Жер реформасына қатысты құрылған комиссияның алғашқы отырысы өтеді
2016 ж. 12 мамыр
2737
4
Қазақстанда Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы Астанада 14 мамыр күні өтеді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жасақталған комиссияның құрамына Парламенттің қос палатасының депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, агробизнес өкілдері, ғалымдар мен азаматтық белсенділер атынан барлығы 75 адам енді. Сондай-ақ комиссияда әр өңірден бір-бір өкілден болады.
«Біз еліміз, оның бейбіт болашағы үшін алаңдайтын азаматтарды ынтымақтасуға шақырдық. Халықты барынша қамту үшін облыстық әкімдіктің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер жұмысқа жұмылдырылды. Комиссия біздің азаматтарымызға барынша пікірталастар барысы туралы дұрыс ақпаратты БАҚ режимінде ашық түрде алуы үшін жұмыс істейтін болады», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Бұған дейін хабарланғандай, арнайы Jerturaly.kz порталы іске қосылды. Порталда Комиссияның жұмысы туралы барлық ақпарат жарияланады. Мұнда қолданушылар көкейтесті сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын қалдыра алады. Қосымша арнайы Call-центр жұмыс жасайтын болады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат