазылуы тиіс еді. Бұған күмәнмен қарауға себеп Кодексте былай делінген. «Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады». «Жер Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана аукцион арқылы сатылады. Аукцион жердің бағасын көтеру тәсілі бойынша екі рет ұйымдастырылады. Егер екінші аукционда да сатып алушы табылмаса, онда жер бағасы 50 пайызға дейін арзандатылады. Жер мүлдем сатылмаған жағдайда, ол аукционнан алынып тасталады» дегенді де жұртшылыққа ұғынықты тілмен түсіндіруге, иландыруға болатын еді. Жазушы Сапабек Әсіптің 2000 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде (№ 48) бұрынғы Премьер-министр Сергей Терещенко сыбайласымен бірге 200 мың гектар жерді иеленіп алғанын да қайталап елге ескерту кімнің ісі. Ол – бізге жақсылық жасағысы келіп отыр ма, әлде басқаша ма? Кейбіреулер ірі мемлекеттік шаруашылықтарды қайта құруды ұсынады. Оған А корпусындағы шенеуніктерді жіберіп, өнім өндіруді өндірістік жолға қоюға болады дейді. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жер ресурстары инфрақұрылымын дамыту басқармасының бастығы Жанар Қаржанова 21.04.2016 жылы шетелдіктердің жекеменшік құқығында 1460, 3 га жердің бар екенін мәлімдеді. Ол жер шетелдіктердің жеке меншігіне қай уақытта, кімнің шешімімен, қандай мақсатқа, әрқайсысына қандай көлемде, қай өңірден, қанша заңды тұлғаға, қанша жеке тұлғаға, қандай бағамен берілді халық білгені жөн емес пе?! Ерболат Досаев, қызметінен кетпей тұрып мынаны айтты: Ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке беру мақсатында жергілікті атқарушы органдар 2016 жылғы 1 шілдеден бастап аукциондар арқылы сауда-саттыққа 1 миллион 700 мың гектарды шығаратын болады. Олардың 645 мың гектары бүгінде дайын. 454 жерді пайдаланушы қазірдің өзінде 108 мың гектар жерді сатып алуға өтініш білдірген. Бұл да нақты, кімге, қандай шартпенен берілетіні айтылмаған ақпарат. Қашанда ел сөзін сөйлеу жағында жүретін тынымсыз депутат Қуаныш Айтаханов: «Бензинге, тыңайтқышқа, жерін жыртуға ақша таппай отырған, кредит пайдаланып отырған шаруалар бұл жерді мынадай теңгеге қалай сатып алады? Бұл дегеніміз жерді біз олигархтарға береміз деген сөз. Бүкіл Қазақстандағы жер 20 шақты, 100 шақты олигархтың қолында болады ақшасы бар. Олар сатып алады ертең» деді. Ауыл шаруашылығы экономикасы ғылымының белді өкілі, экономика ғылымдарының докторы Тоқтар Есіркепов: «Жермен ешқашан айналыспаса, олардан енді не сұрауға болады? Ал Ауылшаруашылығы министрлігінің ауылшаруашылығы жеріне қатысты ғана функциясы болған. Негізінен, жердің 7 категориясы бар. Міне, соның барлығының басын қосып, осыған дейін тиімді басқарған мекеме – Жер ресурстары агенттігі деген болған. Ол тікелей Елбасыға бағынған. Кейін оны комитет қып, Ұлттық экономика министрлігіндегі бір комитеттің ішіндегі басқарма етіп, рөлін төмендетіп жіберді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында болуы тиіс бұл орган жерді сату үшін арнайы басқа органға тіркеліп кетті. Жер туралы заңның қабылданғанына 13 жыл болды. Оны көпшілік білмейтін болып шықты. Масқара ғой... Кеше ғана жер туралы сайт ашылды. Бірақ бұл да кешіккен шара. Әлі де ашылуы тиіс ақпараттар көп. Мысалы, көрші Ресейде кімнің меншігінде қанша гектар жер барын оп-оңай біле аласыз. Олар сондай тізімді жариялап отырады. Ал біз қай жер кімнің иелігінде екенін біле алмаймыз. Содан кейін күдік пен күмән қоюлайды» дегенді айтады. Сонымен бірге, тұрғындар тарапынан да түсініктер мен сезімге ойнаудың шатасып кеткенін де көрдік. Қазақстан үшін «өз көлшігінде» ғана әрекет етуге болмайтынын да түсіндірер жан болмады. Бұл келіспеуші топты «біздікі дұрыс» деген сенімге жетеледі. Ең бастысы, наразылар Жер кодексінің ережелерін жетік білмейтін болып шықты, кейін тіпті ешкімнің де кодекспен ісі болмай кетті. Талап тек «Биліктегілер Отанын сатқан опасыз», «Жер – біздің анамыз, ол ешқашан, ешбір жағдайда шетелдіктерге тіпті ешкімге де сатылмауы, жалға да берілмеуі тиіс»,  «Қазақ болсаң алаңға шық, мұсылман болсаң жерді сатпа» деген