Жаңадан дайындалып жатқан жер туралы маңызды құжат халыққа не береді?
2016 ж. 26 сәуір
3297
1
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы аясында мәжіліс депутаты Ахмед Мұрадов жерге қатысты тағы бір маңызды кодекстің әзірленіп жатқанын жеткізді деп хабарлайды baq.kz порталы.
«Қазіргі кезде «Жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекс әзірленіп жатыр. Онда біз барлық қатысушылардың міндеттерін қамтитын боламыз. Ал, ең бастысы, мемлекет, ұлт пен жердің мүддесі барынша ескеріледі. Мәселен, жаңа кодексте «жер қыртысы» деген термин бар. Дәл осы «жер қыртысы» мен «жер қойнауы» екі бөлек қарастырылады, анықтамасы да, пайдалану мақсаты да екі түрлі. Жер қыртысы жердің «терісі» іспетті, ол біздің өмірімізге қажетті ресурстарды береді. Сол себепті оны барынша қорғау қажет. Ал жер қойнауы бойынша бөлек міндеттер болады», - деді Ахмед Мұрадов.
Халық қалаулысы Атырау қаласындағы ауыл шаруашылығы жерлерін сату мәселесіне арналған митинг жайында айта келе: "Мен өзім Атырау жерлерін жақсы білемін. Кезінде ол жақта жұмыс істегенмін. Шынын айту керек, ол жақта құнарлы жерлер көп емес. Көбінесе, мұнай-газ кен орындары. Дегенмен, біз «Жер қойнауын пайдалану туралы» заң арқылы ондай жерлерді тиімді пайдалану мәселесін ескердік. Оған сәйкес, шетедік инвестор жер қойнауын пайдаланғанда жердің үстін бағып ұстауы қажет. Бұл дегеніміз, жердің толық рекультивациясы, оны айналымға қайтару және тағысын тағы. Әрине, осы шарттардың орындалуын талап ету керек. Бірақ бұл - басқа адамдардың (құзіретті мемлекеттік органдардың - авт.) міндеті", - деп атап көрсетті депутат.
Ахмед Мұрадов жер қойнауын пайдаланғаннан кейін түк қалдырмай кететін инвесторлардың да барын біледі. Сол себепті бүгінде жер қойнауын пайдалану шарттарын бір ғана заңның аясында қалдырмай, жаңа кодекспен кеңінен қамтып, әрбір қатысушыға міндет салу жоспарланып отыр.