Дос Көшім: Мен ол кісіні АСА ҚАУІПТІ МИНАНЫ ҚОЮШЫ ретінде қабылдаймын.
2016 ж. 06 мамыр
6492
9
Мәселе біреу ғана – бұл адам сол қадамға біліп барды ма, әлде ақылының жеткен жері сол болды ма?..
Біліп не білмей істеген күнәлармызды кешіргейсің!
...Соңғы тиындарын санап, қар көшкіні сияқты тоқтаусыз өсіп келе жатқан бағаларға үрке қарап отырған Қазақ елінің көзі ашық азаматтарына Олжас ағамыз тағы бір «зілзаланы» («...большая мина заложена под Казахстаном, и часы тикают» О. Сүлейменовтің «Қазақстандағы орыс, казак және славян ұйымдарының» жиынында сөйлеген сөзінен) көрсетіп, ұйқыларын қашырды. Саясаттағы әрқашан азшылықтың қамқоршысы және қорғаушысы болып көріну тәсілін ұстанған Президентіміз халықтың алдында мемлекеттік шенеуініктерге саусағымен сес көрсете отырып, «орысша берілген өтініштерге орыс тілінде жауап беруді» талап етті. Әрине, оның соңында «қазақ тілді өтініштерге қазақ тілінде жауап бермегендерді» де жазалау ұғымының тұрғаны талассыз, бірақ Президент, неге екенін алла біледі, ол жолдарды жұтып қойды... Соңғы кездері Президенттің аузынан шыққан сөзді заң есебінде қабылдайтын жұртшылық "Президент қол қойған ҚР «Тілдер туралы заңына» (Статья 11. Язык ответов на обращения граждан. Ответы государственных и негосударственных организаций на обращения граждан и другие документы даются на государственном языке или на языке обращения.) сүйенеміз бе, әлде оның қабағын түйіп отырып айтқан сөзін заң ретінде қабылдаймыз ба"- деп дал болды...(жолдарды қарайтқан -редакция). Қысқасы, тиын санау жайына қалды; қазақтілді қауым «осы біз заңға бағынатын құқықтық мемлекетпіз бе, әлде корольдің аузынан шыққан сөзді құранның сөзіндей қабыл алатын монархиямыз ба?» деп дал болса, Президенттің баспасөз хатшысы Президенттің «жұтып қойған» не «тастап кеткен» сөзін халыққа жеткізуге күш салып, қаратер болды. Ал орыстілді қауымның шолақ ойлайтын азаматтары «он бірінші баптың жойылғанына» жүз грамм көтерсе, тыныш жатқан Қазақ еліне жоқ жерден жасанды мәселе тауып берген ақын өзінің Европасына кетті... Сахнаның шымылдығы түсті.
Сахна жабылды ма? Жоқ. Меніңше, осы бір ыңғайсыз құбылыстың басты кейіпкерінің мен үшін жаңсақ деп танитын қадамдарына, іс-әрекетіне баға беретін кез келген сияқты. Мойындауымыз керек, біреуміз Олжас Сүлейменовты мақтаймыз, енді біреуміз даттаймыз. Біреулер оны «үлкен минаның» жатқан жерін көрсетуші ретінде қабылдайтын болар, ал мен ол кісіні сол минаны - сасық, улы, аса қауіпті минаны - қоюшы ретінде қабылдаймын. Мен үшін анықтайтын мәселе біреу ғана – бұл адам сол қадамға біліп барды ма, әлде ақылының жеткен жері сол болды ма?
Әңгіме Олжас ағамыздың бір өзінде ғана емес. (Аты шыққан адам көзге көбірек түседі) Бұл – қоғамдық құбылыс, ал бұл мақаладағы Олжас ағамыз – сол құбылыстың типтік образы.
