«Отырарда отыз баб, Сайрамда бар сансыз баб, Бабтардың бабы – Арыстанбаб» дейтін киелі Отырардың топырағында, орта ғасырда отыз Фараби шыққан жерде дүниеге келген Өмекеңнің болашақта ғұлама ғалым болмағы сол топырақтың қадіріне жете білгеннен де болар... Құт дарыған шаңырақта, екі бірдей талантты жанның – ата менен ананың ортасында өлең мен жырға қанып, ән менен күйге тербетіліп өскен жас талаптың «сегіз қырлы, бір сырлы» болмағы да – тәңірдің талабындай еді. Демек, Өмірзақ ағаның тұлғасына, табиғатына тән асыл қасиеттердің бәрі де, солармен бірге өрілген биязы көркем мінезі де – талантқа берілген тағдырдың сыйы десе болғандай...
Ата-ананың «баламыз ғұмырлы болсын!» деген ақ тілеуі ақталды. Бүгінгі күні екі қырықты еңсеріп, сексеннің табалдырығынан аттап отырған Өмірзақ ағаны «жігіт ағасы» десе әбден жарасымды-ақ.
Өмірзақ Айтбайұлы – ең алдымен, ғұлама ғалым. Өмірзақ ағаның ғылымда алғаш түрен салған саласы – аударма теориясы. Ана тілімізге қаншама аударма жасалып жатқанымен, аудармаға машықтанған мамандардың өзі аз болмағанмен, аударматану мәселелерінде, аударма жасаудың таза ғылыми-теориялық жағын зерттеу ісінде кемшін тұстар аз емес еді. Өмекең 1971 жылы «Максим Горький фразеологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ғалымның 1975 жылы жарық көрген «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» атты еңбегі аударматаным теориясына қосылған жақсы үлес болды. Аталмыш монографияда аударматану мен терминологияның өзекті мәселелері, мақал-мәтелдерді аудармада дұрыс қолдану, олардың семантика-стилистикалық және этнолингвистикалық ерекшеліктері жайлы сөз болады.
Аударматанудың ғылыми негіздеріне қаныққан жас ғалым ендігі кезекте терминтаным саласына назар аударды. Термин дегеніміздің өзі – ғылым майданында болатын, тіл мен тілдің арасындағы адам көзіне түспейтін ғылыми шекараны, межені айқындайтын қарақшы, белгі болып саналатындығы баршаға аян. Тіл мен тілдің арасында көзге түспейтін мылтықсыз майдан жүріп жатады. Өз шебіңізді жеткілікті дәрежеде қорғай алмасаңыз, жау әскерінің қалың қолы тілдің ішіне қалай еніп кеткенін байқамай қалуыңыз мүмкін. Міне, осыны айқын ұғынған Өмекең сонау 1970-80 жылдардан бері қазақ терминологиясының алдыңғы шебінде келеді. 1992 жылы ғалым «Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыптағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Өмірзақ Айтбайұлы қазіргі қазақ тілінде термин жасаудың басты ұстанымдары мен әдіс-тәсілдерін негіздеп, ұлттық терминдердің ғасырлар бойы қалыптасуындағы қиыншылықтарды, басты-басты кедергілерді анықтады, оларды еңсерудің жолдарын белгілеп берді. Мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің бар әлеуеті, құдіреттілігі оның қаншалықты дәреже мен деңгейде, қандай басты салаларда шын мәніндегі ғылымның тіліне айнала алғандығымен айқындалады. Өмірзақ ағаның ғылымы осы мақсатқа қызмет етеді.Ғалымның өз сөзімен айтсақ: «Терминология – ғылым мен техника тілін дамытатын лексиканың бірден-бір күрделі қабаты. Қазақ тілі терминологиясы жазу сауаттылығын арттыратын емле ережелеріне тікелей тәуелді. Ендеше емле ережеміздегі термин сөздерді жасау, қабылдау жөнінде жіберілген қатені түзеу қажет. Терминжасамның жаңа үлгілерін баспасөзде жариялай отырып, соның негізінде жыл сайын пікір сайысын өткізіп отыру керек. Терминтанушы кадр дайындау жолдары қарастырылып, мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға жіберу қажет. Қазақ терминологиясының өзекті мәселелері жөнінде радиохабарларды үздіксіз жүргізіп, екі жылда бір рет ғылыми-практикалық конференция өткізіп отыруымыз керек. Бүкіл түркі тілдеріне ортақ терминологиялық қор жасау ісімен шұғылдану да заман талабы».
