Қазыбек Иса. ЕЛБАСЫ ЕЛДІҢ ЖЕР ТУРАЛЫ СӨЗІН ЖЕРГЕ ТАСТАМАУЫ ТИІС
2016 ж. 03 мамыр
8908
8
Ең бастысы - Тәуелсіздікті сақтайтын ел бірлігі
"Халықтың пікірі мен еркі - бұл заңның ең жоғарғы санкциясы."
Әлихан Бөкейхан
"Ағайынға ризамын. Лайым жерге деген көңіл
осындай болса, халқымыз қасық қаны қалғанша
оны қорғайды деп сенемін."
Нұрсұлтан Назарбаев
Қазір Қазақстанның қан қызуы қайнап тұр. Қоғамдық-саяси ортада Жер мәселесі жеріне жеткізе талқылануда. Атыраудан басталған бейбіт шеру Ақтөбе, Семейде де тыныш жалғасты. Тек Қызылордада қызыл кеңірдекке ұласып, құқық қорғау органы сарбаздарымен қақтығысып қалды. Әйтәуір, құдайға шүкір, соңы ушықпай тыныш бітті. Бүгін Орал қаласында да митинг болып өтті... Билік орындарынан маза кеткелі біраз болды. Жер сатудың бас кейіпкері - Ұлттық экономика министрі Елбасы тапсырмасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ел аралап кетті. Өзі айтқандай "дуана болып" жүр. Жалғыз Досаев емес, Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, т.б. өзге министрлер мен министрліктер өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер түгел жер мәселесін қаузап, "сауат ашу" сабағына кірісіп кетті. Досаевтың кебін киген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те "үш тілділік" реформасы үшін Елбасыдан сөз есітіп, сөгіс алып тынды. Қазір мойынына су кетіп жүрген су жаңа министрдің шалыс қадамдары, мемлекеттік тілдің жағдайы туралы әңгіме өз алдына бөлек болып тұр... Жер мәселесіне жер-жебіріне жетер сөз есіткен Парламент депутаттары да ел аралауға шықты. Әлеуметтік желіде әбден таяқ жеген оларды әлеумет қалай қарсы аларын бір құдай білсін. Ел алдында еркін сөйлей алады деп, ел сенгендердің өздерінің көбісінің елге қарайтын беттері қалмағанда, қазақша екі сөздің басын құрай алмайтындардың Оңтүстік өңірлер мен Батысқа барса, қалың қазақтың алдында қалай сөйлейтінін (өздері де қалай қабылдап жібергендерін білмейтін заңды түсіндіруді былай қойғанда) уақыт көрсете жатар... Мүмкін, Елбасы тапсырған Жер туралы заңды түсіндіру жұмыстарына ел тыңдайтын белгілі қоғам қайраткерлері мен қаламгерлерді де тарту керек шығар... Негізі, бұл жер мәселесі - қазақтың (қай ұлттың болса да) ең жанды жеріне тиетін басты мәселесі! Осыдан жүз жыл бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі өмір мәселесінің ең зоры. Жер ісін ала қашты, тартып алды, тиіп кетті қылмай, ақыл мен сабырмен атқарған оң» - деп, ең басты мәселенің тамырын тап басып айтқан болатын. Сондықтан да Алаш партиясының басты ұлттық ұстанымы -"Жер, жер және жер! Өйткені, жерсіз Отан жоқ, жерсіз адам жоқ, жерсіз мемлекет болмайды!"