Еліміздегі жаңа тағайындаулар: Кім қайда барды?
2016 ж. 02 сәуір
2655
0
Осы аптада елімізде бірқатар кадрлық тағайындаулар жүргізілді. Алдымен Елбасының Жарлығымен еліміздің шетелдегі бірқатар Елшілері ауысса, жергілікті жерлерде де, ҚР Әскери прокуратурасында да, төтене жағдайлар қызметінде де кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлықтарымен Қайрат Асаниязұлы Саржанов Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы, Ерік Мылтықбайұлы Өтембаев Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы, Нұрлан Мұсатайұлы Сейтімов Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы, Тимур Бейбітәліұлы Оразаев Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы, Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуов Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Әскери прокуратура органдарында да кадрлық тағайындаулар жүргізілді. Атап айтқанда, ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Алматы гарнизонының әскери прокуроры болып әділет полковнигі Саткен Тілекжан Бауыржанұлы, ал Бас әскери прокуратура бұйрығымен Бас әскери прокуратураның қылмыстық үрдістің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы лауазымына әділет кіші кеңесшісі Қуанышбаев Данияр Сүлейменұлы тағайындалды.
Мәжіліс Аппаратының басшысы болып Жүгінісов Жасұлан Есенғалиұлы тағайындалды. Ол 1978 жылы 17 сәуірде туған. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы Ақтөбе қаласындағы «Рамазан» ЖШС-нің менеджері болып бастады. 2004-2006 жылдары «Тянь-Шань Ақтөбе» ЖШС директоры. 2006-2008 жылдар аралығында Ақтөбе қаласы прокуратурасында прокурор көмекшісі, аға көмекшісі, мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау жөніндегі бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2008-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратында депутат көмекшісі, Ақпарат-талдау бөлімінің бас консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 2011-2012 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі. 2012-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты Басшысының орынбасары болды.
Павлодар қаласы әкімінің міндеттерін атқарушы болып Ержан Иманзаипов тағайындалды. Ержан Бейбітұлы Иманзаипов С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін, Алматы экономика және статистика академиясын тәмәмдады. Еңбек жолын 2006 жылдың наурызында Павлодар қаласы «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамының машинист-қараушысы болып бастады. 2006 жылдың шілдесінен бастап мемлекеттік қызметте: «Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ тұрғындармен жұмыс жөніндегі бөлімде бас маман; Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті басқармасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекші маманы. 2007 жылдың наурызынан бастап Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі табиғи монополияларды реттеу жөнінде басқармасының жетекші маманы; Тарифтік реттеу басқармасының жетекші маманы; Тарифтік, техникалық реттеу және әдіснама басқармасының сараптаушысы; 2011 жылдың сәуірінен 2013 жылдың маусымына дейін Ақмола облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті директорының орынбасары; 2013 жылдың маусымынан 2014 жылдың наурызына дейін тарифтік, техникалық реттеу және әдіснама басқармасы басшысының; Электр және жылу энергетикасы саласында реттеу жөніндегі департаменті директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарады. 2014 жылдың сәуір айынан бастап Павлодар қаласы әкімінің орынбасары болды.
ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ибрагим Күлшімбаев Қарағанды облысы ТЖ департаментінің бастығы болып тағайындалды. Ибрагим Дәукесұлы Қарағанды облысының Нұра ауданы Амантау ауылында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Ресей ТЖМ-ның Азаматтық қорғаныс академиясын тәмамдаған. 2009 жылдан 2013 жылға дейін ТЖ министрінің қоры болып табылатын және табиғи және техногендік төтенше жағдайларды жоюға бағытталған міндеттерді орындайтын 52859 әскери бөлімін басқарды. Жаңа тағайындауға дейін Астана қаласы ТЖ департаментінің бастығы лауазымында қызмет етті. И. Күлшімбаев орман өрттерін сөндіруге, Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария арнасындағы Көксарай бөгетінің құрылысына, Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінде қираған үйіндіні жинауға, Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында тасқын судың зардабын жоюға атсалысты. «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл», ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл», «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін», «Төтенше жағдайлар органдарының құрметті қызметкері» медальдарымен және төсбелгілерімен марапатталған.
Ал Ақмола облыстық ТЖД басшысы қызметіне осыған дейін ҚР ІІМ ТЖК төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы болған азаматтық қорғаныс подполковнигі Алексей Сергеевич Советов тағайындалды. А.Советов, Ақмола облысы Көкшетау қаласында туған. 1999 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін тәмамдаған. 1999-2005 жылы облыстық ТЖБ ақпарат, байланыс және хабарландыру бөлімінің аға офицері қызметін атқарады. 2005 жылы облыстық ТЖД ақпарат, байланыс және хабарландыру бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2008 жылы Ресейдің ТЖМ Азаматтық қорғаныс академиясын үздік және алтын медальға тәмамдады. 2009-2014 жылдар аралығында ҚР ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаментінің басшысы қызметінде болды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Ибадулла Құттықожаев келді. Ибадулла Дүйсенбайұлы 1957 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. Философия ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары қалалық және облыстық мекемелерде жауапты қызметтер атқарған. Мәселен, 2004-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары. Соңғы екі шақырылымда Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы болған.
Ал «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Жұлдыз Омарбекова келді. Ол 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. 2012-2014 жылдары Алматы қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болған. 2015-2016 жылдары Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ол «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті.
«Бейнеу-Шымкент» газ құбыры» ЖШС-нің бас директоры болып Серік Естай тағайындалды. Ол 1967 жылы 28 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы энергетикалық институтын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған. Техника ғылымының кандидаты. Еңбек жолын 1984 жылы «Ауыл шаруашылық химиясы» ӨБ-те жұмысшы болып бастады. 1992-1993 жылдары - «Орда» инвестициялық қорында бас маман. 1993-1995 жылдары «Гарант» АҚ-ның Коммерция жөніндегі вице-президенті. 1995 жылы Автокөлік кәсіпорнында Директордың ШЕАБ МТЖ жөніндегі орынбасары. 1995-1996 жылдары «Уейкфилд Инспекшен Сервис ЛТД» ЖШС-ның бас директорының орынбасары. 1996-1998 жылдары «Шымкентгаз» АҚ-ның сату бөлімінің бастығы. 1998-1999 жылдары «Алаугаз» Алматы филиалында бөлім бастығы. 1999 жылы ҚР Кеден органдарында Энергетикалық кеденнің бас инспекторы болып жұмыс істеді. 1999-2000 жылдары Салық полициясының аға инспектор. 2000-2002 жылдары «Интергаз Орталық Азия» ЖАҚ-ның Бюджет пен сатып алуды бақылау бөлімінің маманы, МТЖ департаментінің 1-санатты маманы. 2002-2003 жылдары «ҚазТрансГаз» ЖАҚ-ның Өңірлермен жұмыс істеу жөніндегі басқармасының бастығы, Бас директордың орынбасары. 2003 жылы «ҚазТрансГаз» ЖАҚ-ның Газды тасымалдау және маркетинг департаменті Газды тасымалдау және клиринг бөлімінің бас менеджері. 2003-2004 жылдары «Интергаз Орталық Азия» ЖАҚ-ның «Оңтүстік» магистральдық газ құбырлары басқармасында директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары. 2004 жылы «ҚазТрансГаз Дистрибтьюшн» ЖАҚ-ында бас директордың орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары. 2004 жылғы желтоқсаннан бастап 2007 жылғы қыркүйекке дейін - «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның бас директоры. 2007-2016 жылдары «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның бас директоры, бас директорының орынбасары болды.
Дерек көзі: ҚазАқпарат