Академик Ө.Айтбайұлының пайымдауынша, терминология әдеби тілдің бір бөлігі ретінде лексикологияның нағыз өзегін құрайды. Өмекең терминжасам үдерісінде ең алдымен қазақ тілінің әлеуетін мүмкіндігінше толық пайдаланудың қажеттігін айтады. Ғалымның пікірі бойынша, қазақ терминологиясы екі түрлі жолмен қалыптасады: ұлттық тілдің байлығы арқылы және кірме сөздер арқылы. Халықаралық ғылыми байланыстардың маңыздылығы, ғылым тіліндегі бірізділікті сақтау туралы жаза отырып, «тілімізде қалыптанған интертерминдердін бәрін аудару қажет емес, себебі бір ғылым саласында қолданылатын халықаралық терминдердің қазақша баламаларын табу, қалыптастыру барлық уақытта сәтті бола бермейді. Термин жасаудың жауапкершілігі мол,
себебі рухани, мәдени, әлеуметтік және басқа да байлықтар тіл арқылы танылады» – дейді ғалым. Термин жасаудың негізгі жолдары, әдіс-тәсілдері ретіндегі семантикалық, морфологиялық, синтаксистік және калька жасау тәсілдерін атай отырып, олардың қолданылуында қазақ тілінің жалғамалы тіл ретіндегі ерекшеліктерін ескерудің қажеттілігін айтады.
Өмекең қазақ терминологиясының қалыптасу ерекшеліктерін, оның тарихи даму жолдары мен кезеңдерін,тарихи даму сатыларын, ана тілімізде ғылымның тілін жасаудағы қызметін, қоғамдағы лайықты орнын айқындап берді. Ол қазақ терминологиясын дамытуда Ахмет Байтұрсынұлының ғылымға қосқан үлесін зерделей отырып, оны «қазақтың ғылыми терминологиясының негізін қалаушы» деп бағалайды. Қазақ тіл білімінің тарихында Ахмет Байтұрсынұлының қосқан үлесін Абайдың әдебиетке қосқан үлесімен салыстыра бағамдайды. XX ғасырдың басында, оның алғашқы отыз жылында қазақ терминологиясының жасалуы мен қалыптасуына алаштың рухани көсемі А.Байтұрсынұлының, тіл білімі саласында қазақтың тұңғыш профессоры Қ.Жұбановтың жасаған еңбегі ересен. Ұлт ұстаздарының елге қызмет жасау үлгісін бүгінгі күндері жалғастырып отырған Өмірзақ Айтбайұлының қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі елеулі. Осы ретте академик Өмірзақ Айтбайұлының заманауи қазақ терминологиясын дамытудағы еселі еңбегін ескере отырып, оны «қазіргі қазақ терминологиясының көшбасшысы» ретінде әділ бағалағанымыз жөн.
Өмірзақ Айтбайұлы – түркітану мен қазақ тіл білімінің аударматаным теориясы, терминология салалары бойынша көптеген шәкірт тәрбиелеп өсірген ұлағатты ұстаз. Ғалымның шәкірттері бүгінгі таңда шетелдерде және отанымыздың өлкелік, облыстық білім, ғылым ордаларында, мәдениет ошақтарында үздік еңбек етіп, халқымыздың адал ұлдары мен қыздары ретінде кең танымал болды. Олардың өздері де шәкірт тәрбиелеп, Өмекеңнің «немере шәкірттерінің» қатарын толықтыра түсуде. Ұзақ жылдар бойы Өмекең еліміздің жоғарғы оқу орындарында, университеттерде жалпы тіл білімі, қазақ тіл білімі бойынша дәріс оқып, филология мамандығы бойынша ғылыми кадрлар даярлау ісіне үзбей атсалысып келеді. Мәселен, Өмекеңнің «Қайнар» университетінде филология факультетінің деканы ретіндегі атқарған қызмет өз алдына бір төбе.
Өмірзақ Айтбайұлы – іскер басшы, ғылымды ұйымдастырушы, ғылыми қайраткер ретінде де танымал тұлға. Ұзақ жылдар бойы Тіл білімі институтының терминология және аударма теориясы бөлімінің меңгерушісі болды. Терминология мен аударма теориясына қатысты алуан түрлі зерттеу жұмыстарына, проблемалық тақырыптарға, іргелі ғылыми жобаларға жетекшілік, басшылық жасады, ұжымдық ғылыми еңбектерді жарыққа шығарды. Ғылым академиясы жанынан құрылған терминологиялық орталық Өмекеңнің басшылығымен жұмыс жасап, ұлттық терминологияның дамуына лайықты үлес қосты. Сондай-ақ, академик Өмірзақ Айтбайұлы Жоғарғы Аттестациялық Комитет Президиумының мүшесі, Тіл білімі институты жанындағы ғылыми дәреже беретін ғылыми Кеңестің көп жылдан бергі мүшесі ретінде, ғылымның жас мамандарының өсіп, жетілуіне қолғабыс етіп келеді. Өмекең 1998 және 2005 жылдары ел басшысын сайлау науқандары кезінде мемлекеттік лингвистикалық комиссияның төрағасы ретінде президенттікке үміткерлерден емтихан қабылдады. Ол ұзақ жылдар бойы ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік терминкомның мүшесі, ғалым хатшысы ретінде терминологияның өзекті мәселелерін шешуде маңызды жұмыс атқарды.