сияқты жанашырлық пиғылға ұраншылдық араласа айтылған сөздерге негіз жоқ еді. «Жер сату – Анаңды сату» деп аталған бір мақала Жер кодексіндегі өзгерістер – қалтасы тесік қазақты ата-бабасынан қалған 10 сотық жерінен айыру – миллиондардың соңғы үміт, ақырғы арманын сөндіріп тастау, - дей келе: «Халықтың жерін жалға беру мен сатуды ұмытып, тәжірибеден мүлдем алып тастау керек» дейді. Сонда 22 жылдан бері біртіндеп жүзеге асып келе жатқан шешімдерді қайтпекпіз? Жамбыл Артықбаевтың еңбектерінде Тәуке ханның заманында, қазақтың астанасы болған Түркістанға орыс адамдарының алғаш келгендегі жағдайы айтылады: «Қазақтың кейбір ұрда-жық азаматтары шақырусыз келген жат елдіктерді өлтіруді ұсынды, басқалары көрші елдерге сатып жібергенді жөн көрді» дейді. А.Вебердің пайымдауынша адамның жерге көзқарастарының түбірімен өзгерістері XV ғасырда орнығыпты, сол уақыттан бері қарай «Жерге және тіршілікке бейімделу немесе тіршіліктен кету орнына Жерде үстемдік ету тенденциясы орнығыпты». Енді шетелдік инвесторларға қатысты сенбеушілік, тіпті жек көрушілік сезімінің жетегінде жұргендер қарата айтсақ, "Шеврон"  компаниясының елімізде 1992 жылдан қызмет жасағалы бері бюджетке 113 миллиард доллар төлегеніне, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқанына назар аударды. "Теңізшевройл" қызметкерлерінің  85 пайызы - қазақстандықтар, барлық буын басшыларының  73 пайызы - еліміздің азаматтары. Бұл басқа инвесторлар үшін жақсы өнеге", - деді Президент жақында. Тәуелсіздігіміздің 25 жылға жуық тарихындағы экономикалық қарым-қатынастың басты қатысушыларының бірі Қытай елін қаралап, барынша жек көру сөздері айтылды. Оған ашық себеп боларлық ештеңе бұрын айтылмайтын. Рас, Қытай алып ел, оның адамдары бір кіріп алса, шықпайды деген сөздер болып тұрушы еді. Бұл елмен экономикалық қарым-қатынасымыз жайында аз-кем айтсақ, олармен сауда жасасып келе жатқан Орталық Азияның бес елінің 2001 жылғы сауда көлемі 1,5 миллиарда доллар болса, 2013 жылы 50 миллиард долларға жетіпті (бір елді бір елден бөліп айтпай тұрмыз). Қытайдың мұнай компаниялары батыс елдеріндегі схемамен емес, Қазақстанның салық ережесіне сай қызмет ететін жалғыз компания екен. Батыс Еуропа – Батыс Қытай газ құбыры құрылысы басталғалы біздің еліміз арқылы өтетін 8600 шақырым жерді пайдаланғаны үшін беретін төлем есебінен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының ауылдары мен кенттері газдандырылып жатыр. Жақсыны айтып, жаманын таяп қой, - дегенге бағынсақ, расында қытай кәсіпкерлерінің еңбек ету қабілеті өте мықты. Біздің кәсіпкерлеріміздің оларға ілесуі қиын. Жұмыс қаншалықты шабан орындалса, өнімнің өзіндік құны да көбейеді. Сөйтіп екі ел кәсіпкерінің бәсекеге қабілеттілігі теңесе алмай қала ма деген бар. Мұндай уайым қытайлықтар жер өңдеуге қатысқан Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінде де бар. Ол – біздің елдің шаруалары мен іскер азаматтарының оралымдылығы, бәсекеге қабілеттілігіне қатысты мәселе. Біраз жыл бұрын Қытайға 1 млн га жер беруге келісім хаттамасы жасалды деп мәлімдеген ауыл шаруашылығы вице-министрі қамауға алынды. Тергеуге алып барғанда ол мұндай тапсырманы кімнен алғанын айтқан соң, бірден шығарылып жіберілді. Бірақ қызметтен шеттетілді. Біздегі ойын түрлері кейде осылай болып келеді. Шын айыпты табылмайды, қол жетпейтін биікте отырған біреу болып шығады. Дегенмен, ауыл шаруашылығы жерін пайдалануды жақсарту жолында жеткен жетістіктеріміз де мол. Астықты алқаптардағы жер пайдалану үдерісі көңіл толатындай жағдайда – жыл аралатып миллиард пұт астық жиналуда. Суармалы жер көлемі 1990 жылмен салыстырғанда 800 мың гектарға азайып кеткенімен, кейінгі жылдары жер пайдалнудағы жаңа технологиялар тиімді пайдаланылуда. Оның ішінде тамшылатып суару технологиясы шаруалар еңбегінің тиімділігін арттырды. Оған қоса Сарыағаш ауданы бас болып, Оңтүстік өлкенің шаруалары жылыжайлар салуда үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұрын Өзбекстаннан тасымалданатын көкөніс өнімдерімен бұдан былай