Шіркін, күйеу біткен қазаққа Женя жездеміздей еңбек сіңірсе...
2016 ж. 19 сәуір
7030
2
немесе Гүлфайрус Исмаилова мен Евгений Сидоркин туралы сыр
«Батырлар жыры» десе, көзіме көрші Аманжол шал мен оның алдына зіл-батпан, зор сұр кітап өңгерген жеткіншек ұлы Төбеш елестер еді. Бозбала ауыз үй төрінде малдастай құнжиып, қағазға төне: «Кеудесі болды кепедей-й, мұрны болды төбедей. Күрек тісі-і-і кетпендей, кеңірдегінің тесігі жүгімен түйе өткендей-й-й...» деп әндете сарнап отырады. Терезеден көлбей түскен аппақ сәуле шағын бөлме ішін жарқыратып, жыршының дауысын да қызылды-жасылды нұрға малшындырғандай күйге бөлейді. Жағымды, жатық үнге сүйсіне құлақ түрген ақсақал, бурыл мұрты салбырап, қабырғаға шалқалай сүйеніп, мүлги түседі. Екі көзді тарс жұмып, көнелеу көк тақияны бір шекеге қисайта киген қарттың жүзінен асқан ырзалық, керемет тояттау белгісін сезінесің. О тұста қолды-аяққа тұрмай зыр қаққан бес-алты жасар баламыз. Сонда да үнемі қап-қара болып түтігіп, қабағынан қар жауып жүретін Аужекеңнің кенет түсі жылып, балбырай қалған сәтін аңдап, қатты таңырқайтын секілдіміз. Тағы бір естен кетпес нәрсе – сол кітаптағы суреттер. Ара-арасында Төбештен жалынып сұрап, ғажайып жыр-дастанның ішіндегі көп кескіндемені ақтарыстырып көруге құмартамыз. Олардың гравюра техникасымен орындалған қолтумалар екенін есейе келе түйсіндік. Авторы – Евгений Сидоркин деген қылқалам иесі көрінеді. Көбінесе ақ сызықпен айшықталатын қара сұлба, бір қарағанда, өте қарапайым сияқтанса да, әрбір нәзік штрих дәлдігімен, еркіндігімен, жеңілдігімен, сонымен бірге айрықша батылдығымен, сұрапыл поэтикалық қуатымен баурайтын болып шықты. Үйлесімді композиция ширақ динамикасы мен ұшқыр экспрессия, шексіз фантазия байлығы, қайталанбас мәнері арқылы қызықтырыпты. Әлгі бейнелердің Алпамыс батыр, Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Қосай, Қамбар сынды көптеген қазақ батырларының өрлігі мен ерлігі баяндалатын кесек эпикалық дүниемен біте-қайнасып кеткені соншалықты, қазір о кітапты сол безендірусіз қабылдаудың өзі қиынға соғатындай... Мұхтар Әуезов те қазақ халқының ию-қию, қым-қуыт өмірінің терең иірімдері қопарыла өрілетін «Абай жолы» романын көркемдейтін маман іздегенде, сонау таңғажайып тұлғалар кескінін туғызған Сидоркинді таңдауы тегін емес-ау деп ойлайсың. Әйгілі жазушы бұл суретшінің байқағыштығы мен талғампаздығына, әсіресе, оның ширыққан қайшылықты драматизм мен алапат күрестің тегеуірін лебін, болмыс-бітімі сан алуан образдар кескінін жеткізудегі тапқырлығына тәнті болғандай. Әлбетте, ең алдымен, графиктің елдің ұлттық өнері мен дәстүрін, тарихы мен әдебиетін зерттеп, игерудегі құлшынысына ден қойған. Сөйтіп, осынау кішіпейіл, біртоға жігіттің дарыны мен біліміне мол сенім артқан. Сол тұста отыз жасқа да ілікпеген кескіндемеші талабы қатал қаламгердің ғана емес, қалың оқырман қауымның үдесінен шығып, ғұмырлы туындылар жасағаны мәлім.