Банкің күшті ме, халқың күшті ме?
2016 ж. 04 сәуір
2097
0
ҚР Президенті
Н.Назарбаевқа
Жоғарығы сот
Төрағасы
Қ.А.Мәмиге
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
А.Дауылбаевқа
АШЫҚ ХАТ
Бұрынғы аталарымыздан «өсімге ақша алма, артында өрттей күйігі болар» дегенді еститінбіз. Дегенмен Кеңестік дәуірде мұның мән жайын жіті түсіне бермедік. Кейін егемендік алып, аяққа тұрып, әр адам жеке кәсіппен айналыса бастаған кезде ғана несиенің несібе теріп бастағандарды құлағымыз естіді. Кәсіп етем дегендерге кең дорбалы банкілер қаржы беріп қарық қылып жүрген болатын. Алайда алмақтың да салмағы бар демекші батпан құйрық болып берілген қаржылардың арты түсініспеушілікке, одан әрі шулы дауға айналып, қанша адам мүлкінен, жиған-тергенінен қағылғанды құлағымыз естіді. Тіпті, осы өсімнің өрті өрімдей жандарды қиды. Соларға сәл үңіліңкіреп қарасақ банктердің жымысқы әрекеттерін айтатын. Бірақ оған сеніңкірмей құжат мықты болып, қайтарымын дер кезінде төлеп отырса ештеңе болмайды ғой деп онсызда күйіп жүрген халықты кінәладық. Бірақ шын мәнінде осы банктердің алдында сәл аяғың тайса құрдымға жіберетін ниеттерінің бар екенін басымызға іс түскенше білмедік. Елбасымыз шағын және орта кәсіпкерлікті қолдап, оларды демеп, қолдап жіберуге назар аударған соң туған інім Б.Джаманбаев *Динара Б.*ЖШС ашып, елмен бірге өз кәсібін бастады. Жұмысты дөңгелетіп әкету үшін әрине қаржы керек. Салақ етіп шығара салар артымызда тұрған мұра жоқ болған соң несиеге қол салды. Әуелі "Банк Каспийский" АҚ –нан 23.06.2006 ж. келісім шартқа отырып несие желісін ашып, осы келісім шарттың аясында 04.07.2006 жылы 2 (екі миллион) теңге сома ақша алады. Кәсібін дөңгелете алып кеткен інім алған ақшасын мерзімінен бұрын жауып, 26.04.2007 №2 қосымша келісім шарт негізінде 500 000 (бес жүз мың) теңге қаржыны тағы да алды. Бұл өз кәсібін қарқындатуға септігін тигізіп, көшін жеделдеткен болатын. Кәсіптің жүргені қанша адамға нәсіп емес пе, Елбасымыз айтқандай ел әлеуетіне теңізге түскен тамшыдай үлес қосыла түсті. Сонымен, одан әрі тағы дамыту үшін 19.07.2007 ж. №1 қосымша шарт бойынша несие желісі 5 000 000 (бес миллион) теңгеге ұлғайтылғанын білді. Сөйтіп ол бойынша 20.07.2007 жылы №3 шарт жасалып 3 000 000 (үш миллион) теңгеге тағы қол жеткізіп, оны да көпке ұзатпай жапты. Өз саласының маманы болып алған інім 19.02.2008 жылы №4 қосымша шартпен 2 000 000 (екі миллион) теңгені тағы да алып еді. Бұл несиенің барлығына Қызылорда қаласының орталығындағы келінінің төрт бөлмелі үйі мен менің екі бөлмелі үйімді кепілдікке қойған болатын. Өкінішке орай соңғы несиені алғаннан кейін көп ұзамай үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда өте ауыр түрдегі жарақат алып, ауруханадан бір-ақ шықты. Сөйтіп жұмыс та, несие төлеу де тоқтады. «Жау жоқ деме жар астында» демей ме мұндайда атам қазақ. Амал не, «барым жанымның садақасы» деп арпалысып жүргенде несие төленбеген айлар да білінбей зырғи берді. Өкпесінен ауыр жарақат алуына байланысты облыстық туберкулезге қарсы ауруханаға ауысқан кезі болатын. Інім үйінен мекеменің мөрін сұратып жатыр екен. Дереу мен де араласып, мән жайды сұрадым. Сөйтсем 2009 жылдың көктем айында ауруханаға банктің мамандары барып, жағдайын көріп, ауруға