Сәдібек Түгел: «АР» МӘСЕЛЕСІНДЕ алдымыз - ЖАР, артымыз- ҚҰЗ...
2016 ж. 21 сәуір
4103
5
-Сәдібек аға, Сіздің «Сайлау өткен соң ғана, барлық сұрақтарыңа толық жауап берейін» - деген айтқан уәдеңізге орай хабарласып тұрмын. Сауалымды алдымен кезектен тыс өткен сайлаудан бастайын деп тұрмын. Өйткені ел жаңа депутаттарымыз немен қуантады деп елеңдеп отыр емес пе?. Қоғамдық өмірімізге бейжәй қарамайтын таныстарым мен достарым, әлеуметтік желілердегі ағайындар, олардың ішінде Ерболат Сиезхан, Қойшыбай Есентаев және тағы басқа да көптеген азаматтар «Сізді, кандидатураңызды неге депутаттыққа ұсынбады?» деп сұрайды. Соған не айтасыз?
- Қоғам қайраткері және қаламгер ретінде ұлттың мүддесін бір кісідей қорғап, небір мінберлер мен әлеуметтік желілерде бүгежектемей, біреуге қарап жалтақтамай, бұлғақтамай айтар ойларым мен ұсыныстарымды ашық жеткізіп келемін. Ел білетін қалыптасқан азаматтық ұстанымым бар. Бұл бағытта мен депутаттардан кем емеспін деп есептеймін.
Ал, кемшілігім біреу-ақ. Халық депутатары сияқты көп мөлшерде еңбекақы алмаймын. Бізде депутаттарымыз жоғары деңгейде жалақы алады, қымбат үйде тегін тұрады, тегін автокөлік, тегін қызмет көрсетіледі. Әлемдік дағдарыс алқымнан алып, қарапайым халықты есеңгіретіп тұрғанда депутаттарға аста төк жағдай жасау дұрыс емес деп есептеймін. Менің ойымша, қазіргі қиын жағдайда халық қалаулыларының еңбекақыларын екі есеге төмендету қажет. Оны осы жаңадан сайланғандардың өздері бастағандары жөн. Сонда халық риза болады. Үнемделген қаражатты сал ауруына және басқа да дерттерге шалдыққан науқас балаларды емдеуге, оларға қажетті операция жасауға жұмсаған дұрыс болар еді. Теңгенің құнсыздануына байланысты дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттап кетті. Одан қарапайым кедей адамдар зор зардап шегуде. Ақшаларын қысқартса депутаттардың мұрты қисаймайды, тұрмыс-тіршіліктері төмендемейді, қысқармайды. Жерге қарап отырған бірде бір депутат жоқ. Әрбір депутаттың үй-күйі бар дегендей...
- Сіз халық арасында көп боласыз. Халықтың тілегін шымырлатып жеткізе алатын кімдердің депут болғанын қалар едіңіз?
- Құдайға шүкір ел ішінде ұлағатты сөздер тауып, мағыналы ұсыныстарды айта алатын ағайындар бар. Кімдердің депутат болғанын қалар едіңіз дейсің ғой. Алматыдан, жазушылар Зейнеп Ахметова апай мен Софы Сматаев аға, Астанадан Кенжеболат Махмұтұлы Жолдыбай аға, қайраткер азамат Марат Әскенұлы Нәбиев, ЮНЕСКО профессоры Намазәлі Омашұлы, Ермек Тұрсынов, Арман Шораев, Дәурен Қуат, Ауыт Мұқибек, Айдос Сарым, Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдаулет, Қазыбек Иса, Ринат Зайытов, заңгер Дәурен Мұса, саясаттанушылар Ерлан Қарин, Толғанай Үмбеталиева, Расул Жұмалылар.
- Жаңадан сайланған Парламент депутаттарының ең алдымен қандай мәселеге көңіл бөлгенін дұрыс деп санайсыз?
- Өте дұрыс сұрақ. Мен бұл сұрағыңызға бірден, «АР-НАМЫС»; «АР-ҰЖДАН» МӘСЕЛЕРІ ДЕП НЫҚ ЖАУАП ҚАТАМЫН.
