Конфессияаралық келісім - тұрақты дамудың үлгісі
2016 ж. 18 сәуір
16761
1
Еліміздің тәуелсіздік алған 25 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен маңызды жетістіктеріміздің бірі – елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде дінаралық татулықтың өркендеуі, барша халықтың 70 жылдық атеистік өмірден кейін өз діндерімен қайта еркін қауышуы десек, артық айтқандық болмас. Иә, бұл тәуелсіздіктің бізге берген бақыты, үлкен сыйы. Қазақстан – келісімді діни қатынастардың жоғары деңгейіне қол жеткізген ел. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз. Біздің республикамыздың конфессияаралық келісімдегі құнды тәжірибесі әлемге танымал болып отыр. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілер мен діни нанымдағылар көбейіп, діни бірлестіктер қызмет атқаруда. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін хал-қадірінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Қазіргі таңда елімізде ынтымағы мен бірлігі жарасқан, мақсаты мен мүддесі де ортақ 130-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері тату-тәтті мәміледе өмір сүріп жатыр. Елімізде 2006 жылдан бастап қасиетті Құрбан айттың бірінші күні мен православиенің Рождествосы 7-ші қаңтар демалыс күндері болып бекітілді. Біздің елімізде дін мемлекеттен бөлек деп жария етілгенімен, олар шын мәнінде бір-бірінен оқшауланбайды. Бұл қарым-қатынасты – серіктестіктің ерекше түрі деп те сипаттауға да болады. Дінаралық қатынас саласындағы еліміздегі салиқалы мемлекеттік саясаттың негізі, ол – бірінші, ырықтандырылған (либералдық) заңнамалар, екінші, барлық діни сенім-нанымға төзімділікпен қарау және үшінші, діни пікір алуандығы (плюрализм) болып отыр. Осы үш шарт, тұтастай алғанда, Қазақстандағы дінге сенушілердің құқығын, дін ұстану бостандығы принципін, рухани бірлікті нығайтуды іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Қазақстанда ар-ождан бостандығы саласындағы зайырлы мемлекеттік саясаттың негізгі үш принципін атап айтуға болады, олар: бейтараптылық, тағаттылық және тепе-теңдік принциптері. Қазақстанда діни бірлестіктердің ішкі іс-шараларына араласпау, қандай да болмасын діни ұстанымды бір-бірімен сәйкестендірмеу, тең мүмкіндік мәселелерін қамтитын мемлекеттің дүниетанымында бейтараптылық (нейтралитеттік) принципіне басты орын берілген. Тағаттылық (толеранттылық) принципі дегеніміз басқалардың діни сеніміне қаншалықты төзімділік-шыдамдылықпен қарау ғана емес, сонымен бірге соншалықты деңгейде құрметпен де қарау дегенді білдіреді. Бұл принцип беріден алғанда, адамдардың дінге сенушілер мен атеистердің бір-біріне деген қарым-қатынастарына, ал, әріден алсақ, біртұтас мемлекеттік тәртіп шеңберінде әртүрлі діндер мен зайырлы ұйымдардың бейбітқатар өмір сүруіне де қатысты. Тепе-теңдік (паритеттік) принципі дін туралы заңда көрсетілгендей, басқа діндердің де құқығы бірдей болатындықтан, мемлекеттің қандай да бір болмасын діни бірлестікке бөле-жара ықылас білдіре алмайды. Діни бірлестіктердің бәрі заң алдында тең. Мемлекет дін ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнықтыруға жәрдемдеседі. Шынында да, осы дін бүгін кімге керек, дін тек дін қызметкерлеріне, ия болмаса, діндарларға ғана қажет пе деген сұрақ туады. Жоқ, бүгін дін біздің бүкіл қоғамға, бәрімізге қажет. Дінсіз адам болуы мүмкін, алайда дінсіз қоғам болмайды. Дін қоғамдық құбылыс болғандықтан, мемлекет те одан тысқары қала алмайды. Тарихтан белгілі, атақты Наполеон Бонапарт императорлық таққа келгенде француз халқына өз дінін қайтарып, дін жолына рұқсат бергенде, “дінсіз халық – мұхитта компассыз жүзіп жүрген кемеге тең” – деген екен. Дін – барлық уақытта ұлттың рухани тірегі, қоғамды топтастырушы құрал болған және болып қала бермек. Дін – ұлттың қасиетті сипаты. Ұлттың ең бірінші қасиетті сипаты – тіл, екіншісі - дін. Бүгінгі