Қоғам кенет өзгеріп, қалыптасқан өмір салты, мәңгілік деп танылған мұрат-мүдделердің (қазіргі ұрпақ коммунизмде өмір сүреді!, компартия мен халық әрқашан бірге!, жасампаз совет халқы мәңгі жасасын!, т.т.) жасанды, жалған, алдамшы ұран, бос сөз, жалған сағым екендігі анықталғанда, сол замандағы мемлекеттік иделогоияға қызмет еткендер дүбәрә, далбаса күйде қалғаны – талассыз шындық. Бірақ олардың есімдері, беделі халықтың жадында жылдар бойы сақталатыны да – өмірдің шындығы. Сонымен бірге қазақ халқының таланты адамдарды (ақындар, жазушылар, әртістер, т.б.) бастарына көтеріп, барынша құрмет көрсететін тамаша қасиетін де есімізден шығармайық. Қазақ халқы оларды шындықты ашық айтып, әділдіктің жолынан таймайтын өр мінездері үшін, билікке бас имейтін, жалпақтамайтын, жағымпазданбайтын қайсар мінездері үшін, халықтың, қоғамның мүддесін қаймықпай жеткізетін азаматтықтары үшін сыйлайтын. Балуан Шолақ пен Махамбет, Жаяу Мұса мен Мәди, Абай мен Шәкәрім, Жүсіпбек пен Міржақыптардың айтқан, жазған, ауыздарынан шыққан сөздері - ұлағат болса, өмірлері – үлгі болып табылатын. Тоталитарлық жүйе толық орнап, компартия шексіз билік құрған заманда, бұлардың аузына қақпақ бола алмаған Кеңес өкіметі жазалау әрекетіне көшті. 37 жылы арыстарымызды қырып болып, енді қайтіп ұлттың сөзін айтатын ешкім қалмады-ау дегенде, 50-жылдары Бекмахановтар мен Есенберлиндер тағы шықты. Меніңше, сонда ғана компартия жаңа тәсілге көшті. Халықтың үнін асып-атып тоқтата алмайтындықтарын білген билік талант иелеріне сан түрлі одақтар жасап (жазушылар одағы, композиторлар одағы, т.т.), шығармашылық үйлер салып беріп, кітаптарын шығарып, сый-сияпатқа бөледі. Осы тәсіл арқылы жел қайдан соқса, сол жаққа жапырылатын зиялы қауым пайда болды. Оларда құдайдың берген таланты қалды да, азаматтық жоғала бастады. Ал қазақ, баяғы әдетпен, талантты жандарды - азамат деп қабылдаудан танбай келеді...Бұл – біздің балалаық ауруымыз.
Енді қоғам өзгеріп, дүбәрә күйде қалған адамдарға (таланттарға) келейік. Бұлар, әрине, бір мезетте «қазақ ұлтшылы» бола алмайды. Меніңше, болғысы да келмейді. Онысына тек қана тәубе деуіміз керек, екіжүзділік ешкімге жараспайды. Бұрынғы Кеңестік идеологияны жырласа – бір жағынан, халық түсінбейді, сондықтан ондай тақырыптар абырой, құрмет әпермейді, екінші жағынан, материалдық пайда да келмейді. Демек бұлардың жолы біреу-ақ – өзінің келмеске кеткен заманда алған беделін, сол уақытта қалыптасқан «жұрттан жоғары тұғырын» пайдалана отырып, кемеңгер, ақылгөйдің рөліне көшу. (Әрине, ақылгөйге де жол көрсететін жоғары орын бар. Сондықтан олардың билікпен қоян-қолтық жұмыс істеуіне таң қалуға болмайды). Кемеңгер адамдар қоғамдағы өзекті мәселелерді алыстан (мүмкін, европадан...) бақылап, елде пікір қайшылығы болған жағдайда адамдардың, саяси күштердің, ұлттардың арасын бітістіру мақсатында аталы сөзін айтады, шешімін шығарады, түсінбеген жақты түсіндіре біледі, шатқаяқтаған жақты мәмілеге алып келеді. Өкінішке орай, кейде бұлардың тәсілі – «екеуің де кінәлісіңдер, сондықтан дауды қойып, бітімге келіңдермен» ғана шектеледі. Ал кейде «алыстан қарап, бәрін барлап» отырған ақылгөйдің «кемеңгер сөзі» дауласып отырған жақтардың бірінің қолтығына су бүрку болып шығады. Серік Аббас-шах өзінің Олжасқа қойған сұрағында «неге қоздырғыш әңгімеңіз бітпейді?» деген сұрақ қойыпты. «Қоздырғыш әңгіме» - дөп басып айтылған баға. Құдайға шүкір, дауласып, жанжалдасып жатқан қазақ пен орыс қауымын көріп отырған жоқпын. (Жоғарыдағы орыс тілді ұйымның жиналысына қазақ ұлтшылдарының көрнекті өкілі Хасен Қожа Ахметтің шақырылуы, қатысуы – соның куәсі). Әрине, демократиялық ел болғандықтан, Ата заңымызда сан түрлі пікірлердің еркін айтылуына кепілдік берілгендіктен, бізде де байбаламшыл, болмағанды – болды деп, жоқтан – бар шығаратын адамдар да, ұйымдар да жеткілікті. Оларға екі жағын тең ұстай отырып аталы сөз айтатын да кемеңгер тұлғалар да керек. Ең бастысы, оның сөздері нақты, дәлелденген деректер мен еліміздегі қабылданған заңдардың баптарына негізделуі шарт. Ондай болмаған жағдайда, «Қазақстанның астына қойылған минаның сыртылы» туралы сөз – халықтың арасында үрей мен қорқыныш тудыру үшін арнайы айтылған дақпырт болып саналады. Ұмытпасам, былтыр ғана бұндай негізсіз дақпыртты таратқан жандарды жазалауға арналған бап та бар.