Оған Абайдың жас шағынан бастап, Зере әже, Құнанбай, Тәкежан,Тоғжан бастаған кейіпкерлер қатарының линогравюра әдісімен орындалған кітаптағы портреттері куә. (Ал арада он жылдай өткенде ол осы сериясын автолитография тәсілімен мүлде өзгеше графикалық және композициялық тұрғыда қайта атқарып, тағы бір белеске көтерілген еді). Негізі, Сидоркиннің Қазақ еліндегі тырнақалды туындылары «Шат көңілді қуақылар» тақырыбынан басталыпты. Акварельмен орындалған топтамада аңызға айналған Алдаркөсе мен Жиренше, оның жары Қарашаш, Тазша бала бейнелері ірі планда айшылықталады. Мұндағы табыс сыры да суретшінің кескін-келбеті бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлер көңіл-күйін бет-жүздегі құбылыстарды сәтті ойнатуымен, олардың әрқайсының тек өзіне ғана тән мінез-құлқын дөп басумен түсіндіріледі. Фольклор қаһармандарының жанарлары жарқылдап, белгілі нысанға қулана қарай қалуы немесе ежірейе төнуі... біреуге мысқылдай жымиюы, яки әлденеге көзін бақырайтып, аузын аша таңырқауы секілді сәттерден адамның жан дүниесіндегі сергектікті, қуақылық пен айлакерлікті, алғырлық пен тапқырлықты аңдайсыз. Айқын нәсілдік тип пен киген киім де нақты ұлттық сипатты, тұлғаның әлеуметтік ортасын, бай колориттік гамманы көрсетеді. Суретші қолға алған бағытына сай гипербола әдістерін кең қолдағанымен, аңыз-ертегідегі әзіл мен әжуа аясынан көп ауытқымайды. Басы артық детальға құмартпай, негізгі салмақты эмоционалдық әсерге салады. Ал бір мезет осы картиналарды қызықтай қалған кісі қолтумадағы шуақтың біртіндеп өз кеудесіне көше бастағанын аңдамай да қалуы кәдік. Әйтеуір, іш жылып, суретші шеберлігіне еріксіз тамсанасыз. Одан соң, әсілі, биік кәсіби деңгейде атқарылған өнер туындысының жан әлемін тазарта түсетін қасиеті өз алдына бөлек тақырып... Айта кету керек, «Шат көңілді қуақылар» мен «Қазақ эпосына» арналып салынған иллюстрацияның бәрі кезінде Кеңес үкіметі шеңберінен асып, Америка, Куба, Бразилия, Ливерпуль, Лондон, Стокгольм, Швеция,Париж,Германия Демократиялық Республикасы, Мажарстан, Польша, Болгария, Ауғанстан, Жапония, Корея, Моңғолия елдерінде өткен дүбірлі көрмелерде талай биік дәрежелі орын иеленіп, Қазақ елінің даңқын асырған екен. Сол сияқты, Сидоркин қылқаламынан туған Баян-Сұлу, Айман-Шолпан, Құртқа сынды лирикалық арулар образы туралы әңгіме де бірталайға созылар еді. Мұнда суретші қазақ қыздарының асқан көркі, үлбірген нәзіктіктігімен қатар, олардың биік ақыл-парасат иелері екенін көрсетуге тырысады. Және бұларды айрықша композиция және тосын бояу шешімі арқылы жеткізеді. Жалпы, қай шығармасын алсаңыз да, суретшінің әлемдік көркемсурет мәдениететінің ең үздік жетістіктерін еркін меңгергенін аңдар едіңіз. Евгений Сидоркиннің 1963 жылы «Қазақтың ұлттық ойындары» сериясы бойынша атқарған станоктік-автолитографиялық жұмыстары да білікті өнертанушы мамандарды әдеттен тыс батылдығымен, мәнер ерекшелігімен жалт қаратқан екен. Ал өзі дәл осы тақырыпты неге таңдадыңыз дегендерге: «Қазақ ойындары мені асқан жаужүректікті, керемет ептілікті, үлкен ерлікті талап ететін қызбалығымен, тәуекелшілдігімен қызықтырды. Бұл халықтың ылғи аса тартысты, өте қауіпті ойындарға құмартатынын байқап, қайран қалдым. Елдің асқақ рухы тура осынау көріністерден белгі беретінін жіті сезіндім. Идея өз-өзінен тартып әкетті. Мұнда қаншама қимыл, қанатты қиял бар!» деп жауап берген көрінеді. Расында да, суретшінің «Көкпар», «Бәйге», «Қыз қуу» немесе