байланысты құжаттарымен танысқан соң сол уақыттан бастап несиені тоқтатуға өтініш жаздырып, мөрін бастырады. Банктің бұл әрекетін естіген біз қиын қыстау жағдайда түсіністікпен қарағаны үшін ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды жаудырдық. Адамгершілік істеді ғой деп тәнті болдық. Ал, негізінде ол келісім шартта бар әрі зайырлы елдің еліміздің әр адамды қорғаған құқығы болатын. Бұдан кейін де жұмысқа жарамсыз болып қалған інім ұзақ емделіп, сәл беті бері қараған соң 2009 жылдың қыркүйек айында ауруханадан шықты. Мойынына қарыз ұстағанды жақсы көрмейтін ол дереу банкіге барып, өзінің қарыздары жөнінде сұрайды. Ал, Банктегілер болса атауларының ауысып кеткенін, басшылықтың да өзгергенін айтып, оның Алматыдағы бас кеңсесінен сұрауды өтінеді. Бірақ ол жаққа ......... баруға мұршасы жоқ еді. Одан кейін жұмысы жүрмей қалған «Динара Б» ЖШС-ін жабатын болып, салық органы банкроттық рәсімін бастап жіберген де болатын. Мекеме тоқыраған, алатын ешқандай мүлкі де жоқ. Алайда кепілде бір емес, екі бірдей үй тұр. Осыны білсе керек, төрт жылдан бері іздемей ешқандай ескерту бермеген Каспий банкі ескертпе хат жазып, артынша дереу сотқа жүгінген олар ініме 36 млн. теңгені қарызсыз деп мойынына қиып салады. Ау, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші бұл не деген батпанқұйрық. Біздің бар төлей алмай қалғанымыз 1 700 000 теңгедей емес пе еді. Оның өзі тоқтатылып тұрған еді ғой дедік түсінбей? Тіпті, 23.06.2006 ж. келісім шарттың тараптардың міндеттері көрсетілген 3-ші бөлігінің 3.1. тармағында (Использованием права требования банком неустойки(пени) считается письменное уведомление Банком Компании о начислении неустойки (пени), с указанием суммы неустойки (пени) - деп көрсетілген. Яғни тұрақсыздық айыппұлды талап етуге тек қарыз сомасы, айыппұл сомасы көрсетілген жазбаша хабарлама (уведомление) ғана негіз болады делінген. Банкінің мұны орындамауының себебі не? Мұнысымен келісім шартты бұзып, біздің құқығымызды біржақты таптап отырған жоқ па? Неге төрт жылдан бері ешқандай іздеу салмаған? Ал, заңдарымызда несиенің үш ай бойы төленбеген жағдайда қолданылатын шараларды неге қолданбаған. Ал, бұл банк 36 млн. теңге дегенді қайдан тауып алды, түс көрді ме, әлде бақсылықпен қойған баға ма? Сұрастыра келсе банк сіздер келісім шарт бойынша 5 млн. теңге алғансыздар, соның өсімі деп қарап тұр. Сенейін бе, сенбейін бе? Ау, әуелгі 3 миллионды жаптық. Одан кейінгі алынған 2 млн. теңгенің 1 700 000 теңгесі ғана қалып еді ғой десек оған дес бермеді. Енді қайтпек керек. Дереу бұрынғы 3 млн. теңгені төлеген түбіртектерді іздедік. Абырой болғанда жартысынан көбісі табылды. Енді банкінің мұнысын әділ сот қылмыс демей көрсінші деп шешімді қайта қарау жөнінде алға тарттық. Алайда сот түпнұсқа қағаздарды назарға алмады, есептемеді. Ал, біз сұратқан несие құжаттарын, шарттың түпнұсқаларын сот та алдыра алмады. Тек бар болғаны көшірме құжаттармен шектелді. Заң жүзінде көшірме құжаттар нақты дәлел бола алмайды делінсе де сот банкінің ығына жығылады. Қолымыздағы түпнұсқа құжатты есепке алмай, банкінің көшірме қағаздарын неге басшылыққа алып отырсыз деген наразылықтарымыз шыбын шаққан құрлы болады. «Апам да аң таң, мен де аңтаң» демекші абдырдық