республика халқын толықтай қамтамасыз ету мүмкіндігі туып отыр. Мақтарал ауданы жеміс ағаштары мен бау-бақша өнімдерін өндіруде тәуір нәтижелерге жетісіп келеді. Мақтаралдың қауындары Италия елдеріне дейін тасымалдануда. Бұл игілікті істер барлық аудандар мен тұрғындарға үлгі болып, суармалы жерлерде бау, бақша, жеміс, көкеніс, гүл өнімдерін өндіру мықтап қолға алынып жатыр. Жер – қазына, ол біздің болмысымыздың негізгі субстанциясы. Бірақ, жерді пайдаланбай, игілігін көрмей босқа азғындату да өзі шөп жемейтін аңдардың шөп қорығанымен тең емес пе? Азаматтарымызда кеңестік кезден қалған заңдармен жұмыс істеуге негізделмеген әдет әлі күнге дейін басым. Көп адам заңдарды оқып, оның ережелерін көңілге түйіп алуға асықпайды. Оны құқық ғылымында құқықтық нигилизм дейді. Құқықтық нигилизм дегеніміз – нақты адамның әлеуметтік өмірінде құқық пен заңдарға құрметсіздік,  нормативтік реттілікке сенбеу, заңдарды теріске шығару, «ол орындалмайды, оны ешкім бағаламайды» деген сенімнің орнығуы, маңыздылығын мемлекеттік және тұрмыстық деңгейде қалыптасқан түйсіксіз терістеу. Заң мен басқада құқықтықактілердібілмеу, менсінбеунемесесаналытүрдеолардыбұзу. Бұл – құқықтық сауатсыздықтың және құқықтық мәдениеттің төмендігінің көрінісі. Гапон атты поптың, талаптарды орындау мүмкін болмайтын жағдайда жұртшылықты жиынға шақырып, «Қанды жексенбі» деген атпен қара тарихқа енгенін білеміз. Сол Гапон поптың алаңға да бармастан, шетел асып қашқаны да тарихта жазулы. Сол Гапон поптың болмағаны немесе сол кездегідей ашық бас көтермегені жақсы болды. Шүкіршілік, халық та, билік те ақылға келді, жиегінен асқан эмоция басылды. Әсіресе, Атырау облысы әкімінің, «жаңа келіп едім, мені бағалар ма екен» демей, ел алдына шығып, барынша қарапайым тілмен, буырқанған жұртшылыққа дәлелді сөздермен түсіндіргені оған деген құрметімді оятты. Ал алаңдағыларға қарап бар даусыммен: «Алдымен Жер кодексін оқып алсаңыздаршы» дегім келді. Түйін. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген көнеден бізге жеткен мәтел бар. Сол айтқандай, Елбасының 6 мамырдағы «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлығы халық көңілінен шықты, түйткілді мәселелерге нүкте қойды. Ендігі мәселе – жыл аяғына дейін асықпай талдап, пікір алмасуларды ұйымдастырып, қоғамдық тыңдаулар өткізіп, ақиқатқа жақындай түсуге тиіспіз. Ауыл шаруашылығы өндірісінің және ғылымының маманы ретінде менің мынадай ұсыныстарым бар:
  1. Жылына екі рет – көктемде және күзде жерді тиімді пайдаланудың критерийлері анықталып, пайдалану дәрежесіне қарай рейтингтік бағалаулар жүргізіліп тұруы тиіс;
  2. Телеарналарда, радиода, әлеуметтік желілерде және облыс орталықтарындағы жиындарда жерді жеке меншікке және жалға берудің қалыптасу үрдісін және жақын болашақта жалғасуы мүмкін ережелерді түсіндіретін топ құру қажет. Олардың ішінде жер заңнамасын жетік білетін З. Балиева, Қ. Айтаханов сияқты депутаттар, ғалымдар, сол саланы жетік білетін мамандар тартылғаны жөн;
  3. Ауыл шаруашылығы жерін шет елдіктерге жалға бере қалғанда бұрынғы мерзімін 10 жыл күйінше қалдырып, сол жылдарғы атқарған қызметіне (тиімді пайдалану, табыстылық, қалыпты сақтау, т.с.с.) қарап одан әрі озық көрсеткіштерге жеткендерге он жыл сайын ұзартып отыруды заңдастырған дұрыс;
  4. Шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығы берілсе, онда сырттан келетін жұмысшылар санын 25 пайыздан асырмайтын шектеу орнықтырылғаны оңды болар еді;
  5. Қазақстан Республикасының Үкіметіне тапсырылған жер реформасы жөнінде құрылатын Комиссия жер иелену мен пайдалануға, ол жердің орналасуына, қандай баға белгіленгеніне, т.с.с. қатысты барлық ақпараттардың жариялылығын қамтамасыз еткенінен халықтың реформаға деген сенімі орнығады.
Бұл жазбалар ешкімнің тапсырысы емес. Өз сеніміме орай жаздым. Жеке басым Конфуцийдің: «Орта топта болма, орта жолды ұстан» дегенін өмірлік ережелерімнің бастысы санаймын. Сондықтан ел мұңына үн қосуды жөн санадым. Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы. qazaquni.kz