бүркіт салу, тазы жүгірту тақырыбындағы қолтумаларында Ұлы дала философиясы, бүкіл көшпенділер өмірінің мәні жатқаны анық. Бұлардың орындалу техникасы да қызық. Ақ қағазға кәдімгі қара қарындашпен, арнайы көмірмен салынған бейнелер ішкі жақтан томпайтып шекіп, бедерлеп шығарылғандай әсер береді. Адам, аң-құс сұлбалары металдан құйған мүсінді еске түсіреді. Кейінірек жекелеген сыншылар әділ бағалағанындай, «Қазақтың ұлттық ойындары» сериясы – Сидоркин шығармашылығын мейлінше жаңа сатыға, аса жоғары белеске көтерген еңбек еді. Евгений Матвеевич көп ұзамай станоктік автолитография тәсілін «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» жұмыстарында сәтті жалғастырады. Сыршыл да өр ақын шабытының қайнар көзі биік гуманистік идеалдар екені белгілі. Суретші бірде: «Қазақ шайырының асқақ екпінді жырлары тынысын айшықтауда халықтың рухани өмірі қалтарыстарын, этнографиялық детальдар мен мен елдің салт-дәстүрін, тұрмыстық тіршілік қырларын білу аздық ететіндей болды. Ақын поэзиясы, шынында да, бір сәт нақты ұлттық формада көрінгенімен, ылғи аса ірі, күрделі идеялық ой-толғанысқа ұласып жатады. Сол себептен, мен де оны жалпыадамзаттық асыл құндылықтарға ұштастыруға ұмтылдым» деп ағынан жарылған екен. Сонысы бекер болмағандай. 1965 жылы «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» циклі үшін Лейпцигте өткен Халықаралық «Бес құрылықтың графикасы» атты кітап безендіру көрмесінде алтын медальмен марапатталады. Дәл осы еңбек график-суретшілердің Краковтағы Бірінші Халықаралық«Адам және жаңаша әлем» көрмесіне жөнелтіледі. Дүниежүзінің қырық елінен мыңнан аса үздік жұмыс сарапқа салынған осы байқауда қазақстандық Евгений Сидоркиннің де лауреаттар қатарынан көрінуі кездейсоқ емес еді... Қолтаңбасы тартымды шеберге сұраныс пен тапсырыстың арта түсетіні түсінікті. Соның бір көрінісіндей, 1964 жылы Алматыдағы жаңадан ашылатын «Целинный» кинотеатры фойесіндегі алып сграффито композициясын жасау осы Сидоркинге жүктеліпті. Бұл тапсырманы абыроймен атқарып шыққан суретші қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры маңдайшасындағы мозаикалық панноны да сәтті орындайды. Бұл жұмыстардан да оның стильдік ерекшелігі бірден байқалады. Мұнда да тек сидоркиндік әсем ырғақ, қауырсын қанатындай жеңілдік, еркіндік, сұлулық пен пішін тартымдылығын сезіну, қиял жүйріктігі, үйлесім тұтастығы, сыпайылық... бәрі бар. Ал 1968 жылы ол Мұхтар Әуезов романына қайта оралып, ішкі беттерге арналған жиырма бес кескіндеме мен жылтыр мұқаба үшін екі литография даярлайды. Иллюстрация тақырыбы сақталғанымен, шебер бұл жолы, оларды басқаша композициялық және графикалық бағытта атқаруды ұйғарады. Былайша айтқанда, іске мүлде өзге қырынан кіріседі... Келтірілген мысалдар сөз болып отырған суретші еңбегінің белгілі бір парасы ғана. Әмбе ол бұларды, негізінен, отыз бен қырық жас аралығында атқарып үлгеріпті. Сонда қазақ өнері саласын өркендету жолында қаншама тер төккен Евгений Сидоркин деген кім еді?.. Бұл – орыстың 1930 жылы мамыр айында Ресейдің Киров облысына қарасты Лебяжье селосында туған бір баласы екен. Өмірбаянында айтылатынындай, сурет салуға жастайынан қызыққан. Осы бағыттағы білімді алғаш Қазан көркемсурет училищесінде алады. Одан соң Рига Көркемсурет Академиясын тәмәмдайды. Ал 1957 жылы И.