Талғат Ермегияев "пара алғанын" мойындамады
2016 ж. 13 мамыр
2344
2
Астанада бүгін "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев пен компанияның басқа да басшыларының үстінен өтіп жатқан сот жалғасты. Сотта Талғат Ермегияев бірінше рет сөз алып, өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді.
-Қандай да бір ақшалай заттар алғанымды айғақтайтын дәлел жоқ. Айыптау айыпталушылардың босату амалы немесе жазасын жеңелдету үшін маған қарсы мәжбүрлі куәлік көрсету сөзінен ғана тұрады. Айыпталушылар өздерінің жауапкершілігін, талан-таржыға салған қаржыларын маған жүктеу үшін тергеу кезінде сөздерін бірнеше рет ауыстырғанын ескерте кетейін. Пара алғанымды, қаржыны талан-таржыға салғанымды мойындамаймын. Мен ешқашан заңсыз тапсырма берген емеспін, қол астымдағыларды заңға қайшы іске итермелеген жоқпын. Маған ақша беруді талап етпедім. Заңсыз құжаттар жасаған емеспін және оларға қол қойғам жоқ. Ақшаны талан-таржыға салуды жоспарлаған жоқпын, ол үшін ешкіммен сөз байласқан емеспін. Іс әрекетімнен қоғамға шығын келген жоқ,- деді айыпталушы Талғат Ермегияев.
Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында «Астана ЭКСПО-2017» компаниясындағы қаржыға қатысты өтіп жатқан істегі басты айыпталушы Талғат Ермегиевке қылмыстық кодекстің 311-бабының 5-тармағы, 176-баптың 4-тармағының «б» бөлімі (16.07.1997 жылғы редакциясымен), 189-баптың 4-тармағының 2-бөлімі бойынша айыптар тағылған. Тергеушілер дерегінше, Талғат Ермегияев «4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленген». Талғат Ермегияев 2015 жылы маусым айында сот шешімімен үйқамамаққа алынған.
«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы Астанада 2017 жылы өткізу жоспарланған халықаралық көрмеге дайындықпен айналысады.
Руслан БОТАЙҰЛЫ
Азаттық радиосы