- Дәл қазір, Сіз көтеріп жүрген осы проблемаларға байланысты халықтың пікірлері өте көп болып тұр. Осыдан тура жиырма бір жыл бұрын, Сіз «Біз қайда барамыз?» атты авторлық Бағдарламаңыздың аясында «Қазақтың қызына қырық үйден тыйым» атты үлкен телехабар жасап, капитализация, приватизация, экономика деп ұлттық рухымыздан, ар-ұяттан арылып, күлкімізді жинап ала алмай қалып жүрмелік, Қазақстан екінші «Тайланд» болып кетпесін отандастар!» деп Үндеу тастадыңыз? Оның үстіне , «Лас туризмді елімізге келтірмейік?», «Арды сақтайық, халқым?», «Біз қайда барамыз?!», «Әсет Исекешевке Ашық хат», «Бақытсыз қазақ қыздары. Олар кімдер?», «Ар дағдарысы» атты жан-айқай мақалаларыңызды оқыдым, «25» атты ерекше Бағдарламаңызбен таныспын.
Сөзсіз, Сіздің ұсыныстарыңыз бен бастамалырыңыз елдің назарын аударып, халықтың арасында кеңінен талқылануда. Мысалы, «Ар дағдарысы» оның ішінде «қазақ қыздарының шетелдіктерге жаппай күйеуге шығулары», «лас туризммен» «жезөкшеліктің», бедеуліктің, белең алуы, гейлердің көбеюі, жастарымыздың жартысын арсыздықтың басып алуы, «сауналардың бордель-сексханаларға , жын-ойнаққа айналынуы», « қазақ әртіс жігіттерінің әйел болып ойнауларының көбейуі». Қазір менің аңғаруымда, олар туралы интернет сайттар да жарыса жазып жатыр.
- Өкінішке орай, Ар мәселесінде алдымызды -жар, артымызда- құз тұр. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып күреспесек құримыз. Бүкіл әлемге масқара болып, жуса кетпейтін кетпейтін жаман атқа ие боламыз. Оны көргеннен, естігеннен өлген артық деп санаймын. Шынында менің бұл тақырыптармен шұғылданып келе жатқаныма тура 20 жылдан асты. 1995 жылы қазақ телевидениесінде «Біз қайда барамыз?» атты бағдарлама жасадым. Сонда «Қазақ қызына қырық үйден тыйым», «Ислам діні және жастар тәрбиесі» атты хабарларды ұйымдастырдым. Жұдырықтың үстіне жұдырық. Шынында қазақ қыздары жат жұрттықтықтарға күйеуге бірінен кейін бірі шығуда. Орта есеппен алғанда, бір жылда тоғыз мыңдай қазақ қыздары шетелге тұрмысқа шығады. Егер осы қалыпта бола берсек, келесі ғасырда қазақ деген ұлт болмайды. Соны түсіну әрі сезіну керек. Осыдан екі жыл бұрын үлкен балдызымның үйіне жаңа құдаларымен бірге қонақта болдым. Сонда , бір құдағи: «Қазақтармен қазақтар құда болған сіздер өте бақытты жандарсыздар. Бұны айтып тұрғаным, Алматының мединститутында оқыған апалы-сіңлілі екі қызым менің тілімді алмай , индустарға күйеуге шығып кетті.Бөтеннің аты бөтен болады екен. Қыздарымнан туған индус немере жиендерге жүрегім еміренбейді. Содан бері, көңілім алай-дүлей»-деп көзіне жас алды. Қызықтың көкесін түйе сойғанда көрерсің деген. Оған қосылып Алматыдан келген екінші құдағи жылады. Ал, бұған не болды десек, оның да жаңғыз қызы итальяндық біреуге шығып, елден біржолата кетіп қалыпты. Трагедия деген осы. Айттым ғой, бұл мәселеде жалпы жағдай мәз емес. «Ауруын жасырған өледі»-дейді біздің дана халық. Біздің зерттеуімізде, бүгінгі күні 15 пен 25 аралығындағы қыздармыздың тең жартысы шет елдіктерге тұрмысқа шығуға дайын. Өткен тарихымызды зерделесек, біздің қайтпас-қайсар, ержүрек ата-бабаларымыз бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерлерімен қатар болашақ қазақтарды әкелетін қыз-келіншектерді жат жұрттықтардан қызғыштай қорғап, сақтаған. Олар қыздарды «Отан-Ана», «Жер-Ана», «Ел-Ана» деп бағалап жауға бермеген, қыз - елдің ырысы мен берекесі, өсуі, дамуы деп білген. Басы ашық мәселе, қыздарымыздың жат жұрттықтарға жаппай күйеуге шығулары, ұлттың өсуіне, демографияға кері әсерін тигізіп отыр. Бір сөзбен айтқанда санымыздың өсіп, сапамыздың артуына тежеуіш болып тұр. 1960 жылдары өзбектер мен қазақтардың саны тең, 10 милионнан болған. Олар қазір, 31 миллионды құрайды. Сауд Араб елінде және басқа да араб мемлекеттерінде қыздарының басқа ұлт өкілдеріне күйеуге шығуларына қатаң шектеу қойылған. Олар арнайы заң қабылдаған. Заңды орындамағандар өлім жазасына кесіледі.