-болды. Қазір әлеуметтік желі болсын, түрлі баспасөз құралдары болсын, осы жер мәселесін көтеріп, дүрілдеп жатыр. Қым-қиғаш пікірталас өршіп тұр. Бір-бірін аямай жатқан баррикаданың екі жағындағылардың берісер не келісер түрі көрінбейді. Мемлекеттік телеарналар жер сату мен шетелге 25 жылға жалға берілудің жетістіктері жайлы 24 сағат жақтары талмай жырлауда. Оларды тыңдасаңыз, тап бір Жер сатсақ қана, Жерұйыққа жететін сияқтымыз... Ал митингі ұйымдастырушылар үшін бүгін биліктен асқан жау жоқ... Оларды тыңдасаңыз, Жер сатылса, жер жастанамыз бәріміз... Жалпы,Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашада қабылданып кеткен заңдағы "Шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі" деген бапты көптеген депутатардың өздері де байқамай қалған. Бұл баяғы, социалистік кезеңдегі "100 қойдан 150 қозы алдық" - дегендей, "бір күнде пәлен заңды қабылдадық" -деп, екпіндеп, есеп берудің жемісі. Ең басты кінәлілерді іздегенде алдымен, әрине, сөз парламентке тиетіні заңды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов та: “Біз мойындаймыз, бұл біріншіден үкіметтің қателігі, біздің депутаттардың қателігі. Біз халыққа тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніміз жоқ, оны мойындаймыз. Әсіресе, Жер кодексіне енгізілген түзетулер мен өзгертулерге қатысты"-деп қадап айтты. Сонымен бірге осы заңды ұсынған Үкімет, Ұлттық экономика министрлігі, Мәжілістегі төрағасы Ромин Мадинов болған сол кездегі аграрлық комитет, заң жобасын дайындайтын жұмыс тобы да елге түсіндіріп, жауап беруі керек. Елбасымыз "Жер туралы заңды елге түсіндіру керек. Бұндай мәселелерді халықпен ақылдасып барып шешу керек» " -деп, дабыл қаққан соң ғана бәрінің Астананы тастап, ауыл аралап, ел кезіп кеткені... Әйтпесе, көптеген азаматтар айтқандай, Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы Ә.Дарынов та: «Кодекске өзгеріс енгізерде Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа: «Халықпен ақылдасайық» деп қадала айттым, тыңдамады. Былтыр талқылағанымызда, биыл толқу тумас еді» -деп таусылмас еді... Сол қара күзде әшейінде депутаттарды қалғып отырады деп кінәлайтын азаматтық институттар мен қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері қайда қараған? Яғни, сөз бәрімізге де тиеді. Сонымен бірге, Үкіметті жау көре беру де көбінесе негізсіз болып жатады. Әйтпесе, қазір Қытай елінен келетін инвесторларға қатаң талаптар мен кедергілер дұрыс жасалып, мысалы, көбінесе оларды елге кіргізбей отырған фактілер де бар. Сондықтан да болар, өткенде Қытай елшісінің "виза беру" мәселесінде орынсыз ызасын білдіріп қалғаны... Дегенмен, қазір сыбайлас жемқорлыққа әбден батып, қанша қарсы заң қабылдасақ та, тыя алмай отырғанымызды ойласақ, жер мәселесінде өте үлкен рөл атқаратын билік маңындағылардың жеке бас мүддесін де ескеру керек. Жер сатудың ең қауіпті болып тұруыныың бір бұтағы да осы сыбайлас жемқорлыққа барып тіреледі.