ПАРЛАМЕНТКЕ ҚАНДАЙ ПЕРДЕ ҚАЖЕТ?
2016 ж. 19 сәуір
3794
15
Бұл мақаланы жазуға редакцияға хабарласқан бір оқырманымыздың қоңырауы түрткі болды. Газет болған соң жер-жерлерден белсенді тұрғындарымыздың басылыммен байланыс жасауы заңдылық. Әркім өз пікірлері мен ұсыныстарын айтып, қалам ұстаған қауымға ой салып тұратыны бар, бұл да қалыпты жағдай. Әрине, ондай оқырмандарымызға айтарымыз тек қана – алғыс.
Ал, оқырман ойымен санаспау, оның сөзін жүре тыңдау журналистикалық этикаға жатпайды. Кейде редакцияға келген адамның мұңын сағаттап тыңдауға тура келеді. Сонымен Алматыдан телефон шалған Ағыбай атты зейнеткер ағамыз не дейді? «Қазақ үні» газетінің тұрақты оқырманымын. Сіздер Алаш тақырыбы мен кәсіпкерлікті қолдау мәселесін әрдайым көтеріп келесіздер. Ол дұрыс. Жақында телеарналардың бірінен Ақмарал деген бір кәсіпкер қарындасымыз Парламент шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша депутаттардың қызметтік пәтерлеріне арнап перделер тігіп, соның ақшасын ала алмай жүргенін айтып, жыларман күйге жеткенін көріп қалдым. Бұл не деген сұмдық, халық сенім артып отырған Парламентіміздің өзі атқарылған жұмыстың ақшасын төлемей кәсіпкерлікке кедергі жасаса, басқасынан не күтуге болады? Кәсіпкерлікті қолдаған соң осы туралы неге жазбайсыздар?» – деп реніш білдірді.
Бүгінгі ақпараттық ағымға ілесудің өзі қиын болып барады. Оның бәрін жіпке тізу мүмкін емес. Әрине, ағамыздың ашу шақыратындай жөні бар. Елбасымыздың өзі бастап, шағын және орта бизнесті, оның ішінде өндіріспен айналысатын кәсіпкерлікті барынша қорғап, қолдау керектігін күнделікті айтып келеді. Ал олардың адымын аштырмай, көздеріне осылайкә көк шыбын үймелетсек, кәсіпкерлік қайдан дами қойсын? Амал жоқ, алдымен жаңағы жағдаймен танысу үшін телеарналардың өткен хабарларын ақтарып, іздестіруге тура келді. Рас, бұл хабар бір емес бірнеше телеарналар арқылы таратылған. Сондықтан оны шындыққа жанаспайтын жапқан жала деп те айта алмаймыз. Онда астаналық жеке кәсіпкер Ақмарал Ардаубаева 2 жылдан бері депутаттардың қызметтік баспанасына деп тіккен перделеріне жұмсалған өзінің 25 миллион теңгесін қайтара алмай жүргенін айтады. Тіккен шымылдықтары бүгінге дейін тапсырыс берген Парламент шаруашылық басқармасының қоймасында шаң басып жатқан кәсіпкер шағымын айтып, жоғарғы сотқа дейін жеткен. Алайда, бәрі де Парламент шаруашылық басқармасын жақтапты. Ақмарал өз жанайқайы Бас прокурор Асхат Дауылбаев пен Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің құлағына жетсе екен дейді. Сол үшін арнайы хат та апарып тапсырыпты. Ақшадан да, пердеден де айырылған кәсіпкер ешқайдан қолдау таппай енді телеарналардан көмек сұраған.
Кәсіпкер Ақмарал Ардаубаева 2014- жылы қадірлі депутаттарымыз тұрып жатқан пәтерлердің пердесін тігуге арналған байқауда жеңіп, 25 миллион теңгенің тапсырысын алған соң, келісім-шартқа сәйкес өз міндеттемесін орындаған. Бірақ, Парламент шаруашылық басқарамасының басшылары «Тапсырысты дұрыс орындамадыңдар» деп, ақшасын төлемеген. Парламенттегілерге перделер тігілген матаның қалыңдығы көңілден шықпапты. Екі жыл бойы соттарда жеке кәсіпкердің құқығын қорғап келген заңгер Мақсат Ілиясұлы перделердің депутаттардың пәтеріне ілініп, кейін талапқа сай емес деген сылтауының өзі заңға қайшы дейді.