- АР ұғымы бәрін қамтиды. АР болған жерде жеңісте болады, жетістік те болады.Онда ұлт маңдайын көтеріп жүреді. Ал, арсыздық басқан жерде ұлт бақытсыз болады. Арсыздық белең алған елдің намысы тапталады, сағы сынып, еңсесі түседі, бишара болады. Міне, арсыздық неге әкеледі? «Намысын бермеген қазағым мықты ғой» деп күнде шырқаймыз. Шырылдаған шындықты жеткізер болсақ, біздің қалаларды арсыздық басып алды. Қазір, ұлтымыздың болмысына, мәдениетіне, намысына, тұрмысына өте жат мына құбылыстар: жезөкшелік, гейлер, бір жыныстылар махаббаты, жалаңаштану, жын-ойнақтар , сауна-бордельдер, қонақүй- бордельдер үлкен , кіші шаһарларға толып кетті. Проституция күннен күнге өсуде. Тоқтау жоқ. Қазір елімізде жүз мыңнан астам денесін сатып, ақша тауып, қазақты жарге қаратып жүрген қыздар бар. Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Қызылдорда, Атырау, Орал, Ақтөбе, Ақтау, Қостанай, Қызылжар, Семей, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Талдықорған, Қапшағай, Бурабай және тағы басқа қалаларда проституция мен арды сату өршіп тұр. Сұмдық емес пе. Әсіресе, шет елдіктер жұмыс істейтін аймақтарда жеңіл жүрістілер көп.
Қазақ ұлты қайда барады? Дәл қазір елімізде 25 жастан асқан, тұрмыс құрмаған 250 мыңдай «кәрі қыздар», 175 мыңдай «сүр бойдақтар» өмір
сүреді. Оның үстіне жесір қалған мен ажырасқандарды қоссаң, бұл цифрлар екі-үш есеге көбейеді. Бүгінгі күні әрбір 10 некенің 4-еуі ажырасып отыр. Тағы бір сұмдық қазақтың жастарын бедеулік кесепаты жайлап барады. Уролог Алшынбаевтың айтуынша, олардың саны 30 пайыздан асып жығылады.
- Аға, дәл осы жерде Сіздің «Қазақ жігіттеріне жатардың алдында қазы жеп, қымыз ішу қажет»- атты сұхбатыңыздан қысқаша үзінді жариялауды дұрыс деп тұрмын:
«Ертуған ағамыз туралы, оның еркектік күшінің кереметтігін кітабыңда жақсы жаздың. Ал, 9 әйел алып, 53 бала тудырған Сатый атаң туралы неге жазбайсың? -деп сұрады.
- Әрине, жазуға болады. Ол үшін оның тарихынан мәлімет керек — деп мен жауап қаттым.