Ө.Айтбайұлы – қазіргі қазақ қоғамындағы белгілі тұлға, ірі қоғам қайраткері. Өмекеңнің ана тіліміз үшін күресі өткен ғасырдың сонау 50-60 жылдары қазақ мектебін аштыру үшін жасаған қажырлы іс-қимылдарынан бастау алады. Алматыдай астанада бірде-бір қазақ мектебінің болмауы себепті, осы мәселеге ерекше күйзелген зиялы қауым өкілдерінің бір тобы жоғары жаққа өтініш жасап, талап етуді табанды түрде жалғастырды.Осы топтың бел ортасында Өмірзақ аға да бар еді...
Ал енді 1989 жылдың соңғы тоқсанында қазақтың бас театры – М.О.Әуезов театрындағы ана тіліміздің тағдырын шешкен жиында академик Әбдуәли Қайдар бастаған, Өмекең қостаған топтың іс-қимылы жемісті болды. Осы жиын барысында Өмірзақ аға ұйымның ән-ұранын – «Ана тілін» орындап, жария етті. Зиялы қауымның айрықша көңіл қойып, күш салуы арқасында, Өмекеңдердің ерекше қайраткерлігі арқасында көптен күткен қоғам құрылды. Одан кейін ол қоғамның жұмысын жақсы жолға қою, оның ел ішінде және қазақ диаспорасы бар шет елдерде өркен жая дамуына мүмкіндік тудыру жолында Өмекең еселі еңбек етті. Еңбек зая кеткен жоқ. Халықаралық мәртебесі бар қоғамның белсенді қызметін, түркітілдес елдер қауымдастығындағы өзіндік орны мен атқаратын рөлін ел басшыларынан бастап, барша қауым мойындады. Бүгінгі күні Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қазақстан Республикасы аумағында алуан түрлі көкейтесті әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді көтеруші, олардың өз шешімін табуына атсалысушы мекеме ретіндегі, сондай-ақ, елден тысқары жерлерде мекендеуші жергілікті қазақ диаспорасының қажетін қамтамасыз етуші, мұң-мұқтажын ел басшылығына жеткізіп, оның оңтайлы шешілуі жолында қызмет жасайтын орын ретіндегі өзіндік бет-бейнесі айқындалып отыр.
Ө.Айтбайұлы «Қазақ тілі» қоғамынан тысқары, халыққа қызмет жасайтын басқа да үкіметтік және қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсенді түрде араласып, лайықты үлесін қосып келеді. Олардың ішінде алуан түрлі республикалық комиссиялар, білім-ғылым ордалары, мәдениет ошақтары, дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы, т.б. бар. Өмекең тіл саясаты жөніндегі мемлекеттік комиссияның белсенді мүшесі.
Өмекеңнің кісілігі туралы айтар болсақ, ол кісі – алты алаштың ардақты азаматы, халық қадірлейтін ел ағаларының бірі. Бұл – қазіргі кезеңде, қиыншылығы мол заманда аса мәнді, маңызды қасиет.
Мырзаберген МАЛБАҚҰЛЫ,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор
Пікір
Рабиға Сыздық,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі:
ӨМЕКЕҢНІҢ ӨМІР ЖОЛЫН ЗЕРТТЕУДЕН БҰРЫН ОНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІНЕ ҮҢІЛГЕН ЖӨН
Жақсы жанның ізгі қасиеттерін алдымен оның ұшқан ұясынан, алған тәрбиесінен, өткен өмір мектебінен іздеген жөн. Өмекеңнін әкесі Қаратау, Сыр өңіріне белгілі ақын әрі мәдениет қайраткері болған. Ол Айтбай мекеніндегі Қарнақ медресесінде Айтжан атты молдадан оқып, мұсылманша жақсы білім алған. Өз бетімен ізденіп, Бұхараға барып, білімін толықтырып, араб, парсы тілдерін меңгерген, шығыс әдебиетін жақсы білген зиялы адам болған екен, бірнеше поэма-дастандар жазған, айтыстарға қатысқан. Оқуын бітірген соң Ташкент қаласында мұғалім бола жүріп, атақты Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса, Шәді төрелермен сыйлас, дәмдес болған. Олардың жырларын жатқа айтып, жалпақ жұртқа жаюшылардың бірінен саналады.
Әкесі Өмекеңді бір елі қасынан тастамай, ертіп жүріп тәрбиелейді. Поэзия мен ән-күй – әсемдік әлемі болса, сол сұлулыққа баулиды. Дін – имандылық мектебі болса, діни жоғары білімді әкесі Өмекеңді адамгершілікке тәрбиелейді. Сірә, ғалым, қайраткер Өмекеңнің өмір жолын баяндауға көшпес бұрын, ұлан Өмекеңнің жан дүниесіне үңілсек, оған табиғат, дәлірек айтсақ ата-анасы бойына өнер мен иман дарытыпты. Әкесі ғана емес, анасы Жұмагүл Нарымбетқызы да әнші, әрі домбырашы болған, тіпті ақындықтан да құр алақан емес екен. Бірде қосағы Айтекеңмен айтысып, оны жеңіп те кеткен көрінеді. Халқымыздың осындай ән-күй, ақындық өнерінің қос иесінің шаңырағында Өмекең дүниеге келді.
"Қазақ үні" газеті