– Заң бойынша, тіпті келісім-шартта да жазулы тұр. Егер тапсырыс беруші тауарды өзіне қабылдап алса, өз қоймасына қойса, тауардың иесі тапсырыс беруші болып табылады. Ал жеке кәсіпкер Ардаубаеваның тіккен 130 пердесі екі жыл болды шаруашылық басқармасының қоймасында жатыр, – дейді қорғаушы.
– Айналымдағы қаржымды қайтара алмай қаншама салондарымды жаптым. Тендерге де қатыса алмай отырмын. Мені «Жауапсыз орындаушы» деп қара тізімге кіргізіп қойды. Оның үстіне маған үкіметке зиян келтірді деп қомақты айыппұл салып отыр, – деп мұңын шағады кәсіпкер. Ал, осыған байланысты Парламент шаруашылық басқармасындағылар «31-телеарнаға» берген жауабында: «Перделер мемлекеттік сатып алулар туралы шартта белгіленген параметрлерге сәйкес келмеуіне және тауарды жеткізу мерзімінің бұзылуына байланысты қабылданбады» делінген. Басқарма сот актілерінің күшіне енгендігін және Ардаубаеваның қайта қарау жөніндегі өтінішін жоғарғы сот қабыл алмағанын айтқан. Бірақ, қоймаларында жатқан перделердің кәсіпкерге қайтарылар, қайтарылмасы туралы ештеңе демепті. Бұған қоса, басқарма қоғамда наразылық тудырған, жаңа сайланған 31 депутаттың қонақ үйде жатқан 2 апталық шығын сомасын да ресми жариялапты. Ол дерек бойынша екі аптада депутаттардың жатын орнына 8 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысы шығындалыпты.
Жауап келді деп бәрін жаба салмас бұрын мына мәселеге назар аударып көрелік. Біріншіден, тапсырыс дұрыс орындалмаса, кем-кетігін түзеңдер деп тауарды кәсіпкерге неге қайтарып бермеді деген заңды сұрақ туады. Екіншіден, перделерді іліп қойып, кейін талғамнан шықпады деп қоймаға тастай салу, оның үстіне бір тиын да бермеу – біреудің еңбегін еш ету емес пе? Анау-мынау емес, құзырлы орынның қойма кілтін қолымда ұстап отырмын деп қатардағы қарапайым кәсіпкерді қорлап, осыншама басынуға бола ма? Үшіншіден, бұл жерде мәселенің әбден ушыққаны көрініп тұр. Кәсіпкердің бірден «қара тізімге» ілігуіне Парламент шаруашылық басқармасының «көмегі» тиген бе деген күдік те бас көтереді. Өйткені біреу арыз жазбаса, шағым айтпаса ондай тізімге кім көрінгенді кіргізе бермейді.
Мәселенің тағы бір қырынан қарап көрелік. Бұл қызметтік пәтерлерде жүздеген депутаттар тұрады. Демек, жүздеген талғам болуы да заңды. Оның бәрінің көңілінен шығу қиын, ол үшін әрбір депутаттың талғамын зерттеп, солардың тікелей өзінен тапсырыс алу қажет. Бір ғана қарапайым көріністі ғибрат үшін айта кетелік. Баспанасы жоқ, пәтерде жүрген кейбір отбасылар үй иесінің шымылдығы ұнамаса өзі барып сатып алатындарын да көріп жүрміз. Бұрынғы пердені жуып, үтіктеп үй иесінің қолына өткізеді. Себебі ол біреудің еңбекпен тапқан мүлкі. Сонда біздің депутаттарымыз баспанасыз қаңғып жүрген қарапайым адамдар құрлы болмағаны ма? Талғамына қарай өзі төрт-бес жыл тұратын пәтеріне перде сатып алуға шамасы жетпегені ме? Әлде бұның бәрі Парламент шаруашылығының тізгінін ұстағандардың әлегі ме? Қалай болғанда да бұл шу біздің Парламентімізге бедел әкелмесі анық. Парламенттің беделі түссе, халықтың да еңсесі түседі.