- Онда тыңда, деп, аға, әңгімесін бастады. Атамыз тоғыз келіншекке әйелжанды болып үйленген жоқ. Қазақ жесірін тастамаған, жетімін жылатпаған халық. Осы Ұлы Дала заңымен ауыл ақсақалдары ерлері майданда мерт болған жесірлерді ал деп оған айтып отырған. Ол өз кезегінде үлкендердің айтқандарын бұлжытпай орындап отырған. Әсте, бұл жерде мәселе бірнеше әйелдерге үйленуде емес, соларды еркек болып игеріп, көп бала таптыруда ғой. Оның екі сыры бар. Бірі, жейтін тамақ пен ішетін сусын. Екіншісі, бұзылмайтын кесте-график. Атамыз әр күнін, бір түнін бір әйеліне арнайды екен. Тоғызына тоғыз түнейді. Өз кезегінде жаңағы тоғыз әйел бірімен бірі жарысып атамызға тамақ дайындайды. Сондағы ең күшті тағам қазы мен қымыз екен. Қазыдан кертіп жеп, қымыздан ұрттап ішкен атамыз кішкене Сатыйларды жасай берген, жасай берген. Мен мұны айтып тұрғаным, соңғы жылдары денсаулық саласының мамандары қазақ жігіттері әлсізденіп барады, олардың 30 пайызы белсіздік дертіне шалыққан деп дабыл қағуда. Дұрыс айтады. Бұл сырқат бағзы заманнан біздің генафондымыз қалайтын қазыны жеп, қымызды ішпегендіктен болып тұрғаны анық. Сондықтан, жас келіндер күйеулеріне кешке жатардың алдында міндетті түрде қазы жегізіп, қымызды сіміртіп отырулары керек. Сонда сөзсіз, қарадомалақтар қаптайды, қазақтың саны өсіп, сапасы артады, деп Тоқан ағам әңгімесін аяқтады».
- Әзіл-сықақ театрының қазақ жігіттері әйелдердің ролін ойнауға құштар. Соған беріліп алған. Бір жолы «Жаңажол» ауылына малшының үйіне бардым. Оның жастары үш пен бестің арасындағы екі ұлы «Сабинка келін» болып, бастарына орамал тартып, ойнап жүр. Қатын болып ойнауды қазақтың әртіс жігіттері мақтан тұтады. Намыс жоқ. Біз өзімізді саны көп орыстар мен қытайлармен салыстырмайық. Оларда сан сапаға ауысып кеткен. Біз азбыз. Сәл жіберген кемшіліктеріміз бен қателіктеріміз көрініп қояды. Оның кесірінен, руханиятымыздың өсуі кешеуілдеп, ұлттық тәлім-тәрбиеміз, ар-ождан мәселелері ұмыт қалды. Жастарды жаман, кір, лас жолдарға салатын кешендер бой көтеріп, ар-ұятты жоғалтты. Соның нағыз дәлелдерінің бірі біздің еліміздің «ең саунасы» көп елге айналуы дер едім. Ал, ол кешендер шынтауытын айтқанда ар-намысты ұмытып, дүние-қоңыз жинауға құныққан бизнесмендер мен кәсіпкерлердің, кейбір құқық қорғаушылардың күреп лас ақша табатын, «бордел-сексханаларына», «жын-ойнақ» сауналарына айналып кетті. Бұл не деген сұмдық? Қалай осы сауналарды жабамыз?
Жағдайды осылай тәптіштеп айтып отырғаным, Парламенттің жаңадан сайланған депутаттары бәрін қойып, АР дағдарысымен бірінші кезекте шұғыл түрде шұғылданулары қажет деп есептеймін. Экономикамен экономистер, бизнесмендер, министрлер мен Үкімет айналысады. Арнайы БАҒДАРЛАМА қабылдау керек. Айтарым, қаржы, экономика дағдарысы түзеледі, ал, Ар дағдарысы бір доғарылса оңбайды. Соны түсінуіміз керек.
Артымызда- құз дегенім, шегінерге жер жоқ дегенім, алдымызда - жар тұр дегенім, жарды бұзып, не айналып өтуге болады. Әлі кеш емес дегенім. Ар-Намысты бәрінен жоғары қоялық, аяулы халқым!
-Ащы болса да, шындықты айтқан Сізге көп рахмет.
Дидар Нұржігіт, журналист.
Qazaquni.kz
RS: Сәдібек Түгел танымал қоғам қайраткері, жазушы, 20 кітаптың авторы, Ұлы Даланың атақты тұлпары Құлагерге астындағы көлігін, дүние мүлкін ломбардқа салып, керемет ескерткіш салған азамат. Астана қаласы әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы. Ұлттық спорт Қауымдастығы мен Ұлттық ат спорты түрлерінің негізін қалаушылардың бірі. Ұлттық ат спорты Федерациясының президенті, «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының тең төрағасы. Құрамында жеті журналы бар « ТҮГЕЛ МЕДИА» бірлестігінің басшысы. ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Бұл күнде жұбайы Қайкен екеуі екі бала тәрбиелеп, өсіріп, алты немере сүйіп отыр.