Репин атындағы Ленинград Көркемсурет институтының графика факультетін бітіреді. Міне, осынау соңғы оқу орны қабырғасында жүріп, біздің әйгілі суретші, киноактриса апайымыз Гүлфайрус Исмаиловамен танысады. Екеуі қатар оқыса керек... Қысқасы, көңіл жарастырып тынған ғой. Екінші курстан кейін әпкеміздің ұсынысы бойынша тәжірибелік сынақты Қазақ елінде өткен. Ал үшінші курста құпия түрде үйленіп алады. Сол сәт екеуі де жиырма екі жаста көрінеді. Институт түгесілген соң жас жарымен қол ұстасып Алматыға түбегейлі ауысады... Осыдан-ақ жездеміздің апайымызды шексіз сүйгендігін аңғаруға болатындай. Әйтпесе, атақты орыс әдебиетінің классигі Салтыков-Щедринмен жерлес, бүкіл болмысы... қаны, жаны-тәнімен орыс жігіті айдаладағы Қазақ жерінен не жоғалтты дейсіз. Дипомдық жұмысының өзін орыстың танымал ақыны Сергей Михалков мысалдары бойынша қорғаған талантты жасқа жарқын болашақ есігі өз Отанынында кеңірек ашылатыны да анық еді. Жоқ, ол алды-артқа қарамай осында тартыпты. Бәлкім, қысқа мерзім аралығында төрткүл дүниедегі Халықаралық байқауларда марапаттан марапатқа озып, ұлтымыздың руханиятына қисапсыз олжа салған Қазақ ССР Халық суретшісі Сидоркин жетістігі сырын сол сүйіспеншіліктен іздеген жөн шығар. Бір қызды сүю арқылы бүкіл халықты қастерлеудің айқын көрінісі де осы. Иә, жағдай дәл осылай жалғаспаса, дарын қуаты арнасынан асып-төгіліп жүрген өркөңіл жас қайдағы бір «қаймана» жұрттың әдеті мен ғұрпын, ауыз әдебиеті мен музыкасын құныға зерттер ме еді. Бөтен елдің салт-дәстүрін бойына сіңірер ме еді. Сол халықтың өнерін асқар шыңдарға алып шығу үшін күні-түні толғанып, талмай ізденер ме еді... Бірақ осынау өнерлі, сымбатты жігіттің келуін жергілікті тұрғындар екідай қабылдайды. Қазақ қыз бала жат жұрттық дегенмен, мәпелеп өсірген перзентім орысқа немесе неміске тисін демейді ғой. Тіпті, бірде ел серкесі Дінмұхамед Қонаев Гүлфайрус қарындасынан: – Орысқа шыққаның не?! – деп аңтарыла сұраған екен. – Өйткені, жақсы көремін, сүйемін, – депті Гүлекең. – Ай-й, қиын болады-ау сендерге... – Ештеңе етпес. Шыдармыз... Айтқандай-ақ, оңай болмаған секілді. Негізі, Гүлфайрустың орыс азаматымен жұптасуын екеуімен Ленинградта қатар оқыған белгілі суретші құрдастары Қанафия Телжанов, Сабыр Мәмбеев, Жанатай Шарденов, Кәміл Шаяхметовтер де әуелден аса құптай қоймаған-ау. Жарайды, белгілі бір кезеңдегі достық қатынаста тұрған дәнеңе жоқ шығар. Ал, діні, тілі бөтен елдің баласына тұрмысқа шығу деген... Санаға сыймайтындай... Оларды да түсінуге болады. Сөйткен күйеубаланың жергілікті жігіттерге көзге шыққан сүйелдей көрінгені белгілі. Қызғаныш орынды ма дейміз. Себебі, Гүлфайрус қатардағы көп сұлудың бірі емес-тін. Бүкіл елдің көзқуанышы... Халықтың бақыты, жақұты... қазынасы еді. Басқаны былай қойып, өзіне де қимайтындай аруы еді... Қалайша қызғанбасын... Бірақ жүрекке әмір жүрмейді деп жатады ғой. Кім білсін. Женя жездеміз керемет волейболшы да екен. Келбеті кесек. Адамгершілігінің молдығы өз алдына. Жан әлемінің тереңдігі анау. Таланты тас жарады. Мұндай жанға ғашық болмау мүмкін