Мысалы, кезінде шекара сызықтарын белгілегенде ол "шекара сызығы" бекітілген ережені бұзып, елдің ішіне еркін еніп кетіп, жұрт дәретханасына бару үшін "шетелге өтуі" керек болып, шу туғандары кеше ғана еді ғой. Оңтүстікте мақта егетін шаруалар заңды бұзбай-ақ, оп-оңай "айналып өтіп" Өзбекстанан жұмыс күштерін әкеліп жатқанын талай көріп келеміз. Немесе, кез келген қалаларда үй-жай салатындардың көбісі өзбектерді оңай тауып алып келеді. Бұл жәй қарапайым жеке адамдардың мүмкіндігі болса, ал билікте отырғандардың мүмкіндігі өте жоғары екенін шамалай беріңіз... Сол жеке мүдделердің жер сатуының арқасында Палестина мемлекетінің ортасын ойып тұрып, Израиль мемлекеті орнағанын тарих жақсы біледі. Ал жер сатамын деп, мемлекеттігінен айрылған Палестина әлі күнге картада жоқ... Сондықтан, қазір араб мемлекеттерінің көбісінде жер сатқан адам өлім жазасына кесіледі. Жалпы, халықтың қойып отырған талабымен санаспауға болмайды. Қазір 2003 жылғы "Жер туралы заң" қабылданғандағыдай жағдай емес. Ол кезде қазіргі қоғамдық-саяси пікір алаңдарына айналған Фейсбук секілді әлеуметтік желілер түгілі интернеттің өзі енді шыға бастаған болатын. Халықтың жан айқайы, айтып отырған пікірлері негізсіз емес. Ол үшін:
Біріншіден, шетелге 25 жылға жалға беруді тоқтатқан дұрыс. Қазір кейбір саясаткерлер тұйықтан шығудың жолы заңға "Шетелге жерді жалға бергенде "шекаралас елдерге беруге болмайды" деген бап енгізу керек дейді. Құлаққа қонады, біздің ең қауіптеніп отырғанымызда осы шекаралас державалар емес пе... Бірақ, бұл да сенімділік тудырмайды. Себебі, Қытайдың транскомпаниялары біздің елмен шекарасы түйіспейтін Сингапур сияқты талай елде дүрілдеп тұр емес пе... "25 жылға жалға беру" деген мерзімді бекіту үшін мерзімді мемлекеттік басылымдар мен телеарналар үгіт-насихат жасаудан жарыс өткізуде. Сол үшін билік барын салып, жерге жақындап кеткен шаруалар мен ауылшаруашылығы қызметкерлерінің барлығына "осы 25 жыл болмаса, егін шықпай, пайда таппай, қурап қалады" -деп жарыса айтқызып, шетелдіктердің жыртысын таласа жыртқызып қойды. Бұл анық дәлел емес. Өйткені, осы уақытқа дейін Еуропадан, Латвиядан келіп, жерді 10 жыл мерзімге-ақ алып, табыс тауып, жергілікті елге де жұмыс беріп отырған инвесторлар бар. Мысалы, егін шықпайды деген Атырауда 2014 жылы Өзбекстаннан келген инвестор Е.Цхай пияз егіп, бір жылда 1,5 миллион доллар пайда тапқаны белгілі. Ол қанша қазақстандыққа жұмыс пен нәпақа бергенін де ұмытпайық. Ал Шымкенттен барған бір азамат Владимир Розметов сол Атыраудан мың гектардай жер алып, асыл тұқымды мал бағып, 150 гектарға алма, түрлі жемістер мен егіс өсіріп, елді қарық қылып отыр. Яғни, менің бұл келтіріп отырған дәлелдерім "қызым саған айтамын, келінім сен тыңда" дегенге саяды... Дегенмен, жер шұқып, жемісін жеп өскен оңтүстік өңірлерде, жаңа заң бойынша 49 жылға жалға алған жерлерін 50 пайыздық құнымен он жылда төлеп сатып алуға құлшынып отырған қазақ дихандары көп емес қой... Сонымен бірге, Алланың рахымы жауып, билік 25 жылдан бас тартып, бірақ 2003 жылғы заңдағы межеден кері шегінбей, 10 жылдық мерзімге тоқталған күнде де, шетелдік өзге ұлттардың азаматтық алу мерзімін заңдағы 5 жылдан кемінде 15 жылға созуы керек. Бұл туралы әңгімеге төменде келеміз.
Екіншіден, жер жаппай сатылуға шығарылатын болса, елімізде бір адамға (заңды тұлғаға) сатылатын (жалға алатын) жер көлеміне шектеу қойылуы тиіс. Себебі, Жер туралы заңға былтыр күзде өзгерістер енгізіп жібергенде фракциясымен түгел қолдап, дауыс берген, енді ел шулағанда "қарсымыз"-деп, арзан ұпай жинау үшін жалт беріп шыға келген депутат В.Косаревтан бұрын Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов жер туралы заңның күдікті баптарына қарсы болғанда айтқанындай: "Бұлай болса, жердің бәрін екі-үш олигарх сатып алады ғой..." Айтулы азамат Айтахановтың айтып отырғанының негізі бар. Өйткені, қазірдің өзінде бізде миллиондаған гектар жерлерді иемденіп, сатып алған деп, Кулагин, Лужков, Терещенко секілді алпауыттардың аттары аталып жүр... Ал кезінде қолы жеткендер заңды белден басып немесе айналып өтіп алып алған миллиондаған гектар жерлер өнім беріп, елге қызмет етіп жатыр ма? Әлде, баспасөзде жазылып жатқандай, елдің жайылым өрісін тарылтып, тіпті, қайтыс болғандарды жерлеуге де кедергі жасалып отыр ма? Жерді сатып алу туралы заң осы аталмыш жер көлемдерін жемісті еңбек ететіндерге қайтара ала ма? «Бізде 1 миллион гектарға дейін жерді иемденіп алған, өңдеуге деп банктен орасан көп несие алғандар бар. Сол ақшаларды қайтару мәселесі туып тұр” дегенді Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та жоғары мінберден босқа айтып отырмаған болар... "Жалпы, Жерді жекеменшікке сатпай-ақ, сол бұрынғыдай 49 жылға өз азаматтарымызға жалға беруді жалғастыра берген ең дұрысы болар еді қазір. Жер сатуды жақтайтындар шығарып алған – “Жерді жекеменшікке сатып алмаса, қарамайды, тозып кетеді” деген бос сөз. Біздің Оңтүстік Қазақстан облысында жүз мыңдаған шаруа қожалықтары мақта мен түрлі егістер егіп, жыл сайын өнім алып, бала-шағасын асырап отыр. "Жекеменшікке сатып бермедің"-деп тастап кеткен ешкім жоқ... Екіншіден, "Жер сатуда жер сипап қалмаймыз ба"-деген қаупіміз де күшті. Себебі, жоғарыда айтылғандай қалың шаруаның жерін алуға қаржысы жоқ, қалталылар қағып кетеді. Оның үстіне билік органдарында сыбайлас жемқорлықтың жегіқұрты жайламаған жер жоқ. Сондықтан, жалға алу мерзімі біткенде шаруаның жерін сатуға қоймай, жалға алу мерзімін тағы да созып беру керек. Ал су жоқ, шөлейтті жерлер тозып жатса, оған шаруа кінәлі емес. Жерді суландыру дүние жүзінде мемлекеттің мойнында.
Үшіншіден, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу керек. Себебі, Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Заңының 16-бабында Қазақстан Республикасының азаматтығына: "Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады"-деп жазылған. Яғни, мысалы, жер игереміз деп, құмырсқаша қаптап келетіндер Шерхан Мұртаза ағамыз ашына айтқандай, "Кез келген қытай Қазақстан азаматтығын алу үшін өлексе кемпірге де үйленуге дайын!.." Яғни, кез келген шетелдігің еліміздің азаматына үйленеді де, "Қазақстан азаматы" болып шыға келеді... Бұл үрдіске айналып, үдеріске ұласса, елестетудің өзі қорқынышты екенін ойлай беріңіз. Өйткені, жері кең байтақ, халқының саны аз Қазақ елі түгілі әлемнің алпауыт елдерінің барлығы осы қытай экспансиясынан зардап шегіп, құтыла алмай отыр... Ал Қазақстан азаматы болып алған шетелдіктердің 25 жыл - ширек ғасырда үшінші ұрпағы дүниеге келіп, немерелі болатынын сан білетін саналының бәрі біліп, қауіптенуде.. Сондықтан заңның осы бабын өзгертіп, "Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады" деген сөйлем алынып тасталуы керек. Қазақстан азаматтығы тарихи Отанына - атамекеніне оралған қандастарымыздан басқаларға елге сіңірген ерекше еңбегі үшін және мемлекеттік тілді игергендерге берілуі тиіс. Ал Қазақстан азаматына үйленбей-ақ, шетелдіктердің туған балалары "Қазақстан азаматы" болып табыла беретін жол да бар. Себебі, біздің заңымыз бойынша елімізге тұрақты тұруға келген, жұмысы бар кез-келген адам 5 жылда азаматтық ала алады. Ал олардың 5 жыл ішінде азаматтық алғанға дейін туған балаларына да азаматтық беріледі. Бұл аталмыш заңның 14-бабында: "Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жері бар, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында туған баласы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады"-деп жазылған.
Сондықтан, төртіншіден, ең бастыларының бірі - шетел инвесторларына шетелден жұмыс күшін әкелуіне заңмен қатал шектеу қою керек. Бұл талапты көптеген мемлекеттер қолданып отыр. Әрине, Елбасы маңындағы кейінгі кездегі келеңсіз оқиғалардың себепкерлері болып табылатын, қара басының қамын халық тағдырынан жоғары қоятын топтардың Президентке теріс ақпар беріп: "Жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы шығып жүргендер аз ғана арандатушылар, билікке қарсы топ, ал жалпы халық жер туралы заңға өзгерістерді қос қолдап қолдайды"-деп, жалған айтып жатқаны белгілі. Бірақ, нәтижесінде ертең Ел мен Елбасы арасына сызат түсіп жатса, олардың жалт беріп, тайқып шыға келетіні анық. Оған халықтың талай көзі жеткен. Ең бастысы - Жер сатамыз деп жүріп, жер құшып қалмауымыз керек!
Сонымен қатар, таяқтың тағы бір ұшы бар. Қасиеттеп отырған киелі жеріміздің жемісін жей алмай, әйгілі мақалдағыдай "шөп қорыған иттей" тозаңға айналдырғанымызға мәз болып отыра береміз бе? Біздің айтарымыз, ел тірелген тұйықтан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай аман алып шығу.
Халық өз сөзін айтты. Атырау мен Ақтөбеде, Қызылорда мен Оралда бейбіт шеру арқылы өз пікірін білдірді. Айтуға хақы бар. Ата заң бойынша да, атамзаманнан бері де...
Ендігі сөз Билікте. Ендеше, 21 мамырға жоспарлап отырған митингіні болдырмау - халықтан бұрын биліктің қолында. Биліктің ел алдындағы жауапты да, сауатты әрекетіне байланысты. Қазір талайдан бері билік - аспанда, халық - жерде. Ол үшін билік көктен жерге түсуі керек. "Айттым - бітті, кестім - үзілді" деген өркөкіректік өрге шығармайтынын, өкінішке ұрындыратынын тарих талай дәлелдеген." "Ағайынға ризамын. Лайым жерге деген көңіл осындай болса, халқымыз қасық қаны қалғанша оны қорғайды деп сенемін", - деген Елбасымыз елдің Жер туралы сөзін жерге тастамайды, заңның даулы баптарына мораторий жариялайды деп сенеміз. Өйткені, халық хақысы бізде Конституциямызбен белгіленген. Ал "Халықтың пікірі мен еркі - заңның ең жоғарғы санкциясы" (Әлихан Бөкейханов). Біз бұл заңның жер сатуға байланысты даулы баптарына Елбасы мораторий жариялау керек деген пікірімізді өткен аптада 30 сәуірде Алматыға келіп, БАҚ басшыларымен жиын өткізген Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісі Аида Балаеваға да айтқанбыз.
Ел үшін де, Елбасы үшін де ең бастысы - Тәуелсіздікті сақтау! Ол үшін ең алдымен ел бірлігі, ырысқа жеткізетін ынтымақ, түтіні түзу тыныштық керек!
Қазыбек ИСА, "Қазақ үні" газеті, № 17, 01 мамыр, 2016 жыл.