Рейтинг: Иманғали Тасмағамбетов көшбасшы болып табылды
2016 ж. 08 мамыр
4068
5
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы билікте жүрген элитаның рейтингісін жария етті. Бір атап өтері рейтинг сауалнаманың нәтижесінде шығарылған. Оған 24 сарапшы қатысыпты. Дәлірегі сарапшылар дегеніміз саясаткерлер, журналистер мен бизнесмендер және қоғамдық ұйымның өкілдері екен.
Сонымен 2016 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов көшбасшы болып табылды. Қазақстанда оған тең келетін саясаткер жоқ болып тұр (айта кетейік, 42 шенеуніктен тұратын тізімде Елбасы жоқ). Одан кейінгі орын Президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинге бұйырды. Үшінші орында президенттің штаттан тыс кеңесшісі, атышулы миллиардер Болат Өтемұратов, төртінші орында сенатор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Нұртай Әбіқаев, ал бесінші орында Сенат төрағасы Қасым-Жомар Тоқаев жайғасыпты.
Ә.Жақсыбеков пен А.Есімов алтыншы, жетінші орындарды, ал К.Мәсімов сегізінші орынды иеленді. Қ.Бозымбаев оныншы, Д.Назарбаева он бірінші, Ө.Шөкеев жиырмасыншы, ал «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов 35-інші орынға жайғасыпты.
Иманғали Тасмағамбетов Астананың әкімі болған кезде облыс әкімдерінің рейтингісінде ылғи бірінші тұратын. Ол Үкіметке ауысқаннан кейін де көшбасшылық қасиетін сақтап қалды. Ал кезінде облыс әкімдерінің рейтингісінде екінші, үшінші, тіпті бір жолы жылдың қорытындысы бойынша «үздік әкім» атанған Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтың рейтингісі қызмет ауыстырған соң неге мұншалықты төмендеп кетті? Бұл неге байланысты, қызметке ме әлде гәп рейтингті жасаушыларда ма?
Айтқандай, рейтингте ең соңғы 42 орында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тұр.
Дерек көзі: oinet.kz