Ұстаздарға мектепте смартфон ұстауға тыйым салынды
2016 ж. 18 сәуір
6073
1
Қарағанды облысы Нұра ауданындағы орта мектеп мұғалімдеріне мектепке смартфон әкелуге тыйым салынды. Кей мұғалімдер «біз білетін қандай құпия ақпарат бар» деп кейиді.
Қарағанды облысы Нұра ауданындағы №1 Киев орта мектебі ұжымы сәуірде жергілікті білім беру бөлімінен хат алғаннан кейін смартфондар мен гаджеттердің бәрінен бас тартқан. Мектеп басшылығы бұл тыйымды іс жүзінде қалай орындап жатқаны жайлы Азаттыққа комментарий беруден бас тартты.
"Әлгі бұйрықты орындай бастадық. Қазір оларды әкелмейміз", - дейді аты-жөнін айтуды қаламаған, осы мектепте жұмыс істейтін әйел.
Наурыздың соңында Нұра ауданы мектеп директорлары «Шұғыл» белгісі соғылған хат алған. Хат жергілікті мектептерге «2016 жылдың 29 наурызында Нұра ауданы әкімі міндетін атқарушының қатысуымен өткен аппараттық мәжіліс хаттамасын орындау үшін» жолданып отырғаны хабарланған.
Интернет модульдарымен жабдықталған, фотокамерасы бар мобильді құрылғыларды (ұялы телефон, планшет, смарт-сағаттарды) мектепке әкелуге салынған тыйымды орындауды мүмкіндігінше қамтамасыз ету қажет.
Нұра аудандық білім беру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Алшымбаеваның қолы қойылған хатта «Қызметтік ақпаратты жан-жақты қорғау әрі оның тарап кетуіне жол бермеу мақсатында Нұра ауданы білім беру мекемелерінің педагог ұжымдары интернет модульдарымен жабдықталған, фотокамерасы бар мобильді құрылғыларды (ұялы телефон, планшет, смарт-сағаттарды) мектепке әкелуге салынған тыйымды орындауды мүмкіндігінше қамтамасыз ету қажет» делінген.
Мектеп директорларынан гаджеттерді оқу орнына кіре берісте қабылдап, тіркеу және сақтау мәселесін шешу де сұралған. Енді аудан мектептерінде мұғалімдерге тек қоңырау шалып, смс-хабарларын жолдайтын ғана функциялары бар қарапайым телефондарды пайдалануға рұқсат етіледі.
Нұра аудандық білім беру бөлімі аудандағы 33 мектепке мұндай хат жолданғанын растағанымен, әлгіндей тыйымға неліктен мұғалімдер іліккеніне қатысты комментарий беруден бас тартты.
Нұра ауданындағы мектептердің бірінің мұғалімі Сәуле Ибареваның (аты-жөні өз өтініші бойынша өзгертілді) пікірінше, гаджеттерге тыйым салу туралы бұйрықтың мектептерге мүлде қатысы болмауы тиіс.
"Қызық, сонда мұғалімдер онсыз да бөлісуі тиіс білімінен бөлек қандай құпия ақпаратты біледі? Бұл тыйым әлдебір долбармен құпияландырылған қызметтік ақпараттың тарап кетпеуін көздейді. Бірақ менің түсінбейтінім –қазір интернет дамыған заман, сосын кез-келген құжатты фотоаппаратпен суретке түсіріп алып, сканерден өткіз де желі арқылы жолдай салуға немесе компьютерде сақтауға болады ғой", - дейді Сәуле Ибраева.
Мектептен қандай құпия ақпаратты таратуға болатынын Сәуле Ибраеваның әріптесі Ирина Смирнова (аты-жөні өз өтініші бойынша өзгертілді) да түсінбейді.
"Директордың кей қылықтары болмаса, мектепте қандай мемлекеттік құпия болуы мүмкін? Онда смартфонды пайдалануға жұрттың бәріне тыйым салу керек. Мұғалімдердің қолында бұйрық, табельдер бар болса, дәрігерлердің қолында адамдардың сырқаты жайлы деректер бар ғой, оны алаяқтар пайдалануы мүмкін. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтіндер жалғызілікті жандар жайлы ақпаратты біліп алуы мүмкін. Бұл тізімді шексіз соза беруге болады", - дейді Ирина Смирнова.
Бір апта бұрын Азаттық тілшісі видеосюжет әзірлеу барысында Астанадағы 59-мектеп-лицейдің директоры Зәуре Жүсіпованың қолынан iPhone 4 смартфонын байқаған еді. Мектепте смартфонды пайдалануға салынған тыйымға қатысты сұраққа ол: «Мемлекеттік мекемелерде гаджеттерді пайдалануға тыйым салу туралы бұйрықтың бізге қатысы жоқ», - деп жауап берген.
Астана білім басқармасының баспасөз қызметі Азаттыққа «мектеп мұғалімдерінің мектепте гаджеттерді пайдалануына тыйым салу туралы бұйрық шығарған да, ондай тыйым енгізген де жоқпыз» деп мәлімдеді.
Қазақстанда 24 наурыздан бері мемлекеттік мекемелерде видеокамерасы бар және интернетке қосылған телефондарды пайдалануға тыйым салынған. Жаңа ереже туралы қызметтік хат әлеуметтік желілерде жарияланып, кейін түрлі министрлік өкілдері мұндай құжат барын растаған.
Бұл тыйым мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік мекемеге келушілерге қатысты екені хабарланған. Әлгі ережеде мұндай шара «қызметтік ақпараттың тарап кетуіне жол бермеу» үшін енгізілгені де айтылған. Қазір гаджеттерге тыйым салуға қатысты әлгі норманы түрлі ведомстволар жаппай енгізе бастады. Сот мекемелеріндегі кей қызметкерлер өз міндетін бар ынтасымен орындауға тырысып, журналистерді планшет, смартфондарын кіре берісте тастап кетуге мәжбүрлеуді шығарды.