"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңды жақсылап оқып шығу керек" - Назарбаева
2016 ж. 30 наурыз
2693
1
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева мемлекеттік қызметкерлерге смартфон пайдалануға салынған тыйымның басшылардан бастап қатардағы қызметкерлерге дейін қатысы бар екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ОКҚ брифингінде Назарбаева журналистерге смартфон пайдалануға тыйым салынбағанын ерекше атап өтті.
"Бұл бұйрық мемлекеттік аппараттар мен мемлекеттік қызметкерлерге бағытталған. Сондықтан да, әкімдіктердің журналистерге смартфон пайдалануға тыйым салуы бұйрыққа сәйкес келмейді. "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңды жақсылап оқып шығу керек", - деді ол.
"Қызметтік ақпаратқа, мемлекеттік құпия ақпараттарға қол жеткізе алатын барлық мемплекеттік қызметкерлерге смартфон пайдалануға тыйым салынды. Оның жазасы қандай болатынын нақты айта алмаймын", - деді Назарбаева. Ол толығырақ мәліметті жазбаша түрде жолдауға уәде берді.
Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов болса заңнамада мемлекеттік органдардың ғимаратында смартфон қолданғандардың қандай жазаға тартылатыны жөнінде қарастырылмағанын мәлімдеді. "Қазіргі заңнамада смартфон қолданғандарға нақты қандай жазаның қолданылатыны қарастырылмаған. Сондықтан да, мұндай заңбұзушылыққа барғандар тәртіптік жазаға тартылады", - деді Донақов.
Өз кезегінде ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Марат Бекетаев жергілікті полиция өкілдеріне смартфон пайдалануға тыйым салынбағанын айтты. "Жергілікті полицейлерде WhatsApp-хабарлама қабылдауға мүмкіндік болады. Заңның тек мемлекеттік құпияларға қолы жетімді қызметкерлерге қатысы бар. Ал учаскелік полицейлер өз аудандарында жұмыс істей беру керек", - деді Бекетаев.
Дерек көзі: tengrinews.kz