Соңғы екі жалдың ішінде Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы қалалар мен аудандарда, жоғарғы оқу орындарында орыстілді азаматтармен 70-тен аса дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізіппін. Әрине, қоғамдық мүддемен қатар әр адамның жеке мүддесі бар. Қазақ тілін өзі немесе балалары, немерелері білмейтін және білгісі келмейтін жандардың мемлекеттік тілге деген көзқарасын да жақсы түсінемін. Бірақ пікірталастың да өзі заңы бар екенін ұмытпайық. Ешқандай дәлелсіз, дерексіз айтылған сөздер – құлағын тарс жауып алып, «тек менікі дұрыс» деген ерке баланың айқайы сияқты. Ең бастысы, «орыстілділердің мүддесін қорғаушылардың» (Бұл сөз тіркесін тырнақшаға алып отырғаным түсінікті шығар. Жоғарыдағы жиындағы айтылған сөздер шын мәніндегі орыстілді қауымның мүддесі емес, саяси ойынның төңірегінде жүрген топтардың қазақ тіліне деген бықсық қарсылықтары ғана) дәлелсіз пікірлерінен мен бір ғана нәрсені түсіндім: Оларға, кешегі жиынға жиналған Олжас ағамыздың мүдделестеріне «мемлекеттік мекемелер мен өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады» деген сөз де жақпайды, «орыстіліндегі арыз-өтініштерге орыс тілінде жауап беру керек» деген пікір де қанағаттадырмайды. Себебі, бұл сөйлемдердің астарында қазақ тілі мен орыс тілінің теңдігі тұр. Оларға «орыстілділер өз тілдерін ғана білулері керек, ал басқалар орыстілділерді түсіну үшін сол тілді меңгеруі, сол тілде сөйлеуі қажет» деген заң ғана керек. Әлі есімде, Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы орыстілді қауыммен кездесудің үстінде «Тілдік кемсітушілік» (дискриминация) дегенді қалай түсінесіздер?» деген сұрақ қойдым. Дөңгелек үстелге қатысушылардың ішіндегі 30-дардағы жас жігіт: «Мен дүкенге кіріп орыс тілінде нан сұрағанда, маған дүкенші қазақша жауап берсе, осы жағдайды орыс тілін кемсітушілік деп санаймын» деп жауап берді. «Жақсы, – дедім мен – ал егер қазақтілді азамат дүкенге кіріп қазақ тілінде сұраса, оған дүкенші орыс тілінде жауап берсе, бұл қазақ тілін кемсітушілік болып табылады ма?» деген сұрағыма, «Жоқ» деген жауап алдым. «Екі жағдай да бірдей емес пе, неліктен тек қазақ тіліндегі жауап – тілдік кемсітушілік болып саналады?» деген сұрағыма «барлығы орыс тілін біледі ғой» деген кеңестік кезеңнің жауабын алдым...
Өкінішке орай, жоғарыдағы кеңестік психология сол уақытта өмір сүрген жандардың барлығында бар. Мүмкін, Олжас ағамыздың орыстілді қауымның «жанайқайын» жақсы түсініп, одан да артық сөздерді айтуға итермелеген сол түсінік болар. ..
Алла, біліп не білмей істеген күнәлармызды кешіргейсің!
Дос КӨШІМ
Фейсбуктағы парақшасы
qazaquni.kz