та қала бердік. Сонда қалай, нақты құжатты басшылыққа алмайтындай біздің елде әділдік жоқ дедік жағамызды ұстап. Елбасы айтып жүрген халықтың мүддесі қайда? «Суға кеткен тал қармайды» демекші мына беталыстан шошынып, іске өзім де араластым. Өйткені менің жалғызбасты ана екендігіме қарамастан үйге қызыққандар баспанасыз қалдыратын түрі бар. Жоғарғы Сот пен Бас Прокуратураға дейін барып, ақырында банктегі несие құжаттарын алдырдық. Онда несиемен жұмыс жасау әрекеттері 2010 жылдың маусым айында тоқтаған. Одан кейін бірде бір ескертпе хаттар жолданбаған. Ал, баяғы уақытша тоқтата тұру өтініші оның ішінде жоқ болып шықты. Парақтардың номерлері қолдан өзгертіліп, өшіргішпен өшірілгені анық көрініп тұрды. Ең сорақысы 2007 жылғы "Каспий банкінің» атынан толтырылған құжатқа ол кезде болмаған «Каспий банкінің» мөрі қойылған. Ал, Каспи банкі 2009 жылы ғана құрылды. Бұл жалған құжат жасау емес пе? Заңымыз бойынша жалған құжат жасау қылмыс емес пе? Ол ол ма, мұны тексермекші боған Ұлттық Банкіміз біздің өсімді әр кезде әр қалай есептеп біресе 42 млн. . біресе 52 млн. теңге болды деп өздері де шатасып жатты. Тіпті сот біздің қолымыздағы нақты құжаттарға назар салмай, үйлерімізді аукционға салмақшы болып, жедел түрде бағалаушыларға бір күннің ішінде бағалатты. Біз бағалаушылар бағаны қалай қойды, қандай негізге сүйеніп қойды, танысып, пікірімізді білдірейік деп сұрағанымызда, сіздер істі жүргізуге әдейі кедергі келтірудесіздер деп, құқығымызды шектеп, шара да көргісі келді. Мұнысымен сот қайда асыққанын қайдам? Сотқа талап арыз беріп, өкілі болып қатысып жүргендер де, аукционды жариялатып, оны сатып алуға ниет білдіргендер де осы Каспи банкінің мамандары болып шыққанда, бұл істің негізгі көксеген ойын түсіне қойғандай болдық. Алайда қарап тұрып қолдан бермек үйіміз жоқ. Неше түрлі құйтырқылықтар жасап, соқырға таяқ ұстатқандай заңсыздықтармен кедергі жасалып жатқан сот шешімдерінің шикілігі көрініп-ақ тұр. Алайда қолдан келер дәрмен болмай отыр. Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз Сізге осы істен араша сұрап, жеке адресіңізге хат жазған болатынбыз. Елдің барлығының сөзін оқымайтыныңыз белгілі. Сондықтан Президент әкімшілігінен қайтқан өтінішіміз Каспии банкінің зорлығына тосқауыл бола алмады. Сондықтан соңғы үмітім, газет арқылы шығуды жөн көрдік. Біз болмайтын істі былық етіп отырған жоқпыз, және жалтарып жеңілдің астымен жүру де ниетімізде емес еді. Адам қандай жағдайларға тап болмайды. Біздің елдің азаматтары денсаулығынан айырылса не өзге де жағдаймен қиындыққа тап болса оның құқығы қорғалмай, әжуәлана беру керек пе? Бассыз кеткен банкінің бұл ісі бір ғана біздің басымызбен шектеліп жатпағаны да анық. Мен секілді қанша жан әділдікте таба алмай жүргенін білмейміз. Алайда, қасқыр аузында таланғандай болған біздің жайымызға қатаң ескерту беру арқылы қанша елді қасіреттен құтқарар едіңіз. Басар жер, шығар тауымыз қалмаған соң, өзіңізге амалсыз дат айтып отырмыз. Егер ел жайына Сіздің де құлағыңыз ашылмаса, амал жоқ, кеше ғана өзіміз түсіністікпен қарай алмаған әрекеттерге барамыз. Иә, амал жоқ, өз өзімізге қол салу, өртеуден басқа жол қалмады. Әрине, бұл тығырықтан шығарар іс емес, алайда амал қайсы?...Жаманбаева Г.А.
qazaquni.kz