Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы: Бұл - өте жауапты жұмыс- Сағынтаев
2016 ж. 14 мамыр
3095
12
Экономикамыздың, ауыл шаруашылығының дамуына жер реформасының қажеттігін де мойындауымыз қажет. Бүгін Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осылай мәлім етті.
«Бүгін біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Жер реформасы туралы комиссияның алғашқы отырысына жиналдық. Комиссия құрамында Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, саяси партия жетекшілері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, сарапшылар, ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары, заңгерлер, қоғам белсенділері мен ақпарат құралдары өкілдері бар. Баршаңызға шақыруымызды қабыл алып, осында келгендеріңізге ризашылығымызды білдіремін», - деді Б. Сағынтаев.
Осы ретте ол комиссия алдында ел үшін тағдырлы мәні бар мәселені мұқият талқылап, ортақ мәмлеге келу міндеті тұрғанын атап өтті.
«Бұл - өте жауапты жұмыс. Бұған дейін де сан рет айтылғандай, жер шетелдіктерге сатылған емес, сатылмайды да. Бұл - мемлекеттің мызғымас берік ұстанымы. Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің мақсаты - жердің жұмыс істеуі, халықтың игілігі үшін пайда әкелуі. Біз Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған баптарын мұқият сараптауға тиіспіз. Бірақ, экономикамыздың, ауыл шаруашылығының дамуына жер реформасының қажеттігін де мойындауымыз қажет»,-деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Жер кодексінің нормаларын түсіндіру және талқылау, сондай-ақ ұсыныстар әзірлеу үшін құрылды.
Құжатта жалпы ереже, міндет, комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі сондай-ақ, құрамы бекітілген.
Дерек көзі: ҚазАқпарат