қазақтың Ұлы даласы, біздің Қазақстан жері – бүкіл әлемдік діндердің: буддизмнің, христиандықтың және исламның, зороастризмнің де, иудаизм мен индуизмнің де тоғысқан жері. Біз, қазақтар өте көне, бай өркениеттердің, елеулі түрде ерекшеленетін көптеген дүниетанымдардың тоғысқан жерінде тұрамыз. Қазіргі таңда кең-байтақ қазақ елі күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр. Дініміздің үлкен жанашыры, әрі қамқоры Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елордасы Астанада 2003 жылдан бастап өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бес Съезі соның жарқын көрінісі. Съездерге қатысқан әлемдік және ұлттық діндердің басшылары рухани келісім мен дінаралық төзімділікті орнатуда Қазақстаннан алатын тәжірибе мен үлгінің мол екендігін атап өткен болатын. Діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты ілгерілетудегі біздің Астана Съезінің үлгісі мен үлесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының резолюцияларында атап көрсетілді. Діндер үнқатысуын (диалогын) қамтамасыз ету, діни төзімділікті, діни тағаттылықты нығайту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі болып табылады. Үлкен діни форумдардың бізде өтуі – біздің елімізге, қазақ халқына, біздің Президентімізге деген үлкен құрмет пен зор сенім. Бүгінде сол сенімді толық ақтап келеміз. Бесінші Съезд 2015 жылдың 10-11 маусымында Астанада өткен болатын. Қазақ елінің хақ төрі, елордамыз Астана дүниежүзіндегі барлық дін өкілдерінің басын қосып, ортақ мәмілеге шақыратын рухани орталыққа айналды. Бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстанның брендіне, “бет-бейнесіне” айналды. Негізі, тарихтың қозғаушы күші – рух пен сана, рухани қуат екені белгілі. Жеке тұлғалардың, тұтас этностардың, бүкіл ұлттардың тағдыр мен белсенділігі, олардың болашағы – осы рухани қуатқа ие болуына және де сол рухани қуаттың қандай дәрежеде болуына тығыз байланысты. Ал, дінді берік ұстанған адамның бойына ерекше жігер мен күш-қуаттың, былайша айтқанда, шығармашылық ой-қуаттың даритыны белгілі. Діни сенім мен құндылықтар азаматтардың бойына имандылық пен әдептілікті ұялатады, тазалық пен сабырлыққа шақырады. Нағыз діндар адамның сана-сезімі, дүниетанымы, тіпті азаматтық позициясы өзгеше де ерекше қалыптасады. Шын таза діндар азаматтар мемлекетке аса ерекше ықыласпен, құрметпен қарайды, билікке мойынсұнады және отаншыл келеді. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Ал ел бірлігі мықты болса, онда мемлекет те мықты, оның іргесі де нық берік. Біздің Елбасымыздың саясатының басты бағыты да осы. Сондықтан да қазір біз санамызды тазартып, ұлттық рухымызды оятуымызға, халқымызды рухани жұтаңдықтан шығаруға жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан халқымыздың баға жетпес ұлттық рухани құндылықтарымызға қайта оралу және оларды кеңінен насихаттау арқылы біз бүгінгі жалған, жат діни ағымдарға тосқауыл қоя аламыз. Иә, расын айту керек, біз бүгін дін туралы шындықты енді ғана түсініп біле бастадық. Бүгін де біздің діни ұстанымдарымыздың орнығуы ықпалды күшейіп, өмір – тұрмысымызға етене ене бастағаны айқын да шындық. Біздің болашағымыздың жарқын да баянды болуы дінімізге де байланысты екеніне көзіміз жетті. Дегенмен, бүгінде біздің діни наным-сеніміміз, діни сауатымыз әлі өте таяз. Ол түсінікті де. Сондықтан да дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту және рухани тәрбие шаралары аясында толерантты мінезді дамыту қазіргі қоғам үшін аса өзекті. Қорытындылай келе, берекеміз тасып, бірлігіміз артып нығая түссін десек, біз халқымыздың бүгінгі таңда елімізде қалыптасқан конфессияаралық келісімді сақтап, халықтың діни сауаттылығын көтеріп, оны күшейтіп нығайтуымыз керек.
Мұхашов Аманбек Мұқашұлы – дінтанушы, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының бас сарапшысы
qazaquni.kz