бе... Әйткенмен, кейбір тұрғылықты адамдар соқтығуды қоймайды. Көшеде Гүлекең бұзақылардан шырылдап күйеуін қорғап, туфлиін шешіп алып, өзі де төбелеске талай араласыпты. Осындай сәттердің бірінде оңбай таяқ жеген жолдасы ауруханадан бір-ақ шығады. – Женя, мүмкін, Мәскеуге кетерсің... Өлтіреді ғой сені мыналар! – деп жалынған да кездер кездесіпті. Сонда: – Онда сендей «ақымақты» қайдан табам! Және дәл сендей лапша даярлап беретін кім бар маған о жақта?! – деп күлетін көрінеді күйеуі. Гүлфайрус Исмаилованың «Отбасымен автопортрет» туындысы 1975 жылы әлгіндей бір келеңсіз тұста салыныпты. Мұны Гүлекеңнің өзі: «Бізге тыныштық беріңдерші! Біз – бір шаңырақпыз, үш суретші – күйеуім, мен және ұлымыз деп елге түсіндіргім келді» дегені бар. Атақты кинорежиссер Сұлтан Қожықов Гүлфайрусты «жынды қыз» дейтін көрінеді. Бірбеткейлігін, батылдығын, күтпеген тұстан оқыс шешім қабылдайтын шалт мінезіне бола айтты ма екен. Кей-кейде Гүлекеңе сонау Димаш аға қойған сауал әлі күнге дейін біздің де көз алдымызда көлбеңдейді. Расында, апаймыз орысқа неғып шықты екен?! Сүйіспеншілік өз алдына. Мәселе адамның шектен тыс орыстанып кетуінде емес пе... Қағынан жери бастаудың түп-тамыры сана-сезімнің өзгеруінде жатқан жоқ па деп те күмәнданасың. Әйтеуір, бұл иірім-қалтарысы терең, бір-екі ауыз сөзбен кесіп-пішіп бере салуға келмейтін күрделі әңгіме. Осындайда орысты қойып, италиялық немесе француз, неміс, кәріске... тіпті, қытай мен зәңгіге тиген қарындастарымыз бен қыздарымыз еске түседі. Соны, тіпті, кей ата-ана мақтан тұтатынын естіп-біліп те жүрміз. Бүгінде шетелдікпен тұрмыс құрған қазақ қыздарының есебін тізсе, төбе-құйқамыз шымырлауы мүмкін. Санымыз жүз миллиондап саналатын халық емеспіз. Өзге жұртқа қарағанда мұңымыз бөлек. Соны сырт елдерге қарай елеңдейтін бойжеткендеріміз түсінер ме екен деп те толғанбай жүре алмайсың. Бұл, өзі, тегінде, мемлекеттік деңгейде көтерілетін салмақты жәйт болуы керек. Өйткені, өзге ұлт өкіліне шығып жатқан қыздың бәрі Гүлфайрус емес... Мұндайда Гүлфайрус Исмаилованың даналығы туралы ойланады екенсің. Қазақтың әр күйеуі халыққа осы Женя жездеміздей-ақ сіңірсе еңбекті... Гүлекең баяғыда Ленинградтағы оқуын бітірген бойда сол сүйген жігітінің етегінен ұстап кете бергенде не істер ек... Ол жолдасы екеуі ұлт мәдениетін өрге сүйреуімен бірге, 1959 жылы туған ұлдары Вадим Сидоркинді де қазақ суретшісі қылып шығарыпты. Жездемізге де ризалық білдірмеске шара қалмайды. Басқа біреу болса алғаш таяқ жеген күні-ақ «қазағы да, бәрі де құрысын» деп еліне тайып тұрар ма еді, қайтер еді... Өзі елу екі-ақ жыл ғұмыр кешіпті. Осы уақыт аралығында қыруар дүние қалдырған. Сөйтіп, Гүлфайрус апайымыз екеуі тұтас бір дәуірдің символына айналыпты. Ғажайып ғұмыр. *** Күні бүгінге дейін «Қазақ эпосы» десе, Сидоркин десе, көз алдыма сонау Аманжол ақсақалдың үйінен көретін үлкен сұр кітап келе қалады. Анда-санда сол кітапты тура осы Сидоркин безендіруімен, дәл сол көлемде неге шығармайды екен деп қиялдап қоятынымыз жоқ емес. Көзге оттай басылып, ел жапа-тармағай сатып алар ма еді. Негізі, бұл да қазақтың әр үйінде тұруға тиісті дүниелердің бірі...Құлтөлеу МҰҚАШ
"Қазақ үні" газеті