Енді кәсіпкерге «Үкіметке зиян келтірдің» деп айыппұл салуына оралайық. Алдымен – қайдағы Үкімет? Тіпті, кәсіпкер оқиғаны боямалап айтқан күннің өзінде ол Үкімет түгіл Парламенттен соқыр тиын алмаған ғой. Айналып келгенде өз ақшасынан айырылып отыр. Тендердің ақшасын алған күннің өзінде ол қаржы кәсіпкердің мойнында тұр.
Бір ойды бір ой қозғайды демекші, осы жерде кезінде айтылып, бүгіндері ұмыт болған мына бір ресми мәлімдеме еске түседі. Қозы-Көрпеш Жаңбыршин жетекшілік ететін Есеп комитеті былтыр тексеру барысында біздің пәрменді Парламентіміз 3 миллиардқа жуық теңгені негізсіз жұмсап, мемлекетке қыруар шығын келтіргенін мәлімдеген болатын. Халық қалаулылары қызметтік көліктерімен оңды-солды жүруімен ғана 74 миллион теңгені жолға шашқаны айтылды. Бұл кейде бұра айтылатын жеке адамның арызы емес, құзырлы орынның ресми мәлімдемесі. Кәсіпкерге күмән келтірсек те Есеп комитетіне есеп білмейсің деп айып тағуға болмас. Міне айыптың көкесі, Үкіметке келтірген зиян мен халықтың қаржысын босқа шашу осы жерде жатыр емес пе? Неге екенін, бұл мәлімдемеге Парламентіміз жұмған аузын ашпады, үнсіз жұтып қойды. Әлде, бұл шаруашылық басқармасының Парламентке ешқандай қатысы жоқ па? Өтірік болса, Есеп комитетінің қатесін көзіне шұқып көрсетпеді ме? Сөйтіп өзіне сенім білдіріп отырған халқының алдында ақ екендіктерін айтып, бір хабар беру керек еді ғой. Өкінішке орай, ондай жариялылықты көрмедік, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Осыған орай тағы бір ой туады. Сонда Есеп комитеті еріккеннен тексеру жүргізіп жүр ме? Біздің білуімізше Елбасының өзі олардың жұмысын үнемі бақылап, Есеп комитеті төрағасын қайта-қайта қабылдап, халық қаржысын шашау шықпайтындай қатаң қадағалап отыруға тапсырма беріп келеді. Мемлекет қаржысын негізсіз шашқандар халық алдында жауапты. Заң ханға да қараға да бірдей емес пе? Тіпті заңды ұсынушылар мен қабылдайтындарға да. Олай болса неге біздің құқық қорғау орындары Есеп комитетінің ескертулерін құлағына ілмейді? Осыған орай тексеру жүргізіп, заң бойынша неге шара қолданбайды? Әлде Парламенттен қаймыға ма? Құқық қорғаушылар құзырлы орындардан қаймығатын болса министрліктер, түрлі деңгейдегі әкімдіктер және басқа да қолында билігі барлар етігін қонышынан басып жүре бермей ме? Онда бізге заң шығарып, қаржы шығындап, оны қабылдаудың қажеті қанша?
Шынын айтсақ, қазір халықтың түрлі лауазымдағы шенеуніктерден жүрегі шайлығып, көңілі қалған. Бар сенері – Елбасы мен өздері сайлаған депутаттар ғана. Мына жағдайларға қарасақ депутаттарымыз да бара-бара беделін жоғалтатын түрі бар. Былайша айтқанда, өз қорасы қоқысқа толып тұрса өзгелерге аулаңды неге тазаламайсың деп қалай айта алады? Сондықтан аталған кемшіліктерді жіті тексеріп, өз қарамағындағы шаруашылық басқармасын тәртіпке шақыру қажет. Өйткені шаруашылық қана емес бүкіл қаржы солардың қолында емес пе? Мәселе – бір ғана пердеде тұрған жоқ, халықтың сенімін сетінетпеуде болып отыр. Ал, жоғалған беделді қайтару қымбатқа түсетінін өздеріңіз де білесіздер...
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті